Сәрсенбі, 15 Қаңтар 2025
Ақмылтық 4956 5 пікір 14 Қаңтар, 2025 сағат 14:24

Мұхтар Мағауин кімге талақ айтып кетті?

Суреттер: magauin.com, stan.kz және abai.kz сайттарынан алынды.

Белгілі айтыс ақыны Мұхаметжан Тазабек өзінің Фейсбук парақшасында былай деп жазды: «Мағауиннің қазасы нені ұқтырды… Үш күннен бері үш нәрсе ойыма орала берді. Жүректе сақтамай, жұртпен бөліскенді жөн көрдім»… ‑ деп. Қаралымы сұмдық. Дұрыс екен деп жатқан жұрттың да қарасы  жеткілікті. Сондықтан, Мұхаметжанның бұл жазбасына сырттай пікір білдіруді жөн көрдік...


М.Тазабек: 1 - Ұлы адамдарды Алла ұлы ғып жаратады. Жақсы  ма, жаман ба, ғалым ба, залым ба, зиялы ма, зиянды ма - ұлы адам бәрібір тарихта ұлы боп қала береді.

Пікір: «Ұлы адамдар» жақсы ма, жаман ба, ғалым ба, залым ба, зиялы ма, зиянды ма.... Өте күмәнді сөздер. Себебі, «Ұлы» сөзінің өзі адамның «Құдай қалаулысы» деген мағынаны білдіреді. Ендеше, «жаман», «залым», «зиянды» ‑ адамзат үшін ешқашан ұлы болып қала алмайды. «Ұлылық – Құдай сипаты» десек, онда біз сияқты пенделердің «Құдайдың өзінде зымияндық пен зұлымдық»  бар деп айтуға еш қақымыз жоқ.

Жазба авторы мүмкін Гитлерді «ұлы» дегісі келген болар. Бірақ, адамзат оны ешқашан Ұлы деп айтпады. Гитлер – адамдар үшін әр уақытта «зұлымдық генийі» болып қала бермек. Ондай адамдардың тұлғалық сипаты «Зұлымдық эталоны» болуымен сипатталады. Ешқандай Ұлылық жоқ онда.

М.Тазабек: Ірілердің ірі боп, мықтылардың мықты боп қалуының ең бірінші себебі - мақсатына адал боп, принципінен қайтпауында. 

Пікір: Бұл сөзбен біршама келісу‑келіспеуге болады: «принциптен ауытқымау» ‑ ол жаман қасиет емес...  Бірақ, мұнда «Мақсатына адал болу» дегенге назар аудару керек. Ол не мақсат? Ол ізгілікке бастайды ма, әлде зұлымдыққа бастайды ма?Мәселе осында. Егер, адам зұлымдықты мақсат етсе – оның мақсатын адамгершілікке жатқыза алмаймыз. Ондай мақсаттағы адамды «адам» деп санауға да болмайды. Бұл бүгіндегі адамзат санасында қалыптасқан ереже һәм формула..

М.Тазабек: Біздің жақсы болсақ та, жаман болсақ та ұсақ болуымыздың, көп нәрсе тындыра алмауымыздың ең үлкен себебі - мақсатымыз айқын емес, принциптерімізден де сәт сайын тайқып кетуімізде…

Пікір: Ұсақ адамның мақсатын сөз етудің қажеті шамалы. Ондай адамдар – миллиард. Олар күнделікті тіршілік етіп, күнделікті өмірін сүруде. Бірақ, олар да «ұлы мақсаты барларды» өздеріне үлгі тұтуға, олардан сабақ алуға құқылы. Өйткені, мақсат айқын не ұлы болмаса да ‑ «ұсақ адам» да саналы тіршілік иесі. Ендеше, күнделікті өмірдегі ситуациялық жағдайда жоспардың мың құбылуын – «мақсаттан таю» деп бағалау дұрыс емес.

 Мақсаттан таю – адамның өзіне‑өзі жасаған сатқындық деңгейіндегі құбылыс! М.Мағауин оған бара алмас еді, себебі, оның  бастапқы мақсаты елі мен жері үшін жаралған. Ол – Тәңірдің қалауы болатын.

М.Тазабек: Мағауин атамыз кеше де, бүгін де мақсатын белгілеп алған соң принципінен бір тайған жоқ. Біз де сондай болсақ, біраз жерге барар едік.

Пікір: «Мағауин атамыз да мақсатын белгіліп алды, содан тайған жоқ». Дұрыс, ол мақсатын тек өз ұлтымен байланыстырды, ұлты үшін күресуден жаңылмады...

Бірақ, «біз де біраз жерге барар едік» дегеніңіз күмәнді. Ол үшін адамның жеке мақсаты Елі мен Жерінің түпкілікті мақсатымен біртұтас бірігіп кетуі қажет. Олай болмаса – «біраз жердің» де ауылы алыс... Мұхтар Мағауин болса – жеке мақсатын Ұлттық мақсатқа ұштастырған ерекше тұлға – қайталанбайтын тұлға!

М.Тазабек: 2 - Атамыз өз шындығымен өмір сүрді. Жастау кезінде қазақты сүйген шығар. Кейін бізден бас тарты. Біразымыздан жиіркенді. Қазақтың жазушысы емес, әлемнің ойшылы екенін түсінді. Қазақтың ұлысы емес, адамзаттың ірісі екеніне сенді.

Пікір: Бұл енді, М.Мағауинге жапқан жала десе болады. Бұлай дер болсақ, онда «Мағауин жастау кезінде жастықтың әсерімен қазақты сүйді. Кейін ақылы толысқан соң, өз ұлтынан бас тартты ‑ ұлтынан жиіркенді» деген өте ауыр айыптау сөзге жол ашады екенбіз. Әрі, Мағауиннің оған барған себебі – «өзінің әлем ойшылы екенін сезіп қалғанынан басталады» депті... Бұл дегеніміз Мағауинді тірідей жерлеу ғой ‑ ол кісі соншалықты даңқұмар не даңғой емес еді. Негізі, өмірде тек «өз шындығын» ғана білетін адамдар атақ‑даңқа құмар келеді...

Кезінде Бельгер ағамызды Алмания өзіне шақырған екен. Ол сонда «Мен ол жақта кіммін – белгісіз. Ал, мен Қазақстанда «Бельгермін» деп бас тартқан екен. Мұнда да сол сияқты ‑ Мұхтар абызымызды ешкім де «Болды, сен енді әлемдік абызға айналдың, Қазақ Елің енді сенің тақияңа тар» деп қолынан шетке жетектеп әкеткен  жоқ. Баласымен бірге тұруды қалады ол... Адам ретінде әкелік инстинкттен асқан жоқ

Тіптен, «әлемдік ой деңгейіне жеттім» деп өз елін тастай қашатын адамды абыз деуге келмес. Мәселен, Л.Толстой өмір бойы өз деревнясында қалды, Ш.Айтматов та Қырғызстанына келіп, өмірден кетті, Мұқағали ақын қол жете бермейтін Мәскеудегі оқуын тастай «қашып», өз жеріне келіп алды, Кант – Кингсбергтен шыққан жоқ, Гегель – Германияда, Бальзак – Францияда қалды... Мұндай мысалдар аз ба?

М.Тазабек: Ақырында бізге үш талақ айтып, қайырылмай кетті…

Пікір: Елге талақ айтуға есті қазақтың дәті бармас... Ел – талақ айтатын қатының емес.  Бұлай деп ойлайтын болсақ, онда өзіміздің әйгілі Абайымыз өз еліне «мың талақ» айтып еді деген абсурдқа да жетеміз... Елін сынап, қайырылмай кетті ме, Абай? Сұрақты осылай қойсақ қалай болар екен?

М.Тазабек: Жарыса мақтап, жабыла теңеу іздеп, қан-сорпамыз шығып жатыр. Ол Мағауинға көк тиынға да керек емес.

Пікір: М.Мағауиннің қайтуы өз халқының «қан сорпасын» шығарған жоқ. Қазақ халқы өзінің мыңдаған жылдық дәстүрімен Ұлы абызына «Жоқтау» айтып жатыр... Әрине, қанша айтсаң да «жоқтаудың өлген адамға еш қажеті жоқтығын» – бесіктегі бала да біледі. Ол, мына, тірілерге керек. Қазақтың әрбір данасы «жоқтаусыз» қалмауы керек – халық осы құрметін көрсетуде. Жалпы, жарамсақтану – қазаққа жат мінез.

М.Тазабек: Ол мақтамаса, мақтанбаса жүре алмайтын қазақ қоғамы үшін, айналамыз үшін айтылып жатқан әдеттегі әңгімеміз ғана… 

Пікір: Білмеймін, «мақтану‑мақтанбауды» кімнің қалай түсінетінін. Бірақ, бұл қазада ешқандай «мақтану» көрінбеді, болуы мүмкін де емес.  Бірақ, қазақ қаза қанша ауыр болса да, одан кейін «Тірі адам тіршілігін жасайды» деген даналықты меңгерген халық. Бұл жерде осыны ескерген жөн...

М.Тазабек: Себебі, ол бізден басын алып қашты, көбімізді менсінбеді, біразымыздан құсқысы келді. Шындығы сол. Біз мойындағымыз келмейді. Арсалаңдаймыз. Анасына жабысқан тастанды баладай жәутеңдеп, етегіне жабысамыз. Ол көзіне де ілген жоқ.

Пікір: Мына сөз, енді, тіптен сұмдық жала. Егер, дәл бүгін Мұхтар ағамыз қайта тіріліп келсе – мына сөз үшін ешкімді аямас еді...

М.Тазабек: Шығармаларын оқимыз, тамсанамыз. Біз үшін жазғандай мейірленеміз. Біз үшін жазған жоқ. Өзі үшін жазды. Ол тарихтағы шын қазақты, текті түрікті, бекзат болмысты аңсады. Бүгінгілерден түңілді. Бізден қашты. Бізді аяды.  

Пікір: Бұл жерде оқырман ойын әдейі шатастыру орын алып отырған сыңайлы. Жалпы, Мұхтар Мағауин өз шығармаларын қазаққа арнап жазбаса, сонау әмірикандық үндістерге арнап жазды дей алар ма едік? Болмаса, соңғы жылдары көшіп келген түрік  жұртына арнап жазды дейміз бе? Әлде, біраз жыл мекен еткен чех халқына арнап жазды ма екен? Бірақ, қаншама әлемдік ой алыбына айналса да, М.Мағауин олар туралы жазам десе де жаза алмайды ғой... Сонда қалай болғаны?...

М.Тазабек: Ол аса талантты, айырықша ақылды, ерекше еңбекқор адам. Өзінің бағасын білді. Біздің «бойы бұлғаң, сөзі жылмаң» ортамыздан безіп жоғалды. Жуық арада түзелмесімізді сезіп, сүйегін де сипатпады, жаназасына да тұрғызбады.

Пікір: Бұл жерде автор, сірә, өзі шалқып өмір сүрген күні кешегі авторитарлық қоғамда пайда болатын жағымсыз қылықтардың әсерінен арыла алмай отырған сыңай байқатады... Иә, біз отыз жылдан астам, «бойы бұлғаң, өзі жылмаң» ортаның бел ортасында жүрдік... Солар халыққа үлгі болды, айтқандарына құдайдай сеніп, халық ауыздарын ашты... Бірақ, ол кездегі жалған мақтанды, жарамсақтықты  «қазақтың түзелмес кеселі» деп диагноз қоюға, үкім не пәтуа шығаруға ешкімнің қақы жоқ дер едім...

М.Тазабек: Біз болсақ, әлі сол - қырыққа бөлініп, құрыққа таласып, өсекпен таң атырып, кесекпен көк желкеден ұрып, аяқтан шалып, сүрінгенге күліп, ұрлықпен нан жеп, зорлықпен ер боп, тұлғаны түтіп, сау адам қалдырмай, бітірген түк жоқ, күндіз-түн күпініп, күн өткізіп жатырмыз…

Пікір: Бұған не айтуға болады? Елде ұрлайтын зат қалмады – бәрін ұрлап тауысып ек қой. Елім деген Ерлердің біразын шетке шығардық, тура сөзді шет асырдық, көнбегендері – оққа ұшты... Енді не қалды? Дақпырты қалды!

Бүгінде осы қалыптан қашан шығамыз деп жанталасқан жұртты жазғыруға болмас сірә, кімге де болса!

М.Тазабек: Арамыздан шыққан аз-кем ірілер арқасын беріп кетіп жатыр. Біз түзелмек түгілі не боп жатқанын да түсінбей әуреміз.

Пікір: Сол «ірілер» деп отырғаны кімдер деген сұрақ туады? Мүмкін олар: бірі Израиль азаматы, бірі –Англия азаматы, бірі – Бельгия азаматы болған олигархтар ма; не болмаса, бірі – АҚШ‑қа қашқан, бірі –Түркиеге (не Мәскеуге) қашқан байлар ма екен?

М.Тазабек: Біз кісілікке қайтпасақ, ынтымаққа ұйымасақ, тілімізді бақпасақ, көп нәрседен айырылу үстіндеміз. Мықтылар бізбен бірге болмақ түгілі, бір зиратта жатқысы келмей жатырқауда. Ойланатын, толғанатын жағдай бұл, беу, тойшыл, сауықшыл, сөзуар қазақ…! 

Пікір: Иә, кісілікке қайтпасақ болмайды.  Кісілік – ежелден келе жатқан қазақтың төл қасиеті. Ол үшін азғана дүние керек: Әділеттікке негізделген дала демократиясы, Ұлттық тәрбие, Ұлттық мәдениет, Ұлттық мемлекет, Ғылым қуған жастар... Болды. Одан өзгенің қажеті жоқ.

Ал, мықтылардың легін көру үшін Кеңсайды тағы бір аралап келген дұрыс.

М.Тазабек: 3 - Мағауин өлімі, елдің оған деген махаббаты нені ұқтырды? Көп адамның осындай тағдырға риза екенін, соңғы шешімдеріне құрметпен қарайтынын білдірді. Яғни, Мағауин тұлғасы - қазіргі көп қазақтың аңсаған моделі. Осындай болсам ғой деген арманының көрінісі.

Пікір: Мен «Мағауинше өмір сүремін» деп армандайтын көп қазақты білмейді екенбіз: өресі жоқтар ондай арманды «өресі жоқтықтан» армандамайды, ал, өресі барлар – Мұхтар ағаның өмірі қаншалықты ауыр екенін білгендіктен оны армандаудан бой тартады.

Негізі, «М.Мағауиннің өмірі – жеке‑дара өмір» деген дұрыс. Оны ешкім қайталай алмайды, қайталанбайды... Кім қаншама армандаса да?

М.Тазабек: Демек, көп қазақ өз ісінің майталманы болғанды қалайды, ұлттық тақырыптарда жүргенді дұрыс санайды, шетелде тұрғанды аңсайды, жат жерде жан тапсырып, сонда жерленуге де кет әрі емес…

Пікір: Шет елде тұрып жатқандардың көбі осыдан бұрын отыз жыл бойы өздерінің қандай «майталман» екендерін дәлелдеп кетті ғой. Солардың салған «майталман әрекетінен» әлі де ес жиып, айыға алма жатырмыз...

М.Тазабек: Расында солай болса, «Ер туған жеріне» деген де мақалдың мазмұны ауыса бастады деген сөз. Бұрынғы ірі қазақтардың өлімі, жерленген жерінің өзі - мағына арқалап, үлкен миссия атқарып тұратын.

Пікір: «Ер туған жеріне» деген мақал енді ғана жаңа мағынамен толыға бастаған сыңайлы: бұрынғы жеке біреудің иелігіне кеткен миллиондаған гектар жер халықтың меншігіне қайтарылуда. Тоналған байлықты да іздестіріп жатырмыз... Жоғалған рухани байлықты да түгендеудеміз... Мұның бәрі «Ер туған жеріне» деген қазақ даналығының ықпалымен жүзеге асып жатыр... Ол бұрынғы «Адам ‑ тойған жеріне» деген жымысқы ережеге қарама‑қарсы әрекет етуде.

М.Тазабек: «Төле би Ташкенге жерленуін қалапты, ұрпағына әлденені ұқтыру үшін…» 

Пікір: Ойпырмай, бұл да Төле би бабамызға жабылған жала ғой. О кездегі Тәшкен мен бұ күнгі Тәшкеннің айырмасын біліп барып айтсақ – бұл сөз айтылмас еді...

М.Тазабек: Есет батыр: «Басымды құбылаға қаратқанмен, аяғым көрші елге қарасын. Ең болмаса табаныммен шекараны тіреп жатайын» депті, дегендей әңгімелер көп айтылатын.

Пікір: Өз жеріне нық табан тіреген батырдың сөзі!

М.Тазабек: Ал, Мағауин атамыз АҚШ-қа жерленуімен не ұқтырғысы келді екен?! Туған жер, Атамекен деген ұғымдар кеңейіп, басқа мазмұн ала бастады ма?

Пікір: Туған жер Америкаға көшіп кеткен жоқ... Атамекен де өз орнында қалды. Тек, М.Мағауиннің ұрпағы АҚШ азаматтығын алды, сол елді таңдады. Абыз балалары, немерелері басыма келіп, дұғасын оқып, батаға келіп тұрсын дегендіктен сонда қалуды дұрыс деп тапқан сыңайлы... Бұл әр адамның өз таңдауы. Қазақ абызын іздесе Америкаға бара алмайды деймісің?

М.Тазабек: Әлде, қу дүниенің құбыласы батыс боп, «аман қалам десең алаңдайтын бағытың осы жақ болсын» деген атамыздың ишарасы ма екен?!

Пікір: Бұл сөзде үлкен шындық бар екені рас...

М.Тазабек: Бәлкім, тұғырынан алыстап, туғанынан жырақтап, бас қамын артық қойған тойымсыз нәпсінің жазасы ма?!

Пікір: Нәпсі деуі ұяттылау екен... Байлыққа қызыққан жан болса, Мұхтар ағаға өз елінде мүмкіндіктер әлде қайда көп еді ғой...

М.Тазабек: Не болғанда да дүниенің дидары өзгерді. Құндылықтар да қырық құбылды. Батыс білгенін жасап, шығыс шындығын жоғалтып, адамзат тоғыз жолдың торабында тұр…

Пікір: Әркімнің өз шындығымен өмір сүргені дұрыс.  

М.Тазабек: Түйені жел шайқаса, ешкіні көктен ізде! Әлем әбіржіп жатқанда біз не боламыз?! Біз Мағауинды мақтаумен әуре боп жатырмыз, ал, ол біздің мақтау түгілі жоқтауымызды керек қылмай, мұхиттың арғы жағында мәңгілікке маңдай тіреді. 

Пікір: Қазір космостан шықкан үнің ілезде жерге жетіп жатқан заман ғой. Сондықтан, қазақтың жоқтауы М.Мағауин жол тартқан әруақтар әлеміне жететіні анық. Аруақтар мекені – бүкіл жер шарын қоршап тұрған тылсым әлем ғой. Жердегі сыбырлағанды да естиді олар... Бұйырғаны осы...

М.Тазабек: Кімдікі дұрыс? Жалбақтап жабысып жатқан біздікі ме, қашып жүріп, қабірін аулақ қазған атаміздікі ме? 

Пікір: Енді, мынау тіпті сорақы! Елден қашқан деп кімді айтамыз:

  1. Қылмыс жасап қашу бар.
  2. Ұрлық жасап қашу бар.

Одан өзге, «кету» деген бар...  Біреулер шет елде жинаған ақшасының соңынан кете барады....Жастардың оқу іздеп кетуі бар. ...Күнкөріс іздеп кету тағы бар...Алайда,  Мұхтар ағаның «кетуі» мұның біріне де жатпайды. Ол бар жоғы баласымен бірге болуды қалады. Әкелік парыз оны осыған жетеледі: «Ұлы адамда отбасы болмайды» деген жөн сөз емес...

М.Тазабек: Меніңше, Қазақ баласы осы өлімнен ғибрат алу керек!

Пікір: Әрбір өлім өз жолымен адамға ғибратты ой сала алады...

М.Тазабек: Бойымызда нені өзгерту керек, қандай қылықтан құтылу керек?

Пікір: Көп қой...

М.Тазабек: Туған ұлың неге тұра қашты?

Пікір: Өзімізден сұрайық...

М.Тазабек: Біз неге әлі әсер қуып, сөз қуып, дау қуып жүрміз?

Пікір: Соны айтам да...

М.Тазабек: Неге сенгеніміз серттен тая береді?

Пікір: Мұхтар аға ешқашан өз халқына ертегі айтып көрген емес... «Маған сеніңдер» деп шарт та қойған емес. Ендеше, бұл сөздің адресаты басқа...

М.Тазабек: Неге күткеніміз күн астынан шықпай қояды?

Пікір: Шығады деп сенейік...

М.Тазабек: Неге алдана береміз?

Пікір: Адал  халық алданғыш...

М.Тазабек: Қайтсек, арманға жетеміз?!

Пікір: Сұрақтардың көкесі осы!

Пікір алмасқан ‑ Әбдірашит Бәкірұлы

Abai.kz

5 пікір