Итжығыс немесе тартысты транзит жылы
2024 жылдың басты трендтері туралы…
Аяқталғалы жатқан жылдың ұлттың ұйысуы не ұйыспауына, қоғам мен биліктің бір-біріне деген көзқарастың оң не теріс болуына тікелей әсер еткен бес оқиғаны атағым келеді.
Және де әрбір оқиға қоғам мен мемлекетіміздегі басты трендтерді қалыптастырып отыр.
Біріншіден, ол – бүкіл елді дерлік жайлаған, бұрын-соңды боп көрмеген топан су. Он облыста бір кезде төтенше жағдай жариялануының өзі не тұрады? Қаншама адам зардап шекті?! Құдайға шүкір, адам шығыны болған жоқ. Бұл апатқа кінәлі табиғат емес (жыл сайын қар жауады, көткемде ол ериді), бар кінә үкіметте деп санаймын. Иә, бірді-екілі шенеунік жазаланды, алайда сол апаттың себептері мен салдарынан үкімет тиісті қорытынды шығарды деп ойламаймын, өйткені сол туралы ресми ақпаратты осы күнге дейін естіген жоқпын.
Иә, топан судың бір себебі – өзендеріміз бастау алатын Ресей жақтың артық суды төмен қарай, яғни біздің жаққа шамадан тыс көлемде ағызуында деген де долбар бар. Бірақ, екі ел арасына сына қағуы мүмкін болған соң, ол тақырып әлі де жабулы күйінде.
Екіншіден, ол – Алматы облысы Талғар қаласында 16 жасар Шерзаттың өлімі. Бір аудандағы трагедия бүткіл елдегі басты проблеманы, яғни билік пен қылмыстық топтардың тонның ішкі бауындай араласып, біте қайнасқанына тағы да баршамыздың көзіміз ашты. Шерзаттың өлімінен кейін: «Бәрін бақылауда ұстап отырмыз!» деп, елді сендірген полиция басшыларының сөзінен кейін Шерзаттың отбасының үйінің өртеніп кетуі, одан соң оның ағасының жұмбақ жағдайда өмірден озуықұқық органдарының әлжуаздығы мен бейшаралығын ап-анық көрсетті деп ойлаймын. Шағын ғана қаладағы бір қылмыстың осы күнге дейін ашылмауы да жұртшылықтың ашы-ызасын туғызып отырғаны және де ондай көңіл-күй елдің өзін Әділетті деп жариялаған Жаңа Қазақстанға деген сенімін арттыра түсірмейтіні түсінікті.
Үшіншіден, аумағына бес Франция сыйып кететін, ара қашықтығы үш мың шақырымдай Атырау мен Алтайдың арасындығы ұлан-ғайыр жерді алып жатқан мемлекетімізде бірыңғай сағат белдеуінің енгізілуі. Өкінішке орай, осы шешімге қарсы қауым әлі де тынышталар емес. Ал осы шешімді қабылдаған үкіметтің уәждері әлсіз әрі қисынсыздау. Әлеуметтік наразылық ауылына тағы да бір үлкен, көпшіліктің қолдауын тапқан жағрафиялық, физиологиялық, моральдық-психологиялық, керек десеңіз, қоғамдық-саяси себеп қосылды деп нық сеніммен айтуға болады.
Төртіншіден, ол – Қазақстанда АЭС салу жөніндегі бүкілхалықтық референдумның оң шешімі. Семей полигонының адам айтқысыз зардабын шегіп, тауқыметін тартқан қазақ елі үшін атомофобия болуы әбден орынды деп санаймын. Оның үстіне, көп жағдайда өзіне, саяси конъюктураға ғана тиімді шешім қабылдап келген билікке де аса көп сенім жоқ, өйткені бұған дейін жалпыхалықтық мүддеге қарама-қайшы талай оқыс та оспадар шешімдер қабылданып келді. Аузыкүйген, үріп ішеді демекші, жұрт әлі де биліктің осындай үлкен бастамаларына күдікпен қарайтыны содан.
Оған қоса, АЭС салу бастамасы геосаяси сипаталып кеткені де рас. Украинаға қарсы соғыс ашып, ұжымдық Батыстың санкциялары мен шектеулеріне ұшыраған, әрі технологиялық дамуы жағынан өркениет көшінен кейін қалған Ресейдің осы жобаға араласу мүмкіндігі біраз ағайынның қарсылығын туғызып отырғаны да рас.
Бесіншіден ол – ақпан айында үкіметтің ауысуы мен жыл аяғына таман ұлттық валютамыз – теңгенің тағы да құлдырауы. Бір қызығы – үкіметтің, дәлірек айтсақ, премьердің ауысуы ел ішінде және сарапшылар арасында соншалықты резонанс туғызған жоқ. Ол жұрттың үкіметтің және оның басшысының ауысуынан көп нәрсе күтпейтінінің белгісі деп ойлаймын. Экономикалық саясаттың басты бағыттарын әлі де президент анықтап отырған саяси жүйеде солай бола бермек.
Ұлттық валютаның бағамы болса – кез келген ұлттық экономиканың рас ахуалын сипаттайтын лакмус қағазы десек, біздің қағазымыз бояу жағынан ұятты болып тұр!
Бір қызығы сол – аяқ асты девальвация, тауарлар мен тарифтердің күрт өсуі, жұмыссыздықтың ұлғаюы секілді экономикалық, қаржылық шоктарға көпшіліктің еті үйреніп қалған сияқты. Оның бір себебі – үкіметтің біліксіздігі мен жауапсыздығы екенін президент те түсінген сықылды, соның бір көрінісі – осы жылы өз жалғасын тапқан кадрлардың тұрақсыздығы, тым жиі ауысуы: министрлер келеді де, кетеді, оларға сұрау салып жатқан ешкім жоқ. Өз басым тура Жаңа Жыл қарсаңында анау-мынау емес, Ұлттық экономика министрінің мансап мерзімі бір жылға жетпей, орнын босатуын тұтас үкіметтің отставкаға кетуінің алғышарты деп түсінемін.
Осыдан біраз уақыт бұрын, мәселен, 90-жылдарының аяғы мен 2000-жылдардың басында теңгенің күрт құнсыздануы қоғамның нарызылығын туғызып, өзін оппозиция санайтын партиялар ашулы мәлімдемелер жасап, шулы акциялар өткізіп жататын. Бүгінде оның бірі де жоқ. Жұрт дағдарыс алдында шарасыз үкіметтен де, саяси күрестің орнына өзара ырду-ырду боп, тек қана бір-бірін жамандаумен айналысатын оппозициядан да түңілген сияқты.
2024-жылдың басты саяси-психологиялық бір нәтижесі де дәл осы жайт!
Қарап отырсақ, жоғарыда аталған басты оқиғалар мен трендтерде ескі Қазақстанның да, Жаңа Қазақстанның да сипаттары бар. Яғни, транзит жағдайындағы екі жүйе бір-бірімен әлі де тартысып жатыр.
Әзірше итжығыс.
Тартысты жылдың басты қорытындысы да сол болар...
Әміржан Қосан
Мақала суреті: Qazaqstan.tv сайтынан алынды.
Abai.kz