Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Араша 759 0 пікір 14 Қазан, 2024 сағат 14:49

Қандасыңыз араша сұрайды, Прокурур мырза!

Суреттер Астана қалалық прокуратурасының сайтынан және А.Мұқибектің мұрағатынан алынды.

Редакциядан:  Редакциямызға тұрақты авторымыз Ауыт Мұқибектен келген Астана қаласындағы қандас азамат - Аблейіс Рахманның жанайқайын портал оқырмандарының талқысына ұсынып отырмыз.

Abai.kz еркін ақпарат алаңы. Мұнда ой жарыстырып, пікір таластыруға Қазақстанның әрбір азаматы құқылы. Мақала авторының пікірі редакция ұстанымын білдірмейді және мақалада аты аталған жекелеген тұлғалар жауап беремін десе, портал бетінде жариялайтын боламыз!


Астана қаласының прокуроры
Е.Р. Өтегенов мырзаның назарына!

Құрметті Ерлан Рақымжанұлы!

Мен он бес жылдан бері көші-қон саясатымен тынбай айналысып келе жатқан азаматпын. Содан болса керек, телефон шалып, іздеп келіп, менен көмек сұрайтын қандастарымыздың қатары өте көп. Бұрын олар құжаттану мәселесі бойынша жәрдем, кеңес сұраса, соңғы кезде алаяқтарға алданғандар, сотта құқығы тапталғандар көп шағымданатын болды.

Соған байланысты бір кезде өлең де жазыппын.

Көп болғаны жақсы ғой мықты адамдар,
Кілең алға басады нық қадамдар.
Мені байлар ешқашан іздемейді,
Іздейді ылғи жылаған-сықтағандар.

Заман салған ісікті, іріңді емдер,
Керек мынау қоғамға шынында ерлер.
Мені əкімдер ешқашан іздемейді,
Іздейді ылғи жығылған-сүрінгендер.

Көп болса екен жұлдызы жанған жандар,
Несібесін әр атқан таңнан қармар.
Мені зорлар ешқашан іздемейді,
Іздейді кеп алданған, арбалғандар...

Бергім келіп жүректің жылы ағысын,
Көмектесем бәріне құрақ ұшып.
Бірі киіп кетеді тонымды ескі,
Тағы бірі асымды сұрап ішіп...

Шағымда да жас келіп тарландаған,
Биігіме жетермін армандаған.
Қуанамын бір қазақ іздеп келсе,
Жігіт үшін іздеусіз қалған жаман!

Әрине, мен бір құзырлы мекеменің басшысы не бір қоғамдық ұйымның жетекшісі емеспін. Екі жылдан бері жұмыссыз жүрген қатардағы белсенді азаматпын.

Менен көмек сұрайтындардың көбі бұл жақтың жазуын танымайды, заңды білмейді. Кім жақсы сөз айтса, соған сенетін өңкей момын, ақ көңіл байқұстар...

Жұрт жақсы біледі, Атажұртқа оралған алғашқы жылдары мен Тұманбай аға Молдағалиевтың қасында ұзақ уақыт жүрдім.

Сол кезде де арғы беттен оралған ағайын маған үнемі телефон шалып, көмек сұрайтын, кеңес алатын.

Солармен болған телефондағы сөйлесуді естіп отырған Тұмаға марқұм: «Ауытжан, жерлестеріңе көмектесіп жүргенің – өте дұрыс. Олар бұл жақтың жағдайын біле бермейді ғой, көмектесіп жүр! Шамаң келмей жатса, маған айт, «Тұманбай» деген атым бар ғой, мен де қол ұшымды берейін. Адам баласына көмектескеннен кісі кемімейді...», - деген еді.

Тұмаға айтқан осындай сөзді марқұм Несіпбек Айтұлы да маған көп айтатын. Бірде Несіпбек ағаның өткен күндерді еске алып: «Ауытжан, қазіргі қандастардікі рахат қой, сен секілді құқығын қорғап, жыртысын жыртатын азаматтар бар. Бізді айтсаңшы, алпысыншы жылдары келгендердің билік басындағылардан көрген қорлығы аз болған жоқ. Біздің ішімізден шығып, сен құсап араша түсетіндер болмады. Дауыс көтеріп шыққандарының соңынан КГБ түсетін. Соның кесірінен не бір сұмдықтар болды ғой. Біраз талантты ағаларымыздың басылып қалғаны, ішімдікке үйір болып кеткені – содан. Сенің шығып, мына арғы беттен оралған ағайындарға көмектесіп жүргенің өте жақсы болды, көмектесе бер...», - деп бір жағы мұңайғаны, бір жағы маған дем бергені бар...


Сурет Астана қалалық прокуратураның сайтынан алынды.

Құрметті Ерлан Рақымжанұлы!

Сондай жығылған-сүрінгендердің бірі – Аблейіс Рахман деген азамат.

Жұмыссыз қалғанын айтып келген соң, маусым айында «№1 Автобус паркі» АҚ-ның басшысы Мадияр Тұқпанов бауырымызға өзім ертіп барып, жағдайын айтып едім, бірден жұмысқа қабылдаған болатын.

Енді сол Аблейіс Рахман кеше басқа бір даулы мәселеге байланысты, сотта әділетсіздікке ұшырағанын айтып, тағы көмек сұрап келіпті.

«Айналайын, болды ғой...», - дейін десем, тауы шағылған азаматтың бетін қайтарғым келмеді. Оның үстіне, қазақтың екі бірдей атақты ақынының өсиеті тағы бар.

Сонымен, «Алланың ризалығы үшін...», - деп, ең құрығанда, «Abai.kz» порталына сүйеніп, ақпараттық қолдау көрсетуді, үнін Сізге жеткізуді жөн деп таптым.

Мынау сол Аблейіс Рахман бауырымыздың өз аузымен айтып берген сөздері.

Назарыңызға алатыныңызға сенемін!

Құрметпен,

Ауыт МҰҚИБЕК

«Ерен еңбегі үшін» медальының,
«Құрмет» орденінің иегері    

13.10.2024


Сурет Ауыт Мұқибектің мұрағатынан алынды.

А. Мұқибек:

Рахман, жұрт білсін, алдымен өзің туралы қысқаша айтып берші, қайдан келген, не істеп жүрген қазақсың? 

Аблейіс Рахман:

– Мен Қытайдан оралған қазақпын. 2017 жылы сәуір айында отбасыммен Үрімжі ауданынан Атажұртыма көшіп келдім. Қазақстан азаматымын. Астана қаласында пәтер жалдап тұрамын. Әйелім үйде, жұмыссыз. Өзім өзіңіз жұмысқа орналастырған «№1 Автобус паркі» АҚ-да моторис болып жұмыс істеймін.

А. Мұқибек:

– Енді мені іздегендегі негізгі шаруаңызды айтыңыз...

Аблейіс Рахман:

– 2023 жылы наурыздан бастап «Auto Bus Service» ЖШС-да моторис болып бір жыл жұмыс істедім.

Сол барыста аталған ЖШС-тің басшысы Омарбаев Ахмедья Жансерикович деген жігіт сол «Құрбан айт» мерекесі қарсаңында, бір айдың ішінде қайтарып берем деп, менен 100 000 (жұз мың) теңге қарызға ақша алды.

Сол жылы қараша айынан бастап, 2024 жылғы ақпан айына дейін маған құны 865 000  (сегіз жұр алпыс бес мың) теңгеге Қытайдан үй жабдықтарын алдырды.

Сөйтіп, Ахмедья Ормарбаев маған, екеуін қосқанда, 965 мың теңге қарыз болды.

Ахмедья Жансерикович маған Қытайдан зат алдыратын кезде өзінің бір миллион теңге айлық алатынын айтып, ақшаңды уағында қайтарып берем деп, уәде дегенді үй-төккен болатын.

Тіпті, алғашқы алдырған колонканы кішкене деп ұнатпай, үлкенін алдырды. Оны үйге өзі келіп, алып кетті. Сол затты алып жатып: «Аға, екі қызым бар, мен Құдайдан қорқам, ақшаңызды қайтарамын, алаңдамаңыз...», - деп Алланы айтып, ант ішкен еді.

Өкінішке орай, Ахмедья Ормарбаев ол уәдесінде тұрған жоқ.

Міне, бір жылға таяды, сол ақшаларымды әлі бермей келеді.

Маған берешек жалғыз Ахмедья Ормарбаев қана емес, «Auto Bus Service» ЖШС-да тағы бір Арнольд Евгений Албертович деген бригадир болды.

Ол да «Бастығыма берем...» деп, маған Қытайдан құны 270 мың теңге тұратын бір жәшік арақ алдырды.

Сондай-ақ, сойдыру, жеткізу ақысын қосқанда, құны 86 мың теңге болатын бір қойдың етін, ақшасын маған төлетіп, үйіне жеткіздіріп алған болатын.

Сөйтіп, Арнольд Евгений де менің 360 мың теңгеге жуық ақшамды бермей кетті...

А. Мұқибек:

– Әбден тоналыпсың ғой, содан не болды?!

Аблейіс Рахман:

– Содан Ахмедья Ормарбаев бастабында «ақшаңды әне берем, міне берем, екіге бөліп берейін...», - деп жүрді де, артынан өзіме күш көрсете бастады. Соңында, телефонымды блокқа тығып, қарасын көрсетпей кетті. Бір мәрте кездесіп қалып едік, мені көрген беттен қашып, кабинетіне кіріп кетті...

Арнольд Евгений де сол Ахмедья Ормарбаевтың аяғын құшты. Күнде сұраймын, бермейді.

«Сендерді сотқа берем!», - десем: «Бұл сенің Қытайың емес, мынау Қазақстан! Маған дым да істей алмайсың! Маған по...!», - деді, екеуі де. «Екі-үш жылға сені соттатып жіберем сені!», - деп, Ахмедья Ормарбаев мені қорқытатынды шығарды.

Соңында екеуі екі жақтап түртпектеп жүрді де, келісім-шартымның мерзімі толған соң, жұмыстан шығарып жіберді. Орныма бір орысты жұмысқа алды.

Негізі, мен аталған ЖШС-да жұмысты өте жақсы істедім. Бір минут кешіккен не ерте кеткен жерім жоқ. Жаза тұрмақ, ешқандай ескерту де алған емеспін. Келесі келісім-шартымды жаңартып, жұмысымды ары қарай тағы жалғастыруға толық хақым бар еді. Оған ана екеуі мүмкіндік бермеді. Жолатпады...

Содан, екеуін де сотқа бердім.

А. Мұқибек:

Адвокаттың көмегіне жүгіндің бе?

Аблейіс Рахман:

– Енді соны айтайын деп отырмын.

Менің Ахмедья Ормарбаевты сотқа беруіме Жайлаубай Шәмет деген азамат себеп болды.

Жайлаубай Шәмет Ахмедья Ормарбаев пен менің арамдағы бұл дауды жақсы білуші еді.

Биыл маусым айында Халыққа қызмет көрсету оталығында отырып  Жайлаубай Шәмет деген ақсақалмен кездесіп, танысып қалдым. Ол өзінің адвокат екенін айтып, куәлігін көрсетті. Мен Ахмедья Ормарбаевтағы ала алмай жүрген ақшам жайлы жайлы айтып едім, ол маған: «Сотқа арыз бер! Мен әкесін танытып отырып ақшаңды өндіріп берем!», - деді.

Сол Жайлаубай Шәметке сеніп, мен Ахмедья Ормарбаев пен Арнольд Евгенийден ақшамды өндіріп беру туралы сотқа арыз бердім.

Үш мәрте сот отырысы болды.

Ахмедья Ормарбаевтың менен ақша қарыз алғаны, Қытайдан тауар алдырғаны; Арнольд Евгенийге де Қытайдан бір жәшік арақ алдырып бергенім, бір қойды сойдырып, үйіне апарып тастағаным және екеуінің оның ақшасын бермей келе жатқаны жайлы менде дәлел толық болатын.

Ахмедья Ормарбаев пен Арнольд Евгенийдің менімен WhatsApp арқылы сөйлескен сөздері телефонымда толық сақталған болатын.

А. Мұқибек:

Рахман інім, әңгімені түйіндеңкіреп айтшы, сот қандай шешім шығарды?

Аблейіс Рахман:

– Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы Қ.А. Ермағанбетова тергеу жүргізді.

Соттың алғашқы екі отырысы судьяның сұрақ беріп, жауап алуымен өтті.

Тергеу барысында, Ахмедья Ормарбаев судьяның сұрағына жауап беріп, «Аблейіс Рахманның тауарының ақшасын бергем...», - деп тұрып алды. Демек, менен маған тауар алдырғанын мойындап тұр. Бірақ, мен құсап, тауардың ақшасын маған бергені туралы толық дәлел келтіре алмады.

Бір қызығы, Ахмедья Ормарбаев сотта емес, тойда отырған секілді болды. Біресе, телефонын шұқылайды, біресе далаға шығып кетеді...

Ал, Арнольд Евгенийдің қорғаушысы істі қанағантандырусыз қалдыруды сұрады.

Сол-ақ екен, судья соның айтуы бойынша, менің Арнольд Евгенийдің үстінен жазған арызмдағы талаптарымды қанағаттандырусыз қалдыра салды.

Қысқасы, мен сотта жеңілдім.

Бірақ, мен соттың бұл шешімімен келіспеймін!

Сот әділетті тергеу жүргізген жоқ және әділетті шешім де шығарған жоқ деп есептеймін!

А. Мұқибек:

Жайлаубай Шәметтің көмегі болған жоқ па?

Аблейіс Рахман:

– Жоқ! Жайлаубай Шәмет соттың алғашқы екі отырысына қатысты да, соңғы сот отырысында төбесін көрсетпеді. Қазір телефон соқсам: «Маған звондама!», - деп жаба салады. Шамасы, ол да сатылып кетті-ау деймін...

А. Мұқибек:

Ары қарай не істемек ойдасың?

Аблейіс Рахман:

– Ары қарай апелляциялық шағым жазбақшымын.

Жалпы, ер жігіт үшін миллион үш жүз мың теңге деген түк емес. Жан аман болса, ақша табылады. Жанымның ауыратыны, Ахмедья Ормарбаев пен Арнольд Евгенийдің мені басынғаны, жәбірлегені болып отыр.

Мүмкін, шеттен келген қазақ деп, көзге ілмеген болар.

Одан да қорлығы, екеуінің «Бұл сенің Қытайың емес, мынау – Қазақстан! Маған дым да істей алмайсың! Маған по...!», - деген сөздерінің сотта анық дәлелденгені болып тұр.

Судьяның мына шешіміне қарағанда, Ахмедья Ормарбаев пен Арнольд Евгений үшін сот, заң дегеніңіз расында по... секілді...

Менің бастан-аяқ дәлелім толық, Судья әділ шешім шығарады деп ойладым және сендім.

Өкінішке орай, Ермағанбетова, ең құрығанда, менің уәжімді толық тыңдаған жоқ. Өз дәлелімді айта бастасам, «Тоқтат сөзіңді!», - деп аузымды аштырмаумен болды.

Тіпті, Ахмедья Ормарбаев пен Арнольд Евгенийдің WhatsApp арқылы айтқан бүкіл сөздерін флешкаға жазып апарып, судьяға тапсырғам ғой.

А. Ермағанбетова соны ана екі жауапкерге тыңдатып, «Мынау сендердің сөздерің бе?!», - деген де жоқ. Аяқ-астынан компьютері «істемей» қалыпты...

Компьютер бүгін істемесе, жөндетсе, ертең істейді.

Сот отырысын келесі бір күнге қалдырып, менің уәждерімді де ортаға салуына болады ғой.

Жоқ, судья А. Ермағанбетова менің сөзімді тыңдамастан, бірден бір жақтылы шешім шығара салды.

Осы да әділдік пе, айтыңызшы?!

А. Мұқибек:

Қазіргі жұмыс орныңыздағы басшыларыңыздың Сізге деген мәмілесі қалай?

Аблейіс Рахман:

– Құдайға шүкір, қазіргі басшыларым жақсы адамдар екен. Үлкен басшымыз Мадияр Тұқпановты өзіңіз ертіп барып, жұмысқа ораналастырғаннан кейін көрген жоқпын.

Ал, өзімнің тіке басшым Бауыржан Тұяқұлымен жиі-жиі ұшырасып тұрамын. Баукең кездескен сайын хал-жағдайымды сұрап, ағалық танытып жүреді.

Ал, одан төменгі басшыларым жиналыста өзге жігіттермен бірге менің де атымды атап, жұмысты дұрыс істеп жатқанымды айтып, мақтап қояды.

Мен бұл кісілерге дән ризамын!

Енді Сізге өтініш, менің осы жағдайымды БАҚ-қа шығарып, маған ақпараттық қолдау көрсетіп қойсаңыз.

Ең құрығанда, мені басынған анау Ахмедья Ормарбаев пен Арнольд Евгенийдің жігіттікке жат әрекеттері мен Қ.А. Ермағанбетова секілді шалағай, әділетсіз судьяның бар екенін жұрт білсе екен деймін...

А. Мұқибек:

– Келесі сотта жеңіп шығуыңды тілеймін!

Аблейіс Рахман:

– Аумин! Сізге көп рахмет!

Материалды дайындап, редакцияға ұсынған Ауыт Мұқибек

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2063