Құрманәлі Оспанұлы – образ жасауға төселген қаламгер!
Биыл (2024 жылы) Қытайға танынымал тұлға, қоғам қайраткері, ақын Құрманәлі Оспанұлының туғанына 100 жыл толып отыр.
Қ.Оспанұлы Қытай қазақ әдебиеті мен баспасөзінің қалыптасуы мен дамуына орасан зор үлес қосқан тұлғалардың бірі. Қ.Оспанұлы 1924 жылы желтоқсанда Қазақстанның Алматы облысы, Кеген ауданының Тоғызбұлақ деген жерінде дүниеге келген. 1930 жылы басталған ашаршылықтың себебінен ол отбасымен бірге Қытайдың Іле өңіріне көшіп барып, Құлжа маңындағы Хұдияр жүз ауылының Құмыл қыстағына келіп қоныстанады.
Құрманәлі 1934 жылдан 1936 жылға дейін ауыл молдаларынан ескіше оқып хат танығаннан кейін, 1936 жылы қарашадан 1939 жылдың соңына дейін жаңаша мектепті оқып үздік бітіреді. 1939 жылдың соңынан 1941 жылдың шілде айына дейін Құлжа қаласының Жария мектебінде 5-6-сыныпты оқып бітіреді. 1941 жылы тамыздан 1943 жылға дейін Ұлттар гименазиясын жоғары нәтижемен бітіреді де, жолдамамен Нылқы ауданына мұғалім болып барады. Білікті жас мұғалім көп ұзамай Нылқыдағы Жартоған метебінің директоры болады.
Ол 14-15 жасынан қазақтың лиро-эпостық жырлары «Қозы Көрпеш-Баян», «Қыз Жібек», «Айман-Шолпан», «Мақпал қыз» т.б. жырларын оқып жаттап алады. Бала кезінде айтыс өлеңдерге де қызығып, әйгілі айтыс ақындарының шешен әрі тартымды сөз шеберлігін үйреніп, айтысқа да түседі. Жергілікті шонжарлардың халық бұқарасына жасаған зұлымдығын бала жастан көріп өскен ақын, халықтың еркідікті аңсаған арман-тілегін ақындық сезіммен шебер өреді. Ол халықтың бостандығы мен азаттығы жолына батыл ізденіс жасап, Гоминдаңның зұлымдығына батыл қарсы шығады. Нылқыда тұтанып, Құлжада лаулаған Үш аймақ ұлт-азттық көтерілісін қолдап, оған белсенді араласады. «Бұл мезгілде ақын қаламын қару ете сермеп 1945 жылы ақпанда «Күтемін» атты тұңғыш семсерімен оқырманмен бет көрісті. Содан бастап «Гүлім едің», «Ес еркіндеп», «Күле тұр», «Арайлап азаттықтың алтын таңы» қатарылы саяси-әлеуметтік және көңіл күй лирикаларын жазып, сол кездегі «Төңкеріс таңы» газеті мен «Одақ» атты әдеби журналда жариялап жүрді.
«Үш аймақ төңкерісі» кезінде ұлттық үкімет жағынан шығарылған «Төңкеріс таңы» газетінің жауапты редакторы, бөлім бастығы болған. 1948 жылы Шынжаңда «Бейбітшілік пен демократияны қорғау одағы» құрылып, оның орган гезеті «Алға», әдеби журнал «Одақ» шыққанда «Алға» гезетінінің жауаптысы болады. Жаңа Қытай билігі орнағаннан кейін, 1949 жылдан 1950 жылға дейін «Іле газеті» мекемесінің қазақ редакциясында, 1951 жылдан 1954 жылға дейін Шынжаң өлкелік халық үкіметінің орынбасар басшысы, 1954 жылдан 1956 жылға дейін Іле аймағының орынбасар уәлиі (әкімі), партия комитетінің тұрақты жорасы болады. 1958 жылдан 1963 жылға дейін Іле қазақ овтономиялы облысының әкімі болады. Солақай саясаттың ықпалымен 1963 жылдан 1977 жылға дейін қызметінен шететіліп, арнаулы бақылауда алынады. Елге жылымық келіп, заман оңалғанда атақ-абройы қалпына келеді. 1979 жылдан 1990 жылға дейін ШҰАР әдебиет-көркемөнершілер бірлестігінің орынбасар төрағасы, ШҰАР халық құрылтайынның (маслихатының) жорасы, орынбасар меңгерушісі қатарлы міндеттерді атқарады. Соңғы өмірін зейнеткерлік сапармен өткізіп, 1999 жылы бақилық болады.
Қ.Оспанұлы 1950 жылы «Күркешеден күллі әлемге» атты поэмасын жазып, қазақ бұқарасының қоғамдық орнын күркешеден күллі әлемге жария етеді. Ақынның соған дейінгі өмір жолы да осы толғауындағыдай еді. Ол қойшының күйкі күркешесінен поэзия әлеміне қарай қанат қағады. Ақын дүниежүзі бейбітшілігін қорғаудың Полшада өткізілген ІІ жиналысына қатнасады. Осыдан бастап ақынның ойлы да, образды алуан тақырыптағы көркем лиркалары әкімшілік қызметтің әредігінде жарияланып тұрады.
1958 жылы ақын Қ.Оспанұлы Тәшкентте ашылған Азия, Африка жазушыларының құрылтайына, 1960 жылы Қытай Әдебиет-көркемөнершілерінің ІІІ кезекті құрылтайына қатнасады, Осы жиналыста ол мемлекеттік жазушылар одағының Қытай ауыз әдебиет қоғамының жоралығына сайланады. Қ.Оспанұлы ақындық биігіне қанат қаққан кезінде солақай саясаттың қақпайына ұшырап, араға он неше жыл салып барып әдебиет шебіне қайта оралады. Осы тұста «Айна бұлақ», «Не бердім» секілді ойнақы да, отты толғаулары мен сұлу лиркаларын арт-артынан ағытады.
Белгілі сыншы, баспагер Асан Әбеуұлы құрастырған кітапта Қ.Оспанұлының өмірі мен жасампаздығы туралы жазылған мақалада: «Құрманәлі Оспанұлының жарым ғасырдан астам уақытқы жасампаздық сапарында мыңға жуық өлең-жыр, онға жуық баллада, дастан жазып жариялайды. Бүгінгі күнде ақынның: «Шаттық жырлары» (Ұлттар баспасы. 1957 ж.), «Алуан әуендер» (Іле халық баспасы. 1988 ж.), «Тянь-шань жырлары» (Ұлттар баспасы. 1980 ж.), «Меруеттер» (Халық баспасы. 1981 ж.), «Жылдар ізі» (Ұлттар баспасы. 1983 ж.) қатарлы жыр жинақтары ілгерінді-кейінді баспадан шықты. Әдебиеттің жанкүйер жақыны болған қаламгер өзге қаламгерлермен бірлесіп, «Салиқа-Сәмен» операсын жазумен бірге, рухани, тарихи құны бар көптеген естелік, эсселер жазған. Бұл жақтан «Үш майдан» (Шынжаң жастар-өрендер баспасы, 1991 ж.), «Шіркін бұраң дүние-ай» (Шынжаң халық баспасы. 1999 ж.) естелік, эссе кітаптары жарыққа шықты. «Қыз бейіті», «Таудағы дадүй» атты саханалық шығармалары бар. Оның өлеңдері ханзу, ұйғыр, қырғыз тілдерінде, орыс, түрік қатарлы шетелдерге аударылған. Еліміз іші сыртына танылған лирик ақын.
Ол Қытай Жазушылар одағының, Шынжаң Жазушылар қоғамының мүшесі, «Ұлттар әдебиеті» журналы редакция алқасының мүшесі болған. Оның өлеңдерінде ой мен сезім, көрініс пен көңіл күй, реалдық пен арман тоғысып жатады. Айталық, «Оның өңі мен түсі» дәуір шындығы мен қоғамдық болымысты бейнелеудегі автор жасампаздығындағы үлгілердің бірі. Осы баллада мемлекеттік аз санды ұлттардың үздік шығармаларын бағалауда бірінші дәрежелі сыйлық алған. Ал, ақын шығармаларына ұлтымыздың ішінен және өзге ұлттардан берген баға аз емес» («Жиырмасыншы ғасыр Қытай қазақ жазушылары», 134-б. Үрімжі) деген деп жазылған.
Демек, Қ.Оспанұлы ерте есейіп, ерте атқа мініп, әдебиеттің де биліктің де тізгінін қатар ұстаған қоғам қайраткері.
Биыл Қ.Оспанұлының туғанына 100 жыл толуына орай, әдебиеттанушы ғалым, Қытай қазағынан шыққан тұңғыш пропессор Ахметбек Кіршібайдың ақын Қ.Оспанұлының шығармалары туралы ертеректе жазған зерттеу еңбегін назарларыңызға ұсынып отырмыз.
Әлімжан Әшімұлы
Құрманәлі Оспанұлы – ақиық ақын
Ақын Қ.Оспанұлы 1945 жылдан бастап жұрт жүрегін баураған жырларымен танылды. Оның сол жылдары жазған өлеңдерінің көбі саяси, әлеуметтік тақырыптағы туындылары мен көңілкүй лирикалары еді. Бұл өлеңдері оның «Тянь-шань жырлары» атты жинағына сұрыпталып, енгізілді. Ақынның сол жылдары жазған «Күтемін», «Ес еркіндеп», «Күле тұр» сынды сатиралық өлеңдерінде сол уақыттың кейбір білімсіз, ақымақ мырзаларын тұрпайы сиқы шенеліп, сайқымазақ етіледі. Шығармаларда «Меннің» қоғамдағы орны, дүниетанымы, келешекке деген көзқарасы сәулеленеді.
«Келгенім жоқ қайыр тілеп мырза сенен,
Емеспін алып-сатар пайдакүнем.
Адаммын ары таза, дүниеге,
Бір кірпіш орнын тапқан болсам деген...».
Ақынның «Күле тұр» деген өлеңінде «Меннің» ішкі кекті сырын айқындап:
«Суалып жағы, сақалы өскен,
Жүдеулеп жүзі жақындық өшкен.
Жағасы кірлеп, жыртылып иығы,
Қабақтан сүркей, суық леп ескен» – дейді. Мұнда ұлттық төңкерістің куәгере бола жүріп ержетіп, зұлымдыққа қайнап өскен жаңа заман жастары көрініс табады.
Ақын өзінің «Ес еркіндеп» көңілкүй лирикасында еркіндік көктемінің бостандыққа жол ашуын аңсап:
«О, шіркін, жібек қанат көктем желі,
Ұнайсың арманымдай көктен бергі.
Оянып сен сүйгенде нәзік сезім,
Дүр беріп көктем гүлі көктей берді.
Кел бері сүй тағы да, ес еркіндеп,
Жайқалсын көңілім гүлі лебің тербеп» – дейді. Құрманәлі Гоминдаң билігінің езгісіне қарсылық танытып, «Үш аймақ төңкерісіне» бел ортасында жүрді. Оның халықты достық ынтымаққа шақырған, еркіндік, теңдікке үндеген өлеңдері мен махаббат тақырыбына жазылған лирикалары да аз емес.
Ақын «Күркешеден күллі әлемге» деген өлеңінде «Меннің» көңіл күйі арқылы қазақ сахарасындағы қазақ жалшыларының өмірін шынайы суреттеп:
«Айықпай зілді меңіреу түн,
Басылмай кекті кесті үн.
Өмірдің құлды торында,
Қанаты сынған құстарша.
Жалшы ұлы мен бейшара
Қорлық көріп жатыр ем –
***
Жұрдай болып құқықтан,
Есептеліп жансыз тән.
От басынан оза алмай,
Сөйлесем ауыз қағылып.
Жүрсем сыным табылып,
Құрсауда қор боп жатыр ем» – дей келіп, шарқ ұрған шабыты қиялы оның саяси-әлеуметтік толғаулардан көңілкүй лирикасына ұласады. Ақын:
«Жері, көгі нұрға толы,
Гүлге толы армансыз.
Зор бақытқа жеткен қолы,
Жаз дидарлы жандармыз» – деген өлең жолдарын ойнатса, «Жаз дидарлы жандармыз» атты өлеңінде көркем тілмен оқырманын толғандырар ойға бөлесе, «Меніңді қой ағажан» атты өлеңінде:
«О, аға екеш бетіңе әжім,
Самайыңа ақ кіргенше.
Бір қызармай етіп тәжім,
Құмарттың-ау, «мен-мен» деуге!
Сөзің ылғи мен білемін,
Білдім, еттім, етемін тек.
Мен болмасам бір ретін
Тауып істің жөн сілтемек» – деп, сөзі мен ісі еш ымыраласпайтын олақ, білімсіз кейбір өркеуделердің кеспірін сын тезіне алады. Сөйтіп оқырманын «Мен-мен» деп кеудесін соққандардың пасық іс-қимылдарынан жиіркендіреді.
Ақын өлеңінің соңында:
«Тауға шықсаң таудан биік,
Ұмытпа құз-заулер барын!
Зауға шықсаң заудың биік,
Ұмытпа асқар заңғарларын.
Заңғар басын басып тұрсаң,
Ескер биік көктің барын.
Көкте ұшып сейіл құрсаң,
Біл ұшырған көптің барын» – дейді. Мұнда ақын қанша асуларды игерсең де, биіктік саған жеткізбейді дегенді меңзейді. «Көкте ұшып сейіл құрсаң, Біл ұшырған көптің барын» сынды ақылиясымен ел-жұртынан тыс еш биіктікті игере алмайтыныңды ескертеді.
Талант иесінің саяси-әлеуметтік тақырыптағы жырларына үңілер болсақ:
«Бар сабырын баян таппай тауысқан,
Тұрғы, тұрақ сағатта сан аусқан.
Құбылмалы құйын мінез қу тұмсық,
Сұрқия сұм ала қанат сауысқан» – деп мысқылдайтын «Сауысқан» атты сатиралық өлеңінде ақын кейбір безбүйректердің желдің бағытын бағып, бұқпантайлап жүріп, бұқара арасына бүлік тудыратын, жүгенсіз қылықтарына сөз семсерін сілтейді. Әрі олардың алақанат сауысқанға балайды.
«Көптен таныс болса да бұл порым,
Бұрын мәнін ұға алмаппын мен оның,
Алыстаған назарынан ел-жұрттың,
Аласталсын сауысқандай жексұрын».
Ел-жұртын сатқан жексұрындарды көп ортадан аластау керек. «Адам аласы ішіне – мұндайлар ұйыған татулықты бүлдіреді» деп шырылдайды ақын Қ.Оспанұлы.
Құрманәлінің өлеңдер жинағының қай-қайсысы да өлең, жырлары қалың бұқараның нәзік жүрек пернелерін дөп басады. Ақынның мұндай тірі тынысты өлеңдері оның «Тянь-Шань жырлары» жинағының құндылығын арттырған.
Дара дарын иесінің «Тянь-Шань жырлары» атты топтамасына сезіміңе сергектік ұялатар махаббат, табиғат лирикалары «сым перне» басып қарағандай, оқырман жанын рахатқа бөлейді. Ол:
«Шенемей шебер кең пішкен,
Жамылып жасыл шекпенін.
Қарайды шоқы биіктен,
Ұнатып өмір көктемін» – деп, осынау биіктіктен қорғап тұрған шоқының көктемнің сұлу көркінен ләззат алуы қандай келісті. «Шебер кең пішкен, жасыл шекпен жамылған» көктем-аруға кім сұқтанбас:
«Сыбызғы тартып сыңқылдап,
Ессе жел жайлау еркесі.
Тербелер жаны сыр тыңдап,
Орман күйін шертеді» – деп, көріктендіре келіп Қ.Оспанұлы:
«Қарай бер шоқы биіктен,
Осыңды еліте сүйемін.
Өзіңше мен де тік біткем,
Өзіңе тартқан мінезім» – деген түйін жасайды.
Ақын асқақ Тянь-шаньның шоқысына сұлу сымбат, жанды тыныс береді. «Өзіңше мен де тік біткем, өзіңе тартқан мінезім» деп, шынайы талант иелерінің де ешқашан ешкімге бас имейтінін ашық меңзейді.
Құрманәлінің ой шанағындағы табиғат суреттері барған сайын жанданып, туған жер, өскен өлкеге деген сүйіспеншілігіңді арттыра түседі.
«Қатты да ауыр қат-қабат,
Жартасты жарып қарағай,
Өнді де өсті аймалап,
Күн сүйді күліп баладай».
Осындағы «Қатты да ауыр қат-қабат» тасты да жарып шыққан қарағайдың қайсарлығына қалай тәнтті болмассың:
«Сыбдыры сырнай сыңғырлап,
Шертеді күйін көңілдің.
Сыбдырдан тұрақ сыртыңдап,
Билейді шалқып күндіз-түн».
Ағысы көңіл қытықтап, сезіміңді оятатын бұлақтың да тереңнен ақтарар сыры мол сыбдыры сырнайдай сыбдырлаған бойыңа қуат дарытатын тылсым сырын адамзаттың ғана емес, бүкіл тіршілік иелеріне мойын бұрғызады әрі терең ойға жетелейді.
Ақынның «Мәдениет төңкерісінің» он жылдық бұрқасынын басынан өткізіп, әдебиетке қайта оралғаннан кейін жазған бірқауым өлеңдері «Тянь-шань жырлары» атты жинағына енгізілді. Бұл өлеңдерінің ішінде оның «Айнабұлақ», «Не бердім» сынды жырлары тарлан тартқан ақынның еліне, жеріне деген сүйіспеншілігі мен сағынышынан туған. «Айна бұлақта» өткен өзінің жастық шағын ерекше сезіммен көзге елестетеді.
«Айнабұлақ шалғай кетіп,
Тарлан тартқан шағымда.
Келдім іздеп жаным елтіп,
Ат арыта сағына».
Өскен ортаға деген ынтызарлық оны «ат арыта» іздеуге итермелейді.
«Неткен ыстық, неткен қымбат,
Шіркін сенің құшағың.
Құшағыңда жаным жырғап,
Шат сәбиге ұқсадым» – деп, ыстық оттай мейірім аңсаған ақын өзін тарихы тереңнен тартатын елінің сәбиі санайды. Ыстық құшақта жана жадыраған қаламгер, туған өлке саған «Не бердім?» деген сауалға келіп тіреледі.
Бұндағы айтпақ ақынның арманы елге, жерге, халыққа деген өтеуге тиісті азаматтық борыштары еді. Борыштарын терең түсінген ақын «Күркешеден күллі әлемге» қол созғанда халқыма қарыздарым мол еді дей отырып: «Менің берерім өлең еді, оны да жүрегіме халқым өзі еккен еді, бірақ күйбеңмен күн өткізіп жүріп, оны да бере алмадым» деп, қатты өкінеді. Ол өмірге, еліне, туған халқына өтеуге тиісті борышын бекім сезінеді:
«Көрсетті жарты ғасыр жалпақ жонын,
Тудырды сезім толқып ой толқынын.
Басылып перне баяу көсіліп күй,
Сұраулы өтті шертіп жүрек қылын.
О, алып ұлы отан, ұлы халық,
Қолдай түс қолдаушымсың өзің анық!
Берейін борышымның бодауына,
Жыр толы жүрегімді бір-ақ жарып».
Өлеңді өмірінің туы етіп, ол борышының өтеміне жүрегімді бір-ақ жарып берейін деп, ағынан жарылады.
Құрманәлі Оспанұлының бертіндегі өлең-жырлары мен баллада, дастандарының бір бөлімі «Меруерттер» атты өлеңдер жинағына енген. Бұл өлеңдерінде ол «Ойранды он жылда» (1966-1976 жж) ел өмірінде болған өзгерістер мен зиялылар қауымының бастан кешкенін сөз етеді.
«Жадаңдап жаны жабығып,
Дидары күнгірт тартыпты.
Кірпігі меруерт тағынып,
Жүректің жүгін артыпты» – деп, сол күндерді жабыға еске алады. Жазықсыз жазаланып, тінтіліп, бақыланып, айдалып, байланып, қамалып қажығандардың сөйлесе де жазаланатыны жанына қатты батады.
«...Бетімнен сүйді ол бір шақ,
Төсіме меруерт төгілді.
Төгілді меруерт, түсті дақ,
Қабырғам қауырт сөгілді» , – деп бір сәт жұбатқанымен, әбден өткен, сүйекке жеткен зәбірдің «Қабырғасын қауырт сөгетіні» өмір шындығы еді. Ақын жинағындағы «Түрлене бер», «Қараймын мақтанышпен», «Келді көктем», «Өзен бойындағы ойлар» өлеңдері де саяси-әлеуметтік мәндегі дәуір талабымен ұштасқан дүниелер. Ақын ол шығармаларында идеологияның илеуіне көндігіп, оған үйлескендігін айқын аңғартады. Қ.Оспанұлының кейінгі жазған біраз баллада, дастандары бар. Соның ішінде «Болатбек» атты дастанына аялдаудың реті келіп тұр.
«Болатбек» – тартысқа толы төлтума
Ақынның «Болатбек» дастаны 1976 жылы жазылып, 1980 жылы қайта өңделіп, «Меруерттер» атты өлеңдер жинағына енгізілген туындысы. Ол дастанға негізгі арқау етіп қазақ ауылында болған топтық тартыстың шиеленіскен тұсын алған.
Бөрібай деген бай есігіндегі жалшы Болатбекті әкесі Асқардан бастап шешесі Ғайша, інісі Бөкейханға дейін құлдығында ұстаған. Олар бүкіл отбасымен қысы-жазы Бөрібайдың бишік үйіруімен арып-шаршаса да, ауыздары толып, асқа, иіндері бүтінделіп киімге жарымайды. Қыстың қатты боранында бір құнаны ықтап кетіп жоғалғанына ашынған Бөрібай суыққа үсіп, ауырып, үйінде жатқан жерінде Асқарды өкпеге теуіп, төсек тартып жатар ауруға тап қылады. Әкесінің ауруын қаратуға, молда әкелуге, ат сұраған Болатбекті жер-жебіріне жете боқтайды. Оны ит рәсуә ғып қуып жіберіп, өзінің ауырған ақ тазысына молда іздетіп, ат сабылтады. Болатбектің інісі Бөкейханға ауырған тазысын шыбыннан қорғатады. Әбден ашынған Болатбек Бөрібайға келістіріп соққы береді. Шайқас кектенуге ұласады. Күрес шиеленісіп, Бөрібай Болатбекті Гоминдаң сақшы орындары арқылы жазалау әрекетіне кіріседі. Болатбек халықтың зерделі ақыны Серкебай мен ауыл ақылшысы Амантай қарттармен бірлесіп, барлық зорлықшылардың тамырына балта шабуға әрекеттенеді. Ел ішіндгі бұл толқу Бөрібай мен Гоминдаң сақшыларын абыржытады. Түрмені бұзып кіріп, «қылмыстыларды» босатады. Дастанның оқиғасы кекті ереуілдің еркіндікке ұласу алдындағы саналы күресіне айналып тынады.
Дастанның бас кейіпкері Болатбек – мейірімсіз бай Бөрібайдың жалшысы, Асқардың баласы. Ол жастайынан Бөрібайдың жалшысы болып жүрсе де оған қарызданады. Сөйтіп байға деген наразылық кекке ұласады. Отбасындағы баскөтерері болған ол кекшіл болып ер жетеді. Ақынның:
«Шыққан ол жаңа ғана жиырмаға,
Танылған «бала балуан» ел-жұртына.
Дембелше, бидай өңді, ер мінезді,
Келгенде кешері жоқ айтарына», – деп, ел-жұртына «бала палуан» атанған оның батылдығын дәріптейді. Болатбектің ашынған тұсын:
«...Адамды көрмедің-ау ит құрлы да,
Асқақтау бұдан асып бармақ қайда!
Асқанның тосқаны бар, түбі тұйық,
Ескерер кезің келер бұныңды да.
Әкемнің өтті күні есігіңде,
Ол қалай осы күйге түсті есіңде.
Ол ғана емес, аға-іні шетімізден,
Келеміз ес білгелі істеп сенде» – деп өрнектейді ақын. Бөрібайдың тым асқақтап, адамды ит құрлы көрмеуі оның қанын қайнатады. Сондықтан Болатбек Бөрібайдың жағасына жармаса үрейін алады. Қолынан бермеген атын жылқыдан ұстап, мініп, әкесін емдетеді. Асқынған байдың басына жара да салады. Ол қарт Амантай қартпен елдің қадірменді ақыны Серкебайлармен бірлесіп, Бөрібайдың үкімет арқылы құрған бұғауын быт-шыт етеді. Сөйтіп, үкіметті үрйлендіреді. Осылайша Болатбек қазақ ауылындағы ұлттық төңкеріс дауылының көшбасшылығына көтеріледі.
Ал дастандағы Бөрібай образы:
«Қожасы бұл сәнді үйдің биік қара,
Бөрібай жас шамамсы алпыстарда.
Шот қабақ, шүңірек көз, қоңқақ мұрын,
Тұрған жоқ онша жарып сақалға да.
Адуын ала құйын мінезі бар,
Шартпа-шұрт келмей сөзге шашар ызғар.
Шық бермес Шығайбайдың дәл өзі еді,
Сұмырай жауыздыққа жаны құмар».
Бұл жерде біз байларға ортақ, типтендірілген образды көреміз. Олардың күллі жарлы-жақыбайларға жасап отырған зұлымдығы, Болатбек отбасына салған зобалаң сол кездегі қазақ қоғамына тән көрініс.
Дастанда бұдан басқа ұнамды-ұнамсыз он беске жуық кейіпкер қаламгер шеберлігімен әрқайсысы өздерінше дараланады. Дастандағы оқиғалар ой саларлық тілі көркем.
Құрманәлі Оспанұлының шағармашылық ерекшелігі
Ақынның өлеңдеріндегі көркемдік оның шағармасының тарихи бел-белесіне орай қалыптасқан. Ол «Үш аймақ төңкерісі кезінде» жалаң жырмен көрінсе, 1950-1960 жылдар аралығында халық көкейіндегі жайларды жазуымен көзге түсті. Кейінгі өлеңдерінде ел, жер мәселелерін тыңғылықты көрумен жұртшылық назарына ілікті.
Құрманәлі әр кезеңді шежіреше толғап, оны әралуан оқиғалармен тұздықтай көркемдесе, қайсыбір төлтумаларын езуіңді жиғызбас юмор, сатиралармен әдіптейді. Махаббат пен сүйіспеншілікке толы жырлары да оқырман жүрегіне жылы қабылданады
Құрманәлі Оспанұлының мейлі сезімге толы қысқа лирикалары болсын, мейлі оқиғаға құралған сюжетті өлеңдері мен баллада, дастандары болсын, барлығынан халықтың бай әдебиет мұраларының жағымды лебі еседі. Халықтық үлгілер мен халықтық тіл оның өлеңдерінің барша байлығы. Мұндай шығармалар әрине, оқырманын жалықтырмайды. Өзінің поэтикалық ұстанымымен баурап отырады.
Қашан да образсыз поэзия жетім. Өйткені «әдебиет» – ол сөз арқылы, сұлу суреттелетін көркемөнер» – дейді, Максим Горький. «Поэзия көркемөнердің ең жоғарғы саласы» – деген, Белинский.«Лирика бүкіл көркем әдебиеттің барлық түрлерін жандандырады» – депті неміс ақыны Жан Поль.
Ендеше ойнақы көркемсөзсіз, сұлу суреттеулерсіз поэзия – поэзия емес. Осы ерекшеліктерді ұстана отырып ақын идеясын байыта жүзеге асырады. Оқырмандарына өмірді тануға түрткі болып, бетін ашады.
Поэзиядағы образдылық ақын шығармашылығының жаны. Образ дегеннің өзі сыртқы және ішкі әлемді бірлестіріп, бір-біріне үлестіріп, бір мүсін тұрғысында қиуластырылып жасалған сурет. Шығармалардағы образдылық дегеніміз – баяндау, суреттеу барысында әсем құбылыстың бейнесін жасау деген сөз.
Құрманәлі Оспанұлы – өз төлтумаларында, дастандарында образ жасауға төселген қаламгер.
Ахметбек Кірішбай,
әдебиеттанушы, Қытай қазағының тұңғыш профессоры.
Автордың «ХХ ғасырдың алғашқы жартысындағы Қытайдағы қазақ әдебиеті» (Толағай Т. Алматы, 2022 ж.) кітабынан дайындаған Әлімжан Әшімұлы.
Abai.kz