Қазақ шежіресі және Тоқа тегі

Қазақ рулық құрылымы Еуразиялық тарихтың ерекше феномені. Мыңдаған жылдық көшпелі тұрмыстың объективті барысы дала халықтарында басқару жүйесі мен қоғамдық құрылыстың ерекше түр-сипатын туғызды.
Оны түсіну үшін арнайы ғылыми этнографиялық дайындық, қазақ тілін өте терең (!) игеру, дәстүрлі қазақи ортамен тұрақты іс-тәжірибе керек. Басты шарты осы үшеуін ұштастырсаңыз ғана нәтиже болады. Жоғарыда аталған үш ереженің бірі жетіспесе, біріншіден, зерттеуші соқыр –мылқау, екіншіден халықтың бірлігіне қатерлі өте қауіпті адамсыз.
Өкішіке орай бүгінгі күні Қазақ рулық құрылымы осы үш ережеден еш хабары жоқ адамдардың қолындағы ойыншыққа айналды. Мен бұл жерде ру шежіресін жазып жүрген ауылдағы әуесқойларды ғана емес, сонымен бірге қалың көпшілік тарихшы деп сенетін орыс тілді балаларды да айтып отырмын.
***
Қазақ рулық құрылымы феноменіне мысал қылып өзіміз жақсы білетін Арғын ішіндегі Қуандық аталатын рулық одақты алайық. Бұл жерде біз «рулық одақ» дегенді шартты түрде қолданып отырмыз, әдебиетте арыс деген сөз де қолданылады. Рулық құрылымның таксономиялық деңгейлеріне қатысты арнайы терминдер әлі қалыптасқан жоқ.
Насаб-нама Қуандықтан алты ұл туады дейді- Ағыс пен Қалқаман, Бөрші мен Темеш, Алтай мен Қарпық. Қазіргі заманда Қуандық ру бірлестігінің өкілдері өз шежірелерін тікелей осы аталған патриархтардан бастайды. Түп ата Қуандық пен оның «ұлдары» арасында неше ұрпақ бар екені белгісіз, сол сияқты «ұлдар» мен қазіргі ұрпақтары арасында мыңдаған жылдар бар екені де аңғарыла бермейді. Мысалы, шежіреде Алтайдан Алсай, Әлке, Байдалы, Сайдалы, Нұрбай, Мойын, Кенжеқара туады делінеді (Ж.Омари. Аталықтар әулеті: Арыстан, Барқы, Нияз. Астана: Алтын кітап,2011, 42-45 бб.). Бұл аты аталған тұлғалар Алтай руының әр түрлі бөлімдерін Қазақ хандығының туы астына бастап келген тұлғалар.
Егер қарапайым есепке салсақ қазіргі алтай руының азаматы мен жоғарыда аттары аталған Алтай батырдың ұлдары арасында 15-17 ата ғана, яғни 375-400 жылдай уақыт өткен, бұл Қазақ хандығы құрылып, қалыптасып жатқан уақыты. Алтай болса Еуразия түркілерінің біразының шежіресіне түп ата есебіне енген. Ол саха шежіресіндегі Элдей (Эллей) батыр, алтай түркілеріндегі Ер Елдей, адайдың Елтай батыры, бағаналы найманның Елтай- Ел атасы т.б. Бір сөзбен айтқанда Алтай мен оның «ұлдарының» арасы кемі 1500 жылдай уақыт!
Саханың түп негізіндегі Омоғой бай сақ-скиф дәуірінің тұлғасы, ал Элдей (Эллей) батыр ғұн дәуірінде саха халқын бастаған көш басшы.
Дәл осы жағдай Бөрші мен Темешке де қатысты. Бөрші мен оның бір бұтағы Шуша қоныстары Испанияның Арагон өлкесінен бастап Батыс Қытай жеріне дейін кездеседі. Темештің үлкен топтары Мажарстан мен Румыния жерінде қалғанға ұқсайды (Темеш ора т.б.). Қуандықтың үлкені деп есептелетін, Ағыс, Қалқаман руларының өкілдері Еуропа мен Азияға «Халықтардың ұлы қоныс аударуына» дейін сіңіп кеткен сияқты. Ағыс/Ағұс дегеніңіз біздің ескі тілімізде де сегіз (Ағыс Қу т.б.), саха тілінде ле сегіз, Еуропада да сегіз (август), шамасы әуел баста сегіз рудың/атаның одағы.
Бұдан шығатын қорытынды біреу – Қазақ хандығы өмірге келген уақытта, өз ағайындарын бастап жаңа мемлекеттің туын көтерген азаматтар жаңа генеалогиялық бірліктердің негізін салды. Олар мен түп ата арасындағы ондаған-жүздеген аталар ұмытылды. Расында да қазақ үшін маңыздысы 7 ата болатын, ал 77 атаны түгендеп отыру шежіренің міндетіне кірмейді. Шежіренің басты міндеті бір мемлекетте бас қосқан халықтың тұтастығын қалыптастыру.
***
Енді Тоқа тегіне келейік. Тоқа шежіресінде де жоғарыда баяндалған заңдылық байқалады. Насаб-нама бойынша Қарпықтан Күзей, одан Тоқа, одан Түнғатар, Бесім, Сары, Молқы, Тоқтауыл, Құлымбет. Бұдан әрі Барақ т.б. тарайды.
Бұл жердегі Күзей әр түрлі тарихшылардың аузында юечжі, тохар, юеджи, иузи, рузие т.б. атап жүрген, негізгі мекені Шығыс Түркістан (әсіресе Тұрфан) болған халықтың түп атауы. Бұл жерде юечжі атауы қытай жылнамаларында, ал тохар ариандық атау екенін ескерген жөн. Бұл қауымдастықты «құшан/қошан» деп атау да кездеседі.
Шежіреде «Стансыз (штансыз) Күзей» деген онша жағымды емес сөз бар, бұл сөз Күзейдің (юечжі, тохар) Ғұн соққыларынан кейін мемлекетсіз қалғанын көрсетеді. Күзейдің (юечжі, тохар) жеріне үйсіндер қоныстана бастады да, олардың негізгі бөлігі Сыр мен Әму арасына қоныс аударып, Грек-Бактрия мемлекетін құлатып, оның орнына Құшан империясын өмірге әкелді. Қазіргі Солтүстік Ауғанстан, күнгей Өзбекстан мен Тәжікстан ІV ғасырдан бастап бірталай уақыт Тохарстан аталуына да осы себеп. Орталығы Құндыз аймағы. Тохарлардың екінші бөлігі өз жерінде қалды және ғұн құрамына өтті, бұл кезеңде империяны сюнну /сүйіндік әулеті билеп тұр еді, тохарлар хунну/қуандық құрамына кірді. Міне, Қуандық құрамындағы Тоқа тарихының көне парақтары осылай. Келесі бір әңгімені Тоқа ішіндегі аталарға арнаймыз.
Проф. Ж.О.Артықбаев
Abai.kz