Жошы өлімін естірту...
поэма
I
Мезгілді ыңғайына жұптап алып,
Барады заман озып, жұрт жаңарып.
Өткен шақ өздігінен сыр шертпейді,
Қиялың қадалғанмен бұлтқа барып.
Ілгері тартқан сайын ғасыр ары,
Ақпарын тереңірек жасырады.
Ден қойып, дерегінен дән іздедім,
Белгісіз қанша жұмбақ ашылары.
Зер салып бабалардың жұртына біз,
Жоғымыз табылардай ынтығамыз.
Кездеспей кенезеңді кептіреді,
Ұқсайды ұзақ жолға бүкіл аңыз.
Дәйектің қолым жетпей соқталына,
Салындым қалың ойдың көкпарына.
Із кескен аңшыдайын сартап қардан,
Кеп түстім ескі көштің соқпағына.
Соқпақтар ізге толы шиырланған,
Көмескі тартқан әбден құйындардан.
Тартады әртарапқа жолайырық,
Ілінбей іздегенің жуыр маңнан.
Саралап ортасынан көп мұраның,
Тоқталдым тұрпатына Кетбұғаның.
Қазасын Жошы ханның күйге жүктеп,
Шыңғысқа ұмыттырған кектің бәрін.
Тең таппай батырыма, биіме тең,
Ерлігін ерте күннің сүйіп өтем.
Бір белгі қара өлеңнен соға алам ба,
Болмысы біз білмейтін биік екен.
Тоздырған сан асуды, талай белді,
Сарыны сар даланың солай дейді.
Мұрағат мұздықтарын жарып шыққан,
Тұлғаңа қызығып ел қарайды енді.
Жол ашқан арғы дәуір ақпарына,
Мың алғыс, Азаттықтың ақ таңына!
Келеміз есіміңді енді танып,
Қап қойған қадым заман қатпарында.
Парасат жетсе бәрін парықтауға,
Ой қосам тұғырыңды анықтауға.
Көне күн көлеңкесі көлегейлеп,
Тұлғаңды толық әлі танытпауда.
Күш алып Кетбұғадай кемеңгерден,
Тілдестім биіктермен, тереңдермен.
Бағзыдан жеткен бізге балбал тастай,
Сырың көп, сыртың қанша көнергенмен.
Әуезі әлімсақтың елеңдетті,
Тау-тасы туған жердің өлеңдетті.
Ежелден елге керек естелікті,
Естілер естеріне шегендепті.
Өтсе де қанша ғасыр аралықта,
Қарағым, қарайлай жүр қаражұртқа.
Қайтарған қос ішекпен Хан қаһарын,
Жан бар ма бас имеген даналыққа.
Тарихтың тас емшегін исіндіріп,
Жіберген қара тасқа күй сіңдіріп.
Сыйғызған саз тіліне өз дәуірін,
Дегендей, кейінгілер жүрсін біліп.
II
Жошының жастайынан даңқы шықты,
Ерліктің, елдіктің де шартын ұқты.
Жөні бар жолындағын жайпап өтер,
Соңында дешті қыпшақ – халқы мықты.
Тапсырған Қаған сеніп оң қанатты,
Жау біткен қарсы келген сорға батты.
Енжайлап Евразия кеңістігін,
Елдерді алыс-жақын мол қаратты.
Айналып жорық сайын ғаламатқа,
Тасқындай қарқын қосты қағанатқа.
Тең түсіп әмірлігі, әділдігі,
Жазықсыз жан қимаған жаманатқа.
Жел ескен айдарынан еселеніп,
Сан жетпес жасағына неше шерік.
Көз тіккен төңіректі түгел қармап,
Көрген жоқ егестерде есе беріп.
Сілтеді жеткенінше кең құлашты,
Қалаған қонысына белгі басты.
Қуанса құлға дейін сый таратып,
Түнерсе қара аспандай жерді басты.
Осылай дәуірледі бақ-талайы,
Салдырды алтындатып ақ сарайды.
Көлденең жолын кесіп өтпек түгіл,
Ешбір жан басқан ізін аттамайды.
Ту ұстар төңірегі түгел ноян,
Ерлігі ер Жошының елге аян.
Алайда, өлімі оның өзгешелеу,
Күйімен Кетбұғаның болған баян.
Бұл өзі алыс қырдан жеткен аңыз,
Тарихи сұрыптаудан өткен нағыз.
«Жошы хан», «Ақсақ құлан» күйлерімді,
Бейнесі ақиқаттың деп қараңыз.
Бақ тайса бағынбайды баршылыққа,
Қарамас ырыс қонса қарсылыққа.
Жорамал көп болғанмен Жошы жайлы,
Қазаның болғаны анық аңшылықта.
Іштегі ірікпейтін серпілісті,
Тағының жаратқаннан серті күшті.
Құланға құрық салып өскен ұлдың,
Құланнан мерт болуы өкінішті...
Демікпес салсаң қанша шақырымға,
Тулатқан тарпаңдарды тақымында.
Сайланып, саят құрып шықсадағы,
Бір қауып төнген екен батыр ұлға.
Жазылды тағдар солай тасқа мәңгі,
Баршаға беймәлімдеу басқа жағы.
«Алладан жарлық келсе» деген осы:
«Жұлдыз да жерге түсер аспандағы».
Бұл жағдай бүкіл елді дүрліктірді,
Бай-манап ыңыранған ырғып тұрды.
Қазаның алды – қайғы, арты – жұмбақ,
Шынтауйт Шыңғыс ханды ширықтырды.
Қапыда қайырылу қанатынан,
Қағанға қан жұтқызып қапа қылған.
Түрі жоқ ызасының ыдырайтын,
Жүз төре жөн айтса да қатарынан.
Қапталдан қадалғандай қара сүңгі,
Сыймастай кеңістікке аласұрды.
Оғылан опат болған орала ма,
Жолына тәрк етсе де бар асылды.
Толғанып тақ иесі түнергенде,
Талқылап, төрт тарабын түгендерде.
Сұрланып сұсты көзін қадап еді,
Маңынан табылмады-ау жүрер пенде.
Ашудың зәрі дендеп көкіректі,
Ыстық жас қос жанардан көлкімекті.
Әмірі әміршінің аза тұтқан,
Қыпшақтың байтақ жерін желпіп өтті.
Жабыспақ жұртқа тосын қасірет кеп,
Қасірет, қайтармасаң басып өтпек.
Хандықтың заңы солай, жаман хабар
Әкелген адамдардың басы кетпек.
Пәрменнің Қаған берген күші жайлы,
Естісең ойың онға пышырайды.
«Өз ханын қорғамаған халық тұтас,
Аяусыз жазалауға ұшырайды».
Түйілсе төрдегінің тік қабағы,
Талабы талқыланбай құпталады.
Ал, сонда, Ханның қатал қаһарынан,
Жазықсыз халықты кім құтқарады.
III
Түскенде елге қауып Ер сыналар,
Кез емес екі араға елші салар.
Қаларын біле тұрып бас пәлеге,
Қандай жан дәті барып берсін хабар.
Әзірге ешбір амал табылмады,
Жұрт түйді шүпірекке жанын тағы.
Әмірді суық хабар сұстандырса,
Кім білсін, қандай шешім қабылдары.
Қағанды қайтармаса райынан,
Халыққа күн тумақшы құдай ұрған.
Алғашқы әмірінен айнымаса,
Ұлысың көз ашпайды уайымнан.
Бақытты басқа біткен кім ұрлаған,
Не шара, Жошы ғайып, ғұмыр тәмам.
Қырсығы қалың елге тигелі тұр,
Қағанның құсаланған түрі жаман.
Жендеттер жалаңдатса жез қылышын,
Кетеді қан бөктіріп жердің үстін.
«Ханға тіреу болмаған халық құрдым»,
Деген үкім шарлады елдің ішін.
Барады жұрт арасы үрейленіп,
Төңірек күңгірттенді, күнгей кеміп.
Әмірге қарсы тұрар қауқар қайсы,
Ғайыптан тоқтатпаса дүлей келіп.
Батыр қайда? Баршаға бел көрінген,
Биің кәне? Жөн сілтер елге бірден.
Бел буып, беделін сап кім айырмақ,
Ұлысты шерлі Шыңғыс шеңгелінен.
Даланы дүрліктірді дақпырт қатты,
Жан-жаққа шабармандар шапқылатты.
Уақиға батырлардың түрін бұзып,
Билерге қабырғалы қатты батты.
Сұлтандар, уәзірлер іштен тынды,
Сейілту мүмкін емес, күшпен мұңды.
Келелі кеңесінде көсемдердің,
Беделі Кетбұғаның үстем тұрды.
Сөзіне сұңғыланың ел қараған,
Атағы, абыройы кең тараған.
Ушыққан іс біткеннің кеңесшісі,
Бағына көптің біткен дегдар адам.
Ұйыған ұлыс біткен нақылына,
Көрмеген бұра тартып жақынына.
Дау келсе, саналады – төбе биге,
Жау келсе, баланады – батырына.
Беделі – елге қорған, ханға тірек,
Бір сөзін екі етпейтін жан-жағы Бек.
Жиналса жақсы-жайсаң тақ маңына,
Дәл ондай ешбірінің салмағы жоқ.
Иесі ақыл-ойдың мол дарыған,
Айтқаны Алашына болған ұран.
Бағалап даналығын, даралығын,
Әмірші орын берген оң жағынан.
Қадірін арттырмаса зор нөкермен,
Берілмес құрметі мол жол бекерден.
Жүзбасы, түменбасы түгелімен,
Топтасқан ту түбіне ол көтерген.
Шығарған төбесіне халық барда,
Аз салмақ артылмайды алыптарға.
Алдында сол халықтың құны қалмас,
Таяныш бола алмаса тарыққанда.
Иыққа ауды осылай жүктің бәрі,
Булықты хас батырдай тұтқындағы.
Алдында – асу бермес қатал әмір,
Артында – тақымдап тұр жұрттың қамы.
Тап келген қаһарлы хан айбарына,
Араша түспек қалай аймағына.
Ақыры Жошы өлімін естіртудің,
Тоқталды мүлде тосын байламына.
IV
Бек сеніп боз домбыра – жолдасына,
Бет бұрды Қарақорым ордасына.
Шешімін шерлі жанның шегермекші,
Тәуекел! Жабысса да сор басына.
Қабарып қарсы алды хан сарайы,
Хабарың жақпай қалса, паршалайды.
Санаған жан барма екен осы жерден,
Тарады қанша шаттық, қанша қайғы?
Бұл сарай сан тізені бүктірген жер,
Үкімін тағдырлардың күттірген жер.
Талайдың иығынан бас домалап,
Діңкесін десберместің бітірген жер.
Түнектей түнеріп тұр тақ маңайы,
Сыбырға, тықырға да сақ қарайды.
Жаңылсаң жазатайым жақ пен тілден,
Есіркеп, ешкім сені ақтамайды.
Жайғасты күйші келіп хан алдына,
Хан сезді женткенін бір хабардың да.
Домбыра күмбірінен күдік шалды,
Жүргендей Жошы ажал аралында.
Қос ішек бебеу қақты өршеленіп,
Бүтінді сипаттады бөлшек етіп.
Ендігі іркілудің реті жоқ,
Тұспалдап жеткізуге келсе бекіп.
Әлден соң, Шыңғыс ханның шынындағы,
Солқ етіп қос шекесі шыңылдады.
Елестеп ерен туған тұңғышының,
Тұлғасы теріс қарап тұрып алды.
Түнерді, төңірегі тұманданды,
Тұманмен тым жыраққа шығандады.
Сұлбасы ғайып болып, бір мезетте,
Қажып жүр қайыра алмай құландарды.
Қалғандай айдалада бір арманы,
Анықтап арғы жағын ұға алмады.
Ұнамай мына күйдің беталысы,
Тіксініп өз-өзінен күмәнданды.
Сұстанып суық қабақ түйілгенде,
Дидары күлгін тартты күйінгенде.
Кернеген төңіректі ызғарынан,
Түспестей түкіріктен түйір жерге.
Киліккен қалың ойдың солығымен,
Жоғары көтерілді қолы бірден.
«Мынаның өшір үнін!» деп ақырды,
Тыңдамай күйдің соңын толығымен.
Не дейді?! Зарың мынау, күңіренген,
Деп тұр ғой, «Ұлың өлген, ұлың өлген!»
«Хан ием, аңшылықтан қайтпады ол,
Қаншама жорықтардан тірі келген.
Ел емес, күй осылай баяндайды,
Ұйықтаған Жошың енді оянбайды.
Орнында ұрпағы бар, ұраны бар,
Қосыны қызыметтен аянбайды.
Құланның қарғығаны, орғығаны,
Жаныңды жүдетеді, тоңдырады.
Жеткізіп тұрған осы оқиғаны,
Жазғыра көрмегейсіз домбыраны.
Деді де дәулескерің тына қалды,
Жұбату оңай боп па ұлы адамды!
Әмірші еңсе түзеп тіктелгенше,
Үлгерді жасап тағы бір амалды.
Кейіппен лайықты асқақ ұлға,
Хош айтып жанарымен аспабына.
Ортаға оңашалап қойып қойған,
Емеурін бар домбыра астарында.
Нақ тиіп нысанаға күй садағы,
Заманның қалды солай бір сабағы.
Апарып домбыраны «айыптауға»,
Уәзірге хан жасады ишараны.
... Жол табар қысылғанда амалы көп,
Қалыпты әрбір ісі бағалы боп.
Ер қайда... Кетбұғадай шешім қылар,
Ханға да, қараға да залалы жоқ.
Қайрат Зекенұлы,
Семей қаласы
Авторға анықтама
Қайрат Зекенұлы Сабырбай 2000-шы жылдары айтыс сахнасынан бұқаралық ақпарат құралдары саласына ауысқан. Семейдің жергілікті телеарналары мен газеттерінде тілшіліктен Бас редакторлыққа дейін қызмет атқарған. Мәдениет және ақпарат министрлігінің Құрмет Грамотасы (2004 ж.) және ШҚО журналистер байқауының 2006 жылғы лауреаты болды. Қайрат Зекенұлының редакторлық кезеңінде «Ертіс өңірі» газеті 2009 жылы «Мемлекеттік тіл және БАҚ» республикалық байқауының «Үздік басылым» номинациясын және 2010 жылы ШҚО әкімі атындағы журналистер байқауының жеңімпазы атанды.
2018 жылдың екінші жартысынан Семейдің облыстық тарихи-өлкетану музейіне басшылыққа келген ол, қазір де осы мекемеде жетекішік жасайды.
Сонымен бірге, Қ.Сабырбай «Нартолқын» (2006ж.), «Көз талдырған көкжиек»(2014ж.), «Дүлділдер дүбірі» (2017ж.) жыр жинақтары мен «Аймағының абызы» (2009 ж.) хикаят кітабының авторы. Топтама өлеңдері «Жыр маржаны» Қазақ поэзиясының антологиясына енген. «Дүлділдер дүбірі» кітабы 5000 тираждық мемлекеттік тапсырыспен жарық көрді.
Abai.kz