Жұма, 22 Қараша 2024
46 - сөз 2447 9 пікір 21 Қазан, 2024 сағат 15:46

Бізге қашан ес кіреді?

Сурет egemen.kz сайтынан алынды.

Ұлттың ертеңгі рухани сапасы бүгінгі ұрпақтың – жеткіншек ұл-қыздың тәрбиесіне тікелей байланысты.

Баланы туған тамырынан ажыратып алмаудың жолы – ұлттық тәлім-тағылым беру, рухани болмыс пен рухани құндылық қанжығамызда қатар жүруі керек еді. «Ұлттық тәрбие тізгінін босатып алдық, ұрпағымызға ие болайық», – деп айтып келе жатқаныма он жылдан аса уақыт өтіпті. Актер ретінде: «Ұлым, саған айтам…» – деп сахнадан да көрсетіп, үнімді естіртуге тырыстым. Желі бетінде жаманатты жарыса таратуға құштар адамдарға таңғалам. Әрине, өзінің жеке парақшасы, не жариялаймын десе де – өз еркі. Бірақ бірінен-бірі қалмай «балалатқан» жамандық атаулыға адамның етін үйретіп жатырмыз деген ой болмай ма, әлде бұл да саясат па?

Биік мінбеден Жанарбек, Ринат бауырлардың: «Қазіргі ұрпаққа патриоттық тәрбие беруіміз керек», – деп жатқанын естідім. Құдай-ау, патриотизмнің негізгі генераторы – ұлттық идеология ғой. Идеологиясыз ел – құбылнамасы жоқ кеме секілді. Осыған неге мән бермейді шенділер? Ұлтты айтып шырылдағандарды сол ұлттың өктемділері жаншып тастап отыр!

Рухы жаншылған елде идеология бола ма? Идеология «қалай өмір сүріп, қалай еңбек етеміз, біз кімбіз, қайдан шықтық, қайда барамыз» деген сан алуан сұрақтарға жауап береді. Бүгінгі идеологияның (егер ол бар деп есептесек) әлсіздігі – қазіргі жас ұрпақты қазақтың өзіне тән мінез-құлықтан, қазақы қасиеттен алыстатып бара жатқанында. Жастардың көбі өз ұлтының бай тариxын, мол мұрасын білмейді. Санасында жаhандық жасанды мәдениет ессіз ентелеп тұр.

Жіліктеп айтсақ, ұлттық идеология бір күнде қаулы шығарып, қарар қабылдап, сабынан ұстата қояр саптыаяқ емес. Оның тағдыры әріде жатыр. Керек десең, тамыры ананың әлдиі – «Бесік жырынан» басталады. Бесік – ұрпақ өсіру мен ұлтты бағып-қағудың, ұятты қалыптастыру мен ұлттық намысты сіңірудің ұлы құндағы. Баршаға мәлім, ерлікті, адалдықты, азаматтықты, әдеп-ибаны уағыздайтын «Батырлар жыры» мен эпостарды былай қойғанда, мақал-мәтелдер, дулығалы бабалардың дуалы аузынан шыққан қанатты сөздердің өзі – идеология атаулының қайнар көзі ғой. Телеарнаны қоссаңыз – қаптаған мән-мағынасыз шоулар, ұлттық үлгі-өнегеден жұрдай сериалдар, қазақ менталитетінен алшақ, ұлағаты жоқ түрлі бағдарламалар... Елге ой салатын, жұртты оятатын, ұлтты руxтандыратын дүниелер діңкелеп тұр.

Ұлт үшін қасіреттің зоры – бүгінгі ұрпақтың тоқмейілсуі, өзі өсіп-өнген тамырдан кіндік үзуі батыстық дүлей күштің экспансиясы тексіздікке, талғамсыздыққа ұрындырып, ұлттық сезімнің сөнуіне себепші болып отыр. Тоғышарлық жайлаған қоғамдағы кеселдерге қарсы тұра алмай келеміз.

Ұлттың ұлағат-дәстүрі сақталмаған жерді жын-шайтан иектейді, содан да шығар қазақ баласы ештеңеге селт етпейтін қатігез безбүйрек болып барады. Бұл да қазақты құртудың бір жолы ма? Түк түсіне алмаймын. «Өзіне-өзі қол салған…», «9-қабаттан секіріп кеткен…». Күнара еститін жаманаттан жүрек тарының қауызындай сығылды. Өрімдей жастар айналаны тек қызылды-жасылды түсте көріп, ғашық болатын жаста, романтик болатын кезеңде неге өлімге бас тігіп жатыр?

Кейінгі айды қойып, айналасы 4-5 күнде болған оқиғалар саналы адамның санасына инедей қадалып, өткір пышақтай жанын тілгілеп жіберді. Көкейдегі жалғыз сұрақ: «НЕГЕ?». Адам үшін кісі өлтіру шыбын шаққан құрлы болмай, өз жанын үзу түкке тұрмай қалды дегенге сенбеймін. Саналы түрде осыны жасайды дегенге иланбаймын. Себебі неде? Мұндай оқыс қадамға итермелеуге үлкен себеп болуы керек қой. Өз басым интернеттегі небір ойындардан келген кесел дегенмен келісем. Бірақ аздап қана! Тіпті соншалық өмірден түңіліп, ашуланып, ренжіп, өзін жоғарыдан төменге лақтыру үшін санаулы секундтар ғана керек шығар. Бірақ… Сол санаулы секундтар ес жиғызуы, көз алдына ең болмаса анасының бейнесін жылт еткізуі, сана түкпіріндегі ең бір сәулелі шақ қас-қағымда ойынан айнытуы әбден мүмкін. Тіпті болмаса, қорқыныш пен үрей! Ал сондай қадам жасарда наша шегіп алған делінсе, сенем. Егер солай болып шыққаны ашық айтылса, жан-жақты дұрыс тексеріліп анықталса!

Өйткені «Нашақорлық меңдеген», «анаша таратты» дегенді жиі естиміз. Ал жасөспірім бала – еліктегіш, иланғыш. Көрейінші, түк етпес деген қызығушылығын тәуелдікке әкеп тұсап, артынан қарызға батқанын ұқпай қалғандағы соңғы қадамы – биіктен секіру, қалайда өмірін қию. Өз ойым, әрине. Бірақ осының бір ұшы шындыққа әкеп тіресе, кім кінәлі? Тал бойында тарыдай ұят қалмаған қаракөз қыздарымыздың өзі бал тамар тілден у сорғалатып, құрбысын тізерлетіп кешірім сұрататындай қалге жеткен.

Интернетті шарлап жүрген қыздардың бейбастақ әрекетіне, меніңше, әке мен шеше де жауап беруге міндетті. Қазір біз бұрмаланып кететін солқылдақ заң мен қатал күнкөрістен қорқып қана тірлік кешкен торыққан тобырға айналып барамыз. Бабадан жетер өнегелі өсиет ұрпағымыздың бойына ұрық боп құйылса, қастерлі қасиетімен баланы данаға айналдырып жіберетін едік.

Ұрпағына ие бола алмаған жұрт ұлт болудан қалады. Қазақ болмысының қазығы тектілік еді, тектілік тепкі көріп, қазағымның қасиеті мен киесі өгейсіп, содан айырылды. Ұлттың жадынан өшірілген ұлттық қасиеттер бұл ғана емес. Бізде адами құндылық басты орында деген түсінік жоғалды. «Өзімнен, отбасымнан аулақ болса, өзіме қатысы болмаса, бәрі дұрыс. Кінәлілер жауап берсін: Ата-ана, мектеп, қала берді өлімге итермелегендер». Міне, осындай түсінік басым. Сонда қалай, жасөспірімдер, жастар шетінен өле берсін бе? Неге бұл зиялы қауымды, билікті, үлкен буынды, қазіргі қарияны, әжені ойлантпайды? Бір ауылды уыздай ұйытып, бір ауыз сөзімен билеген қариялар қайда қазір?

«Ал бұған кім кінәлі» дегенге жауап іздеп көрейік. Иә, алдымен жемқорлыққа белшесінен батқан іріп-шіріген жүйе кінәлі. Ұл-қызына араша бола алмай, ұлттық мүддеге жұмыс істей алмай отырған өзегі әлсіз заңы бар Үкіметтегілер кінәлі. Қоғамды кінәлайық. Сосын барып… Сен, мен, ол – әрқайсымыз кінәліміз. Өзіне қол салған әрбір жасөспірім көкке ұшқанда, «әрқайсымыздың қолымыз қанға былғанып жатыр, мойнымда кісі өлімі бар» дегенді саналы түрде ойлап көріңіз! Өйткені қазақпен бірге біткен мейірім мен адамгершілік қасиетті жоғалттық! Ұрпағымыздың ешқайда кетпейтінін, тура осы қазақ елінде, өз жерінде осы қоғаммен бірге жасайтынын естен шығардық.

…Орыс ғалымы И.Крафт Абылай хан жайында: «Ол қалыптасқан нақты жағдайларға қарай бiрде – Ресейге, бiрде – Қытайға, ендi бiрде – Жоңғарияға шын берiлген болып көрiне бiлдi, ал шын мәнiнде ешкiмге де бас иген жоқ», – депті. Міне! Ұлтын сақтап қалудың үлгісі! Содан кейін Абылай ханның қасында Бұқар жырау болды. Біздің елбасының да, қазіргі ел Президентінің де қасында қазаққа – ұлтына жаны ашитын Бұқар жыраулар болып көрді ме? Әй, қайдам?!

…Талғардағы жасөспірім Шерзаттың өлімі ешкімді бейжай қалдырмауға тиіс. Қылмыскерлердің лайықты жазасын тартуы билік тарапынан қатаң түрде бақылауға алынсын! Ұлтты жақсы көру – тек оның жақсылығын ғана көру емес, ең алдымен сол ұлттың әлсіз жақтары мен әлжуаз тұстарын көре білу. Өз ұлтының ұлын қолы қалтырамай оп-оңай өлтіретін қоғамда ұрпағымыздың алаңсыз өсуіне кепілдік жоқ. Атыраулық жас жігіттің әке-шешесін өлтіріп, соңынан өз-өзіне қол салуы да қоғамдық резонанс туғызуы керек еді, сіз бен бізді ойлантуға, ес жиғызуға тиіс еді. Өзіне өмір сыйлаған әке-шешесіне бауыр етінен жаралған баласының осындай опасыздық жасауы – келешек ұрпақ, халық, қоғам, ұлт үшін аса қауіпті қасірет қой. Тәуке ханның «Жеті жарғысында» әке-шешесін сыйламай, тіл тигізген баланы өлім жазасына кесетіні айтылған. Бұл – Дала заңы. Баба заңын тірілту өркениетке ұмтылған кезеңде тым артық шығар, десе де… Қашан ес кіреді бізге, санасы тұнық естілер қалды ма?

Бекжан Тұрыс

Abai.kz

9 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1452
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3216
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5236