Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Алаң 1326 8 пікір 30 Қазан, 2024 сағат 14:14

Сөз тудырмайтын жансыз тіл құриды!

Сурет Мемлекеттік тілді дамыту институтынан алынды.

Балаңқай – детская площадка, көпмәнсөз – омононим, бірмәнсөз – синоним, кермәнсөз – антоним, ішке – на себя, сыртқа – от себя. Осындай сөздер сөздік қорға (сөздік құрамға) күнде ене беруі керек, ене беруі керек. Жаны бар, жанды тілдердің бәрінде осындай жағдай.

Соңғы аудармаға түсінік бере кетейін: есік не сыртқа, не ішке ашылады. Соған қарай оған «сыртқа не ішке» деген бір-ақ жазу жазылуы керек. «На себя, от себя» дегенді орыс тілінің шылауынан шыға алмаған аудармашылардың көбі: «өзіңнен әрі қарай, өзіңе қарай» деп аударған. Бұның «әрі, бері» немесе «тарт, итер» деген қазақша, бірақ уәжі орыс тілінен шыққан нұсқалары да бар. Біздіңше, есіктің ашылуына қарай «сыртқа» не «ішке» деген бір ғана жазу тұрғаны таза қазақша болар еді. Әдеби тілдің стандартын қалыптастыру қарекетіне кірісуіміз керек. Бейберекеттікке бір ғана мысал, көшедегі көрнекі ақпаратта «Салон красотыдың» бірнеше нұсқалары бар: «Сұлулық салоны», «Әсемдік салоны», «Әдемілік салоны», «Сымбат салоны», «Сән салоны».

Көркем әдебиет стилінде сан-сипатты образдар тудыру үшін тілдің бай болғаны жақсы. Ал ресми стилде, ғылыми-публицистикалық салада бір сөзге бір мағына байлануы керек. Қоғамның сан саласында қолдануға жарамды стандартталған әдеби тіл дегеніміз осы.

Бүгінгі тіршілік тынысы – асығыс, тез, қарқынды. Оған ілесу үшін қазақ лингвистикасы жасанды интеллектті, цифрлы технологияны үйретіп, ерттеп мініп алуы керек. Онсыз мемлекеттік тілдің өрістеуіне лингвистикадан қайыр болмайды. Қазіргі қоғам бес-он жылда бір шығатын нормативтік сөздіктердің қағаз нұсқасының басылып шығуын күтіп отыра алмайды. Осы уақытқа дейін шыққандарының өзі норма болуға жарамай тұр. Дәлел керек болса міне:

1. Б.Қалиұлы, Б.Қапалбек, «Бір тілді сөздік жасаудың ғылыми-теориялық негіздері», 2023 ж. 309 бет.

2. Жұбай О., Салқынбай А., Қапалбек Б., «Қазақ тілі жүйесінің орфографиялық сөздіктердегі көрінісі», 2023 ж. 215 бет.

Бұл қалай? Неге бұлай? Кім кінәлі? Сауал көп. Ғылыми негізделген бұл сыни пікірлердің айтылғанына екі жылға жуықтаса да жауаптылардың ақталу уәжін естімедік, әлі күтіп жүрміз... Осындай норматив сөздіктерді дұрыс  жасай алмағандықтан қоғамда қазір «бізде лингвисттер жоқ, нашар» деген пікір айтылып жүр. Жоқ, олай емес! Құдайға шүкір, ел болғаннан кейін жақсы мамандар бар! Тек осы жұмысты ұйымдастырып жүргендердің әлеуеті төмен. Қазір барлық істің басында істей алмайтындар жүреді. Байқағанымыз, қазақ тіліне бір тыйын пайдасы жоқ, керісінше зияны көп жаулық әрекеттің барлығын бүгін бір мамандар тобы ғана істеп келеді:

– Саяси шешімі (көшуге қаулы шыққан) шығып тұрған латынды қырық пышақ қылып быт-шытын шығарды.

– Қыруар ресурс жұмсалса да, шала сөздіктер шығарып, қоғамда «қазақ тілі стандартталмаған, әдеби тілі қалыптаспаған» деген пікір туғызды.

– Үкіметтің тікелей қарамағындағы тілге жауап беретін бас мекеме бола тұра, ең болмағанда орта мектептегі қазақ тілі пәнінің бағдарламасын дұрыстай алмады.

Тілге осыншама жаулық істеп отырғандары несі? Осылар бір жақтан келген агенттер емес пе екен деген ой туады. Тілге жауапты мекемелерге тіл саясатын жүргізуге, тілді насихаттауға, ғылыми зерттеулер жүргізуге, тілді оқытуға мемлекет тарапынан мол қаржы бөлініп отыр. Бірақ қазақ тілінің жағдайы әлі мүшкіл. Ғылым жасап отырмыз дейді... Ғылым деген өмірді жеңілдету үшін жүргізілмеуші ме еді? Қазақ тілін қолдану жеңілдеді ме? Оңайлады ма? Жоқ. Осыдан бір жарым ғасыр бұрын «Өнер-білім бар жұрттар. Тастан сарай салғызды» деген ғой Ы.Алтынсарин. Қазақ тілі тастан салғызған сарайда емес, әлі лашықта отыр. Әдеби тілдің сөздігі анау болды, мектептегі грамматика мен латын жайын құдай атты. Жыл сайын Тіл саясатын жүргізуге, қазақ тілін оқытуға, лингвистика ғылымын дамытуға бөлініп жатқан қаржыны жоғарыдағы атқарылуы тиіс жұмыстармен өлшесек, нәтиже нөлге тең. Қаншама ресурс тиімсіз далаға кетіп жатыр.

Осы уақытқа дейін қазақ тілін үйрететін жөнді мобильдік қосымша әзірленген жоқ. Қазақ тілінің өзге тілден электронды аудармасы жетілмеген. Мәтін түрінде орфографиялық қатені көрсетіп отыратын автоматтандырылған редактор жасалмаған. Термин бекіту ісі жеделдетілмеген, автоматтандырылмаған. Жылына төрт-ақ отырыс. Кірме сөздерді қазақ тілінің табиғи дыбыс тіркесіміне негіздеп қабылдаудың моделі жоқ. Лингвистика саласында еуроөзектен арылып, А.Байтұрсынұлы салған ұлттық арнаға түсірудің концепциясы бекітілмеген. Тіл саясатын жүргізудің ғылыми-әдістемелік негізі жасалмаған. Отарсыздану, лингвистикалық тәуелсіздік алудың әрекеті қолға алынбаған. Қазақстан аумағында монотілді (қазақ тілді) адамға жайлы орта қалыптастырудың алғышарттары шешілмеген. Жасанды интеллектті үйретіп, іске жарататын дұрыс аудио, видео, мәтін, контент жиналмаған. Көшедегі көрнекі ақпараттың мемлекеттік тілде дұрыстығын қадағалайтын механизм жұмыс істемейді. Он жыл сайын шығуға тиісті академиялық грамматиканың жарық көрмегеніне жиырма жылдан асты...

Мәселе мынада: бұлар осыншама қателікті білмейтінін білмей істеп отырса бір сәрі-ау!? Мұның бәрі «тек біз білеміз, басқа мамандардың пікірі бес тиын» дегеннен туындап отырған жоқ па?! Біздің түсінбейтініміз, бұларға жасау, қателесу, қайта жасау, қайта қателесу (метод проб и ошибок) әрекетіне неге мүмкіндік беріліп келеді? Бұларға мүмкіндікті олардың білмейтінін білмейтіндер беріп отырған сияқты. Әлде солардың өздері агент. Екінің бірі. Тілді мұншама қорлауға бола ма?

Жоғарғы келеңсіздіктерді жоюдың бір жолы – азаматтық қоғамның ықпалын күшейту. Мемлекеттік уәкілетті орындардың мұны түзейтін түрі жоқ. Онда бюджет есебінен жасалған жұмыстың (өнімнің) іске жарамдылығын тексере алатын жүйе жасалмаған. Өкінішке қарай, мемлекеттік сатып алудың барлығы қағаздағы формалды көрсеткіштерді түгендеумен жабылып, орындалды деп қабылданып жатыр.

Жасалған өнімді сынап көріп, саралап көріп, қоғамға пайдасын, функционалдық қажеттілігін, жалпы қолданысқа жарамдылығын тексеретін талап мүлде жұмыс істемейді деуге болады. Ғылыми жұмыстың нәтижесі шетелдегі журналдарға төрт-бес адамнан міңгесіп, жариялаған мақаламен өлшенеді. Жиырма баспа табақтан (320 бет) тұратын монографиялар министрліктің тізіміне кірген отандық журналдарға жарияланған бір мақалаға (10 бет) ғана тең саналады. Ойлаңызшы, мұндай ғылым нәтиже бере ме?

Тілге қатысты келеңсіздіктерді қадағалайтын азаматтық ұйым «Халықаралық қазақ тілі» қоғамы еді. Үкімет Астанаға көшіріп алып кеткелі оның да үні шықпайды. Қазақ тілі үш жүз жыл Ресейдің отарында болды, отыз жыл өз үкіметіміздің алдауында тұр. Тілге отыз жылда шын мәнінде бір нақты серпін болмады. Оның әлі тұтас бір мемлекеттің мемлекеттік тілі ретіндегі лайықты орны жоқ. Тілін халықтың өзі өз күшімен ғана сақтап келеді. Ал жауаптылар, тілге қатысты ресми орындар осы уақытқа дейін мардымды ештеңе жасай алмады. Тіл – халықтікі, ол жоғалса халықтың өзі де жоғалады. Оған тіл жанашырлары өздері жұмылып, кіріспесе болмай тұр. Ең бірінші кезекте істейтініміз:

– Әлеуметтік желіні балаларға арналған түрлі видео контентке толтырудың жолын табу;

– Қазақ тілін мемлекеттік тіл деңгейінде оқытудың жүйесін әзірлеу;

– Сөз тудыру, сөз қабылдау кезінде қазақ тіліне тән табиғи нормалардың сақталуына күш біріктіру.

«Су тоңса мұз болады, хлор мен натрий қосылса тұз болады. Бұл табиғаттың заңы, ондай заң тілде де бар» дейді А.Байтұрсынұлы. Соны сақтай білетін, тани білетін мамандарды «Халықаралық қазақ тілі» академиясының жанындағы ғылыми-әдістемелік кеңес жұмысына ат салысуға шақырамыз. Бұл тіл білімі бойынша ең жоғарғы қоғамдық ұйым болады. Оның (Қоғамдық кеңестің) міндеті – қазақ тілін оқытуға, қолдануға және зерттеуге қатысты мәселелер бойынша ғылыми негізделген тұжырымдар әзірлеп, қоғамды ақпараттандырып, жариялап отыру. Ғылыми-әдістемелік кеңестің жанында қазақ тілін оқытуға, қолдануға және зерттеуге қатысты үш жұмыс тобы жұмыс істейтін болады. Жұмыс топтары жұмыстарын қазірден бастайды, тұжырым-ұсыныстарын 2025 жылдың басынан бастап көпшілікке жариялай бастайды.

Бижомарт Қапалбек

Abai.kz

8 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2048