Жұма, 10 Қаңтар 2025
Көршінің көлеңкесі 403 0 пікір 10 Қаңтар, 2025 сағат 12:51

Путин Ресейін қорғай алды ма?!

Сурет: lenta.ru сайтынан алынды.

Стив Розенберг, ВВС-дің Ресейдегі тілшісі:

1999 жылғы Жаңа жылды ешқашан ұмытпаймын.

Ол кезде мен ВВС-дің Мәскеудегі кеңсесінде продюсер болып жұмыс істейтінмін. Кенеттен тосын жаңалық шықты: Ресей президенті Борис Ельцин отставкаға кетті.

Бұл жаңалық барлығын, соның ішінде Мәскеудегі британдық баспасөз корпусын да таң қалдырды. Бірақ жаңа жыл түні кеңседе ешкім болған жоқ. Маған BBC үшін алғашқы репортажымды жазып, таратуға тура келді.

«Ельцин ылғи президенттік мерзімімді аяғына жеткіземін деп айтатын, бірақ бүгін ол орыстарға өз ойын өзгерткенін мәлімдеді», - деп басталды менің жазбам.

Бұл менің журналист ретіндегі жұмысымның басы ғана емес, Путиннің де Ресейдің басшысы ретіндегі мансабының басы еді.

Өйткені, Ресей Конституциясы бойынша Ельцин отставкаға кеткеннен кейін сол кездегі премьер-министр Путин президенттің міндетін атқарушы болды. Үш айдан кейін ол сайлауда жеңіске жетті. Кремльден кетіп бара жатқанда Ельцин Путинге: «Орысыңа қамқор бол» деп, Ресейді аманаттады.

Ресейдің Украинадағы соғысы төртінші жылға жақындаған сайын, мен Ельциннің қоштасқандағы сөзін жиі еске алатын болдым.

Себебі, Путиннің Украинаға жаппай басып кіруінің ауыр зардаптары болды.

Алдымен Украинаға келсек, онда қалалар жаппай қирандығы айналды, тұрғындары құрбан болды. Аумақтың 20%-ға жуығы оккупацияланып, 10 миллион азамат босып кетті. Әрине Ресей үшін де зардабы бірдей ауыр болды.

Мен Путинді ол билік жүргізген 25 жылдан бері жазып келемін.

1999 жылдың 31 желтоқсанында «Ресейдің жаңа басшысы ширек ғасыр өтсе де билікте болады, Украинаға басқыншылық соғыс ашып, Батысқа қарсы тұрады?» деп кім ойлаған.

Путин 2022 жылы аталмыш «арнайы әскери операциясын» бастағалы бері Ресей ұрыс даласында үлкен шығынға ұшырады. Мені «Кезінде Ельцин мұрагерлікке басқа біреуді таңдаса, тарих ағымы түбегейлі басқаша болар ма еді?» деген сұрақ жиі мазалайды. Әрине, бұл сұрақ ғылыми тұрғыдан зерделеуді қажет етеді. Десе де тарих кездейсоқтық пен ықтималдыққа толы.

Бірақ мен соңғы жиырма бес жылда ұқсамаған Путинді көрдім деп сенімді түрде айта аламын. Және бұлай сезінетін жалғыз мен емеспін.

Өткен жылы НАТО-ның бұрынғы басшысы Лорд Робертсон маған:

«Мен көрген Путин мәмілегер еді. Менімен «НАТО-Ресей кеңесін» құру туралы келісімге келді. Ол кездегі Путин қазіргі өктемшіл Путинге мүлді ұқсамайтын», – деді. Ол тағы да: «2002 жылы мамырда менің жанымда тұрып, Украина егеменді, тәуелсіз мемлекет, ол өз қауіпсіздігі туралы шешім қабылдайды деп айтқан адам, қазір Украинаны «мемлекет емес» деп отыр. Менің ойымша, Путиннің ішкі байыптылығын өз еліне деген өте күшті амбициясы жеңіп кетеді. Кезінде кеңес одағы  әлемдегі екінші супердержава болып саналды. Ресей енді қайтып мұндай мәлімдеме жасай алмайды. Осы факт Путиннің өз-өзін жоғалтуына ұрындарады», – деді.

Түсінікті етіп айтқанда Путиннің «Ресейді қайтадан ұлы ету» арманы (көптеген азаматтардың Мәскеудің «қырғи-қабақ соғыстағы» сәтсіздігін айыптауын өтеу үшін) Ресейді көршілерімен, Батыспен теке тіреске алып келді.

Алайда Кремль мұны басқаша түсіндіреді.

Өзінің сөйлеген сөздері мен түсініктемелерінде Путин Ресейдің жылдар бойы өтірік пен өсекке, кемсітуге ұшырағанын және оның қауіпсіздік мәселелеріне Батыстың сәл қарағанын алға тартады.

Путин 2022 жылы Украинаға қарсы «арнайы әскери операцияны» бастағаннан бері Ресей ұрыс даласында үлкен шығынға ұшырады.

Бірақ Путиннің өзі Ельциннің «Ресейге қамқорлық жаса» деген өтінішін орындадым дегенге сене ме?

Жақында маған бұл туралы білуге мүмкіндік туды.

Төрт сағатқа созылған жыл соңында өткен баспасөз мәслихатында Путин мені сұрақ қоюға шақырды.

«Ельцин сізге Ресейге қамқор болуды аманаттады», - деп еске салдым мен оған.

«Арнайы әскери операциялардағы ауыр шығынды, Украина әскери күштерінің Курск аймағын басып алуын, шетелдік санкциялар мен жоғары инфляция деңгейін қаперде ұстасақ, сіз өз еліңізге қамқор болдым деп ойлайсыз ба?» деп сұрақ қойдым.

«Иә!» деп жауап берді Путин.

Ол Ельцин тұсындағы Ресейді егемендігінен айырылған ел ретінде сипаттап, Батысты «Ельциннің иығынан қағып, Ресейді өз мүдесі үшін пайдаланды» деп айыптады.

Путин Ресейдің тәуелсіз және егемен ел болуы үшін «бәрін жасап жатырмын» деп есептейді.

Путин өзін Ресейдің егемендігінің қорғаушысы ретінде көрсетеді: бұл оның Украинаға басып кіруін ақтау үшін ойлап табылған пайым ба, әлде ол Ресейдің тарихи дәстүрінің қазіргі көрінісі ме? анық айта алмаймын. Әлі де нақты жауап бере алмаймын. Бірақ менің ойымша, бұл өте маңызды мәселе. Бұл сұрақтың жауабы соғыстың нәтижесі мен Ресейдің болашағына әсер етуі мүмкін.

Abai.kz

0 пікір