Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Талқы 679 5 пікір 11 Желтоқсан, 2024 сағат 15:05

«Болашақ» бағдарламасы тиімді ме, әлде жоқ па?

Сурет: eurasian-research.org сайтынан алынды.

Кейінгі кезде «Болашақ» бағдарламасын қызу талқылау орын алуда. Сонау тоқсаныншы жылдары Жапонияда бизнес мектебінде алғашқы білім алған қазақтардың бірі, соңынан сонда қызмет атқарған азамат ретінде ой бөліскенді дұрыс көрдім.

«Болашақ» бағдарламасын зерделеп, таразыға салғанда бірінші кезекте тиімділік көрсеткішіне өте үлкен көңіл аударылуы қажет, себебі бұл мәселе бюджетке тікелей қатысты. Бюджет қаржысының қайда кетіп жатқанын халық атынан сұрау бүгінгі таңда күттірмейтін сұрақ. Яғни «Болашақ» бағдарламасына инвестицияланған мемлекеттік қаржыдан күтілетін нәтижені дұрыс бағалау өте маңызды!

Бағдарлама отыз жылға жуық жұмыс істеп келеді. Ақиқаты, мыңдаған білімді, талантты, табысты мамандар экономиканың барлық салаларында қызмет етіп келеді. Мемлекеттік басқару органдарының билік құрылымдарында, соның ішінде ең жоғарғы лауазымдарда жұмыс істейтін «Болашақ» бағдарламасын түлектері жеткілікті. Отандық кәсіпорындар мен ұлттық компанияларды дамытуға өз үлестерін қосуда.

Соныменен қатар, өкініштісі, «Болашақ» бағдарламасының түлектері жергілікті, Қазақстанның қоғамдық жүйесіне бейімделмеген мемлекеттік бағдарламалар әзірлеп және жүзеге асыруға талпынуда. Кейде әдемі «ғарыштық» идеяларды ұсынып, әйгілі баяндамалар жасауда. Олар өздері оқыған әйгілі шет елдік оқу орындарының халықаралық тәжірибесін бейімделмеген қазақстандық жергілікті жүйеге қолданғылары келеді. Шет елдерде әртараптандырылған экономика және болондық оқыту жүйесі жүзеге асырылған. Ал біздің экономикамыздың құрылымы шикізат бағыттылығыменен, және ресурс сыйымдылығыменен айшықталады. Сондықтан олардың білімдерімен тәжірбиелерін жүзеге асыру біраз қыйыншылықтарға алып келуде.

Соныменен қатар, біздің елге әлі де отыз, тіпті елу бәсекеге қабілетті елдердің қатарына қосылудың ауылы алшақ. Егемендік алғанымызға отыз жылдан астам уақыт өтті. Осы аралықта Оңтүстік Азия елдері, әсіресе Оңтүстік Кореяны немесе Араб түбегіңің, оның ішінде Біріккен Араб Әмірлері дамыған елдер қатарына қосылды. Қазақстан дамушы елдер қатарында қалып қойды. Жүйелі шаралар кешенін жүзеге асырудың орнына, шет елдерде мамандарды дайындауға миллиардтаған АҚШ доллары жұмсалды. Шет елдік және отандық сарапшылар бұл үрдісті әдемі сөз тіркестеріменен сырты бүтін, іші түтін, берері жоқ слайдтарменен безендіріп, «жетістігіміз» ретінде түрлі-түсті презентациялар жасауды.

Ал бірақ, Қазақстанда материалдық, өндіріске арналған тауарлар нарқының орнына тұтыну нарығы қалыптасты. Сондықтан Қазақстанда бәсекеге қабілетті тауарлар өндірілмейді және қызмет көрсетілмейді. Нәтижесінде, экономикамыз әлжуаз күйінде қалып, еліктегіш халқымыз үшін нақты ешқандай нәтиже жоқ. Яғни, Қазақстанда күйбең, жалған дүниедегі бос әурешілік, слайдты, мәнсіз экономикалық орта қалыптасқан деп тұжырымдауға болады. Жалпы әсер, еліміз «Болашақ» бағдарламасы бойынша қайтарымды сезінбеді.

«Болашақ» бағдарламасының түлектері «жылдам жеңіске» жетеміз деп, бәсекелестік негізде министрліктер мен ұлттық компаниялардың жаңа басшылары қайта-қайта реформаларды жүзеге асыруда, ал экономика салалары іс жүзінде «құрдымға» кетуде, мәселелердің жүйелі шешімі жоқ.

Ал, жергілікті жердегі мамандар/орындаушылар абдырап қалды. Сондықтан, халықаралық тәжірибені жергілікті шынайы, мүшкіл жағдайды ескере отырып енгізу, бейімдеу қажет екндігі бүгінгі таңдағы бұлтартпайтын шындық деп түсіну керек.

Сондықтан мансаптық өсу меритократия қағидасына сүйене отырып, салалық, жергілікті тәжірибемен ұштастырылуы керек. Кәсіби құзыреттілік тек тәжірибеде, содан кейін ілімде қалыптасады. Тек қана ілімнің негізіндегі экономиканың басымдық бағыттарын тәжірбие өрісіне айналдыру өте үлкен қателік болып саналады. Мұндай үрдіс елімізде өнеркәсіптік тауарлар шығаруға арналған нарықты жоғалтуға алып келді. Мұндай тәжірбиелер еліміз үшін өте қымбатқа түсті. Жаппай жұмыссыздық белең алып, халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын мүшкіл етіп, кедейшілік жағдайға алып келді.

Сондықтан «Болашақ бағдарламасын» қайта қарап, дамытып, жетілдіру қажеттілігі уақыт күттірмейтін мәселе болып табылады.

Енді сұрақтың мазмұндық және сапалық көрсеткішіне көңіл аударалық, яғни не істеу керек, қандай тетіктерді қолдана аламыз:

- Дүниежүзінде әлемдегі ең жақсы университеттерде жүздеген тегін стипендиялық бағдарламалар бойынша мыңдаған ашықтық және жариялық негізде бакалаврият, магистратура және Phd докторантура бойынша, қолжетімді оқу бағдарламалары бар. Мен өзім де осындай тегін стипендиялық бағдарлама бойынша Жапонияда, Токио қаласында белгілі талаптартарменен емтихан тапсыру арқылы тапсырып, оқып шықтым.

Сондықтан болашақта «жаппай» шетелдік білім беруді қысқартып, жоғарыда айтылған тегін стипендиялық бағдарламаларға қайта бағыттау керек, ал «Болашақ» бағдарламасы ақпараттық қолдау көрсетуменен ғана шектелуі қажет. Осы тетік арқылы бюджеттен бөлінетін қаржыны сақтап қаламыз.

Айтпақшы, осы «Болашақ» бағдарламасы арқылы Англияда ғылыми тәжірбиеден өту мақсатында екі мыңыншы жылдары бірнеше рет қойылған барлық талаптарменен, емтихандарды тапсырып, ең соңғы коммиссиядан отырысында белгісіз себептерменен жолым болмай өтпей қалғанмын.

- Бюджет қаражаты бойынша шет елден мамандарды шақырудың орнына ерекше сұранысы жоғары, бюджетке салық төлейтін салалардағы базалық мұнай-газ, тау-кен, металлургия және ауыл шаруашылығына негізінен техникалық жалақысы жоғары мамандарды және адами капиталды қалыптастыратын білім, ғылым, медицина және мәдениет салаларында мамандарды шетелде оқытумен ғана шектелуі керек. Біздің елімізде ондай мамандардың барлық салаларда өткір тапшылығы туралы барлығымызға аян.

- Білімгерлерді шет елдің экономикасының құрылымы Қазақстанның экономикасының құрылымына мүлдем сәйкес келмейтін және шынайы жергілікті тәжірбиелік жағдайдан алшақ жағдайда оқыту оң нәтижеге алып келмейді. Сонымен қатар, жергілікті, біздің, қазақстандық университеттерге халықаралық тәжірбиені қазақстандық жағдайларға бейімдей алатын мыңдаған жетекші профессор оқытушыларды әкелу тійімдірек болады.

- Айтпақшы, өте пайдалы болып саналатын туризм саласында білім беру бағдарламаларын қолға алу керек. Әсіресе көршілес елдер жағдайында біздің елде оның әлеуеті жоғары және өкінішке орай, жете бағаланбайды.

-Талантты жастардың шет елге кетуін азайтуымыз қажет. Себебі жас мамандарды іс жүзінде мемлекет ақшасына дайындап «экспорттаған» боламыз, Мұндай тәжірибенің шетелде бар екеніне күмәнім бар.

Мен өзім оқып, қызмет еткен Жапония екінші дүниежүзілік соғыстан соң «Болашақ» бағдарламасына ұқсас бағдарламаны жүзеге асыруға кірісті. Жапон мемлекеті біздің қәзіргі қателерімізге ұқсас қателерін өте тез бір-екі жылдың ішінде қайта қарап, елдің стратегияляқ бағыттарына қайта бағыттады.

Соныменен, еш уақыта қаперден шығармайтын қағида. Біздің елде материалдық байлықты рухани, қазақи ұлағатты құндылықтардан жоғары санайтын егеменді жылдары жабайы капитализмге орын алған өтпелі кезеңде, тар жол, тайақ кешуде пайда болған, мәдениетсіздіктен зардап шегетінін біле бермейтін тұлғаларды қоғамға үлгі етіп алу, елді басқарудың ең сорақы, ұсқынсыз түрін қалыптастыруға алып келді.

Қазақы болмыс, қазақы рух-ата бабамыздан келе жатқан тұрақты болмысымыз, рухани өзегіміз. Ал өз келегінде рухани өзек, қазақы болмыс және қазақы дүниетаным Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық тұрақты дамуының кепілі. Бұл бұлжымайтын қағидат деп тануымыз қажет.
Құптасаңыз, таратыңыз, басқаларда таныссын.

Тарақты Бауыржан Түркістани

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1963