Сейсенбі, 24 Желтоқсан 2024
Аймақ 232 0 пікір 23 Желтоқсан, 2024 сағат 20:10

Жетісу облысы: Әлеуметтік осал топтар санатындағы 57 отбасы үйлі болды

Фотосуреттерді түсіргендер: Олжас Құрмашев, Қанат Байдрахымов.

Жетісу облысында әлеуметтік осал топтар санатындағы 57 отбасы  баспаналы болды. Атап айтқанда, Талдықорғанда 37 жаңа пәтердің, Сарқан қаласында 20 жеке тұрғын үйдің кілттері тапсырылды, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі. 

Сарқан ауданы әкімдігінің хабарлауынша, аудан орталығында баспана салу мәселесіне соңғы жылдары баса назар аударылып, ауқымды жұмыстар атқарылуда.

- 2022 жылы тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар үшін 5 қабатты 50 пәтерлі үй, өткен жылы «Болашақ» шағын ауданында екі қабатты 20 пәтерлі тұрғын үй қолданысқа берілді. Бұған қоса, ауданның әлеуметтік осал топтағы азаматтары үшін 24 тұрғын үй сатып алынып, берілді. Бүгін 20 үйдің кілті тапсырылса, бұдан бөлек, жақын арада осы типтегі 30 тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, қолданысқа беріледі, - дейді Сарқан ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, автомобиль жолдары, жолаушылар көлігі және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Әсет Қанапиянов.

Осы күні жаңа үйге ие болғандар қатарында жетім балалар, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеуші отбасылар, мүгедектігі бар азаматтар, көп балалы аналар, толық емес отбасылар, Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілгендер бар.

Сарқандық көп балалы ана Толқын Мантекова қоныстой қуанышына кенелгендердің бірі.

- Тұрғын үй кезегіне 2019 жылы көп балалы ана ретінде тұрғанмын. Бүгін жаңа жыл қарсаңында арманымызға жетіп, үйлі болдық. Мемлекет тарапынан берілген үй кең, жайлы, қолайлы. Баспаналы болғанымызға әсіресе балаларым ерекше қуанып жатыр, - дейді.

Облыс орталығы Талдықорған қаласындағы «Құлагер» шағын ауданынан жаңа пәтерге ие болған Жанар Болатбекова да ой бөлісті.

 - Бүгін көптен күткен пәтерімізді алдық. Мүгедектігі бар баламыздың денсаулық жағдайына қолайлы жаңа пәтерге ие болғанымызға қуаныштымыз. Кезекте 10 жылдан аса уақыт тұрып, осы күнді күттік. Сол күнге де жеттік, рақмет, - деді Ж. Болатбекова.

Жалпы Жетісу облысында биыл тұрғын үй құрылысына 7,6 млрд. теңге бөлінді. Бұл қаржы 56 көп қабатты мен 214 жеке тұрғын үй салуға бағытталды. Бұдан бөлек, халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 866 пәтер сатып алынды, оған 15,9 млрд. теңге бөлінді

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1991