Дүйсенбі, 4 Қараша 2024
Әдебиет 1825 0 пікір 9 Қазан, 2024 сағат 14:28

Көршіден келген көгершіндер

Сурет turkystan.kz сайтынан алынды.

Сіздер үшін де көзкөрген көрші қытай, Іле қазақ обылысының әр өңірінен өткен аптада он екі өнерпаз қазақ балалары аспан асты мыңдаған жылдардың  ұлттық өркениетін қалыптастырған ежелгі Мысыр шаһардай Алатаулы Алматы қаласына қысқа мерзімді бес күндік мәдени және туристтік сапармен қонаққа келді. Күтіп алдық.

30 қыркүйек өркениет пен өнердің ордасы Алматының табалдырығын аттаған тастүлектер, ертесі ерекше білім ордасы - Жүсіпбек Елебек атындағы республикалық эстрада және цирк колледжінде болды. Жасы дүп алтыдағы Санжар және оның өнердегі саптастарын аталған Колледждің  директоры ҚР еңбек сіңірген қайраткері, белгілі әнші, композитор Жеңіс Сейдуллаұлы алтын басын кішірейтіп алдарынан балаша құрақұшып қарсы алып, әрі, қатардағы қарапайым жандай тарихы тереңде жатқан колледждің кешегісі мен жарқын бүгінін білгір гид баладай өзі таныстырды. Түстен кейінгі кездесу концертінде аталы сөз сөйлеп, мерекенің шымылдығын ашып берді. «Балқияны» орындаған Айбар Сатайұлы сахананың да, саптастарының да абройын тік көтерді. Залда ине шаншыр орын жоқ, дүркін-дүркін соғылған шабыт силар қол шапалақ, әсем ән, фортепианодан өрілген жан тебірентер музыка, күмбір күйден тыс, Нұрдәулетұлы Ұлық есімді бір өрен достық туралы төгілтіп өлең оқыды. Қиқулаған қошемет, әрине естімеген елде көп демекші колледж оқушыларының үстем өнеріне алыстан келген балалар да, бастап келген бапкерлер де дән риза.

Екінші күн таудай талабы бар әнші-биші өнерлі балалар Алматыны армансыз еркін аралады. Қызығы мен қызығары көп ойынмен ой қуған есті балалар Ықылыс атындағы халық музыкалық аспаптар мұражайын, ҚР орталық мемлекеттік мұражайын, Қастеев атындағы мемлекеттік өнер мұражайын аралап көрді. Шабыт алып, шаттанып қанша жүріп шаршағандарын да сезбей қалды. Арбатқа келгенде қызық қуған бал дәурен балалық шақ бәрін де бірден ұмыттырып жіберді. Жан-жақтарына кезек-кезек көз салады. Өздеріндей балалармен де, басқалармен де танысып жатты, бірге жүрді, селфи жасады. Жеткіншектер тым жайдарлы, ән айтып, күй шертісті. Әдетте байқамайсың, көреген көз болса көретін дүние бізде де көп екен. Бүлдіршіндер қаланы да, даланы да, қызыл-жасыл көп дүниені қарады, көрді, білді. Жапырақ жүрек жас қайың қыршындар әр нәрсеге қаншалық мән берді  білмеймін, бірақ мәз-мәйрам.

Үшінші күн,  күн шайдай ашық. Күнбағыстай күн нұрынан нәр алып өсіп келе жатқан балғын жастар көктен - Көктөбеден алтын күннің астында алтын күз – ару Алматыға көз салды, бәрінің көзалды шыныменде ғажап көріністер көшкіні. Шымбұлақтың шыңдарында жас шынарлар 2000м. биік - оқжетпестен ойдағы  Қазақстан қонақүйін іздейді. Әне, міне дегенше біреуі тапты, мақтанды, марқайды. Шіркін, балалық шақ десеңші. 16:00-де бар білім мен өнердің ұйытқысы, отауы Оқушылар сарайының ұжымы  оларды аса құрметті бір қонақтарындай алдарынан жүгіре шығып аула ортасында күтіп алды. Балаларды таң қалдырған экскурсиядан соң тағы бір реттік кездесу концерттіміз басталып та кетті.

Жалпы екі мәрте жиналған концертте қонақтар қазақстандық балалардан шабыт алып, шыңдалғаны шындық. Аттанарда жетекшілері Дәулет пен Жайна ризашылықтарын білдіріп, Оқушылар сарайын қонаққа шақырып жатты. Әлбетте бұл іс-шара мен сапардың да  түпкі мақсаты да осы еді - өзара үйрену, барыс-келіс жасасу, әсіресе екі ел мәдени байланыстарын балалар арасында өзара дамытуға жол ашу.

Осы орайда бізде Мәдениет қоғамдық бірлестіктің атынан Республикалық эстрада және цирк колледжінің басшысы Сейдоллаұлы Жеңіс мырзаға, Алматы қаласы Білім басқарамасына, Басқарманың Оқушылар сарайының директоры Айгүл Болатбекқызына айтар алғысымыз шексіз!

Төртінші күннің тірлігі бір-бірімізге тілек айтудан, қоштасудан басталды. Қаланы ұнатып, бізге бауыр басып қалған балалар күн арқан бойы көтерілгенде әндетіп аттанып кете барды.

Иә, бәрі де жақсы өтті, кетті. Деседе бала болса да жас жүрекке не ұялағаны бізді қызықтырған бір жұмбақ болып қала берді.

Кездескенше!...

Думан Аманұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 808
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 1045
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 989