Болжам: Трамп пен Путин Астанада жолыға ма?
Өткен аптада жаһан жұрты ызу-қызу талқылаған үш маңызды оқиға болды: Оның бірі – Израильдің Ливанмен келісімі болса, екіншісі – Асад режимінің құрдымға бет алуы. Ал үшіншісі – Ресей президенті Путиннің Астанаға жасаған мемлекеттік сапары.
Алғашқы екі оқиғаның төтенше болуы түсіндіруді қажет етпейді. Ал үшіншісіне біз жеке тоқтала кетуді жөн көрдік.
ПУТИННІҢ АСТАНАҒА САПАРЫ: КРЕМЛЬДІҢ ҚАЛАУЫ НЕ?
Ресей президенті Путиннің Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапары туралы Қазақстан мен Ресейдің ақпараттық кеңістігінде аз жазылған жоқ. Талқыланған тақыртардың да аужайы ақтарыла айтылды. Бірсыпырасы мынау: Қазақстан мен Ресей арасындағы шаруашылық-экономикалық мәселелер, Қазақстанға газ экспортын, Қытайға газ транзитін дамыту, сондай-ақ атом электр станциясының құрылысы т.б. Бұлар күн тәртібіндегі негізгі мәселелер болды. Бұдан басқа, Қазақстан Ресейді елімізге көбірек инвестиция құюға шақырады, себебі ел күрделі экономикалық жағдайда, бюджет тапшылығын бастан кешіруде, ал батыс инвестицияларын тарту өзін ақтай қоймады.
Соның ішінде АЭС құрылысына қатысты: Ресей тарабы Қазақстанға АЭС-ті «Росатом» салғанын қалайды. Өзінің саяси-экономикалық тетіктерін барынша іске қосып, «Росатом» АЭС құрылысы жөніндегі жетекші компания» деген риториканы БАҚ-та, саяси дискуссий алаңдарында көбірек көтеруде.
АСТАНАНЫҢ ӨЗ МҮДДЕСІ БАР: ОЛ МӘСКЕУГЕ ҚОЛАЙСЫЗ
Ал Астананың ойы басқа. Астана Батыс Еуропа елдерінің қатысуымен консорциум құруға деген ниетін білдірді. Президент Тоқаев биыл Францияға жасаған сапары кезінде АЭС құрылысына қатысу туралы ашық мәлімдеді. Қазақстанның СІМ басшылығы Оңтүстік Корейге осы мақсатта сапарлап қайтты. Қысқаша осы.
Қазір жаһан жұрты назарындағы басты тақырып – Ресей мен Украина арасындағы үшінші жылға жалғасып жатқан қанқасап соғыс. Саясаттанушылар Ресей мен Украина арасындағы болжалды келіссөздер тақырыбын сөз еткенде, Путиннің Астанаға жасаған сапарына да тоқталады.
«Халықаралық институттар, бірінші кезекте БҰҰ «бейбітшілік алаңын» тұрақтандыру қабілетін жоғалтқан жағдайда, қазақтар Путин мен Траптың көңілін табуда ұтымды позицияны иелену үшін барын салады», - дейді.
ПУТИН МЕН ТРАМП АСТАНАДА ЖОЛЫҒА МА?
АҚШ-тың сайланған президенті Доналд Трамп президенттік қызметіне кірісе салысымен, Украинадағы соғысты тоқтатуға күш салатынын, Ресей мен Украинаның келіссөз үстеліне отырғызуға үмтылатынын айтқан.
Трамп келер жылдың (2025 жыл) 20 қаңтарында президенттік қызметіне кіріседі. Трамп пен Путин осыған дейін 2018 жылы Хельсинкиде кездескен еді. Ол кезде Трамп АҚШ-тың 45-ші президенті болған.
Енді Трамп Птуинмен қайта жолықпақ. Келіссөздерді бастау үшін алдымен Трамп пен Путин жеке жолығады деп күтілуде. Басты сауал – Олар қайда кездеседі?
Қисынға салсақ: Путин Халықаралық қылмыстық соттың тұтқындау туралы шешіміне ие тұлға. Сондықтан, ол ХҚС құзыреті жүрмейтін әрі өзіне қауіпсіздеу аумақты таңдайды. Саясаттанушылар бұл жағдайда Трамп пен Путиннің кездесуін өткізуге – Қазақстанның әлеуеті жететінін сөз етеді.
Путиннің Астанаға сапарының бұған қандай қатысы бар десеңіз: Тікелей болмаса да, жанама қатысы бар. Кремль Ақорданың ақылға қонымды әлемдік тәртіп туралы өз түсінігі бар екеніне қарамастан, АҚШ-пен және жалпы Батыспен жауапкершілік-конструктивтік қатынастарды сақтай отырып, сенімді одақтастығына көз жеткізді. Басқаша айтқанда, Путинге Трамппен Астанада кездесу қолайлы.
Жоғарыда айтылған Трамп пен Путиннің Астанадағы кездесуі - болжамдық идея. Немесе осындай идеялардың біреуі ғана... Неге болмасқа?..
Әбіл-Серік Әліакбар
Abai.kz