Дүйсенбі, 25 Қараша 2024
46 - сөз 137 0 пікір 25 Қараша, 2024 сағат 15:37

Қара белбеу

Сурет trt.net.tr сайтынан алынды.

Өткен ғасырдың 90 жылдары Жамбыл қаласында Мұстафа ағамыз таэквондо мектебін ашты. Алғашқы шәкірттері санатында қасында жүрдік. Дүйім елдің алдында беліндегі белбеуін беліме байлап «Маралтай — қара өлеңнің қара белбеуі!» - деген лебізі әлі есімде. Ағам бүгін бар болғанда 70 жасқа толар еді!

ҚАРА БЕЛБЕУ

Маралтай - поэзияның “қара белбеуі”.

(Мұстафа Өзтүрік)

Жұдырығым тасқа тисе құм қылған,

Тағдырымды талай ақын жыр қылған.

Албырт едім басқа ноқта түспеген,

Балшараптан басқа сусын ішпеген.

Бәрі есімде көшесінде Жамбылдың

Бағымды іздеп мәңгірдім мен, қаңғырдым.

Өзімді-өзім жоқтап жүрдім таба алмай,

Құпиясы ашылмаған аралдай.

Танысып ек сондай күннің бірінде,

Табысып ек сондай күннің бірінде,

Алты алаштың арлан ұлы Мұстафа,

Алты алаштың тарлан ұлы Мұстафа!

Қазағым деп қабырғасы сөгілген,

Мен сияқты жан екенсің дедім мен…

Жыр оқыдым: көгі кеткен бел жайлы,

Жыр оқыдым: кегі кеткен ел жайлы.

Жыр оқыдым жанарымнан жас парлап,

Бара жатты жан-дүнием аспаңдап.

Тұрдым сонда қошеметтен тасынып,

Тұрды халық әруағымды асырып.

Ақын екен деді біреу шынымен,

Батыр екен деді біреу… мұңымен.

Алты алаштың арлан ұлы Мұстафа,

Алты алаштың тарлан ұлы Мұстафа!

Жырларымды тыңдап болып Ол-дағы,

Қазақ жайлы тебіреніп толғады.

Оның-дағы аңсағаны - азаттық,

Менің-дағы аңсағаным - азаттық.

Шешіп берді беліндегі белбеуін,

Қара белбеу тұңғыш рет көргенім.

Батыл бол деп намысымды қайрады,

Беліме әкеп өз қолымен байлады.

Ол таныды мені үлкен батыр деп,

Мен таныдым Оны үлкен ақын деп.

Мен сол сәтте бақытты едім, ол -анық,

Тұрды солай құшақтасып, қол алып.

Қара белбеу — қара күштің ақыны,

Қара белбеу — қара өлеңнің батыры!

Маралтай Райымбекұлының желідегі парақшасынан алынды. 

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1521
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3300
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5910