Header Banner
Сейсенбі, 10 Наурыз 2026
Ғибырат 127 0 пікір 10 Наурыз, 2026 сағат 14:09

Телғараның «көктемі»

Сурет: abaialemi.kz сайтынан алынды.

Хакім Абайдың замандастарының естеліктері, М.О.Әуезовтің атақты роман-эпопеясы мен басқа жауһар шығармалары ұлы ақынның ұлт шамшырағына айналуының мөлдір қайнарларын меңзейді. Ол «үш қайнардың» алғашқысы – халық ауыз әдебиетінің асыл қазынасы. Жас ақын ауылға ат басын тіреген ақын-жыраулардың сәулелі сөзіне  қайран қалып, өзгеше қызығушылық танытады. Ел-жұртының арман-аңсарын ұлықтап, «жарыққа»  – азат заман мен оқу-білімге, адал еңбек пен әділетті өмірге жетелеген «сөз патшасы – өлеңнің» терең ғибраты жадында шым-шымдап қаттала береді. Бозбала шағында, әсіресе, абыз ақындардың жыр-толғауларына және  батырлық пен ғашықтық жайындағы әңгімелеріне тәнті болады. Махаббат хикаяларынан жүзі алабұртып, сұлуларға ұрлана көз салады. 

ТЕЛҒАРАНЫҢ «КӨКТЕМІ»

Құрбы-құрдастарына қарағанда Абайдың ертерек есейгені  айналасының назарынан сырт қалмайды. Балалығына қарамастан үлкендер жиналған жерге барғанды  қалап тұрады. Өзара ақыл қосқан, бір-бірінің алдын орап, сөзбен «ырғасқан» әңгімеге ықылас қояды.  Ел ағаларының бас қосуының себебі мен байламының салмағын, әлбетте ол бірте-бірте пайымдайды. Ойларын көркем тілмен өрнектеп, шешімдерін тұспалмен  жеткізген ақыл қисынынан: «естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады» екен», - деген ой түйеді.

Бұдан былай «жақсы ән мен тәтті күй»  жас ақынның көңілін желпіп, өлең сөз «бес күндік» тірліктің «қалтарыстарына» сәуле түсіреді. Көкірек «көзі» ашылып, айналасын «таныған» сайын, бейне-бір мөлдір бұлақтың басына тізе бүккендей, ерекше әсерге бөленеді. Шабыт «шоғы» қоздап, жыр «тұлпарының» жалын  самал желге өргізеді. Енді өлең мен әуен ырғағы үндесіп, сұлу сөз әуезді саз «қанатында» қалықтайды. «Көңіл құсы шырқап, қалқып, тамылжып», ақынның «тәңірі берген өнері көк бұлттан ашылып, қуатты ойдан бас құрайды».

Сәйгүлік жыр мен әсем әннен тебіренген сезімтал жүрек дарын «шоғын» үрлеп, жалындата түсуге құштар. Ол сөздің де, әннің де «естісімен қатар есері барын» аңғарады. Мерейін тасытып, өмірге деген сүйіспеншіліктің ыстық «отын» маздатар өнерден бойы сергіп, ойы  самғайды. Дүние есігін ашқанда өзін бесікке өлеңмен, әнмен бірге бөлегендей әсерленеді. Оның ойынша, тумысынан әсем сөз, терең ой мен саз самалы аялаған жас айналасын да жарқын жүзбен  бауырына тартса керек. Дарын шабытының ләззатына «көңілсіз құлақ» қана керең көрінеді.

Өнер сәулесі  Абайды әбден баурап, өрнекті сөзбен өрелі ой айтуға «қамшылайды». Көріп, білгені мен танып, түйгенін өлеңмен өріп, бастапқыда көбінесе қалжыңға бұрады. Өз қатарының олпы-солпы жүріс-тұрысы мен орашолақ мінезін сөзбен «шағып алуға» бейім. Жас келіншектің «жауыр айғыр берген» төркінін, «намаз білмес пақырды», борышқа батқан сұрамсақты, уәдеден тайған алдамшыны және басқа пысықай мен пасықты сын «сабауының» астына алып, «шаңын» қағады. Балауса шағынан-ақ өнеге жаяр өлеңнен сырлас серік табады.

Бұдан соң, замандастарының «етекбасты» мінез-құлқына  немкетті  қарай алмайды: «тас бұлақтың суындай дүние кірін жуынып, көрініп ойға сөз салады». Осы есті сөз бен өнегелі өнерден жан дүниесі соны қуатпен серпіледі. Ақын кеудесінен  тағы бір жаңа жыр мен сыршыл саз түлеп ұшады... Шыңғыстаудың баурайы бір уақ ақын-жыраулар мен әнші-күйшілердің  өнеріне  құлақ түріп, тынши қалыпты. Жас Абайдың жанын, әсіресе балауса махаббат сезімі мазалайды. Ол «көзбен көріп, ішпен білген» жан сырын әуелгіде  Шығыс шайырларының үлгісі» – ғазелмен үкілейді.

«Желсіз түнде жарық ай,
 Сәулесі суда дірілдеп...»  

Махаббаттың от-сезімі тербеген өлеңнен жанына сүйеніш тауып, сұлуға тамсанады. Жүрегін «қытықтаған» жап - жарық, ашық бейнеге жанары байланып қалғандай. Ару қыздың  жарқыраған ажарына  сүйініп, небір теңеу сөздермен тамсанады: «Иузи – раушан, көзі – гауһар, Лағилдек бет үші әхмәр. Тамағи қардан әм бихтар. Қашың құдрет, қоли шигә...». Жүрегін «жаулаған» сұлудың  сымбатын ол айнадағыдай суреттеуге  құмар. Бойжеткеннің ұшы қызғылтым бетіне, қардан да аппақ тамағына, әдемі қолдарына қызыға қарап,  қыр «қызғалдағына» көзі тоймайды.

Бастапқыда осылай алып-ұшқан көңіл-күйі бірте-бірте жорға жырдың желісін тауып, төгіле жөнелгенде жаны масайрайды: «Айттым сәлем, қалам қас, Саған құрбан мал мен бас... Сенен артық жан тумас, Туса туар – артылмас...». Лап еткен ыстық сезімге себеп – Тоғжан, Бөкеншінің  Сүйіндігінің қызы еді. Енді, міне сүйікті қызбен алғаш кездескен жерге қарай аяқтарын асыға басады. Ай жарығымен «ауылдың жанындағы терең сайдың» қалың шөбін тізеден, ал кей тұсында белуардан кешеді. Осылай жүре отырып Бақанастың жағалауындағы  Биік жарға таяу барып аялдайды.

«Тасыған өзеннің күрілі», оның  өзімен - өзі оңаша сырласқан қалпына бөгде дыбыстан сая болып тұр. Тынық түндегі «жарық айдың сәулесі суда» дір-дір қағады. Тал-шілік, қайың мен мойыл ағаштары екі жастың өткен жолғы кездесуін сырт көзден қызғана қорып, «өзді-өзі сыбырласады». Мұнда ауылдағыдай емес, «үрген ит пен айтаққа үн қосқан тау жаңғырығы» құмығып естіледі. Қалың ағаш көлеңкесінен қарсы беттегі жағалау бұлдыр - бұлдыр қарауытады. Бұл, бірақ уақытша ғана көрініс. Ертең-ақ атқан таңмен бірге «жап-жасыл жер жүзі» құлпырып қоя береді.

Қазір шыдамын сарыққан бозбаланың жанарлары айналаны жіті шолады. Жүрегінің соғысы жиілеп, асық жанды қашан көргенше тағаты қашады. Әрбір дыбысқа құлағын түріп, көңілінде алаң мен үміт алма-кезек ауысады. Өткендегі кездесудің әсері әбден бойын билеп, «ғаріп» хәлге түсіргендей.  Жан жүрегін әсем ән мен тәтті күй тербеп, ынтық көңілінің толқуы жуықта басыла қоймайды. Ол «таймаңдамай тамылжып, бір суынып, бір ысып, дем ала алмай дамыл қып, елең қағып бос шошыған» сұлудың, еліктің лағындай,  үркек «мінезін» сағынады.

Сол жолы «сөз айта алмай, бөгеліп, жүрегі дүрсіл қаққан» ұяң бойжеткеннің қарашығына тұнған бейнесі мөлдіреп, көз алдынан кетпейді. Жақын тұстан естілген әрбір дыбысқа елең етеді. Кезінде жазған хатына да тап осылай зарыға жауап күткен еді. Онда да жанын қоярға жер таппағаны есінде. Тоғжанның өзіне деген көңілін қашан білгенінше  «жүдеген» күндер кеше ғана артта қалғандай еді. Абай өзі үшін «одан артық жан тумасына, көңілінің айнымасына» сенімді. Ғашығының «кең маңдай, қолаң шашын, ақ тамақ, қызыл жүзін» қайта көргенше дегбірі дегдиді.

Қазір көз алдында арудың «қара көз, имек қасы, қыр мұрын, қыпша белі» елес секілді көлбең қағады. Алғаш көргенде-ақ сұлудың сымбатына қызыға тамсанған болатын. Бұлбұлдай әсем үні жанын баурап, күміс күлкісі сыңғыр етіп, жанынан естіле қалатындай елегізиді. Алғаш кездескенде ғашығының «гүлдей аңқыған иісі мен күндей нұрын көргеннен «бойы еріп, сүйегі балқыған». Осы бір ерекше жаратылған бойжеткенді енді қашан жар етіп, қосылғанша жанының «жапырағы» қалтырайды. Бірақ, Тоғжанмен отбасын құрудың оңай болмасын  ойлап, іштей арпалысады.

Әкесі Құнанбай құда түсіп, өкінішке қарай, атастырып қойған қалыңдығы бар. Оның Арғынның Қаракесегі, атақты Алшынбай бидің немере қызы – Ділдә екенін де біледі. Неке қиып, отау құруы шешіліп, ұрын баратын күні жақын. Ендеше, ата жолынан айну, тіпті де мүмкін емес.  Сондықтан бозбала ғашықтық сырын айналасынан жасырып,  өмірлік серігі – өлеңмен ғана бөліседі. Сондайда Тоғжанға деген асық сезімі барған сайын асқынып, бір уақ өзге дүниенің бәрін ұмытады. Махаббат «зарын» тартқан жас ақын асау сезім «құшағында» тербеледі.

Ақынның Тоғжанға деген  махаббаты, оның өмірге деген құштарлығын жалындатады. Жайлауға қонған елдің мәз-мәйрам қуанышы   елтітіп, ғашықтық сыры өлең боп өріледі. Тамылжыған табиғат мәжнүн жігіттің жанымен бірге тыныстап, жүрегін сазды әуен аялайды... Бірақ, амал қайсы, Құнанбай бастатқан Ырғызбай жағы мен Жігітектің Бөжей секілді шонжарларының ерегескен жаулығы ұшынып тұрған шақ. Олжай табы өз ішінен қырқысып, береке-бірлігі қашқан кезең болатын. Сөйтсе де тап қазір Абай еш қауіп-қатерді елеп, ескерер халде емес.

Оның бар ойы Ербол досының көмегін пайдаланып, ғашығымен тағы бір жүздесу. Қазір келіскен жерге жеткелі бері өзін-өзі сабырға шақырып әлек: «Сап, сап, көңілім, сап, көңілім! Саяламай, сай таппай, Не күн туды басыңа, Күні-түні жай таппай?». Махаббат жыры кеудесінде күмбір қағады. Осы сәт, ұлы Тұрағұл естелігінде жазатындай, «өлеңнің тығыны суырылып кеткенге ұқсайды»: «Сап, сап, көңілім, сап, көңілім! Саяламай, сай таппай, Не күн туды басыңа, Күні-түні жай таппай? Сен жайыңа жүргенмен, Қыз өле ме бай таппай?...».

Сүйіскен қос жүректі «жылататын» қиындықтан жаны түршігеді: «Түн кезгенің мақұл ма, Жан-жағыңа жалтақтай? Өлермін деп жүрмісің, Мұнан басқа жан таппай? - деп,  өзін-өзі айнытуға тырысатындай. -   Сабыр түбі – сары алтын. Сабыр қылсаң, жайыңды / Білер ме екен бекзатым? Көңіл аулап, сөз айтар / Арадағы тілхатым...». Тоғжанға деген айнымас сезімнен     ғашықтық «дерті» әбден меңдеген ақын өз тілегін әрең шаужайлап,  ғаріп хал кешеді: «... Ағын судай екпіндеп, лайы жоқ суатым, Ауру да емес, сау да емес, Құрыды әл-қуатым...».

Оңашада өзіне деген талабы қатая түседі: «...Сап, сап, көңілім, сап, көңілім! Сағынышқа сарғайма! Жай жүрсең де қыз қумай,  Сені біреу қарғай ма? Қыз іздесең, қалың бер, Мұным ақыл болмай ма? Көріп алсаң көріктіні, Таңдап алсаң тектіні, Сонда көңіл толмай ма?!». Дегенмен, жүрегін «сыздатқан» құштарлық «қыз ағасы Әлібек, Ұстап ап дүре салмай ма?.. Киіміңді тонасын, Елге де күлкі боласың» деп, өзін-өзі сабырмен «тұсаулай» тұрып та сақтыққа еш қаратпайды. Желсіз түн... жарық айдың астында сүйіктісіне  ерекше теңеу іздейді.

«Сөз айта алмай, бөгеліп,
Дүрсіл қағып жүрегі...»

Жас жігіт талғамынан шыққан  бойжеткенді   тапқандай еді.  Оны, әуелгіде Тоғжанның сымбаты баурайды. Соңғы күндері ғашығының сымбаты көз алдынан кетпей-ақ қойған. Халқымыз «Махаббатта көз болмайды» десе,  Абайдың «беттің әдемілігі мінезде» - дейтіні кейін ғой.  Әл-әзірге, «қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы»  қыздың ажары, алыстан емінтіп, «Аласы аз қара көзі нұр жайнайды. Жіңішке қара қасы сызып қойған, Бір жаңа ұқсатамын туған айды. Маңдайдан тура түскен қырлы мұрын, Ақша жүз, алқызыл бет тіл байлайды».

Бір көргеннен жүрегі алабұртқан бойжеткеннің мінсіз бейнесі, жанарымен қатар жанын да «жаулап» алғандай: «Аузын ашса, көрінер кірсіз тісі, Сықылды қолмен тізген іш қайнайды. Сөйлесе, сөзі әдепті әм мағыналы, Күлкісі бейне бұлбұл құс сайрайды...». Мынадай сұлу туралы естіген жанның қай-қайсысының да құмары артып, қашан көргенше асығары анық: «Жұп-жұмыр, ақ торғындай мойыны бар, Үлбірген тамағын күн шалмайды. Тақтайдай жауырына бар, иығы тік, Екі алма кеудесінде қисаймайды...».

Періште қыз әлі талай жасты  «естен тандырып», махаббат жыры жалғыз Абай емес, мыңдаған  жүректі лүпілдетеді: «Сорақы ұзын да емес, қысқа да емес, Нәзік бел тал шыбықтай бұраңдайды. Етіндей жас баланың білегі бар, Әжімсіз ақ саусағы іске ыңғайлы...». Ақын «жібек талды қолаң шашы торғындай» жұтынған аруға деген жеке басының адал көңілін  жасырмайды. Барша «мұңлық-зарлыққа» ортақ  ғашықтық сырын жайып салады: «Сенен артық жан жоқ деп ғашық болдым,  Мен не болсам, болайын, сен аман бол» деп, махаббат «отын» маздатады.

Ақын сүйген қызының бақыты үшін өз тағдырына, тіпті де  алаңдамайды. Адам талғамының өзгеше екеніне қарамастан Тоғжандай бойжеткен, шынында да, баршаға  сүйкімді. Қыз бен жігіттің ынтық көңілінің ақыл-ойды жеңіп, бойды буып, көзсіз махаббат иесінің еріксіз «мүжнүнге» айналатынын мойындатады: «Бірге жаққан біреуге жақпаушы еді. Сүйкімді тірі жанға неткен жансың?! Ғашықтық келсе, жеңер бойыңды алып, Жүдетер безгек ауру сықылданып. Тұла бой тоңар, суыр – үміт үзсе, Дәмеленсе өртенер күйіп, жанып».

Алайда, Абай тағдырдың өздерін қоспайтынына налиды: «Қор болды жаным, Сенсіз не менің күнім, Бек бітті халім, Тағдырдан келген зұлым. Тағдыр етсе Алла, Не көрмейді пәндә?». Ғашығына қол жетпейтін болған соң, «белі бүгіліп, сағыныштан сарғаяды». Асық  арудан хат күтіп, жаны жабығады. Қабағын мұң басып, ғашықтық зары оған жетсе, содан-ақ қанағат тауып, сүйіктісінің «ойын оңалдырып, бойын түзеуіне» шипа боларынан  үмітті. Бірақ, бұл енді қол жетпес армандай...  елжіреген ет жүрегі өртеніп, от боп жанып, ішін жалын «жалап», зар қағады.

Ол орыс ақыны Пушкин кейіпкерінің халі өз басына түскенде Онегинді түсінуге тарысады. Ғашығының енді бөтенді жолдас етерінен Абайдың төңірегі күңгірт тартады.  Махаббат жолында сүйгеніне қолы жетпей, арманда қалып барады. Аяқ-қолы салдырап, іші дертке толып, оның  тым құрыса бір мәрте  көрінуінен дәмелі. Қанша кейіп жүрсе де көрген сәтте өне бойы еріп, ләм-мим деуге шамасы жоқ. Тез іздеп келіп, ойын бөлсе, шіркін... ғашығының ішінде ыстық қан жоқ, тас бауыр болып шыққаны ма?... Алла өзі сорлы еткен соң, амалы жоқ!

Тоғжанға арнаған өлеңінде ол жан сырын еш бүкпесіз ақтарады. Тіпті, «жазмыштан озмыш жоқ» екеніне де көніп, жаны күйзеледі. Абайдың ғашықтық  жырлары адал сезімді дәріптеп, елден елге тарап, әсіресе өскелең жастар тәтті сырларын ақын «тілімен» өзара бөліседі. Әсем әндер ауыл кештерінде шырқалып, махаббат пен құмарлықтың айырмасын ажыратып, ой салады. «Басқаға ынтықтығы айтылмас» жігітпен тыңдаушысы мен оқырманы қоса толқиды. Оның тамырының білінер-білінбес соғысын тыңдап, жанын пида етуге даяр мінезіне  елжірейді.

Бұл пәк сезім қыздың ажарына ғана қызыққан құмарлықтан мүлде бөлек. Бозбаланың «сенен артық жан жоқ» деп, «тән шымырлап, бой ерітер» хаты Тоғжанның да жүрегін «шаншытса» керек: «Сіздей асыл кез болса, Қайтіп басты шайқаймыз? - деп тебіренеді, - Ақылыңа сөзің сай, Сіз – жалын шоқ, біз бір май...». Бірақ, ару қызға ұшпа мінез жат: «Үйір қылма бойыңа, Шыны жақсы көрмесең... Көңілің тұрса бізді алып, Шыныменен қозғалып...» деп, турасын айтады. «Сөзді ұғарлық жан» жолықса, «гүл шыбықтай бұралуға» құштар», бірақ ата салтынан аттау мүмкін емес.

Бұдан кейін Сіз де жігіттің көзін арбап, жанын азапқа салған сұлуды бір көргенше асығасыз. Өрген бұрымы арқасында білектей, ақ тамақ, қара қасты бойжеткеннің жүзін кәмшат бөркі одан бетер жайнатады. Шолпысы сылдыр қағып жаныңнан өткенде дегбірің қашады. Аласы аз қара көзі жан арбап, тілден айырғандай... Үлбіреген ақ еті, ашық жүзі, бұраң бел, сұлу бойын көргенде «сүйегіңе шымырлап бу енеді», ал  «қолың тисе білегіне, жүрегіңе лүпілдеп қан соғады...». Әттең, шынайы махаббатты екінің бірінің майдайына жазбаған.

Мұндай «піскен алма секілді тәтті қыз» некен-саяқ, яки ондай аруды көрген де, көрмеген де арманда. Бұл Абайдың шын сүйген ғашығының бейнесі еді. Шығыс ғазелдері мен орыс жыры «тамсанған» сұлулардың келбеті   Тоғжанның, бейне бір сыңары сияқты, соңынан ерте жөнелетіндей. Әттең, мына бір құдалық дәстүрі, егескен жаулық болмаса, ғашығынан айрылғысы жоқ. Махаббат сезімі Абайдың кеудесін өлең боп кернеп, сұлу саз тербетеді. Шыңғыстаудан қанат қаққан ғашықтық жырын әлі талай  бозбала мен бойжеткен нәшіне келтіре шырқайды.

Болат Жүнісбеков, жазушы

Abai.kz

0 пікір