Header Banner
Сейсенбі, 10 Наурыз 2026
Анық-қанығы 141 0 пікір 10 Наурыз, 2026 сағат 13:11

«Сыйға сый, сыбағаға бал»: Рәміздік тепе-теңдік

Суреттер: qazdauiri.kz, ara24.kz сайттарынан алынды.

Қазіргі қолданыста «Сыйға сый, сыраға бал» түрі ұшырасқанымен, халықтық мәтелдің түпнұсқасы – «Сыйға сый, сыбағаға бал». «Сыраға бал» түріндегі өзгеріс – дыбыстық ұқсастықтан туған кейінгі, әзіл сипатындағы трансформация. Дәстүрлі қазақ ортасында «сыра» ұғымы ғұрыптық-тағамдық мәдениеттің құрамына енбегендіктен, ол мәтелдің тарихи мазмұнымен үйлеспейді. Сондықтан мұндай қолданыс бастапқы мағыналық құрылымды көмескілейтін фонетикалық құбылыс ретінде бағалануға тиіс.

«Сыйға сый, сыбағаға бал» – тұрмыстық нақыл ғана емес, көшпелі қоғамдағы әлеуметтік тепе-теңдіктің тілдік формуласы. Қазақ дүниетанымында «сый» – құрметтің, ілтипаттың, адамгершілік өлшемінің белгісі. Ал «сыбаға» – әркімге тиесілі үлес, мәртебеге сай бөлінетін енші, қонаққа арналған кәделі ас. Бұл ұғым құқықтық және моральдық жауапкершілікті қатар қамтыған әлеуметтік категория ретінде қызмет атқарды. Сыбаға беру арқылы жас ерекшелігі мен қоғамдық иерархия мойындалып, туыстық байланыс пен мәртебелік тәртіп бекітілді.

Мәтел құрамындағы «бал» сөзі де тура мағынадан гөрі рәміздік сипатқа ие. Ол «тәтті тағамды» емес, «жақсылыққа лайық жауап», «қарымтаны арттыру», «қадірін өсіру» деген мазмұнды білдіреді. Яғни сый көрсетілсе – құрметпен қайтарылуға тиіс, үлес берілсе – соған сай жауап жасалуы қажет. Бұл қағида қоғамдағы моральдық симметрияны қамтамасыз ететін өлшем болды.

Қазақ мақал-мәтелдері – ұлттың ішкі кодын сақтаған рухани рәміздер. Олар мазмұндық тұрғыдан ру таңбаларымен үндес. Көшпелі және жартылай көшпелі ортада таңба тек меншік белгісі емес, әлеуметтік мәртебенің, құқықтық жауапкершіліктің көрінісі саналды. Қазақ тайпаларының таңбалары ұжымдық бірегейлік пен әлеуметтік мәртебенің айғағы болды. Таңбаны рұқсатсыз пайдалану немесе қорлау қоғамдық норманы бұзу деп танылды. Демек, графикалық рәміз бен сөздік рәміз бірдей әлеуметтік міндет жүктеген.

Геральдикалық теория да осы қағиданы қуаттайды: кез келген рәміз – айырым белгі ғана емес, жауапкершілік жүктейтін құрылым. Мәртебе мен міндет егіз ұғым. Осы тұрғыдан алғанда, «Сыйға сый, сыбағаға бал» мәтелі бейресми құқық формуласы іспетті. Сыбаға алған адам – өз орнын мойындаудың, сый көрген адам – қарымтасын қайтарудың моральдық жүгін арқалайды. Бұл – дала өркениетінің әлеуметтік тепе-теңдік тетігі.

Мемлекеттік деңгейде рәміздік сабақтастық жалғасып келеді. Қазақстан Республикасының елтаңбасындағы шаңырақ бейнесі – ортақ үй мен ортақ жауапкершіліктің көрінісі. Композициядағы әрбір элемент тұтастық идеясын айқындайды. Осылайша дәстүрлі мәтел мен мемлекеттік рәміз арасындағы мазмұндық үндестік тарихи рәміздік мәдениеттің үзілмегенін аңғартады.

Халық даналығы ғасырлар бойы сұрыпталып, мағынасы терең, тәрбиелік қуаты зор нақылдарға айналды. Сол мұраны дәл әрі орынды қолдану – тіл тазалығын сақтау ғана емес, тарихи танымға адал болу. «Сыйға сый, сыбағаға бал» – құрмет пен жауапкершілік теңгерімін бекіткен ұлттық формула. Оны бұрмаламай, бастапқы мағынасында қолдану – рухани сабақтастыққа қызмет ету.

Айдын Рысбекұлы, геральдист

Abai.kz

0 пікір