Дүйсенбі, 4 Қараша 2024
Естелік 1840 2 пікір 9 Қазан, 2024 сағат 14:46

Табанды да тегеурінді Төлен туралы...

Сурет Әміржан Қосанның жеке мұрағатынан алынды.

Бүгінді екінің бірі өзін оппозиция санайды, сол туралы ашық айта алады. Ал ескі Қазақстанның қылышынан қан тамып тұрған тұрпайы кезеңінде ондай көзсіз батырлар саусақпен санарлықтай болды.

Соның бірі белгілі кәсіпкер, кейін Мәжіліс депутаты болған Төлен Тоқтасынов еді.

Парламент мінбесінен сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен күйеубаласы, ҰҚК төрағасының орынбасары боп, түкірігі жерге түспей тұрған Рахат Әлиевті сын тезіне алған ол сол ерлігімен тарихта қалды.

Кейін ол өз әріптестерімне бірге тек президенттің отбасын ғана емес, бүткіл саяси жүйеге қарсы шықты. Сол қатарда жүріп әріптес болдық, «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысында бірге жүрдік.

Төленнің бойынан қазақылықтық иісі аңқып тұратын. Шынын айту керек, ондай қасиет өзін демократ санап жүргендерден көптеп табыла бермейтін.

Сол кездің өзінде дәулетті кәсіпкер болса да, ол қарапайым еді. Оны, әсіресе, 2005 жылы саяси құрбандарды еске алу митингін ұйымдастырағанымыз үшін 15 тәулікке абақтыға жабылғанда байқағанмын. Абақтыда кереует («шконка» деп атайды екен ондағылар) қос қабатты екен. Төлен мен Асылбектен (Қожахметов) жасым кіші мен, заң бойынша жоғары жатуым керек қой. Сонда менің ол жаққа жатқым келмей тұрған менің көңіл-күйімді сезген Төкеңнің: «Әбеке, олай болса, мен-ақ екінші қабатқа жата салайын», - деп, ізеттілік жасағаны әлі де көз алдымда. Айтпақшы ол жасы кіші кез келген адаммен «Сіз» деп сөйлесетін. Ол да болса, ішкі мәдениеттіліктің бір белгісі болса керек.

Сол тұста қазақ жастары Алматы қаласының сырт жағында жер басып алған-ды. «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысынан сол азаматтарды қолдауға Төленмен бірге бардық. Ораза тұтып жүрген кезім, кешкі уақыт, аузымды әлі ашпағанмын. Мазам болмады ма, шаршаңқы болдым ба, білмеймін, сол сәтте жастарды жұлқып, қамап жатқан полиция өкілдерін жерден алып, жерге салдым. Байқаймын, даусым тым қатты, тым ащы болған сияқты.

Соны байқаған Төлен кешке: «Әбеке, азуыңыз берік екен, мен бүгін Сіздің аузыңызды ашып берейін», - деп, кеңсе маңындағы кафеден шәй берді. Сонда байқампаз Төлен: "Саяси науқанда жүрміз. Ол оңай емес. Бүгін тым ашуланып сөйледіңіз. Сол себепті, уақытша ораза ұстауды доғарсаңыз қалай болады? Ортақ істе шаршамай, шалдықпай жүрейік. Ол да жолда жүрген сияқты ғой», - деп маған жанашырлық танытқан.

«Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысының Шымкенттегі жиналысында орын алған сорақы да сұмдық жағдайды еске салайын. Билік ұйымдастырған бір топ «белсенділер» (басшыларының бірі атақты «Дикий Арман») жиналыс өтіп жатқан жерге баса көктеп келіп, мейрамахананың быт-шытын шығарған болатын. Төлен екеуіміз қатар тұрып қалыппыз. Бірнеше әріптесіміз терезеден секіріп, қашқан-ды (олардың атын атамай-ақ қояйын). Төлен екеуіміз орнымызда қалдық. «Ауылда төбелесіп жүрген біздерге мыналардан қашқан ұят болар», - дестік...

Саяси тұрғыдан алғанда Төлен Қазақстан демократиялық күштерінің табанды да тұрақты, тегеурінді, өзінің позициясынан айнымаған шоғырдың аса көрнекті өкілі боп қалады. Ман РНПК-да, ол ДВК-да жүріп тактикалық, тұлғалық (мен сол ұйымдардың көсемдерін айтып отырмын) жағынан кейде пікір таластырып жүрсек те, ортақ мақсат – Қазақстанда шынайы демократиялық қоғам орнату жолында біз әрдайым бірге жүрдік.

Жаңа Қазақстан да ескі Қазақстанмен сонау 90-жылдардың ортасынан бастап күрескен азаматтарға лайықты бағасын береді деп ойлаймын.

Бақұл бол, демократиялық күрестегі серіктес замандас! Қазақстан демократиясы тарихында сенің атың алтын әріппен жазылатынына еш күмән жоқ. Ресми билік жазуға жарамаса, өзіміз-ақ жазып кетеміз...

Төленнің жұбайы Алмаға, отбасына, жақындарына шын көңіліммен қайғырып, көңіл айтамын.

Фото 2004 жылғы, «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысын насихаттап жүрген кезіміз.

Әміржан Қосан

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 844
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 1084
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 1028