Сенбі, 15 Наурыз 2025
46 - сөз 3304 2 пікір 30 Қаңтар, 2025 сағат 20:25

Турағұл ма, әлде Тұрағұл ма?

Сурет: wikipedia.org сайтынан алынды.

(«Әкімбай өлгенде» жыры қай  жылы жазылғаны жайында)

Мәртебелі оқырман, биыл данышпан Абайдың 180 жылдығы! Ұлы ұстаздың мерейлі датасы назарда боларына сенімдіміз. Қаймана қазаққа өмірлік бағыт берген ұлы тұлға ұлықталмай, ұмыт қалатын болса елдігімізге сын. Біз білетін тарихта «мерейтойы аталмай қалды» деген оқиға болмағаны факт! Сондай-ақ, Абайдың Әйгерімнен туған баласы Тұрағұлдың туғанына 150 жыл толатыны ескерілсе құба-құп болар еді. Тұраштың Абайдың асыл мұрасы шашылмай-төгілмей бүгінгі күнге аман жетуіне қосқан үлесі сүбелі. Ол «Әкем Абай туралы» деген тамаша естеліктің, өзге де құнды жазбалардың авторы. Алаш қозғалысына жанын сала араласқаны, оның көрнекті қайраткері болғаны өз алдына бір төбе.

Төменде «Дұрыс жазылуы Турағұл ма, әлде Тұрағұл ма?» және Абайдың «Әкімбай өлгенде» жыры қай жылы жазылған? деген екі сауалдың  жауабын бермекпіз.

Біреу біледі, біреу білмейді, Тұрағұлдың есімі бір ізге түспей-ақ келеді. Бұрынғы естелік я қолжазбаларда есімі «Тұрағұл (Тұраш)» делінетін еді. Алайда ел тәуелсіздігін алған тоқсаныншы жылдары «Турағұл» деп «түзетілді». Яғни өзгешелік бір әріпке тіреліп тұр. «Е, онда тұрған не бар» деуге болмай тұр, осы бір әріпте ауыр салмақ бар.

Алдымен бас абайтанушы Мұхтар Әуезовке жүгінейік. Мұхаң «Сәбит Мұқановтың «Абай Құнанбаев» атты монографиясы туралы» деген мақаласында аталмыш монографияның «Абайды тану» бөлімін тексере келе: «Крылов мысалдарына Тұрағұл, Көкбай қойған жыл – 1898» дейді. Әрі қарай сөзін былайша жалғайды: «...1933 жылдың баспасында Абайдың шәкірттері Көкбай мен Тұраштың көмектері бойынша жаңағыдай түсінікпен бастырған мен едім. Екі шумақты айтып берген Көкбай, Тұраш ерте күнде Тәкежандар араз боп өкпелеп кетеді деп бұрынғы қолжазбалардан әдейі алып қалып жүргендерін айтқан» (М.Әуезов. Абай Құнанбайұлы. Монография. – Алматы, 1995. -300-301 бб.). Көріп отырмыз, Мұхаң «Тұрағұл» және «Тұраш» деп көрсеткен.

Енді Әрхам Кәкітайұлы Ысқақов сөйлесін. Ол: «Тұрағұл емшектен шыққанда Ділдә Әйгерімге: «Бай сенікі болсын, бала менікі болсын», – деп Тұрағұлды өз бауырына салып бала ғып алды», – деп жазады (Абай туралы естеліктер. – Алматы, 2018. -89 бет). Әрхам ақсақалдың бірге өскен ағасының есімін қате жазуы мүмкін емес болар.

Турағұл немесе Тураш дегендік, әлде, Абай жинақтарынан кездесе ме? Тексеріп көрейік. 1995 жылы жарық көрген Абайдың екі томдық толық жинағының «Түсініктер» бөлімінде: «Кәкітай, Тұрағұлдар Абайдың елге тарап кеткен шығармаларын жинап, Мүрсейітке көшіртіп, 1909 жылы тұңғыш жинақты әзірлеген. Сөйтіп, Мүрсейіт көшіріп жазған Абай шығармалары Кәкітай мен Тұрағұлдың тексеруінен өтіп барып, баспаға берілген» делінген. Әсіресе, 1945 жылғы жинақ: «...Тұраш (Тұрағұл) бұл өлеңді өз алдына бөлек сөз дейді», «...Бұл екі жол өлең Кәкітай мен Тұрағұл бастырған баспада жоқ. Мұның мағынасы анық емес» деген сияқты сөздерге толы. Ал 1933-жылғы жинақта: «Көжекбайға арнап Абайдың өлең жазу себебін Тұрағұл баяндап берген» делінген.

Жинақтап айтқанда, Мұхтар Әуезовтің, Әрхамның жазбалары, мейлі, Абай жинақтары дейік, Турағұл немесе Тураш демеген. Кездеспейді. Жоғарыда осыған көз жеткіздік.

Олай болса, «ұ» әрпі «у» әрпіне неліктен ауысты? Бұлай бұрмалауға не себеп болды? Біріншісі, Абай – баласы әділетті, турашыл азамат болуын қалаған, «Турағұл» деп қоятын жөні сол деген топшылау себепкер. Шындығында, бұл жаңсақтық. Мынаны ескеруіміз керек. Қазақта «Қинаят» деген есім бар. Ол Алланың турашыл құлы деген мағына беретін арабтың «ғидаят» сөзінен туындаған есім. Өзіңіз де ойлаңыз, Қинаят деген есім ежелден бар, үйренішті, ал Турағұл дегенді естідік пе? Әрине, жоқ. Екіншісі, бәйбішесі Ділдәдан туған екінші ұлы Әкімбай (Хакімбай) 1874-жылы тоғыз жасында қайтыс болады. Қазаға жыл толмай жатып, Абайдың екінші әйелі Әйгерім Тұрағұлды табады. Қазалы жағдайда туылған нәрестеге қандай есім таңдалмақ? Әрине, Жүрсін, Тұрсын, Тұрарбек, Тұрдықұл, Тұрсынхан деп атау қазақта жазылмаған қағида. Міне, Тұрағұл есімі де осындай мағынаны білдіреді.

Сонымен, Тұрағұл Әкімбайдың өлгеніне жыл өтпей туылған, есімі осы қазаға байланысты қойылған деген байламға келеміз.

Осы пайымға нақты дәлел – Абайдың «Әкімбай өлгенде» («Көз жұмғанша дүниеден...») деген жоқтау-жыры. 40 жол жоқтау жыр Әкімбайдың жылдық асы қарсаңы, 1875-жылы жазылған. Бұл – айдай ақиқат. Мына жалғанда қуаныш пен қайғы алмасып жатады. Бір жыл бұрын сүйіктісі Әйгерімді кездестірген отыз жастағы Абай алғаш рет ауыр қазаға тап болған ғой.  Әкімбай тура тоғыз жаста болған (кейбір басылымдар жеті жаста деп қате көрсетіп жүр). Оны өте ақылды, ерекше сүйкімді жеткіншек деседі. Абайдың, інісі Ысқақтың ауылдары  Ақшоқыда бірі біріне көрші орналасқан, арасы небары 3-4 шақырым. Міне, сол Ысқақтың бала көтермеген, «шалқайсам – Шыңғысым, еңкейсем – Ертісім» дейтін тәкәппар, паң бәйбішесі Мәніке Әкімбайды сәби кезінде бауырына салған. Сөйтіп, бала қайтыс болғанда мәйіт «Ысқақтың ұлы» деп сол үйден шығарылған.

Мәніке шақпа тілді, еркетотай, адуынды болғаны «Абай жолы» эпопеясынан да аян. Оның тілі мен кәрінен қорыққан айналасы «Әкімбай Абайдың баласы» дегенді тісінен шығармаған. Тек қана «Абайдың немере інісі»  дескен Ақшоқыдағы барша жұрт. Болды, бітті. Мұхтар Әуезов те Абайдың жоқтауына: «Бір немере інісі өлгенде айтқан», – деп түсінік береді (1925 жылы Семейде шығып тұрған «Таң» журналының екінші санында жариялаған).

Уақытымызды алды деп сөкпесеңіз, «Әкімбайға» өлеңінің қилы тағдырына тоқтала кетейін. Қызығы сол, аталмыш өлең де Тұрағұл есімі сияқты сан-саққа жорудан көз ашпай келеді. Мысалға «Абай» энциклопедиясының 279-бетінде: «Әкімбай – ақынның Ділдәдан туған баласы, 9 жасында (1865—74) дүние салған. Өлеңнің мазмұны да осы тұжырымды айғақтағандай», – деп дұрыс айтып, бірақ осы қалың кітаптың 161-бетінде: «...Ағасы Тәңірбердінің баласы Мақұлбай өлгенде Әйгерімге айтқызған жоқтау» деп бұрыс кеткен. Өкінішті ме – өкінішті.

Шыны сол, Мақұлбай өлгенде Абай жоқтау жазған-мыс деген пайым ешқандай сын көтермейді. Неге десеңіз, ағасы Тәңірберді – «байсып, паңсып» жүретін тәкаппар, жеңгесі Қаражан – көрші-қолаңға қара қиды да қимайтын сараң. Екеуімен де Абайдың жылы қарым-қатынаста болған жері жоқ. Дәлелге «Қараша, желтоқсан мен сол бір-екі ай» (1888) өлеңінде немересін сараңдыққа баулығанын көріп, ағасы мен жеңгесін «Ол да өзіңдей ит болсын азғыр-азғыр!» деп шенегенін, сондай-ақ, «Тәңірбердіге» (1893) деген «улы сия, ащы тілмен» жазған өлеңін алсақ та жеткілікті (бұдан бөлек, өзге де екі сыни өлеңі бар). Елге сүйкімі жоқ Тәкежан мен Қаражанға өтірік мақтауға үйір не болмаса мал үшін тілін безеген біреу болмаса, кім жоқтау жыр жазып берсін...

Жоқтау жырды Абай Мақұлбайға емес, өз баласы Әкімбайға арнағаны таза шындық. Оған жырды мұқият оқыған кім-кімнің де көзі жетеді. Жоқтауды ақын:

«Көз жұмғанша дүниеден,

Иманын айтып кеткені-ай» –

деп бастап, үшінші шумақта:

«Ием қабыл алды-ау деп,

Көңіліме қуат біткен-ай!

Қуаттанып бақсам да,

Күнәлі көңілім түйтпеді-ай», – деп күңіренген (түйтпеді – төзімім жетпеді, шыдамады деген мәнде). Ақын өзін күнәлі сезінген. Неге? Өйткені, ұлына жылуын бере алмаған, оның жанында тек соңғы күндер, соңғы сағатта ғана болған, сол күйік-зарын жеткізіп отырғаны менмұндалап тұр. Бауыр еті баласына емірене алмай, бар болғаны «немере інім» деп өткен.  Өзін-өзі қанша жұбатып бақса да («Қуаттанып бақсам да») жүрек түбінде мұз болып ерімей жатқан өкініш, міне, осы (Әкімбай өлімінен ауыр сабақ алған Абай, мұнан соң қолындағы екі баласы Әбіш пен Мағауияға әкелік мейірімін үйіп төгеді. Екеуін де зор қамқорлыққа бөлеп өтеді).

Жоқтаудың соңында қос шумақ:

«Артына белгі қалдырмай,

Бауыры қатты тас өлім,

Жыламайын десең де,

Шыдарлық па осы өлім?

Орамды тілді ауыздым,

Ақылға жүйрік маңыздым.

Көп жасамай тез кетіп,

Көзімнің жасын ағыздың».

Осы жолдар әкенің ащы зары-шері екеніне кім таласар екен. Әрбір жолы Әкімбайды көзге елестетеді. Жайдан жай жаза салу мүмкін емес, жүректі жарып шыққан сөздер.

Қорыта айтқанда, өлең – Абайдың шері, оның мазмұны «Әкімбайдың жоқтауымын» деп жар салып тұр. Әйтсе де бұл фактінің мойындалар түрі жоқ. Неге? Осыған да тоқтала кетейік.

1933- жылғы тұңғыш толық жинақта, онан соң 1939, 1945-жылғы жинақтарда өлең «Әкімбай өлгенде» деп аталған және датасы да дұрыс – «1875 жылғы» делінген. Ал 1957-жылғы жинақта «Баласы өлген анаға Абай шығарып берген жоқтау» деп жаңаша ат қойылған. Бір тәуірі, бұл қателік 1961, 1968-жылғы жинақтарда түзетілген. Бірақ 1977-жылғы жинақтан беріде, неге екені белгісіз,  «Немере інісі өлгенде айтқаны» деген ескі қате қайталанған. Абайдың соңғы толық жинақтары (1995 және 2020-жылғы) «Немере інісі өлгенде айтқаны» деген атпен және 1895-жылы жазылған деп басыпты. Апырай, өлең бақандай 20 жылға ілгерілеп қате белгіленген. Кәне, тағдыры қилы жоқтау демей көр!

Сонымен, екіұдайлық, өрескел қате кездейсоқ емес, оның сыры, себебі бары сөзсіз. Бұл жұмбаққа абайтанушы Қайым Мұхаметхановтың «Ақынның бір шығармасының тағдыры туралы» атты мақаласы сәуле түсіреді. Кәкең әңгімесін «Ұмытпасам, 1935-жылы Мұхтар Алматыдан Семейге келді» деп бастап, Абайды көрген, жақсы білетін Абай елінің қарияларымен Мұхаң әңгіме-дүкен құрғанын баян етеді. Қызу әңгімелер барысында «Абайдың немере інісі кім?» деген сұраққа ақсақалдардың бірі «Бәлкім, Тәңірбердінің Мақұлбай деген баласы болар, ол өлгенде Әйгерім Абай үйретіп берген дауысты айтып жүріпті» деп тұспалдапты (Абай журналы. - №1, 1996 жыл. - 20 бет). Осы болжамды дәптеріне түртіп алған  Мұхаң «Абай жолы» эпопеясының «Еңісте» атты тарауында бір эпизодты енгізеді. Онда Мақұлбайды жоқтап, Әйгерімнің дауыс қылғаны суреттелген (несі бар, көркем шығарма үшін Әйгерім бейнесін асқақтата түсуге сұранып тұрған көрініс).

Мінеки, Абай өлеңді «Мақұлбай өліміне арнап жазған» деген жаңсақтық табандап қалуы осымен өз түсінігін табады. Шүбәсіз, жоқтау жыр – Абайдың өзін өзі жұбатқаны. Оны Абай Әкімбайдың жылдық асы қарсаңы 1875-жылы жазған және Ақшоқы ауылына жас келін болып түскен жары Әйгерімге айтқызған. Ақиқаты осы.

Қорыта келгенде, қарастырылған екі сауалдың жауабы мынау: Турағұл емес, Тұрағұл, бір, жоқтауды Абай 1875-жылы Әкімбайдың жылдық асына шығарған, екі. Не етерсің, Абайдың толық жинағы ірілі-уақты қатеге толы. Ізденіс жоқтың қасы. Ізденіп, түзетудің орнына оларды «көздің қарашығындай» сақтау, қатып қалған өлі догма жасау – шындыққа да, Абай рухына да қиянат екені хақ.

Асан Омаров,

абайтанушы

Abai.kz

2 пікір