Дүйсенбі, 29 Қыркүйек 2025
Аймақ 121 0 пікір 29 Қыркүйек, 2025 сағат 13:16

Семей шаһары: бүгінгісі һәм кешегісі

Сурет: baq.kz сайтынан алынды.

Жайна, Семей, сайра, Семей,
Жағасында Ертісімнің өсе бер, Семей!
Әннің сөзінен.

Қалың қазақ Абай, Шәкәрім, Мұхтардың, алаш арыстарының отаны деп білетін туған қаламыз Семей жыл емес, ай сайын ажарын ашып, көріктеніп келеді. Себебі, жаңадан облыс орталығы болған үш жыл ішінде қыруар жұмыстар атқарылды. Азып-тозып, берекесі кеткен, «үлкен ауыл» атана бастаған қаламызға жан кірді. Қан жүгірді. Ескі тұрғын үйлер боялып, өңделді. Ертістің жағалауы, көше жолдары, оның бойындағы ағаштар мен газондар жаңартылды, кварталішілік алаңдарға шекті қоқыстан тазарып, танымастай болып көркейіп кетті. Әр тұстан қол бұлғап, жаңаша дизайнмен салынған  тұрғын үйлер, жайқалған парктер, аллеялар қаншама десеңізші. Екі көпір де жөндеуден өтіп, қаланың тынысын ашты. Әсіресе, Қарағайлы ықшам ауданының ажары таңқаларлық, әсем Астанадан әсте кем емес. Сол сияқты келешекте керемет спутник-қалашық бой көтермегі (Ақсары аумағында), үлкен Орталық базар салынбағы белгілі болды. Заманауи зауыт, фабрикалар ашылып, жайлы мектептер саны көбея түсті. Көшелер мен алаңдардың безендірілу деңгейі (ескерткіш, билборд, жарықтандыру т.б.) көз қуантады. Сөйтіп, қай қырынан қарасақ та,  қарт Семей қайта түледі.  Жаңа құрылыс алаңы бола бастады. Осы айтылған қарқынды даму мен шапшаң ілгерілеу өз-өзінен пайда болмайды. Ол үшін билікке келген жаңа буын басшыларға халықтың алғысы шексіз екенін естіп-біліп жүрміз.

Семейдің бүгінгісін, яғни көңіл қуантарлық жаңалықтарын атап өттік. Ендігі кезекте қаламыздың кешегісіне, көне тарихына көз жүгіртпекпін.

«Қала күні» мерекесі қалай пайда болды?

1968 жылы Семейдің 250 жылдық мерекесі дүркіретіп тойланған болатын. «Іргетасы 1718 жыл қаланған» деген себеппен. Осы датаны бекітуге үкімет пен партия қаржыны аямай төкті. Сонан әр он жыл сайын тойлана бастады. Осы айтылған үрдіс қалай тоқтады? Қазіргі жас буын біле жүрсін деп айта кетейін, осы жолдар авторының   1991 жылы «Семей – көне қала», «Жеті сарайлы көне шаһар» деген  тақырыпта жазған зерттеу мақалаларын сол кездегі қазақ басылымдары жаппай жария еткен еді (бұл ұлт санасы оянып, азаттық рухы оттай лапылдап тұрған кезеңтұғын). Қазақ совет энциклопедиясының 11-томында «Семей – көне қоныс, ол 9-шы ғасырда пайда болған» дегізетін, бірақ әртүрлі мақалаларда шашыраңқы жарияланған (үйтпесе, кеңестік цензурадан өтуі екіталай) арқатірек деректер көп-ақ екен. Менің еншіме соларды жинастырып, жүйеге салып, көпшілік назарына ұсыну тиген еді. Сенсеңіз, нәтижесі таңғажайып болды: «Семей – мыңжылдық қала!» деген идея қоғамдық санаға орнықты. Өйткені, оны зиялы қауым өкілдері мен қоғам белсенділері қолдап, қолпаштап әкетті. Сол 1991 жылғы ізденісімде «Семей» атауының «Семипалат» сөзінен емес, «Семей» сөзінен екені, оның көне түрік қауымы құлшылық ететін орын – ғибадатхана мағанасын білдіретіні де алғаш жария етілді. Бұл ретте атақты түрколог С.Е. Маловтың еңбегіне сүйендік.

Бірақ мақала жарық көруімен іс біте қалмады. Зор кедергіге тірелдік. 1998 жыл таяп қалғанда «Семейдің 280 жылдық мерекесі таяп қалды, оны анау 250 жылдық сияқты дүркіретіп тойласақ» деген ұсыныстың қызу талқыға түскенін қайтерсіз. Шыны керек, тойлауға бейілді қала тұрғындар қарасы қалың еді. Оған себеп: қала юбилейіне қомақты қаржы бөлініп қойған екен. Екіншіден, ең бастысы, басым көпшілік біз қазақ тілінде жариялаған архивтік деректерден хабарсыз еді. Не істеу керек?

Жоғарыда аталған деректі мақаламды «Семьпалат – древний град» деген атпен орысшаға аударуға тура келген-ді. Құдай сәтін салғанда, көлемді зерттеу мақала қалалық «Наше дело», «Голос народа» және облыстық «Рудный Алтай» газетінде жарық көрді. Осынау күшті ақпарат ағысы әсер етті ме, әйтеуір, сол кездегі қала әкімі, есімін ұмыттым, Бутин деген азамат «280 жыл дегенді қойыңдар, тек «Қала күні» деп мерекелесек жеткілікті» деген үзілді-кесілді байлам жасады (бұл – «өгіз де өлмесін, арба да сынбасын» деген шешім болғаны айтпасақ та түсінікті). «Тойлау керек, ол тарихи дата, ұлтшылдар қиялдан алып, бүйректен сирақ шығарып жүр!» деп байбалам салған топ сабасына әрең түскені әлі есімізде.

Мінеки, тоқ етері, 1998 жылдан беріде қаланың туған күні «Қала мерекесі» деп атала бастады. Оған да тәубе дейміз, ең бастысы, «1718 жыл» деген құлдық датадан құтылдық қой. «Семей – мыңжылдық тарихы бар қала» дегеннен үлгі алып, Кереку мен Өскемен тұрғындары да әскери бекініс пайда болған уақытты тойлаудан бас тартты.

Сөйтіп, күллі Ертістің ұзына бойының тарихы мен тағдыры шешімін тапқаны – «Семей – көне қоныс» деп дәлелдеудің арқасы.  Айтпақшы, Семей мен Алматының көне тарихы параллель жүргізуге сұранып тұр. Сол 1998 жылы алматылық тарихшы ғалымдар бастама көтерді. Қаланың жасын Верный бекінісі салынған уақыттан санау қате, оның мыңжылдық тарихы бар деген. Оған дәлел-дәйектерін келтіріп жатты. Сөйтіп, күнгейдегі қала мен шығыстағы қаланың тағдыры ұқсас болып шықты. Яғни ару қала – Алматыда да «Қала күні» мерекесі дүниеге келді.

Осынау өмір фактілерін жоғарыда сөз еткен өзімнің кішкентай еңбегімді көрсетіп қалу үшін емес, «Қала күні» деген мерекенің қалай пайда болғанын жастарымыз біле жүрсін деп баяндап өткен жайым бар.   Төменде көне қаламыздың пайда болу һәм өсіп-өркендеу тарихының маңызды даталарын назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Қала тарихының маңызды даталары:

840-940 жж. Көне Семей шаһары Қимақия мемлекетінің астанасы. Осы ғасырда Ертістің оң жағалауында Қимақ Одағына кірген тайпа санына сәйкес жеті тас мешіт бой көтерді.

10-ғасырда көптеген араб саяхатшылары, ал, 13-ғасырда итальян жиһангері Плано Карпини Орта Ертіс шаһарына ат басын тірейді. Қала туралы жазба деректерін қалдырады.

1389 жылы өзінің қалың әскерімен Бұқар, Самарқанттан шығып, қазақ сахарасын қиып өтіп, Орта Ертіс бойына ат басын тіреген Ақсақ Темір құлап жатқан жеті тас мешітті қайта қалпына келтірген деп жорамалданады.

1616 жылдың 25 сәуірінде орыс патшасы Михаилдің Грамотасында «Ертіс бойында тас мешіттер бар, оларды тексеру керек» деп көрсетіледі. Бұл құжат – Грамотаны орыс ғалымы Г. Миллер Тюмень архивінен тауып алып, ғылыми айналымға енгізді.

1653 жылы Қытайдағы орыс елшісі Ф.Н. Байков Ертіс жағалауындағы ірі құрылыс – «Жеті тас мешітті салдырған бұхарлықтар екен» деп ресми орындарға рапорт жолдайды (ҚСЭ. -10 том. -114 бет).

1660-1758 жж. көне сауда қаласы орнына Жоңғар мемлекетінің қаласы орнықты. Қала Тархан Доржы деген дінбасы атымен Доржынкит (немесе Доржыкент) деп аталды. Қалмақтар будда дінінің ламаизм деген бағытын ұстанған.

1670 жылдары Жеті мешіт Доржы пірәдардың басшылығымен күрделі жөндеуден өтіп, будда монастырының кейпіне кірді. Бұл туралы 19 ғас. Екінші жартысында өмір сүрген археолог зерттеуші Н. Абрамов дерек қалдырды.

1718 жылы көне Семейден 15 шақырым төмен оң жағалауда Петр Бірінші патшаның жарлығы бойынша әскери қамал – «Семьпалат»-тың іргетасы қаланды.

1733 жылы «Тас мешіттердің» қалдығын зерттеу үшін Семей тұрған жерге Санкт-Петербург университетінің профессоры Г.Ф. Миллер келді. Ол жеті мешіттің суреттерін қағазға түсіріп, Петербург архивіне табыс етті.

 1760 жылы белгілі орыс жиһанкезі П.С.Паллас жеті мешіт қалдығын өз көзімен көріп, аймақты зерттеу мақсатында «Семьпалат» қамалына келді.

1762 жылдың 21 қаңтары, Әбілпейіз сұлтан Айырбастау базарын (орысша – Меновой двор) ашады.  Бұл Жаңасемейдегі қазіргі «Океан» деген дүкеннің аумағы.

1778 жылы «Семьпалат» қамалы қирап жатқан қалмақ кенті – Доржынкиттің орнына (қазіргі Семей тұрған жер) көшірілді. Қамалдың бос қалған орнында «Старая крепость» деген село пайда болды.

1782 жылы Семейге уездік қала атағы берілді.

1780-1800 жж. Оң жағалауда созылған қала «Казачья слободка» (қазіргі – Затон аумағы), «Әкімшілік Орталық» және «Татар слободкасы» деген үш бөлікке бөлінді. «Слободка» сөзі «қалашық» деген мағынаны білдіреді. Сол жағалаудағы «Заречная слободка» аталған мекенде әсіресе,  сауда-саттық көрігі қыза түседі. Әбілпейіз сұлтан ашқан Меновой дворға Қытайдан, Орта Азиядан жеткен сауда керуендері күн демей, түн демей ағыла бастайды. Қаржы көзі осы болды.

1829 жылы Сол жағалауда Семейдің ІІ-ші гильдия көпесі уақ Тінібай Кәукенұлы Заречная Слободка жерінде (қазіргі Жаңасемей) өзіне үлкен үй салып, «Тінібай слободкасы» аталған қалашықтың негізін қалады. Осы жылы атақты жиһанкез, географ Гумбольдт Семейге келді.

1829-30 жж. Семей көпесі терістаңбалы ру старшыны Жоламан Жандарбекұлы қазіргі Полковник аралына қарсы бетке өзінің үйін, қора-жайын салып, Жоламан слободкасының негізін қалады.

1834 жылы көпес Тінібай өз қаржысына салдырған алғашқы сәулетті мешіт құрылысы аяқталды. Мешіт әлі күнге халыққа қызмет Етуде.

1841 жылы Жоламан бай өзінің қаржысына үлкен ағаш мешіт салдырды. Мешіт 1930 жылы өртеніп кетті.

 1851 жылы Семей қаласының таңбасы (гербі) бекітілді. Гербтегі алтын тәж астындағы тең артқан түйе тоғыз жолдың торабында тұрған сауда орталығы деген мағынаны білдірді. Бұл кездері Семейде 1-ші гильдиялы – 1 көпес, 2-ші гильдиялы – 9 көпес, 3-ші гильдиялы 97 көпес болды.

1854 жылы Семей облысы құрылды. Семей қаласы – әкімшілік орталығы болып бекітілді.

1855 жылы Семейде екі жәрмеңке ашылды. Олар 25 мамыр-10 маусым және 15 желтоқсан- 1 қаңтар аралығында өтіп тұрды.

1850 жылдардың аяғында Ертістің сол жағалауында жалпы «Заречная слободка» деп аталатын, ал жеке-жеке айтқанда, «Тінібай слободкасы», «Жоламан слободкасы», «Тарақты слободкасы» деп аталатын үш елді мекен толық қалыптасты. Тарақты слободкасы тұрған жер (қазіргі «Океан», «Новостойка» аумақтары) зор жәрмеңке орталығы болды. Заречная слободкаға қала статусын беру туралы әңгіме көтерілді.

1862 жылы Семейде қос мұнаралы зәулім мешіт есігін ашты. Қазіргі Әнет баба атындағы тас мешіт.

1858 жылы Шоқан Уәлиханов Қашқарияға сапары қарсаңында әлденеше айды Семейде өткізді. Досы Ф.М.Достоевскиймен жақын табысты.

1878 жылы Семей облыстық Статистика Комитеті құрылды.

1883 жылы Статистика комитеті Семейде Өлкетану музейін ашып, оның жанынан қоғамдық кітапхана ұйымдастырды.

 1902 жылы Семейде Орыс география қоғамының бөлімшесі ашылды.

1912 жылы Семейде «Жәрдем» атты тұңғыш баспахана ашылды.

1918 жылы қалада ақ гвардия өкілдері мен алашорда үкіметі қатар билік жүргізді.

1919 жылы қалада Кеңес өкіметі орнады.

1919-27 жж. қаланың Жаңасемей бөлігі ресми тұрде «Алаш» деп аталды.

1924 жылы Семейде қазақ педагогикалық техникумы ашылды.

1927 жылы Түрксібтің алғашқы рельсі төселді.

1929 жылы 1 мамыры, Ертіс өзені арқылы өтетін теміржол көпірінің ашылу салтанаты болды.

1934 жылы Семейде ет-консерві комбинаты іске қосылды, Абай атындағы қазақ театры және Қазақстандағы алғашқы жоғарғы оқу орны – мұғалімдер институты ашылды.

1940 жылы Абай музейі ұйымдастырылды.

1947-48 жж. Жаңасемейдегі цементшілер поселкесі салынды және Семей цемент зауыты іске қосылды.

1949 жылы 29 тамызда Семей сынақ полигонында алғашқы атом бомбасы жарылды.

1962 жылы алғашқы автокөлік көпірі пайдалануға берілді.

1968 жылы Семейдің 250 жылдық тойы аталып өтіп, осы дата құрметіне биік стелла тұрғызылды.

1969 жылы Ф.М.Достоевский музейі ашылды.

1970-80 жж. Темір-бетон құрылыс комбинаты, Арматура зауыты, Кабель зауыты, Аяқ киім фабрикасы, Трикотаж фабрикасы іске қосылды.

1975 жылы Абай атындағы қазақ драма театрының ғимараты аяқталды, Абай алаңы жасалынып, онда ұлы ақын ескерткіші қойылды.

1998 жылы Семей қаласы облыс орталығы статусынан айырылды.

2001 жылы Жапондық «IHI» фирмасы салған жаңа аспалы автокөлік көпірі пайдалануға берілді.

2007 жылдың 21 маусымы, «Семипалатинск» атауы «Семей» болып өзгертілді.

2022 жылдың 8 маусымы, Семей қаласы – жаңадан ашылған Абай облысының орталығы.

Сөз соңы: әдеттегідей биыл да Семей мен Алматыда «Қала күні» мерекесі өз деңгейінде тойланды. Өз заманында астана болған екі қалаға да: «Жайнай бер, атақтарың асқақтай берсін!» деп тілек білдіреміз.

Асан Омаров

Abai.kz

0 пікір