Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Саңлақ 4015 1 пікір 18 Қараша, 2024 сағат 13:55

Ұлттық асық ойыны заманға сай икемделсе игі еді!

Суреттер: turkystan.kz және primeminister.kz сайттарынан алынды.

Ұлт спортының құлағын ұстаған мырзалардың назарына!

Ұлы даланы мекен еткен жартылай көшпелi бабаларымыз орта ғасырдың орта шеніне дейінгі тарихта адамзат өркениетіне қосқан жарқын үлесімен өз заманында жаһандану үрдісіне өшпес із қалдырды.

Біз бұл үрдісті бүгінгі заман талабына сай икемдеп, қайта жандандыру ұлттық спорттың машығы ғана емес, мәдени-спорттық туризмнің, қызық тамашалауды сүйетін саяхатшылық саласына таптырмайтын ноу-хау деуге болады. Шығыстық атбегілікті және сайыс өнерін батыс жұртшылығына туристік, спорттық қызмет ретінде ұсынар болсақ, едәуір табысқа кенелер едік.

Осы бағыттағы ілгерлеушілікті асық ойынына қатысты жазылған «АСЫҚ АТУ АРХАИЗМ БЕ?» атты Дулат Аманжолдың, «Асық ойыны қашан алшысынан түседі?» атты Абылайхан Қылышбаевтың танымдық тағылым зор мақалалары шығып, Асық ату федерациясы құрылғанына да 10 жылдан асты. Оның тізгінін ұстаған Асық ойыны Ұлттық спорт Федерациясының Президенті кім екенін естен шығарып үлгердік!.

Мен осы асықтық казинолық дәртікем (төртқұмар) және ойындық түрлері жайлы 1990 жылдардан бері түрлі басылым бетінде жазып келемін. Еш нәтиже болған жоқ еді. Енді Әбекеңнің бастауымын, әлемдік спорттық биіктерді бағындыруға шынайы талпыныс жасап отырмыз. Жалпы, ұлттық ойындарымызды өскелең ұрпақтың ұмытпауы, ары қарай жалғастыруы құптарлық жайт.

Және асық ойынын кәсіпқой және әуесқой деп екі топқа бөліп алған жөн. Сонымен бірге барлық ойынды емес, оның ішінде әлем спортшыларын қызықтырып, ынтықтырып, өзіне магниттей тартатын түрлерін ғана дамытуды қолаға алып, қалғандарын тек мектеп бағдарламасына енгізуден ары аспаған ләзім. Және олар бойынша тұрақты ел чемпионатын өткізуді жоспарлы түрде бюджетке енгізіп, жеңімпаздарға, көзге түскендерге жеткен жетістіктеріне орай, халық аралық дәрежедегі, республикалық дәрежедегі спорт шебері, 1,2,3 санатты спортшы деген атақтар беруді осы бастан ойластырған жөн.

Ұлтық спорт түрлері ішінде шығынды көп керек етпейтіні – ұлттық асық ойындары. Осы жолдардың авторы өткен ғасырдың 1995-1997 жылдары «Үш табан» мен «Шеңбер» сияқты асық ойындарының заманауи спорттық ережесін жасап, Аякөз өңірінде насихаттаған еді.

Осы аталған асық ойындары дегенде ерекше ескеретін нәрсе, түркі халықтары болып, әртүрлі ойналып, әртүрлі (тіпті қазақ елінің әр аймағында) аталып жүрген осы саланың спорттық терминін қалыптастырып, ортақ бірегей «Үш табан» мен «Шеңбер» туралы концепциялық мәмілеге келгеннен соң, оны халықаралық деңгейге, олимпиадалық спорт деңгейіне жеткізу мүмкіндігі бар.

Осы бағытта Асық ойыны Ұлттық спорт Федерациясының Президенті Мұрат Әбенов бастаған топ балалар және ересектер арасындағы әуесқой және кәсіпқой ойыншыларды не топтық не жекелей негізде асық спортшыларының құрамын жасақтаса, нұр үстіне нұр болар еді. Және аранайы семинарлар өткізіп, төрешілер корпусын жасақтауымыз керек. Және оларға берілетін жалақы жағын ескеруге де тиіспіз.

Бұл спорт ойынын жаңғырту – жастарды мергендік пен шапшаңдыққа баулып қана қоймай, патриоттық тәрбие, этникалық мәдениетке құрметпен қарауды үйретеді. Бізде енді қолға алғалы отырған ұлттық спорт түрлерінің шетелдеде ертеден жүзеге асқан, нарыққа бейімделу тәжірибесін өзімізге икемдесек көп нәрсе ұтар едік.

Енді мен шартты түрде денешынықтыру пәнінің мұғалімі және ШҚО Бородулиха ауданының М.Әуезов атындағы орта мектебінің директоры Ермек Әбдікәрімовпен бірлесе өзіміз жасаған «Үш табан» және «Шеңбер» ойынының ойналу ережесіне тоқталайын (басқа атаумен аталатын болса қарсылығымыз жоқ, оны федерация өзі шешеді):

«ҮШ ТАБАН» ОЙЫНЫ

Ойын 1 турда 1 асықпен ойналып, қалған турларда 3 асықпен ойналады. Ақтық сынға шыққандар 5 асықпен бақ сынасады. Төреші ойыншылар сайысқа шықпас бұрын жұрт көзінен тыс сақаларды иірген кезде кімдікі не алша, не тәйке (омпы мен шоңқының) тұрса сол адам 1,5-2 метр жерден асықты бірінші болып атады. Егер мүлт кетсе, қарсыласы 1-1,5 метр жерден асықты атады.

Ату қашықтығын төреші белгілейді. Бірінші ойыншы асықты емес сақаны атам десе, ол асық тігілген жерден арырақ 0,50 метрқашықтықтағы сызыққа қойылады. Осы жағдайда тигізе алмаса, қарсыласы сақа мен асықтың қайсысын атуды таңдауды өзі шешеді. Ұшырылған асық 40 см төреші қолындағы қамшымен (немесе арнайы таяқпен) өлшенеді, осы 40 см асырған ойыншы атып түсірген болып саналады. 40 см толмаған асық ортаға қайыра тігіледі. Оны ату 1-ойыншы үшін 1,5-2 метр; 2-ойыншы үшін 1-1,5 метр.

Екі ойыншыда 1-1 асықтан алса, кім бірінші атып алса, сол 1-нөмірлі ойыншы аталып, ойынды бастап отырады. Сақаны атқан ойыншы сол партияда жеңімпаз саналады. Осы жағдайда сақасы атылған ойыншы осы партияда бұрын атып алған асығынан айырылып, асық жеңімпаздың иелігіне көшеді.

«ШЕҢБЕР» ОЙЫНЫ

Шеңберде де тура осындай шарт, ату мен ұпайында ғана өзгешелік бар. Оның бір бөлігін, ақ бір бөлігін қара түспен боялаған диаметрі 3-4 метр шеңбер ішіне 3 бояулы, 7 бояусыз асық тігіліп тұрады. Бұндада кімнің бірінші ататынын (иірілу туралы жоғарыда сөз етіп кеттік) ақ жақты иеленуі сақаның иірілуіндегі түсуіне байланысты. Шыққан асық үшін ойыншы асық түсіне байланысты не үш, не бір ұпайдан иеленіп отырады. Әр ойыншы өз кезегінде үш реттен атып отырады. Ойын үш кезеңнен тұрады.

Әр кезең 10 ұпайдан тұрады. Бояулы асықты шығарған 3 ұпай, жай асықты шығарған 1 ұпайдан иеленеді. Кім бірінші 10 ұпай жинаса сол жеңімпаз атанады. Әр атыстан соң жығылған (шыққан) асық қайта тігіліп отырады. Асық тігуші қол балалар шыққан асықты қайыра тігу және ойыншылардың сақаларын әкеп беріп тұрады. Төреші өз кезегінде ойыншылардың еңкеюі мен аяқтарын сызық бойына дұрыс қоюын қадағалайды. Әрі даулы асық шығуына кесік айтады.

Қорыта айтқанда, ел ағалары, ұлттық спорт жанашылары, Асық ойыны Ұлттық спорт Федерациясының Президенті бас болып бабаларымыздан қалған асық ойындарын заманға сай икемдесе, әлемдік деңгейдегі этноспорт саласында ұлттық табысқа жететін тетік болады деген ойдамыз.

Қуанайық Алаш асығымыздың алшысынан түсіп, жаңа ғасырда ұлтын әлемге танытуға бет алғаны үшін! Иә, біз кешегі қолы күс болып, азаннан кешке дейін асық аттқан біздер бұл тарихи мезетті ұзақ күттік. Енді оны басқаға жіберіп алмай, ұлттық мақтанышқа айналдыра білейік!

Әбіл-Серік Әбілқасымұлы Әліәкбар,

Abai.kz порталының Абай облысы бойынша меншікті тілшісі, филология магистрі

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1958