Қазақтың Қажымұқаны туралы не білеміз?...
«Өмір – күрес, күрес – өмір»
Асанәлі Әшімов
Қазақтың тұңғыш кәсіпқой спортшысы кім екенін білесіз бе? Әрине, ол – Қажымұқан бабамыз.
Қажымұқан Мұңайтпасұлы джиу-джитсу, грек-рим және еркін күрестен бірнеше дүркін чемпион. Ол 1871 жылғы 7 сәуірде Ақмола уезі, Қараөткел ауылында дүниеге келген. Классикалық күрес пен цирк өнерін И.И.Лебедев мектебінде 1904-1907 жылдары үйренеді. Арғы тегі – нар тұлғалы азаматтар. Әкесі Мұңайтпас 1914 жылы, атасы Ернақ балуан 1947 жылы дүние салған. Дене бітімі ерекше ірі Мұқан 12-13 жасынан бастап көзге түсіп, 16-17 жасында жиырмадағы жігіттермен белдесетін. Мұқан сол кезден-ақ, күреспен той-томалақтардың көркін қыздыратын.
1901 жылы Омбыда алғашқы цирк ашылып, онда балуандар французша, яғни қазіргі грек-рим күресінен белдеседі. Бұл хабар Сарытерек ауылына жетіп, ондағылар Мұқанды жібереді. Біріншілікте қазақ алыбы дене бітімі зор, тәжірибелі күрескер бас балуан Злобинмен айқасады. Кәнігі қарсылас 18-ші минутта жеңілді. Десе де, жеңісті күндер алда еді.
1909 жыл Мұқанға зор табыс әкелді. Рига біріншілігінде 10 кездесуді таза жеңіспен аяқтап, жеңіскер атанса, Кельн қаласында еркін күрестен алғаш рет чемпион болады. Қажымұқанды әлемдік аренаға шығарған Георг Лурих. Мұқан Лурихпен 1908 жылы Петербургте танысып, осыдан бастап «Ямагата Муханура» атанады. «Ямагата қаласынан шыққан» деген мәндегі жаңа есімнің қойылу себебі: біріншіден, ол кезде цирк өнерінің көрермендері мен күрес демеушілері қазақтарды біле қоймайтын; екіншіден, жапон балуандарының даңқы дүрілдеп тұрған. Мұқан туралы «Жало» журналында «Шығыс ұлы жапон Муханура. Ол тегеурінді де, дене бітімі мығым жігіт. Күресте қаһарлы, әрі өте батыл қимылдайды», – делінген.
Иван Поддубный, Иван Зайкин, Алеекс Аберг, Збышко-Цыганевич тәрізді әлемдік спортшылармен тең тұрған есіл ер 1910 жылы Буэнос-Айросқа арнайы шақыртумен барады. «Батырға оң не, сол не» демекші, бұл жолы бабамыз Америка чемпионы атанады.
Мұңайтапасов 1912 жылы Нижний Новгородтағы «Сур» циркінде өткен Ресей біріншілігінде жергілікті күрескер – Турбаспен, яғни, Тулумбасовпен жекпе-жекке шығады. Кісілік келбеті көркем Мұқан кезекті жеңісінен кейін: «Мен үлкен алтын медаль үшін емес, сендердің намыстарың үшін күрестім» деген екен»
Харбин қаласындағы жапондықтар ұйымдастырған біріншілікте Саракики Жиндофуді джию-джитсуден жеңеді. Басы сынып, миы шайқалған қарсыласы көп ұзамай бақұл болады.
Қажымұқан 1914-1916 жылдары Финляндия түйе балуаны Ярвинен, швециялық Андерссонды, афроамерикалық Джо Моро мен орыс ағайындардың алыптары Мартынов, Аксенов сынды күрскерлерді жыққан.
Біле жүріңіз:
1. Мұқан 1909 жылы спортта ғана емес, жеке өмірінде де олжалы болады. Ол Надежда Чепковскаямен танысып, қазақ арасында Бәтима деп танылған өнерлі әртіспен цирк иелерінің қарсылығыныа қарамастан үйленген. Сөйтіп, Омбы қаласында екеуі неке қиды.
2. Табанды күрессіз жеңіске жету мүмкін емесін білген ноян Азия чемпионы болғандықтан, оған «Жапония, Корея және Манчжурия чемпионы» лақап аты қойылған.
3. Ал Африкадағы ислам мемлекеттеріне сапарының оң нәтижесінде Мекке мен Мәдинедегі жеңістерінен кейін «мұсылмандардың ең үлкен балуаны» атанады. Ал орыс балуандары Мұқанды «костолом», яғни «сүйек сындырғыш» дейтін. Сондай-ақ, Орынборда Камухин циркіндегі халықаралық жарыста ер түлегі Қажымұқанның құрметіне «Бенефис» өткен. Айта кетейік, ол заманда «Бенефис» тек әлем чемпиондарына лайықтап жасалатын.
4. Қажымұқан Мұңайтпасов Ұлы Отан соғысы басталған тұста екі жылға жуық цирк өнерін көрсетіп, 100 мың сомдай ақша тауып, майданға жіберді.
5. Қ.Мұңайтпасов 1948 жылы Түркістан облысы, Ленин туы колхозында қайтыс болды. Темірлан ауылында ескерткіш орнатылып, 1980 жылы бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы, Арыс ауданы, Темірлан ауылында мемориалдық музейі ашылған. 1986 жылдан бастап Қ.Мұңайтпасов атында классикалық күрестен халықаралық турнирлер өтіп келеді.
6. 48 медаль олжалаған түркі халқының мақтанышының аты әлемдік деңгейде Иван Поддубный, Иван Шемякин, Алекс Аберг, Иван Заикин, Георг Лурих, Георг Гаккеншмидт, Поль Понс, Вейланд Шульц сынды балуандармен қатар тұрады.
Осымен Қажымұқан Мұғайтпасұлы туралы мақаламыз тәммам. Өмірде де, спортта да жығылмаңыз!
Бейбарыс Сакенұлы, журналист
Abai.kz