Сенбі, 23 Қараша 2024
Жас қалам 620 0 пікір 14 Қазан, 2024 сағат 15:51

«Жаңашылдықтан да зауал бар...»

Сурет автордың мұрағатынан алынды.

XIX-XX ғасырларда бірқатар қазақ жазушылары мен көзі ашық азаматтары өз заманында қозғап кеткен “әйел теңдігі” тақырыбы бүгінде ушығып тұр десе болады.

Олай болуының себебі бұқара халықтың бұрыс түсінігінде. Қазіргі қоғамдағы “феминизм” ұғымы  – нәзік жандылардың құқығы ерлермен теңесуге талпынуы болып саналады. Яғни, құқықтары бір сатыда теңдей тұруы керек. Алайда таразыны қақ ортада ұстап тұру ауыр жүк. Екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс. Адами құндылықтарды көптеп қажет етеді. Оның үстіне бір жағының басым түсуіне түрлі факторлар септігін тигізбей қоймайды.

“Әйел теңдігі” қозғалатын шығарманың бірі – “Ұлпан” романы. Жазушы Ғабит Мүсірепов туындысын өмірден алынған оқиға ретінде баяндайды, және сөз соңында марқұм Ұлпан анамыздың бейітіне қойылған құлпытасының бөлшектерін монша қабырғасына қалаулы тұрғанын көргені жайлы мұңайа еске алады. Қандықол қарақшылардың бұл жауыздығына шарасыз күрсінеміз де қоямыз.

Сурет автордың мұрағатынан алынды.

Жақында Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында ресейлік режиссер Гүлназ Балпейсованың сахналауымен “Ұлпан” жарыққа шықты. Қойылым жанры – “қыр суреттері” деп беріліпті. Соңғы кездері қазақ сахнасында постдрамалық бағыты айшықтала түскен сайын “драма”, “трагедия”, “комедия” немесе т.б. жанр түрлерімен қоса “қыр суреттері”, “аты жоқ жанр”, “ностальгия” деген сынды режиссер ойынан туған жанр атауларын кездестіріп жүрміз. Постдрамалық қойылымдарда астыртын сөйлеу және ирониялық элементтер көп кездеседі. Сол сияқты “қыр суреттері” де белгілі бір түсінікті беретіні айдан анық. Бір қарағанда қарапайым қазақ даласындағы тұрмысты еске салады.   Таң ата басына ақ орамалын тағып алып қазақ үйдің кереге киізін көтеріп жатқан қазақ келіншегі, қасында көк түтіні бұрқырап қайнап тұрған самаурын, өріске айдалған енесін іздеп боздаған бота, анау бір жерде тұрған шойын қазанда сап-сары боп шыжып жатқан бауырсақ, арқасына бір қап малдың тезегін салып алып, томпаңдап немересін жетектеп келе жатқан кемпір, астына бір-бір тайды басып әрі-бері шапқылап жүрген жас балалар, тағысын тағы. Алайда, Г.Балпейсованың осыған дейін елімізде сахналаған “Қарагөз”, “Қозы Көрпеш – Баян Сұлу” қойылымдарына қарап жаңағы айтылған бақыт пен шаттыққа толы әдемі көріністерді меңземегенін аңғару қиын емес.

Баян да, Қарагөз де, Ұлпан да – әйел заты.

Дала заңының әйел бостандығын шектеуі, еркінен тыс әмеңгерлікке беруі және қайын-жұртын өз есімдерімен атамау сияқты қойылымда көтерілетін маңызды тақырыптар “қыр суреттерінің” көрінісі.

Гүлназдың режиссерлік шешімдері мен ойларының ерекшелігі жайлы, оның жарықпен, әуенмен жақсы жұмыс жасауы және спектакль атмосферасының сақталуына аса назар аударатынын біз құптаймыз. Бірақ, спектакль бұл дүниелермен шектеліп қана қоймайды. Ондағы қозғалатын тақырыптар мен шығарма идеясының ашылуына айтарлықтай мән беру қажет. Алайда, басты ойды жеткізу жолында шетелдік қызымыз қазақ менталитетіне кереғар бірен-саран кемшіліктерге бой алдырған. Не нәрсені өзінің мөлшерінен тыс пайдалану қоғамға зиян. Спектакльдегі осындай сахналардың бірі, Ұлпан мен Шынарды сахнаның авансценасына шығарып қана қоймай, көрермендерді аралатып жүріп Ұлпанның Шынарға қайын ағасы Есенейдің атын мәжбүрлеп айтқызуы арқылы көрермен залында отырған қазақтың жас аруларын бұрыс тәрбиеге үгіттейді. Осыдан кейін жастар арасында неліктен мағынасыз ат қоямыз деген қисынсыз сұрақтар туындайды. Бағытынан жаңылған жаңа заман алдында тұрған, жаһандық даму көшіне ілесіп рухани құлдырауға ұшырап жатқан шақта Г.Балпейсованың бұл спектклі өткен салт-дәстүрімізге жасалған соққы секілді әсер етеді.  Өзі құртылуға бір қадам жақын тұрған қазақ мәдениетіне бұл дүние зиянын тигізбесе пайдасын әкелмесі анық.

Ал, екінші сахна, Ұлпанның болыс билерімен көтерген әмеңгерлік мәселесі. Осы тұста Гүлназ жесір әйелдерді қосу арқылы “әмеңгерлікті” жиіркенішті етіп көрсетеді. Әмеңгерліктен жәбір көрген нәзік жандылар бар, бәлкім бұл дәстүрдің жойылғаны да дұрыс шығар. Бірақ, режиссер көрсеткендей жесір келіншектің бәрін он екі, он үш жасар бозбалаларға берген емес, марқұм күйеуінің ағалары да алған. Ол заманда ерінен айырылған жесірлерге сүйіп қосылған дегенді естіген емеспіз. Келін бала-шағасымен далада қалмасын деп ағайындары қамқорлығына алған.

Бұл мәселені бұрыс қалыптасқан феминизм түсінігімен қарамай, терең сүңгіп ақиқатын тапқан жөн.

Қазіргі адамдардың психологиясы өте нәзік әрі әлсіз. Анық-қанығына жетпей мынау дұрыс, ал мынау бұрыс десең соған сеніп жүре береді.

Театр – ұлттық менталитетті дәріптейтін қоғамдық институт. Сондықтан да спектакльдегі осы сахналарды театр басшылығы кезекті ауқымды проблема ретінде өз бақылауына алса. Сол кезде Ұлпан анамыздың батылдығын, көркем мінезін, байсалды жан екенін еш қысылмай сахнадан қуана тамашалар едік.

Жетпісбаев Тойбек

театртанушы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1487
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5525