Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Билік 1367 5 пікір 21 Қараша, 2024 сағат 14:52

Венгрияға сапар: Астана мен Будапешт не келісті?

Суреттер Ақорда телеграм арнасынан алынды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мажарстанға ресми іс-сапармен барды.  Біз аталған сапар аясында талқыланған тақырыптар мен қол қойылған келісімдерге қысқаша шолу ұсынамыз...

Сонымен Астана мен Будапешт не келісті?

Президент екі ел арасындағы ынтымақтастықты арттыруға ниетті екенін жеткізді.

– Қазақстан мен Мажарстан ортақ тарих пен мәдениетке арқа сүйей отырып, екіжақты берік байланыс орнатты. Еуропадағы алғашқы елшілігіміз осыдан 30 жыл бұрын Будапешт қаласында ашылған болатын. Екі елдің нәтижелі ынтымақтастықты дамытуда зор әлеуеті бар. Мажарстан Қазақстанның тәуелсіздігін алғашқылардың бірі болып мойындады. Мұны ерекше атап өту керек. Менің осы сапарым көпқырлы ықпалдастықты одан әрі тереңдетуге Қазақстан мен Мажарстанның ниетті екенін көрсетеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық аясын кеңейтудің маңызына айрықша тоқталды. Оның айтуынша, энергетика, көлік-логистика, металлургия, жаңартылатын энергия көздері, ауыл шаруашылығы, фармацевтика, тамақ өнеркәсібі және басқа да салаларды дамыту мәселесінде екі елдің мүдделері сай келеді.

Тамаш Шуйок Қазақстан мен Мажарстан географиялық тұрғыдан алшақ жатқанымен, қос халықтың тарихы мен мүддесі ортақ екенін айтты

– Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан Қазақстан – бүгінде Орталық Азияда экономикалық даму тұрғысынан жетекші ел. Сіздің еліңіз үшін халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты сақтау – маңызды басымдық. Қазақстан бейбітшілік пен тұрақтылыққа зор үлес қосып келеді. Бүгінде елдеріміз көпқырлы ынтымақтастықты нығайтуға және тұрақты байланыстарды ілгерілетуге күш салып отыр. Біздің мәдени қарым-қатынасымыз ғасырлардан тамыр тартады. Мажарлар қазақтардың тұрмыс-салтымен жақсы таныс. Алматы қаласының атауы біздің ана тілімізде әуезді естіледі. Өйткені халқымыз алманы «алма» деп айтады, – деді Мажарстан Президенті.

Әңгімелесу барысында тараптар екі елдің мәдени-гуманитарлық байланыстарын күшейтуге айрықша мән берді. Әсіресе, Қазақстан мен Мажарстанның жетекші жоғары оқу орындары арасындағы академиялық және ғылыми байланысты жандандыру қажет екеніне назар аударды.

Сонымен қатар президенттер өңірлік және халықаралық күн тәртібі, соның ішінде көпжақты құрылымдар аясындағы ықпалдастық жөнінде пікір алмасты.

Мемлекет басшысы, ең алдымен, екі ел арасындағы экономикалық қарым-қатынас қарқынды дамып келе жатқанын атап өтіп,  Будапештке алғашқы мемлекеттік сапары қазақ-мажар стратегиялық серіктестігінің жаңа кезеңіне жол ашатынын жеткізді.

– Биыл Қазақстан мен Мажарстанның Стратегиялық серіктестік туралы декларацияға қол қойғанына 10 жыл толды. Осы уақыт аралығында біз өзара сенім мен ортақ мақсаттарға негізделген тығыз ынтымақтастықтың іргесін қаладық. Мажарстанның Қазақстанға құйған инвестициясы 370 миллион долларға жетті. Елімізде мажарлардың 70-тен астам компаниясы табысты жұмыс істеп жатыр. Олардың қатарында MOL Group және Gedeon Richter секілді компаниялар бар. Қазіргі таңда машина жасау, ауыл шаруашылығы және логистика салаларында жалпы инвестиция көлемі 540 миллион доллардан асатын бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселесі пысықталып жатыр, – деді Президент.

Мемлекет басшысы Қазақстан жаңа саяси және экономикалық парадигмаға бет бұрғанын айтты. Білім мен инновацияны ту еткен өзгерістер бұл үдерістің басты қағидатына айналады.

Президент Мажарстан бизнесмендеріне энергетика, сирек кездесетін материалдарды өндіру, көлік және логистика, ауыл шаруашылығы, фармацевтика, цифрландыру, қаржы нарығы секілді маңызды салаларда инвестициялық ынтымақтастықты нығайтудың келешегі зор екенін мәлімдеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін қорытындылай келе, мажар компанияларының басшыларын келесі жылы мамыр айында өтетін Астана халықаралық форумына қатысуға шақырды.

Инвестициялық дөңгелек үстел барысында Мажарстанның Қаржы министрі, Қазақ-мажар экономикалық ынтымақтастығы жөніндегі үкіметаралық комиссияның тең төрағасы Михай Варга мен ірі компаниялардың жетекшілері сөз сөйледі.

Жиын қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы, көлік инфрақұрылымын цифрландыру, білім салаларына және бірлескен  инвестициялық жобаларды қолдауға қатысты 7 коммерциялық құжатқа қол қойылды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ласло Kёвермен әңгімелесу барысында өзінің Мажарстанға сапары екі елдің сан қырлы ынтымақтастығын жаңа белеске көтеретінін айтты.

Бұл орайда Президент екі елдің парламентаралық ықпалдастығы маңызды рөл атқаратынын ерекше атап өтті.

– Қазақстан мен Мажарстанның заң шығарушы органдары арасындағы қарым-қатынасты жандандыруды құптаймын. Бұл қос халықтың өзара түсіністігін нығайтуға ықпал етеді деп санаймын. Орайлы сәтті пайдалана отырып, Сізді Қазақстанға сапармен келуге шақырамын, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бағыттағы бірлескен іс-қимыл сауда-экономикалық әріптестікті кеңейтіп, мәдени-гуманитарлық байланысты тереңдетуге тың серпін беретініне сенім білдірді.

Мемлекет басшысы жоғары білім саласындағы қатынастарды арттыруға баса мән берді.

– Жаңа ғана Мажарстанның жетекші жоғары оқу орындарында білім алып жатқан қазақстандық студенттермен кездестім. Сіздің еліңізде оқитын және білім алуға ниетті жастарды әрдайым қолдаймыз. Бұл байланыстар елдеріміз арасындағы «алтын көпірге» айналады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Мажарстанға мемлекеттік сапары аясында Премьер-министр Виктор Орбанмен келіссөз жүргізді. Кездесу достық рәуіште өтті. Бұл екі ел арасындағы өзара сенімнің жоғары екенін көрсетеді.

Келіссөздер барысында ынтымақтастықтың басым бағыттары мен екіжақты қарым-қатынасты одан әрі тереңдету перспективалары талқыланды. Қазақстан Президенті Мажарстанды еліміздің Еуропа Одағындағы сенімді стратегиялық серіктесі, сондай-ақ достас әрі бауырлас мемлекет ретінде атап өтті.

Президенттің айтуынша, Мажарстанға мемлекеттік сапары екіжақты ынтымақтастықты дамыту, соның ішінде энергетика, көлік-логистика сияқты бағыттарға тың серпін беруді көздейді. Бұл ретте мұнай-газ секторы мен ауыл шаруашылығы, логистика, атом өнеркәсібі және қаржы салаларындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелеріне баса мән берілді.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Виктор Орбан жоспарланған бастамаларды табысты орындау үшін екі ел үкіметтері қолайлы жағдай жасауға дайын екенін растады.

Келіссөз қорытындысы бойынша екі елдің стратегиялық серіктестігін одан әрі нығайтуды және ортақ бастамаларды жүзеге асыруды көздейтін Бірлескен мәлімдеме қабылданды

Сонымен қатар Қазақстан мен Мажарстанның ресми делегация мүшелері мынадай құжаттарға қол қойды:

1. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі мен Мажарстанның Сыртқы экономикалық байланыстар және сыртқы істер министрлігі арасындағы консулдық мәселелері бойынша ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;

2. «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы мен Мажарстанның «National Capital Holding» ұлттық компаниясы арасындағы бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жөніндегі ынтымақтастық туралы келісім;

3. Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі, «Kazakh Invest» және «UBM Group» компаниялары арасындағы Қазақстанда құрама жем және премикс өндірісі жобасын іске асыру жөніндегі үшжақты негіздемелік келісім;

4. «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы (Қазақстан), L.A.С Holding (Мажарстан) және Xi'an Free Trade Port Construction and Operation Co (Қытай) арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум;

5. «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы мен Мажарстанның «MOL GROUP» компаниясы арасындағы ынтымақтастықты кеңейту туралы меморандум;

6. Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Мажарстанның Ұлттық банкі арасындағы банк саласындағы өзара түсіністік туралы меморандум.

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2062