Жұма, 22 Қараша 2024
Билік 1550 8 пікір 5 Қараша, 2024 сағат 13:47

Le Figaro-дағы мақала: Қазақстан - орта держава!

Сурет Le Figaro скрині.

Француз басылымы «Le Figaro-да» президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан - Францияның стратегиялық және сенімді серіктес» атты тақырыппен мақаласы жарияланды.

Онда Мемлекет басшысы Қазақстанның ішкі саясатта берік демократиялық басқару жүйесін құрғанын атап өтті. Сондай-ақ жасыл энергетиканы, сандық технологиялар мен логистиканы, соның ішінде француз компанияларымен тығыз қарым-қатынасты дамытуды сөз етті.

Президент атап өткендей, қазіргі әлем «бұрын-соңды болмаған геосаяси турбуленттілік пен поляризация жағдайында қалып отыр.

«Барған сайын болжауға келмейтін жағдай орын алып келеді. Осы жағдайды екі үлкен планетарлық сын-қатер қиындатады: қарқынды өсіп келе жатқан жаһандық жылыну және ауқымды жаппай көші-қон. Бұл факторлар бір-бірін өзара күшейте отырып, бүкіл әлем бойынша миллиондаған адамдар зардап шегетін қиратушы салдарға әкеп соқтырады. Сонымен бiрге, осындай дағдарыстар жағдайында басқарудың қазiргi жүйелерi мен ден қоюдың халықаралық тетiктерi жеткiлiксiз тиiмдi болып отыр», - деп жазды Қазақстан Президенті.

Президент Тоқаев өз мақаласында жаһандық дау-жанжалдар жағдайында БҰҰ-ның реттеугі орган ретінде тығырыққа тірелгенін айтты.

«Әмбебап институттардың да тығырыққа түсіп бара жатқаны да алаңдатады. БҰҰ-ның мысалы осы дағдарысты айқын көрсетеді. Жаһандық ынтымақтастықтың нышаны ретінде қызмет ететін бұл алмастырылмайтын және баламасыз ұйым бүгінде елеулі қиындықтарға тап болып отыр.

Едәуір экономикалық және саяси ықпалы бар дәстүрлі беделді державалар көбінесе халықаралық күн тәртібіндегі негізгі мәселелер бойынша пікір ортақтастығынан алшақтайды. Бұл келіспеушіліктердің салдарынан әсіресе жанжалдар ұзаққа созылған сипатқа ие болып, ал орын алған даулар, оның ішінде БҰҰ-ны шешу тетіктері салдуар болып отырған өңірлерде ерекше сезіледі. «Геосаяси координаталар жүйесі» айтарлықтай өзгерістерге ұшырады. Бұл көпжақты ынтымақтастықтың тәсілдерін қайта қарауды талап етеді», - делінген мақалада.

Президент Тоқаев мақаласында әлемдік шиеленістерді реттеуде «орта державалардың» маңызды рөлге ие екенін атап өтіп, Қазақстанды «орта держава ретінде халықаралық қауымдастық мойындауы керектігін» айтады.

«Қазақстан экономикалық және саяси беделі өсіп келе жатқан, ал олардың салмақты және сындарлы ұстанымы жаһандық белгісіздік жағдайында артықшылыққа айналатын орта державалар тобының өсіп келе жатқан рөлін мойындауды жаңа нақтылықтың негізгі аспектілерінің бірі деп атап көрсетті.

Ірі державалар ымыраға келе алмаған жағдайда, нақ осы орта державалар диалог үшін мүмкіндіктерді қолдай отырып және жаһандық ынтымақтастық қағидаттарына адалдығын сақтай отырып, өздеріне делдал рөлін мойындарына жиі ала алады», - деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев.

Әрі қарай президент Тоқаев мақаласында Қазақстанның халықаралық дау-жанжалдарды бейбіт келіссөз арқылы реттеу принципінен айнымайтынын, Астана барлық тараптарға бейбіт келіссөздер жүргізуге алаң ұсынатынын айтады.

«Қазақстан көп жылдар бойы теңгерімді сыртқы саясатты белсенді жүргізіп келеді және әлемдік дипломатияны ілгерілетуге ат салыса қатысады. Орта державаның жаңа мәртебесі шын мәнінде біздің елімізге осы маңызды миссияны жүзеге асыру бойынша үлкен жауапкершілік жүктейді.

Қазіргі заманғы сын-қатерлер мен қақтығыс әлеуетінің өсуі жағдайында Қазақстан бітімгершілік процестер мен өркениетаралық диалогты қолдайды.

Әзербайжан мен Армения арасындағы бейбіт шарт туралы келіссөздер жүргізу үшін алаң ұсына отырып, біз екі елдің қарым-қатынастарында жаңа бетбұрыс ашу талпынысын барынша қолдаймыз. Бұған дейін Астана Сирия мәселесі бойынша келіссөздер өткізіп, сондай-ақ Иран ядролық бағдарламасы бойынша көпжақты келіссөздер алаңын ұсынған болатын. Қазақстан сонымен қатар конфессияаралық диалогты ілгерілету үшін бірегей тұғырнама болып табылатын әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездерін тұрақты түрде өткізеді.

Бұл күш-жігер Қазақстан мен Францияның ортақ ұстанымдары - ынтымақтың, теңдік пен бейбітсүйгіштіктің ортақ құндылықтарын көрсетеді», - деді Қазақстан Президенті.

Онан соң Президент мақаласында жаһандық экологиялық мәселелер мен Қазақстанда салынатын АЭС құрылысы және Қазақстанның уран өндірісі мен Қазақстан-Франция арасындағы ынтымақтастық жайы сөз болады.

«Қоршаған ортаны қорғау саласында біз жаһандық климаттық күн тәртібін берік ұстанамыз және планета мен болашақ ұрпақ алдындағы міндеттемелерімізді растай отырып, климат жөніндегі Париж келісімін қатаң қолдаймыз. Біз мәлімдеген 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу мақсаты Қазақстанның тұрақты даму мақсаттарын дәйекті түрде іске асыруының тағы бір дәлелі болып табылады», - деп жазды Мемлекет басшысы.

Экология және орнықты даму мәселелерінде Астана мен Париж One Water Summit бастамасын ілгерілетуде. Биылғы жылдың желтоқсанында Қазақстан мен Франция су ресурстарын басқару бойынша ынтымақтастықты жандандыруға арналған форум ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Бұл сала «Таза су және баршаға арналған санитария» деп тұжырымдалған БҰҰ-ның орнықты дамуының негізгі мақсаттарының біріне қол жеткізу үшін аса маңызды мәнге ие болады.

Қазақстанның тату көршілік қағидатын берік ұстануы елдерге Қазақстан мен Каспий теңізі арқылы Азия мен Еуропаны байланыстыратын стратегиялық бағыт - «Орта дәліз» сияқты жобалар арқылы өңіраралық интеграцияны белсенді дамытуға мүмкіндік береді.

Бұл ретте әңгіме сауда жолдарын кеңейту туралы ғана емес, өңірлер арасындағы өзара тиімді экономикалық байланыстарға ықпал ететін ынтымақтастық рухын нығайту туралы да болып отыр. Бұл қадамдардың барлығы да Еуропа мен Францияның энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады.

«Қазақстан әлемдегі ең ірі табиғи уран өндіруші бола отырып, француздық атом энергетикасының сенімді серіктесі болып қала береді», - деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Президент Макронның өткен жылғы қарашадағы Астанаға сапары кезінде Қазақстан мен Франция сирек кездесетін металдар, жаңартылатын энергия көздері және азаматтық атом энергетикасы саласындағы өзара іс-қимылды дамытуға өзара қызығушылық танытты.

«Бұл стратегиялық әріптестікті кеңейту үшін жаңа перспективалар ашады. Болашақта өзара тиімді ынтымақтастықтың берік негізін тәуелсіз Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясын салу туралы жуырда өткен жалпыұлттық референдумның оң қорытындылары қалайды.

Әрине, бұл жаһандық энергетикалық қауіпсіздікті нығайтуға септігін тигізіп, әлемдегі қазіргі тұрақсыздық жағдайында өте маңызды қадам болып табылады. Сондықтан Қазақстан сияқты орта державалар көпжақты диалогты ілгерілету және жаһандық және өңірлік тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін өз мүмкіндіктерін пайдалануы қажет», - деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Керімсал Жұбатқанов,

тарих ғылымдарының кандидаты, С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің доценті

Abai.kz

8 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1455
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3217
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5261