Мұхтар Мағауин өлген жоқ...
О, құдай, менің Мұхтар атамыздың өліміне қайғыра алмағаным қалай? Әлеуметтік желі мен ақпараттық текшелерді шулатып жатқан атамыздың қайғылы хабарымен, жақсы-жаман өткен өмірін жарыса жазған жазбалар тек менің ғана емес, қолфонды қолында ұстаған пенденің көзіне көрінбей қалмақ емес.
Торап бетін торлап қаптаған қалың жазбаның арасынан Abai.kz текшесіне жарияланған мына бір мақала - «Мұхтар Мағауин кімге талақ айтып кетті?» - менің назарымды өзіне еріксіз бұрып, қалам тербеуіме себепші болды.
Ұлттың көшін бастап, ел алдында жүрген ағаларымыздың көбі қазақ үшін қалам тербеген қазыналы қартымыздың қаралы хабарын жаза келе, ол кісінің жазғанымен жаңылғанын бірде жылап, бірде сынап жазыпты. Менің білуімше, қасиеті қашпаған қазақ халқы арғы дүниеге аяқ басып, қара жерге қайтқан адамның артынан жамандығын жағына алмайтын еді. Қаралы хабардан кейінгі қоғам пікірінің екі бетте болуына мүйізі қарағайдай жазушы Мұхтар атамыздың «Үрген қарын» шығармасы себеп болса керек. Бірақ бұл шығарма жайында ешкім тіс жарып, ештеңе айтып жатқан жоқ. «Үрген қарынның» ішінде ары кетіп, марқұм жазушының тірісінде тілі батпай, өлген соң көлеңкесін мақтап, «Үрген қарынды» жарғысы келетін арсыздардың аз емес екенін байқадым.
Мұхтар атамыз арғы дүниеге жалғыз кеткен жоқ…
Бұл мақаланың соңында мен мынаны астын сызып айтқым келеді: «Мұхтар Мағауин өлген жоқ, қасиеті қашпаған, ары таза әр қазақтың жүрегінде ол әлі тірі. Оның есімі әлдеқашан болашақ тарихқа таспен қашалып, мәңгілік өлмес мөрі басылған».
(Міне, бұл — менің Мұхтар Мағауин атамыздың дүниеден өткеніне қайғыра алмауымның себебі).
Айдын Әкбарханұлы
Abai.kz