Бейсенбі, 13 Ақпан 2025
46 - сөз 177 0 пікір 13 Ақпан, 2025 сағат 12:31

Көзбояуы жоқ көріністер

Сурет: Әдебиет порталынан алынды

Әмірхан Меңдекенің "Жалғыздық сені қайтейін..." деген кітабын ұзақ оқыдым. Әсерленіп, рақат күй кештім.

Герольд Белгерді бәріміз білеміз. Сырттай білеміз, ал "іштей" білеміз бе? "Дос жыла- тып айтады" эссесі бізді Бельгермен жақындата түсті. Біздің қазіргі зиялыларымыздың басына толық қона қоймаған ұлтжандылық дегеннің не екендігіне қанығасың, неміс- қазақты өз-өзіңнен жақсы көріп кетесің.

Автор бүй дейді:"Біздің бойкүйездігімізге, дарақылығымызға, даңғазашылдығымызға, бейқамдығымызға Герольд Белгердің қалай жаны ашып, қалай жаны күйзеледі десеңізші. Герағаң өз күнделігінде мынадай бір жайтты баяндайды. Қырық жазушы екшеліп, іріктеліп (оның ішінде Бельгердің өзі де бар), Қазақстан Президенті Н. Назарбаевтың қабылдауына сұранады. Бұлар Президентке әдебиеттің жағдайын, ұлттық тілдің жағдайын, ұлттың жайын батыл, жасырмай айтамыз деп бәтуаласады. Обалы не керек, мемлекет басшысы да бұларды көп кешіктірмей қабылдай қояды. Сол- ақ екен, ақсақал жазушылары мыз бірінен кейін бірі ел Президентіне көрініп қалу, жағынып қалу мақсатымен көбік сөзді көпіртеді-ай келіп. Сонымен, екі сағат та өте шығады. "Президенттің қабылдауы аяқталып, бәріміз далаға шыққанда ғана мемлекет басшысына ештеңе айтпағанымызды сезіп, біліп, бірімізден- біріміз "қысылып", біріміздің бетімізге біріміз қарауға "ұяла" бастадық" дейді Г. Бельгер.

Осындай кездесудің бастан өткерген монокөрінісін мен де айтайын. Алматы облыстық "Жетісу"және "Огни Алатау" газеті редакцияларының ұжымымен облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы кездесу өткізетін болды. Біздің редактор әуелі тек коммунист журналистер барсын деп ұйғарды, бірақ көрші орыстар түгел баратын болғасын біз де тайлы- таяғымызбен обкомға қарай үдере көштік. Редактор алдын-ала жиналыс жасап, "Кездесуде тыныш отырыңдар, ешқандай сұрақ қою болмасын, мен ғана редакция атынан сөйлеймін" деді түсін суытып. Ең соңынан:"Бәрің де қара кәстөм- шалбар, ақ көйлек киіп, галстук тағып келіңдер" деп қадап айтты.

Көптен күткен кездесу де басталды. "Огниліктердің" біразы бұтына джинсы киіп, иықтарына сөмке асынып келіпті. Біз тойға келгендей сұлу- сыпайымыз, "әсемпаз болма әрнеге, өнерпаз болсаң арқалан" деп отырмыз. Әуелі сөз алған біздің редактор сүйікті Коммунистік партияның табаны жерге тимес сенімді "құлы" екендігімізді тайға таңба басқандай дәлелдеп берсе, "Огни Алатаудың" әйел редакторы қызметкерлерінің аупартком орын бермегендіктен КПСС қатарына өте алмай жүргендігін, жас журналистердің тұрғын үйге қол жеткізе алмай жүргендігін бірінші хатшыға майдан қыл суырғандай ғып жеткізді. Екі орыс журналист бірінен кейін бірі орнынан тұрып, бір-бірін қостап, "Біз неге республика көлеміне, тіпті одақтас республикаларға іссапарға шықпаймыз. Облыстық газет болғанмен астаналық газетпіз ғой, бүкіл Кеңес одағы жұртшылығымен байланыста болуымыз керек емес пе?" деп бұл мәселенің де күрмеуін шешті. Сөйтіп, үш "огнилік" үйлі болып, алыс сапарларға аттананатын болды. Сөмкелері иығында, көңілдері тоқ. Біз болсақ, бір- біріміздің гастугімізге көз тойғанша қарап, "Обкомды да көрдік" деп күбірлеп қайттық.

Әмірхан эссесінде ұлтымызға тән осындай кереғар да жұмбақ қасиеттерді Бельгер көзқарасы арқылы жеріне жеткізе талдаған.

Бұл көрініс - өткен ғасырдың 80-жылдары болған оқиға еді.

Қазіргі көріністер қалай өтіп жүр екен?

Жаңа Қазақстандағы бас қосуларда жаңалық бар ма екен?

×××

Оқырман қаламгерден алшақтап кетті дейміз, егер екеуінің басы қосыла қалса, оқырман аянбайды, айтар сөзін айтып, ағынан жарылады. Бір күні жастар кітапханасы екі жазушыны кездесуге шақырды. Бірі – мен, бірі – сексеннің сеңгіріне бет алып, тарих пен осы дәуірдің шылбырын тең ұстап, том-том кітап шығарған айтулы қаламгер. Жастар ә дегеннен маған шүйлікті.

- Осы сіз неге «Көзбояуы жоқ көріністерді" жазбай кеттіңіз?» – деп сауал тастады.

- Бұл – көркем проза емес, өмір құбылыстары, нақпа-нақ көріністер, көрініске қаламгер ретінде берілген баға...

- Десек те, қазіргі күндері бізді ойландыратын нәрселер керек. Әрине, мен кітапты көп оқимын, бірақ шұбалаңқы суреттеулерге шыдай алмаймын. Ең болмаса, Гончаровтың "Обломовы" сияқты болса ғой, – деді көзілдірік киген балаң жігіт миығы тартып.

- «Обломов» неше бет? – дедім мен.

- Қазақша аудармасы 580 бет, орысшасы одан аздау...

- Сені жалықтырған жоқ па?

- Көлемі кейіпкеріне сай ғой, - деп балаң жігіт әзілге бұрды.

- Сенің мамандығың?

- Мен КазГУ-дің механика- математика факультетінде оқимын. Төте ғылымның өкілімін.

- Қарағым, сені түсініп тұрмын. Бірақ, "қысқалық – талантқа қарындас" болғанмен, жазушы оқырманның аузына шайнап салмауы керек. "Обломовтың" көлеміне әуелі ашқарақ қоғам, сосын тойымсыз кейіпкердің өзі кінәлі. Гончаров оны жеріне жеткізе суреттеген.

- Кітаптың бәрі " Обломовтай" болса, өкпе жоқ. Біз де обломовщина дәуірін бастан өткеріп жатырмыз ғой. Бірақ, соңғы кездері одан да қалың кітаптар жастарды жалықтырды.

- Бізге сіздің жазғандарыңыз ұнайды, – деп тағы бір бойжеткен орнынан көтеріле берді. Қозғалақтап әрең отырған серігім:"Айтып отырғандарың қысқа әңгімелер ғой", – деп қойып қалды.

- Не де болса, сол әңгімелер бізді ойландырады, – деді өрен жігітің қасындағы қызға да сөз бермей өрекпіп.

Мен қортық бөтелкенің аузын ашып, жазушы ағама су құйып бердім.

- Мұның дұрыс,- деп қара суды кілк-кілк жұтты.

Қара сөздің соңы қақтығысқа ұшырамаса деп отырмын.

Қысқа әңгіменің сиқыры жайлы сөз жалғаса берді.

×××

Осы бір Мырзан деген сұлба өмірі есеймейді, 80-ге екі жылы қалса да, жастар мен жасамыстарға шабыттана "үріп", аузына келгенін айтып жүреді. Осындайда " боқ жемесе иттің іші ауырады" деген сөз еске түседі. Сірә, тәбеті тартқанда тоқтай алмайтын болу керек. Әнеукүні әлемжеліде менің жетістігімді айтқан талантты жас жігітке аузына келгенін " құсыпты". Бұл бірінші рет емес, былтыр менің жазбамдағы "Ж" деген артық әріпті сөзғып, "Жақаев дегің келген ғой" деп, 1891-жылы туған әруақты келеке қылғысы келіп тұр. Тоғыз жас үлкендігін алға сап тексізге тырс етіп үндемедім. Былтыр "Айбоз" Ұлттық сыйлығын алғанда "Қазақ әдебиеті" газетіне шыққан тізімде менің аты-жөнім жоқ, бұл да сол күнгі кезекші – сенің тірлігің. Онсыз да редакциядан қуылғасын үндемедім. Әлгі жігітті қостап, жан-жақтан жақсы ниет білдіргендерге де тоқтамай үреді, сірә аш болу керек. "На то щука в речке, что бы карась не дремал" деп орысша жауап жазғанға ештеңе дей алмапты, сірә, сауаты жетіңкіремесе керек.

Осы Мырзан өзіне қарсы үре бергесін бір талантты ақын жігіт Одақтың алдында кездесіп қап:"Бір үрдің үндемедім, екі үрдің үндемедім, үшінші рет үрсең, осы жерден сүйегің шығады " дегенде, бұрылып ап, бұтыңа қарап, зыта жөнелгенің есіңде ме? Ажалың жастардан боп жүрмесін, ақсақал! Талай тексізді көрген біз, тойтарысын бергенбіз. 80-іңе аман жет! "Бала", байқа, қолыңдағы домбыра емес, балалайка!

××× ×××

Қарсы алдымда "КОМИР САТИЛАДЫ" деген жазуы бар тақтайша ілулі тұр екен. Көмірді емес, тілі тұтыққан өмірді ойлап тұрып қалдым.

Қуандық Түменбай жазушы

Abai.kz

0 пікір