Жұма, 6 Желтоқсан 2024
Әдебиет 2075 1 пікір 11 Қараша, 2024 сағат 12:29

Артымда мөлдіреген Ілем қалды...

Сурет qazaqadebieti.kz сайтынан алынды.

Өлеңдер

АРМАН

Жалт еткен жанарыңды жарық күндей,
Сағынып отырмын ғой танып білмей.
Хабарсыз өткен әр-бір уақытымды,
Өтуде  білесің бе тамұқ түндей?!

Таң атты, түстен кейін кеш кіреді,
Бұл арман бірте-бірте ескіреді.
Кім жеткен мұратына бұл жалғанда,
Қызығы қырға бармас бес күн еді!.

Шырқасам қанша асқақ мұрат әнін,
Дәл солай сезімімді жұбатамын.
Менің де жатыр атып құба таңым,
Сенің де жарық болсын бұла таңың!

ЖАҚСЫ ДЕГЕН СӨЗ ЖАҚСЫ

"Жақсы" деген сөз қандай жарасымды,
Жан қуанар естіген бала сынды.
Жақсы сөзге кетеді жайнап әлем,
Біреу әкеп бергендей бар асылды.

Қалған бізге жақсыдан тамаша үлгі,
Оқыды ел жақсыны таң асырды.
Ауылынан жақсының татқан дәмің,
Бал татиды бір жұтым қара суы.

Есіме алсам кешегі егейлерді,
Жақсы жырым таңдайдан түлей берді.
Батырлардың ұрпағы біздің қазақ,
Жақсылыққа бөле Құдай мерейлі елді.

Сан өмірдің көрсек те аламанын,
Жамандыққа жол басып жоламадым.
Жақсыны іздеп шығамын әр таңымда,
Жақсыны іздеп қайтадан ораламын.

ҰЛЫЛАРДЫҢ КӨЗІНДЕЙ ҰҒЛАН ҰЛ!

Жанарынан төгілген шұғыла нұр,
Ақ арманның қадаған шыңына гүл.
Қайда туып өссең де қандасымсың,
Ұлылардың көзіндей ұғылан ұл!

Бұл мекеннің тартқалы дәмі бізді,
Сәнді көктем, өткіздім сары күзді.
Көптен бөлек ардағым сені көрдім,
Жайсаң жүрек, керім сал, жаны ізгі.

Мұраты бек, жігітсің жаны жалын,
Шарлап жатты аспанды салған әнің.
Түлпар тұлға, қыран көз, балуан жота,
Дарқандығың төсіндей сар даланың.

Сөз таба алмай теңеуге
қиналам кеп,
Өмір мені дәл бұлай қинаған жоқ.
Сырға толы көңілмен жырға толы,
Орын бердім төрімнен сыйлы адам деп.

ӨМІРІМНІҢ "ӨЛЕҢДЕЙ"  ӨРКЕНІСІҢ

Қарашаның алтысы жаңбырлы түн,
Тереземді қағып тұр жағымды мұң.
Өңімде емес түсімнің әлемісің,
Сағым қуған күнім-ай сағындырдың!..

Көркем еді сөзің де, бөрте белдей,
Қалай тұрам өзіңе еркелемей?!
Жақын жүріп жанымды жаралайсың,
Хабарсыз қалған сәтте өртенем ғой.

Маңдайымнан сыйпайсың маралым деп,
Жанар таудай  жанардан жанады от.
Орындалмас ол менің арманым шын,
Қайталанбас уақытқа амалым жоқ!

Мөлдір едім өзіңе бұлақтайын,
Жабырқасам жанымды жұбат дәйім.
Өмірімнің “өлеңдей” өркенісің,
Тағдырыма кеш келген кінә
артпаймын…

АРТЫМДА МӨЛДІРЕГЕН ІЛЕМ ҚАЛДЫ

Есімде әкем жатқан Қоңыр белім.
Қоңыр бел анам барда көңілді едім...
Қозғалып сағыншым қатып қалған,
Ағып тұр жанарымнан көңіл селім.

Артымда мөлдіреген Ілем қалды,
Өзіңе жаздым өлең жүрек жарды.
Шырылдап қимастықтан боз торғай үн,
Көңілдің бөлмесінде түнеп қалды.

Ілемнің толқи аққан үні қандай.
Көңілден тарқамайтын сыры балдай.
Құшақтап қара түнін қалғып барам,
Сергелдең сезім сырын ұғына алмай,.

Жан едім тағылымынан танымы бар.
Қызыңмын жаралының жанын ұғар.
Білерсің, білмейсің бе ей бауырым?
Даусымда, Баба таудың сарыны бар.

Арындап тулай аққан Ілем едің.
Жалғаған Тәңір таудың жыр, өлеңін.
Бөрілі ел, бөлтіргі болсам дағы,
Алдында сағыныштың жүреледім.

Жас жаным аңсауменен күнде ғарып,
Көз жасым төгіледі түнде налып.
Аралап тау-тасыңды қайтсам шіркін,
Қадірлі, қалқамменен бірге барып.

ӨЛЕҢІМ-АЙ!

Сырласым, ақ періштем өлеңім-ай,
Кейисің, өкпелейсің неге бұлай,
Білесің бе дәйім бізді еркелетіп,
Хақ төрге шығармайды өмір ұдай.

Өлеңім, сен білесің мендік сырды,
Келеміз қол ұстасып жеңіп мұңды.
Біреулер тұғырыңа қондырғанмен,
Біреулер қалқып тастап көбік қылды.

Өлеңім, бәрін біліп сезінесің,
Өкініп кейде солай көз ілесің.
Кей жолда, қалсаңдағы құр алақан,
Кей кезде табылып жүр өз үлесің.

Өлеңім, ешкімді де кінәлама,
Сенемін биігің бар шығар алда.
"Өнер жол" дейді екен ұлылық жол,
Төзім мен сабырыңды сынар Алла.

Өлеңім сен жетесің ән сап көпке,
Пендесін жеткіземе мәнсәп көкке?
Сен үшін мен төзейін бәрінеде,
Тек сен мені тастап кетпе!

БЕУ ДҮНИЕ!

Десем де өмір кейде қақпайладың,
Еліне сан жақсының ат байладым.
Көңілім бір жаманнан қалғанменен,
Оянды бір жақсыдан тәтті ойларым.

Сығалап үкілі үміт есігімнен,
Бақыттың тербетпек боп бесігімен.
Бес күндік жалғанымның жарығы үшін,
Қарадым бар пендеге кешіріммен.

Кешірдім кері сөйлеп есіргенді,
Құдай да сүйеді екен кешіргенді.
Санаулы ғұмырыма сән кіргізіп,
Тартты алға өлеңімнің көші мені.

Болса да бұл жалғаның  әттеңі көп,
Қуанған, марқайған да сәттерім көп.
Қалғып барып оянам қалғып барып,
Беу дүние кейде неткен қатты едің деп.

ҚАНАҒАТ ҚЫЛ

Белгісіз кімге Тәңір бақ берерін.
Намыстың сертке үстадым ақ беренін.
Алтыннан болмаса да ақ сарайым,
Отырған орынымды тақ көремін.

Бабамның армандаған мекені бұл,
Кеш мені жаза алмасам жетелі жыр.
Өмірдің сыйға тартқан бар қызығын,
Мойнымда ата-анамның өтемі жүр.

Қыран құс бақпасамда түлкіні ілген,
Кетпесін от басымның шырқы мұлдем.
Жалғасы ертеңімнің ұрпақтарым,
Гүлдей боп жарып шыққан бүршігінен

Жолбарыс жортқан далам жоның биік,
Дәстүрдің оралдым ел тонын киіп.
Сен үшін Отан менде арман болмас,
Қалансам кірпішіңе қолым тиіп.

Төзеді ауыр кейде сынаққа адам,
Дүние кімге барып тұрақтаған.
Барыңа тауба, жоққа қанағат қыл,
Арасы өмір, өлім бір ақ қадам.

СІЗ МАҒАН

Сынағың ба күндерің үнсіз қалған,
Ашылмаған құпия сырсыз маған,
Тіл қатпауға келмейді әлім менің,
Жүрсіз бе аман?!

Болмайды ғой өмірде мінсіз адам,
Сәнді болмақ қалайша гүлсіз далам.
Адалдықтың символы өзің ғана,
Қоғамымда осынау құнсыздаған

Жалықпадым сізге арнап гүл сызғаннан,
Күндеріңді тілеймін мұңсыз болған.
Жапырағы жанымның үзілгенше,
Керексіз бір сіз маған...

Зирагүл Нұрданбекқызы

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1436