Жұма, 22 Қараша 2024
Әдебиет 2350 0 пікір 28 Қыркүйек, 2024 сағат 13:40

«Үлкеннің жүзіне бергенше...» (Басы)

Сурет kznews.kz сайтынан алынды.

Баршаға белгілі тәмсіл – тағылым алу, білімге ұмтылу кітапта. Хәкім Абай бабамыз:

Пайда ойлама, ар ойла
Талап қыл артық білуге,
Артық білім кітапта,
Ерінбей оқып көруге, - демей ме?!

Ал әлеуметтік желілер, ғаламтор, қалта телефон, смартфон қаптаған бүгінгі кезде бала кітап оқи ма? Оқиды, болмаса оқымайды деп тұжырым жасау шындыққа қиянат. Кітап оқитын балалар бар. Олар бастауыш сыныптан-ақ ертегі, әңгіме жинақтарын оқуға дағдыланған оқушылар. Өкінішке қарай, қаршадайынан кітапты серік еткен, уақытын бөліп, одан сусындаған балалар аз.

Жалпы, балалар әдебиеті және балаларға кітап оқыту талқылаудан түспейтін, қайта-қайта көтеріле беретін мәселе. Баланы кішкентайынан кітап оқуға үйрету, сөйтіп дағдыландыру қандай дәрежеде? Кішкентай балаға кітап оқып, ертегі айтып беруді жүйелі түрде атқарып жүрген ата-ана бар ма? Әлде, балаларды шеше емес, көше тәрбиелей ме?

Балаға, кешке ұйықтар алдында кітап оқып беретін, ертегі айтатын ата-аналар бар шығар. Өкінішке қарай, ондай ата-аналар аса көп емес...

Біздің балалық шағымыздың жақсы жақтарын, сәулелі естелікті айта кету ләзім деп ойлаймын. Әке-шешеміз, кішкентай күнімізде ертегі оқып бермесе де, екінші-үшінші сыныптан бастап қазақ ертегілерін, батырлар жырын оқытып, оны өздері де тыңдайтын. Сол үрдіс, сол дағды бізді кітап оқуға ынталандырды.

Көпшілікке топырақ шашудан аулақпын, бүгінгі ата-аналадың өздері кітап бетін аша ма? Үйлеріне газет-журнал жаздырып ала ма? Содан да бүгінгі балалар смартфонға, уацапқа, инстаграмға, фейсбукке қарайтыны жасырын емес.

Әрине, баланың смартфонды меңгергені, білгені, қарағаны дұрыс шығар. Бірақ, оның ҚҰЛЫ болмауы керек! Осы жағдайды қадағалайтын, бақылайтын ата-ана көп емес.

Психолог мамандардың айтуынша, қырықпышақ төбелес, атыс-шабысқа толы түрлі бағдарламаларды тұрақты көру, қалта телефонға, смартфонға жиі үңілу балалардың мінез-құлқына, миына, яғни психикасына салмақ түсіреді. Денсаулығына кері әсер етеді. Тіпті кей жағдайда маман дәрігердің көмегіне жүгінуге тура келеді. Ондай жағымсыз дүниелер баланы қатыгездікке бейімдеп, мейірім-қайырымнан алыстауға итермелейді.

Сол үшін де балалар жазушысына артылар салмақ зіл батпан. Жақсы шығармалар қай кезде де, қай заманда да оқылады. Бүгінгі уақыт талабына сай балалар техника мен технологияны меңгеруі, білуі, үйренуі қажет. Меніңше, жақсы кітапты ешқандай техника алмастыра алмайды! Кітаптің орны бөлек! Кітап баланы отыруға, шыдамдылыққа, еңбек етуге тәрбиелейді.

Зерттеушілер балалар әдебиетінің төмендеуіне баспа, таралым ғана себепші емес дейді. Мәселе кітаптың сапасына, мазмұнына да қатысты. Бүгінгі балалардың ой-өрісіне сай, еліктіріп әкететін, рухани азық болатындай, оларды тәрбиелейтін құралға айналар дүниелер аз. Есесіне сырты жылтыр шетелдік тренингтік, психологиялық дүниелер кітап дүкендерінде қаптап кетті.

- «Меломан» сияқты кітаптарды, авторларды насихаттайтын, бағыты қазақиланған үлкен дүкендер желісі іске қосылып жұмыс істесе деп ойлаймын. Ол маркетинг дүкендер желісіне бүгін шыққан кітап ертең оларға түсетіндей жағдай жасалса, жастар барады, оқиды, бізде әлеуметтік желіні қолданушылар саны көбейіп келе жатқандықтын кітапты, авторлары насихаттатйын маркетинг, менеджерлік жағын енгізу керек. Жастар болсын, орта буын жастағы өзіміздің қаламгерлерге интеллектуалды дүниесін сатып өткізуді үйрену  керек. Қазір кітаптың түрі шығып жатыр, кітап шығару жеңіл болып кетті. Бала күнімізде ерекше ғаламат адамдар ғана кітап жазады деп ойлайтынбыз, бүгінде екінің бірі кітап шығара беретін болды, солардың ішінде талантты авторлар бар, осы дүкендер желісінде өзінің интеллектуалды тауарын өткізуге жұмыс істеу керек. Бүкіл әлемді зерттеп отырса. Ана кітап пәленбай тиражбен өтіпті десе, авторын қарау керек, не пайдаланды, не қолданды, жалпы біз интеллектуалды білімімізді сата алмаймыз, ұяламыз. Кітапты туысыңа, көршіңе, құрбыңа сату керек, «Меломанды» тілге тиек ететінім сол. Олардың насихаты күшті, кітаптар яғни өнімнің алуандығы бар. Ол жерде қазақша дүниелерді көп табатын болдық қой, - дейді Астанадағы Ұлттық академиялық кітапхананың бас директоры Ғазиза Құдайбергенова.

***

Баланың кітапқа үйірсектігі отбасынан, ата-ана тәрбиесінен бастау алуы тиіс. Қажет болса, оны кітап оқуға мәжбүрлеу керек. Бүгінгі әке-шеше түнгі ұйқы алдында баласына ертегі оқи ма?! Көкірегі ояу, көзіқарақты ата-әжесі оқыр. Ата-әжелердің бәрі бірдей балаларымен, немере-жиендерімен бірге тұрмайды ғой.

Жастайынан кітап оқып дағдыланған баладан ертеңгі күні интеллектуал жақсы маман шығары ақиқат. Дерек көздеріне сүйенсек, бастауыш сыныптан кітап оқып үйренген бала, ер жеткенде үлкенді сыйлайтын, мәдениетті, отаншыл, патриот азамат болатын көрінеді. Олар және шылым, есірткі, арақ-шарап сияқты дертке жуымайды екен.

Кітап дүкенніне барсаңыз, көрші Ресей елінің Мәскеу, Санкт-Петербург қалаларынан шыққан, дизайны тастай, түрлі-түсті бояулармен керемет безендірілген балаларға арналған кітаптарды көріп, үлкендердің өзі қызығады. Бізде де жақсы кітаптар жоқ емес. Өкінішке қарай, олар өте аз. Ал «Мәдениет және ақпарат» министрлігінен, мемлекеттік тапсырыспен шығатын кітаптардың тиражы небәрі екі мың дана болуы себепті, тек Астана, Алматы қалалары мен облыстардағы кітапханаларға ғана тегін таратылады. Яғни сатылымға, кітап дүкендеріне түспейді.

Ақпарат құралдарынан кейінгі уақытта: «Балалар әдебиеті құлдырап барады, шығып жатқан кітаптардағы өлең, мысал-әңгімелердің дені «еденде жу», «сабақты жақсы оқы», «тәртіпті бол», «көк шөпты жұлма», «жалқау болма» сынды құрғақ үгіт-насихат түрінен аспай жатыр деп жазады...

Айтты-айтпады, балалар тақырыбына қалам тартып жүрген қаламгерлер бала жанын мөлдірлікке, адамгершілікке, ізгілікке, отаншылдыққа тәрбиелейтін, ұлт рухын көтеретін жақсы шығармалар жаза алмай жүргеніміз жасырын емес.

Балалар әдебиеті – қиын шығармашылық. Үлкендерге арнап жазу бір басқа, ал мұнда сіз дүниеге ең алдымен баланың көзқарасымен қарауыңыз керек. Бала болып ойлап, бала тілінде сөйлеуіңіз керек. Сол үшін де балаларға арнап жазатын қаламгерлер саусақпен санарлық.

Қазақтың көркем әдебиеті – қазақтың рухы, жаны қаны!

Тіл үйренудің үлкен мектебі!

Әдебиет – адамтануды ғана емес, адам болып қалуды үйрететін ұлы өнер!

Федор Достоевский бір сөзінде: «Мен адам болып қалғым келгендіктен өмірімді әдебиетке арнадым», - деген екен...

Шынайы жазылған жақсы шығарма, уақытқа, заман ағымына бағынбайды. Ықыласпен оқылады.

Экономикалық бәсеке мен рухани бәсеке қатар жүруі керек. Халық байысын. Сонымен қатар рухани жағынан да байығаны жөн. Әр халық өзінің рухани, яғни интелектуалдық деңгейінің жоғары болуына күресуі керек. Рухани баю дегеніміз, имандылық, Жаратушы Алланы тану, адамгершілік, ізгілік, мейірім, қайырым, отан сүйгіштік, яғни патриотизм мәселесі. Балалардың ойы мен бойы жарыса өсуі керек! Ата-аналар өз балаларының киінуіне, тамағының тоқ болуына міндетті! Ал ойының өсуіне мемлекет атсалысуы тиіс. Әрине ата-аналармен бірлесіп...

Бір таңқаларлық жағдай, бізде балаларға арналған кітаптар жас ерекшелігін сақтамайды. Бұрын балаларға қатысты көркем әдебиетті арнайы ашылған «Жалын», кейінірек «Балауса» баспасы шығарып тұрды. Ол кезде бұл баспаларда Қастек Баянбай, Ермек Өтетілеуов, Ескен Елубаев, Қаржаубай Омарұлы, Шәкен Күмісбайұлы, Байбота Серікбаев сияқты маман редакторлар қызмет істейтін. Олар балаларға арналған шығармалардың қыр-сырын жақсы білетін. Өздері өлең, әңгіме, ертегі, хикаят жазып, елге танымал ақын-жазушылар болғандықтан, оқырманға, әсіресе балаларға баспадан шикілі-пысылы өнімдерді жібермеуге күш салатын. Әр қаламгердің кез келген шығармасы жанашыр қолдан өткеннен кейін, кітап болып басылатын. Шығармашылық кеңестер осы бағытта жұмыс істейтін. Балаларға арналған кітаптар мен кітапшаларға сурет салатын, оны безендіретін суретшілердің де баспада шығармашылық кеңесі болатын. Осындай жұдырықтай жұмылған ұйымдастыру жұмыстары көбінесе өз жемісін беріп жататын. Балалардың жас ерекшеліктері, ойлау-қабылдау қабілеттері қатаң ескеріліп, кітаптар жүйелі түрде, серия-серия бойынша, мектеп жасына дейінгі балаларға деп, бастауыш сынып оқушыларына деп, орта сынып, жоғары сынып оқушыларына деп шығарылуы керек...

Балалар әдебиетінің өзіне тән ерекшеліктерін ескермесе болмайды. Өйткені, ол жас ерекшеліктеріне орай сәбилер әдебиеті, бүлдіршіндер әдебиеті, орта буын-жасөспірімдер әдебиеті деп бөлінеді. Мәселен, әлі тілі шықпаған сәбилердің әдебиеті олардың жан-жануармен, табиғат көріністерімен таныстырудан басталса, бүлдіршіндер әдебиетінде олардың қабылдауына лайықталған қызықты, шағын сюжеттер көркем түрде айтылады. Әр жастағы балалардың қабылдауына байланысты өлең-әңгімелердің сөздері қанша буыннан, сөйлемі қанша сөзден құралуы тиіс, осының бәрі ескерілуі керек. Қарапайым бұл қағиданы білмейтін автордың жазғандары жас оқырманға түсініксіз болады.

Балалар жазушылары қартайды дегелі біраз уақыт өтті. Ол сөздің жаны бар. Қадыр Мырза-Әлі, Тұманбай Молдағалиев, Қастек Баянбай, Өтепберген Ақыпбекұлы, Асқаржан Сәрсекұлы, Марат Қабанбаев, Оразбай Байбақов, Қаржаубай Омарұлы, Балтабай Әділов, Бейсебай Кірісбайұлы, Ескен Елубаев, Сұлтан Қалиев т.б. танымал ақын-жазушылар өмірден озғанымен, Аллаға шүкір, есесіне Есей Жеңісұлы, Бағдат Мәжитов, Асхат Өмірбаев, Әлібек Байбол, Алмат Исәділ, Серікбол Хасан, Қуат Ахетов, Елдос Тоқтарбай, Ернұр Сейдахмет, Олжас Қасым сынды талантты жастар келді. Осы жас толқын арасынан әлі-ақ, жүзден жүйрік балалар қаламгерлері шығары сөзсіз.

Тағы бір түйткілді дүние, мемлекеттік тапсырыспен шығатын балаларға арналған кітаптарға төленетін қаламақы жоғары болуы керек. Жоғарыда айттық, небәрі 1-2 мың таралыммен шығарылатын кітаптар облыстық, аудандық, қалалық кітапханаларға ғана таратылады, кітап дүкендеріне түспейді. Ал балалардың бәрі кітапханаға бара бермейді ғой. Кітап шығаратын тиісті министрлік тираж мөлшерін көбейтіп, кемінде 50 пайызын сатуға шығарғаны жөн деп есептеймін. Тіпті, бұл мәселені баспалардың өздері де шешуге болады. 2-3 мың дана артық шығарып, кітап дүкендеріне сатуға қойсын. Жақсы кітап қай кезде де сатылады және баспаға қаржылай табыс әкелер еді.

«Қазаншының еркі бар...» дейді қазақ. Бұл тәмсіл барлық жерде жүрмейді. 2015 жылы Алматыдағы «Эксклюзив КА» баспасы жас жеткіншектерге арналған «Бәсіре» атты 2 томдық кітап шығарды. Осы жинақта біраз жансақтық кеткен. Осы жолдардың авторының «Тәкаппар піл» атты ертегісін Сейітқұл Оспановтың атынан, жазушы Гүлзат Шойбекованың 6 әңгімесін Марат Құлдибайұлының атына жазған. Баспа басшыларына телефон шалып, қателіктерін айтқанша ештеңе білмегендей тым-тырыс жатып алды. Қайыра-қайыра хабарласқан соң ғана «техникалық жағдайға байланысты қателесіппіз» деген мағынада «Ана тілі», «Қазақ әдебиеті» апталығы арқылы шағын хабар беріп, «жуып-шайды».

«Алтын жұлдыз» сыйлығының иегері, жас зиялыларға арналған «Мөлдір бұлақ» танымдық журналының биылғы жылғы № 4 санында менің «Бір үзім нан» деп аталатын мөлтек әңгімем көзіме оттай басылды. Авторына қарасам, Алматы облысы, Талғар ауданы, Қызыл-Қайрат ауылындағы №19 көпсалалы мектеп-гимназиясының 8 «ә» сынып оқушысы Серік Дания. Жетекшісі: Аққоян Ержан деп тұр. Дереу журналдың бас редакторы, ақын Дәулетбек Байтұрсынұлына хабарластым. Ол да ақталып жатыр. Ақыры, «Мөлдір бұлақтың» № 5 санына оқушы Серік Дания: «...Шынын айтқанда мен әңгіменің авторына мән бермеген едім. Интернеттен көшіріп алу деген жауапсыздық және үлкен ұрлық екенін түсінбеппін. Мен ата-анамды, ұстазым Аққоян Ержан ағайды, «Мөлдір бұлақ» журналын ыңғайсыз жағдайға қалдырып отырмын. Білместік істеп, авторлық құқық бойынша заң бұзушылық жасап, «Бір үзім нанды» ұрлағаным үшін, жазушы Толымбек Әбдірайым ағадан кешірім сұраймын. Бұдан былай мұндай ұрлық жасамаймын», - деп жауап жазды.

Бұл жерде оң-солын танып үлгермеген «ұрлық» жасаған оқушы ғана емес, «Мөлдір бұлақ» журналы ұжымы да, бас редактор Дәулетбек Байтұрсынұлы да кінәлі екені даусыз.

Заң бойынша, ақын-жазушылардың жазбаша түрдегі келісім-шартынсыз шығармаларын басуға еш баспаның құқығы жоқ. Ал өзге адамның қаламгер шығармасына жиендік жасауы – ұрлық! Мұны кітапты құрастырған жауапты редактор және баспагерлер білуі керек.

Әйткемен, құр шөппен ауызды сүрте бермейік. Кейінгі жылдары «Фолиант», «Аруна», «Алматы кітап», «Көкжиек», «Шикули и К», «Балауса», «Балалар әдебиеті», «Мазмұндама», «Қасым» баспаларынан бала талғамына жауап беретін әдемі кітаптар аз болса да шығып жатыр. 2015 жылдан бастап еліміздегі жетекші «Атамұра» баспасы, «Атамұра мектеп кітапханасы» сериясымен хәкім Абай, Ыбырай Алтынсарин, Мұзафар Әлімбаев, Тұрдақын Жексембай, Төлеген Айбергенов, Оразақын Асқар, Ескен Елубаев, Сұлтан Қалиұлы, Кәдірбек Сегізбайұлы, Бауыржан Жақып, Нұрлан Қалқа, т.б. танымал балалар қаламгерлерінің кітаптарын шығарды. Бұл үрдіс жалғасын табады деп ойлаймыз.

Толымбек Әбдірайым,

балалар жазушысы, мәдениет қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1463
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5322