Сәрсенбі, 8 Қаңтар 2025
Білгенге маржан 2077 0 пікір 7 Қаңтар, 2025 сағат 18:45

Тарих соқпағынан сүрінбеген жан

Сурет: Автордың жеке мұрағатынан алынды.

«Тұран», «Ғұн»,  «Күлтегін», Сақ, сияқты киелі атауларды біз Тәуелсіздік жылдарында ғана жиі ести бастадық десем артық айтқандығым емес. Тәуелсіздік алар тұста Алаштың арда азаматы Мағжан Жұмабаевтың отты жырларында: «... Бір күнде сенің иең Түрік еді, Орын ғып көшіп қонып жүріп еді» - десе, Шығыс пен Батысты, Оңтүстік пен Солтүстікті еркін жайлаған түркі баласын ақиық ақын Мұқағали Мақатаев: «...Үш күн нұрын төгеді аспанымнан, Атырау, Алтай, Арқа, Алатауға», – деген өлеңдерінен есейе келе көкейге түйдік. Дегенмен, осынау кең сахараның баурайын ат тұяғымен дүбірлеткен батыр бабларымыздың ұлы ерлігі жайында мен өзімнің әжемнің аузынан да бала күнімде еститін едім. Бірақ олар ескіліктің сарқыншағы деп санамызға жаңа қоғамның, коммунизмнің қиял-армандарын тереңдетуді көздеген идеология бұл аңыздарды тұшына тыңдауға мүмкіндік бермеді.

«Әже – алтын қазына» демекші,әжем Әлжан Әбділдақызы сұңғақ бойлы, дене бітімі сидаң, қыр мұрынды, сұлу өңді жан еді. Арабша сауат ашқан, өмірге деген көзқарасы нық, қарапайымдылығынан даналық есіп тұратын, өзіне де өзгеге талапшыл, «кіді» кісі болатын. Істеген ісіне ұқыпты, тұтынған затына қылау түсірмес тазалығы байқалатын. Кимешегі ашаң жүзіне сән беріп, мейірлене қарайтын шүңет көзінен нұр төгілетін, үнемі ызыңдаған әуенмен жүретін. Үстінен тастамайтын бешпентінің жан қалтасынан бет орамалын алып салалы саусақтарымен бүктеуін жазбаған күйі иегін сүртетіні көз алдыма келеді. «Ала ғой, күнім» деп тәтті ұсынатындай көрінеді. Көп сөйлемейтін, әр іске ризашылығын не кейісін қабақпен сездіретін. Ес біліп, етек жапқаннан әжеміздің бауырында өстік. Әке-шешеміз колхоздың шопаны ретінде көп уақытын сырта өткізетін. Сонда балаларын бауырына алған ана қаздай әжеміз маңайынан ұзатпай, отқа-суға түсірмей көзінің қарашығындай сақтап-баққан екен. Арғы бетте түрлі өмір қиыншылығын көргеннен бе, әлде өзге де бір себептері бар ма, қайдам, іні-бауырларымның бірі көзінен таса болса, «ұрлап кеті-ау» деп қатты қобалжитын. Жыл айырмамыз бір жас, екі жас, топты баламыз, сонда үстімізді жылылап, тамағымызды жасап бар ісі бізді бағумен өткен екен-ау.

Тұзкөл деген жерде екінші баласы Шорман әкеміздің үйінде екінші сыныпта оқимын. Өзімнен төрт ай кіші Қуаныш атты бауырым екеуміз бір сыныпта оқимыз. Әкеміз Шорман ауыл моншасын жағады, әкесінен жұққан ұсталығыда бар. Айтқандай ауылда екі Шорман бар. Біздің әкеміз ұста Шорман, екіншісін жынды Шорман дейді. Негеліктен олай аталғанын білмедім. Сөзі де, өзі де сап сау, денелі, ірі адам.

Бір оқиға есімде. Қысқы соғым уақыты болатын. Бауырым Қуаныш екеуміз мектепке кетіп бара жатқанбыз. Жол аппақ қар. Сырғанап қоямыз. Бір жіліктің басын тауып алып, көшенінің екі шетінде бір-бірімізге кезек теуіп ойнап келе жатқанбыз. Аяқастынан жілікті көшенің иті тістеп ала қашты. Қуамын деп ұмтылғанда тайып жығылдым, аяғым қайырылып түсті. Аяғымды баса алмай қалдым. Сабақ жайына қалып, әрең сүйретіліп үйге жеттік.

Үйдегілердің сұрағына:

– Әлгі Мұдұн ақсақалдың Дәулетжан деген сотқар баласы жынды Шорманның иттін айтақтап, содан қашып, тайып жығылдым, – дедім. Қуанышта мақұлдап қояды. Екеуміз жол-жөнекей құрастырған өтірік қой. Сүйек тептік десек пәлеге қалатынымыз анық. Қожаша өтірікті құрастырып гуу дегіздік. Оның үстіне сыныптың атаманы Дәулетжанның тісі батып жүрген. Әжем сынықшы іздеп әбігерге түсті. Таңата әжем Қуанышпен бірге мектепке кетті. Бір аяғын сылтып басатын, қолында таяғы бар. Мектепке бара алдыңғы партада отыратын озат оқушы Дәулетжанды таяқпен бастан салып-салып кеп жібереді ғой. Мұғалімде, Дәулетжанда аң-таң. «Менің балама ит айтақтап, аяғын неге шығарасың» - дейді ғой қайран әжем. «Мен емес, те мен емес», – деп ол шырылдайды. Сонымен не керек әжемнің де ашуы басылып, менің де аяғым жазылып, арты ұмыт болды.

Сөйткен Дәулетжанмен өмірлік доспыз. Менің үйлену тойымдағы жігіт жолдас, білдей бір ауданның саясат жөнінен әкімі болған саналы, іскер азамат. Дәулетжан өзге азаматтығынан бөлек және бір ісі: менің Молдасан атамның жасап берген ертоқымынан қалған жалғыз үзеңгіні көрсетіп: «Ереке, мынау сенің Молдасан атаңнан қалған жәдігер, өз қолымен соққан үзеңгісі», – деп аса қадірлі дүнені көрсеткені бар. Көрсеткені болмаса, «менің де әкемнің қалдырған сыйы, саған бере қояды екен деп ойлама» - деп балалық шақтағы өшін бір қайтарып алған болатын.

Содан Әжемнің қайсарлығына сеніп, менде батыр бола бастадым. Әже мен немере достығы басталды.Әжемнің қамқорлығын көп көрдім ғой. Бар тәті-мәтті болса менікі дегендей... қайран алтын әжем-ай... Алтыншы сыныпта интернатта жатып оқимын. Әкем Мышан келіп:«Әжең сырқаттанып, ауыруханаға түсіп қалды» – деді. Мені ертіп ауыруханаға әкелді. Ауырхананың іші басқа бір әлем сияқты, ақ жамылған адамдарды бірінші көруім. Бір жайсыздықты ішім сезгендей, жүрегім аузыма тығылды. Палатаға кіре өгіздей өкіріп қоя бердім. «Әже, сені неге жатқызып қойған, өлмеші» деп өкіре келіп әжеммен көріскенім әлі есімде. «Паһ шіркін, Әжесін сағынғанын-ай мынаның, әжең тірі, өлген жоқ» – деп біреулер мені жұбатып қояды. Кейін Әжем: – сол ауырудан өлер едім, сенің көз жасың аман алып қалды», – деп маңдайымнан мейірлене иіскеп, кеудесіне қысатын. Әскерден келгенімде: «Ерсан, сенбісің?! Сені Алла көруге нәсіп етіпті ғой, тауба» деп дауысы дірілдеп, кемсеңдей тебіренген. Әжемнің тоқсанға жақындап, әл-қуаты кеміген кезі еді. Әрі-бері болып кетсем, көрмей қалам-ау деп уайымдағанын сонда білдім.

Әжемнің (Әлжан Әбділдақызы) әкелері, ұлы нағашы аталарым ақпатша заманында қуғын көріп, бір ел асып, туған топырағынан жырақтаған. «Арқада жұт болмаса, арқар ауып несі бар» - дегеніндей қазақ қауымы үшін туған топырақтан жырақтау үлкен бір дүптулердің ықпалынан екені белгілі. Содан әкеміздің азаматтығының арқасында, жас та болса бас болып 1962 жылы елге отбасын бастап келгенін білеміз. Әрине, сол кезде де, тіпті қазір де қоныс аудару, жаңа жұртқа орнығу оңай іс емес. Әкеміздің қайыспас қайсарлығының арқасында орын теуіп, абыройлы ісімен елге танылғаны өзінше бөлек әңгіме. Қазір ойласам, әкелердің ұрпақ үшін атқарған істері ұшаң-теңіз. Бізден шынымен бақытты жандармыз. Егер бір күндігіне малданып, аз-маз тапқанымен өзге елде тамақ асырап жүре бергенде біздің күйіміз қандай болар еді деген ой келеді. Әртүрлі себеп-салдармен басқа елде тұрып жатқан қазақтар қаншама. Оралайын десе жат ел мәдениетін бойына сіңірген ұрпақ көнбейді, тілі, діні, ортасы басқа. Қандай өкінішті десеңші?! Бірақ, сол елде бай, ауқатты тұрсада, ұрпақтары жұтылып кетіп жатқаны қанша?! Түрлі саясаттың құрбанына айналып, соғыстың зардабын шегіп жатқандары қанша?! Ұрпақтары сол елдің тарихымен біте қайнасып, құмға сіңген судай жоқ болып кетіп жатқандары қаншама?! Отанына, туған жеріне жете алмай, өле-өлгенше аңсаумен көз жұмғандар ше?! Елін аңсаған қаншама қазақтарды көріп қиналамын. Иә, тағдыр дейміз. Сол басқа берген тағдырды да жасайтын адам емес пе?!

Қаншама қиындықты көрсе де, бой бермей қүресу – қайраттылық. Иә,  барлық нәрсенің құнын көргенімізбен ешнәрсені бағалай алмайтынымыздан опық жеп жатамыз. Тапқан-таянғанын, асырап отырған ісін тастап, басқа елге келгенде біреудің есігінде, қызметшісіндей күйде болу, кімді де болса азапқа салары анық. Адам өмірі дария үстіндегі көпір іспетес. Бір жағадан екінші жағасына өтесің. Қалай өтесің, ол сенің жолың. Адам өту үшін дарияға салынған көпір қандай керек болса, бізге де елімізге жету соншалықты қажет еді. Әлдекімдер ойлап тапқан саясаттан екі ел арасындағы қаншама адамдар жапа шекті?! Сол өмір-көпірімен өз еліңе өтіп, сонда өгейлік көргеніміз жаныма батады. Бұл жолды менің әке-шешем, оның әке-шешесі қаламаған шығар. Бұл «өміркөпірі».

Осы сәтті есіне алған сайын әжемнің үнемі айтатыны: «Адамның асыл қасиеттерінің бірі – төзімділік пен табандылық. Жанына азап өткенде де қайыспайтын адамды «ит жанды» деп атайды. Ондай адам ит салпақта жүріп қорлық көрсе де, азапқа шыдап, азаматтық қасиетін жоғалтпайды. «Адам – итжанды» деген рас екен. Есіңде болсын, сенің өмір жолыңмен ешкім жүрмейді, өзің ғана жүресің. Ешуақытта шаршама. Өткенге өкінбе, алға мақсат қой адал еңбек ет», – дейтін әжем әңгімесінің аяғын маған тіреп. Содан соң: «Қайран Қарқарам...» – деп отыратын еді атаң (Молдасан)» деп ескі күндерді қиялмен шарлап ойға бататын еді. «Албанның ертегідей сұлу жайлаулары Үш Мерке, Дөңгелек саз, (қазіргі Бөлексаз) Үшқарқара, Сырт, Лабас, Шалкөде – жасыл торғынға бөленген, көк кілем тәрізді. Жазды айтсаңшы шіркін... Қарқара жәрмеңкесіне жан-жақтан келген саудагерлер, жазық толған құмырсаның илеуіндей мал. Базарға мына Құлжа, Қашқар, Хиуа, Бұқар,Самарқан, Ташкенттен келетін. Албанды аузына қаратқан Ұзақ, Жәмеңке батыр, Көдек, Таңжарық  деген аталарың болған. Мен екі елді, екі ғасырды көрдім. Атаң елге сыйлы, беделді ұста болды. Ат әбзелдерін жасады. «Ер қанаты – ат болса», «Ерге мінген жігітке – он кісілік күш бітеді» - деген атам қазақ. Бір ат әбзелінің құны екі үш ат тұратын... Оны тапсырысқа қарай күмістен, кейде алтынан жасайды. Қазақтың ат әбзелдеріне ер, тоқым, өмілдірік, құйысқан, үзеңгі, айыл, жүген, ноқта, көпшік, шылбыр, қамшы және т. б. жатады ғой... Сегіз баламмен 40 жасымда жесір қалдым. Тұңғышым Зейнепхан әпкеңді тұрмысқа ұзаттық. Жұмабай деген жездең мен әкпең балалардың өсіп жетілуіне көп жәрдем етті. Онда әмеңгерлік деген бар. Жесір қалғандарды қайнына не қайынағасына қосатын. Еее, балам-ай, соны ойласам, жүрегім қақ айырылады. Содан ағайын-туыстар ақылдасып «Жетімнің ризығы – жұрттан» демекші ағайын ортасын көшіріп алмақ болды. Қуансаң бірге қуанып, қайғырсаң қасыңнан табылар, әрқашан тілеуіңді тілеп отыратын сенің ұлы нағашыларың, менің бауырларым Кітапбай келіп «Сен көшсең, қатыны өлген інісіне қоспақпы екен» дегенді айтты. «Жесірқатын – ер болар,Жетім бала – ел болар» - демекші көшті бірден тоқтатым... Сенің әкелерің Мышан, Шорман жастай жұмысқа араласты. Шорманхан бір жаста қалды. Тұрмыс та түзеле бастады... Е е е, өткен күнде белгі жоқ деген, өкініш жоқ, тек... тұрмыстағы үш қыз  арғы бетте қалды. Туған қыздарымды енді көретін күн болар ма екен, әй, қайдам» деп егіле түсті. Әшейінде шешіліп көйлей бермейтін әжемді бүгін жаңа бір қырынан көргендей таңданып та отырмын. Ғасырдың куәсіндей кейуананың көңіл түкпіріндегісін ашқанына марқайып та отырмын. Әжемнің айтқаны келді. Расымен арғы бетте қалған перзенттерін көрмей, бақиға аттанып кете барды. Шығыс бетке қарап «Біздің қоныс осы тұста, әлгілер қандай күйде екен?» дейтін еді. Кетер-кеткенінше дегдар қалпын бұзбай, тік жүрген күйі өзі тілегеніндей «ешкімге ауыртпалығын салмай» кетті.

Еее... асылдың сынығы асыл әжем-ай. Сағынып отырмын. Әжелердің – отбасының ғана емес, әулеттің де ұйытқысы екенін, ағайын-туғанның бірлігін сақтар асыл анасы екенін, қазынасы сарқылмас ұрпақ тәрбиешісі екенін кейінгі буын түсінсе, қадірлесе ғой.

Ерсайын Мышанұлы Молдасанов 

Abai.kz

0 пікір