Бейсенбі, 23 Қаңтар 2025
Әне, көрдің бе? 466 15 пікір 23 Қаңтар, 2025 сағат 14:53

Бір депутат – күлкіге, бір депутат – түрпіге айналды...

Суреттер: parlam.kz және kaztag.kz сайттарынан алынды.

Қазақта «халық айтса, қалп айтпайды» деген сөз бар. Осы сөз кейбірде депутаттарға қарата айтылған ба деп те қаламыз.

Иә, депутаттар өздерін сайлады-мыс дейтін халықтан тым қашықтап кеткен. Яғни, «Ертөстік» ертегісіндегідей: «Ертөстігім – бір төбе, сегіз ұлым – бір төбе». Үміт ең соңынан үзіледі деген ұлттық пайымымыз да бар. Қанша жерден сайлаушыларын жерге қаратып келе жатса да, халық Парламенттен ұлттық сипатқа ие болады-ау деген үмітін үзген жоқ.

Заң ең алдымен титулды ұлттың жоғын түгендеу үшін шығады. «Еуропада анадай, АҚШ-та мынадай» деген білгішсінудің еш керегі жоқ. Әрине, жұрт Ұлттық Парламент тек қазақ тілінде сөйлегенін қалайды. Еліміздегі партиялардан сайлаған түрлі деңгейдегі депутаттардың тілді білуін талап ететін арнайы заң күтеді. Бірақ депутаттар тіл деп сайрауын әлі қоймай, оны өздерінен бастау керек екенін ұмытып та кетеді һәм ел аңсаған тірлікті заңмен бекітіп, тәртіппен талап етуін естерінен шығарып алады.

Қаланың мақтамен бауыздарлары, ауылдың жатып атарлары Парламентте қарапайым жұртқа шекесінен қараушыларға арнап талай терісқақпайлар шығарып үлгерді. Халықты жақтаймын деп бір депутат – күлкіге, бір депутат – түрпіге айналды. Енді осы төңірегінде сөз қозғайық.

Сурет: kaztag.kz сайтынан алынды.

Халықтың мұңына ортақтасымын деп «Ауыл» партиясының серкесі Дайрабаев тегіс жерден сүрінді. Бәрі де төраға Ерлан Қошановтың халықтың қарыз алуы туралы сөзі кезінде болды.

Қошановтың: «Дұрыс, халық кедейленуде», - дегені сол еді, Дайрабаев Мәжіліс төрағасын қолдап қолпаштай бастады.

Қошанов депутатты сөзден тосып, тоқтатқан кезде Дайрабаев әріптесін қолдап отырғанын айтты. Содан кейін зал күлкіге көмілді. «Мені қолдаудың қажеті жоқ. Сөз сізге ауысқанда, айтыңыз. Менімен қатар отырудың қажеті жоқ», - деді Мәжіліс төрағасы саясаткерлер тынышталған кезде.

Сурет: parlam.kz сайтынан алынды.

Орталық сайлау комиссиясының хабарлауынша, «Қазақстан Халық партиясы» қоғамдық бірлестігінің бюро қаулысына сәйкес (2024 жылғы 23 желтоқсан, №27) Гаухар Шаймерденқызы Танашеваның Мәжіліс депутаты ретіндегі өкілеттігі тоқтатылды. Неге тоқтатылғаны кейін белгілі болды. Осылайша, «Қазақстан Халық партиясы» халықпен емес, билікпен бірге екенін танытты. Енді бәленің қайдан шыққанын сөз ете кетейік.

Халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары мәселелеріне арналған дөңгелек үстелде депутат Гауһар Танашева Қазақстанда әр балаға 70 мың теңгеден төлеуді ұсынды.

«Неге Қазақстанда бала тууды ынталандырмасқа? Бұл болашақта көпбалалы отбасы бола алатын жастарға бағытталуы керек. Келешекте қорықпай балалы болуы үшін оларды тұрғын үймен қамту (керек - ред. ескертпесі). Өзім былтыр депутат болып сайланғанда әр балаға 70 мың теңгеден төлеуді ұсынғанмын. Бұл сома ең төменгі жалақыға тең болды. Мұны мен 2023 жылы ұсынған едім. Әрине, бұл сома да жеткіліксіз. Бала санына қарамастан, көпбалалы отбасы ма, көпбалалы отбасы емес пе, отбасындағы бір балаға – 70 мың. Бір балаңыз бар ма? Сізге 70 мың теңге. Өйткені сіз осы Отанға қызмет ететін, оны қорғайтын, осында жұмыс істейтін, салық төлейтін, елімізді дамытатын Қазақстан азаматын дүниеге әкелдіңіз. Сондықтан біз әрбір адамды бағалай білуіміз керек», - деді депутат Гаухар Танашева.

Спикерге «Мұндай норманы қандай да бір нақты заң жобасына енгізу жоспарланып отырған жоқ па?» деген сұрақ қойылды. Гаухар Танашева заң жобасын әзірлеу және енгізу оңай емес екенін айтып, қандай да бір түзетулер енгізіліп, қорытындыға жіберілгенін атап өтті.

Депутат 70 мың теңге төлем енгізу туралы алғашқы ұсынысында-ақ оған ақша жоқ екенін айтқанын мәлімдеді. «Бұл сұрақты көтергенде, менің депутаттық сауалыма «шығыны көп норма» деген жауап алдым. Қаржыландыру жоқ. Бюджетте қаржы жоқ. Бұл ән қазір де айтылып жатыр, ол мәңгі жалғаса береді. Бірақ біздің міндетіміз – ары қарай енгізу және енгізу» - дейді Гауһар Танашева.

Иә, Гаухар үшін осы ұсынысы депутаттық мандатынан айырылуға әкеп соқтырды. Осылайша, Ертісбаевтың қалта партиясы аналардың ақ үмітінің жолын кесті.

Әбіл-Серік Әліакбар

Abai.kz

15 пікір