Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ. Митталл облысы, Машкеевич қаласы, фокс көшесі...
Батыс Қазақстан облысындағы Бөрлі ауданы әкімдігінің 2009 жылғы 9 маусымдағы №455 қаулысымен және 2009 жылғы 11 маусымдағы аудандық мәслихаттың №12-5 шешімімен Ақсай қаласындағы «Заводская» көшесіне ҚПО б.в. компаниясын 2006 жылдың 17 қазанынан бері басқарып келе жатқан ағылшын азаматы Роджер Фокстың есімін берді. Қазір «жаңа» көшенің су жаңа атауы қос тілде - қазақ және ағылшын тілдерінде ілініп те үлгерген.
Батыс Қазақстан облысындағы Бөрлі ауданы әкімдігінің 2009 жылғы 9 маусымдағы №455 қаулысымен және 2009 жылғы 11 маусымдағы аудандық мәслихаттың №12-5 шешімімен Ақсай қаласындағы «Заводская» көшесіне ҚПО б.в. компаниясын 2006 жылдың 17 қазанынан бері басқарып келе жатқан ағылшын азаматы Роджер Фокстың есімін берді. Қазір «жаңа» көшенің су жаңа атауы қос тілде - қазақ және ағылшын тілдерінде ілініп те үлгерген.
Бұл ақпарат халықтың құлағына алғаш тигенде зиялы қауым әжептәуір дүрлігіп қалды. «Бұл не масқара?! Шетел азаматына көше берген деген не сұмдық?! Оның үстіне тірі адамға?» деген уәжді пікір облыстағы кейбір ұлтжанды басшылардың аузынан да шыққан еді. Жергілікті басылымдарда да қарсылық танытқан тұрғындардың мақаласы дүркін-дүркін жарық көрді. Оның үстіне Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 25 қаңтардағы №45 қаулысымен бекітілген «Қазақстан Республикасы мемлекеттік-ономастикалық жұмыс тұжырымдамасының» «елді мекендер мен көшелерге қандай еңбек сіңіргеніне қарамастан тірі кісінің аты берілмеуі керек» деп соқырға таяқ ұстатқандай қып көрсеткен тармақшасы бар, көше, елді мекен атауларын өзгертуге мораторий жариялаған мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаевтың 2009 жылғы 15 қаңтардағы №32-28.41 хаты және бар. Соған орай «Аудан әкімдігі мен аудандық мәслихаттың шешімі заңсыз екен, күші жойылатын болыпты» деген қауесетте тараған. Солақай шешімнің желкесі көп кешікпей қиылатын болар дегенбіз. Сөйтсек, олай болмай шықты. Аз-кем тыныштық әлгі шешімді қалай да заңдастырудың жолын іздеуге кетсе керек.
Сонымен, шешім шықты. Көше атын өзгертуде бөрлілік әкімдік пен аудандық мәслихат «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Заңның «аудандық маңызы бар қалалардағы алаңдарға, көшелерге, саябақтарға, скверлерге, көпірлерге және басқа да құрамдас бөліктерге ат қою, олардың атын өзгерту туралы және атауларының транскрипциясын өзгерту туралы мәселелерді шешеді» деген 12-бабын басшылыққа алыпты. Осы шешімнің дұрыстығына облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов те бас изепті дейді білетіндер. «Итке дұғалық жоқ еді, риза болдым ғой ұша мен төсіңе» дегендей, басшылардың Фокс мырзаға көше атын беруге неге құмар болғаны да түсінікті: Қарашығанақ кенішіне 40 жыл қожа болып отырған ҚПО б.в. компаниясы әлгі көшені асфальттауға 48 миллион теңге бөледі екен-мыс...
...Айтпақшы, күні кеше Роджер Фокс көшесін асфальттау басталыпты. «БГС-Ақсай» ЖШС жүргізіп жатқан жұмыс сапасын ҚПО б.в. мамандары өздері қадағалап отырған көрінеді. Ақиқатын айтайық, әлгі Фокс көшесінің тұрғындары жарылқаушыларының жолында өлуге бар дейді. «Біздің көшеге осыдан басқа ат керегі жоқ!» деп бір кісідей қол қойып, бармағын басқан хатты әкімдік «тұз көзірдей» салмақтап ұстап отырса керек.
Орал қаласының тұрғыны Талғат Қатауов деген азамат Оралдан шығатын «Айна» газетіне жолдаған «Шәкімовтің шұғыл шешімі шу шығарды» атты хатына Абай атамыздың «Пайда ойлама, ар ойла!» деген қанатты жолдарын эпиграф етіп алған екен.
«Ресейдің бес облысымен шекаралас Ақ Жайық өңірінде онсыз да тіл мәселесі қордаланып, орыстанған жер-су аттарының әлі күнге дейін 60 пайызы қазақша атауға өзгертілмей отырғанда, шенеунік Шәкімовтың шұғыл қаулысы мен бірауыздан қабылданған халық қалаулыларының шешімі жығылып жатқан тіліміз бен «-ов,-ев» тен айырыла алмай отырған ұлтымызға жұдырық болып тиді. Олар «Мемлекеттік тіл» туралы Заңның қабылдағанына 20 жыл толу қарсаңында өз елі мен халқына ұлт абыройын аяқ асты ететін «сый» тарту етіп отыр. Өзге елдің алпауыт бай адамына бой ұра табынып, оны артық санап, есімін ұлықтау - қоғамға жасаған зор қиянат», - деп жазады Талғат Тұрсынғалиұлы.
«Фокс ұлт болып қалыптасуымызға, рухани құндылықтарымызды насихаттауға және халықтың әлеуметтік жағдайы мен адам факторын арттыруға үлес қоспағаны аян. Мүмкін, бұрынғы «Заводская» көшесін асфальттау үшін азын-шоғын ақша берген болар. Ондай жағын ескере берсек, елімізде стратегиялық маңызы бар ірі кәсіпорындардың барлығы да шетел азаматтарының қолында емес пе? Қарағанды көмірін көсіп жұтып жатқан үнділік Лакшми Миттал мен біздің жердің кен қазбалары арқылы байып, әлемге танылған еврей А.Машкеевич, қаптаған инвестор қара қытайлар «еңбегіміз бар, ақша бердік, құбыр жүргіздік, жаңа үлгідегі зәулім ғимараттар салдық» деп елдің жер-су аттарын өз есімдерімен атауын сұраса, олардың аты-жөнін бере саламыз ба... Бүйте берсек, ертең Қазақстанның кенді аймақтарының бірінен Миталл облысы, Машкевич қаласы деген елді мекендердің атауы пайда болуы әбден мүмкін ғой. Сол себепті қалың бұқара тарапынан іс насырға шаппай тұрғанда мынадай ұлттық маңызы бар теріс әрекеттерге ел-жұрт болып тосқауыл қойылуы керек. Бөрлілік шенеуніктер аталған қаулы мен шешім күшін өздері жойып, ақпарат құралдары арқылы халықтан кешірім сұрап, «Заводская» көшесіне ұлтына еңбегі сіңген Алаш ардақтыларының бірінің есімін беруге тиіс», - деп түйіндейді автор «Айна» газетінде жарияланған хатында.
Аманатқа қиянат болмасын, Талғат Тұрсынғалиұлының тағы бір ұсынысын айта кетейік: «Егер жергілікті билік иелері Фоксті қатты жақсы көріп, еске алғысы келсе, өз есімдерін, бала-шағасы мен үй жануарларының атын «Роджер Фокс» деп өзгертсін. Ал еліміз бен жеріміздің атауында шаруасы болмасын!» - дейді ол.
Белгілі заңгер, ұлтжанды азамат, «Өркен» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Абзал Құспанов та жоғарыдағы шешімнің ұлттық намыс пен мемлекет беделіне нұқсан келтіретінін айтады.
- Халықтың, зиялы қауымның қарсылығын, қоғамдық пікірдің беталысын байқаған соң, жергілікті билік райынан қайтуы тиіс еді. Сол кезде Роджер Фокс те өзі аз күн дәмін татқан Қазақстан туралы жақсы ойда қалып, «қазақтар - намысты халық екен» деп сыйлап кетер еді. Өкінішке қарай, билік осы бір қазақтың намысын таптайтын шешімді қызғыштай қорып, заңдастыруға күш салуда. Бірақ бұл бола қоймас. Өйткені үстірт қарағанның өзінде аудан әкімдігі мен аудандық мәслихаттың бұл шешімінде мынадай қос бірдей заңбұзушылық бар:
Біріншіден, бүгінгі Сыртқы істер министрі һәм мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаевтың елді мекен, көше атауларын өзгертуге жасаған мораторийі аталған шешім шыққан сәтте өз күшінде болатын.
Екіншіден, қандай еңбегі болғанына қарамастан тірі адамға көше, елді мекен, т.б. атауларын беруге болмайды деген Үкімет қаулысы бар.
«Заңгер ретінде айтарым, Бөрлі аудандық мәслихаты шығарған шешімнің заңсыздығын сот алдында дәлелдеп шыға алатыныма 100 пайыз сенімдімін. Тіпті облыстық деңгейде әділдік таба алмаған жағдайда Астанаға, Жоғарғы Сотқа дейін баруға әзірмін. Ал ол жақта ұлттық намысы жоғары азаматтар жетерлік», - дейді Абзал Темірғалиұлы.
Абзал Құспанов жақында «Өркен» қоғамдық бірлестігінің атынан әлгі мәселені Бас Прокуратураның, ҚР Парламентінің назарына ұсынып, «Егемен Қазақстан» газетіне ресми хат жолдапты.
«Абай.kz»-ның анықтамасы:
«Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг б.в.» компаниясының бас директорлығына 2006 жылдың 17 қазаны күні тағайындалған Роджер Фокс «Би Джи Групп» (бұрынғы «British Gas») компаниясында 25 жыл бойы қызмет етіпті. Ол Ұлыбритания, Бразилия, Египет және Филиппин мемлекеттерінде аса ірі энергетикалық жобаларға басшылық жасаған маман ретінде танымал. Фокстың алғашқы мамандығы инженер екен, кейін жобалау менеджменті саласында ғылыми атақ алған.
Қарашығанаққа келгенге дейін Роджер Фокс Египеттегі ELNG консорциумында бас атқарушы директор болған көрінеді.
P.S. Біз интернетті шарлап көріп, Бразилия мен Египетте, тіпті Тынық мұхитындағы шағын аралдарда орналасқан Филиппин мемлекетінде Роджер Фокстың атына берілген көше, елді мекен, т.б. атаулары туралы мәлімет ұшырастыра алмадық. Аталған елдердің тілі мен тарихын жақсы білетін оқырмандарымыздан мәселенің анық-қанығына жетуге көмектесуін өтінеміз.