Бейсенбі, 13 Ақпан 2025
Қоғам 178 0 пікір 13 Ақпан, 2025 сағат 12:50

Британияның білім беру жүйесі

Сурет әлеуметтік желіден алынды

Оқытушыларға жасалатын жағдай

Университет ұстаздарының еңбегі аса жоғары бағаланады. Олардың жалақысын нақты айта алмаймын, бірақ естуім бойынша, 5000-7000 фунт шамасында айлық алады. Қазіргі бағаммен есептесек, бұл шамамен 3 300 000 теңге мен 4 625 000 теңге арасында. Яғни, күнкөріске еркін жетеді. Оңды-солды ысырап қылып, шаша бермесең, мол қор жинауға да болады. ЖОО мұғалімдері шетелдерде өтетін ғылыми конференцияларға жиі барып тұрады. Яғни, әлемдегі өзге әріптестерімен тәжірибе алмасуға жақсы. Ал өздері жұмыс істейтін университетте «топқа куратор бол, іс-шара ұйымдастыр» деген секілді шаруалар оларға жүктелмейді.

Британиялық мамандар тек сабағын беруді және зерттеуін жүргізуді біледі, болды. Басқа артық ештеңеге басын қатырмайды. Ал түрлі қоғамдық жұмыстарды атқаруға, іс-шаралар өткізуге арнайы департаменттер мен ұйымдар жауапты. Сондай-ақ, әр оқытушының университетте жеке кабинеті болады. 7-8 шаршы метр ғана шағын бөлме болуы мүмкін. Бірақ, ең бастысы – жұмыс істейтін, зерттеумен айналысатын өзінің жеке кеңістігі. Ал осындай жағдайлар жасалған соң, зерттеушінің ғылыми жаңалық ашпауы, ғылымды дамытпауы мүмкін бе?! «Отбасымды қалай асыраймын», «қоғамдық жұмыстарға атсалысу керек» деген сияқты нәрселерге еш миын ашытпай, ғылыммен шұғылданады, болды. Сосын білген-түйгенін шәкірттеріне үйретеді. Бар жұмысы – сол.

Оқытушылардың студенттерге қарым-қатынасы туралы

Мұнда ЖОО мұғалімдері өзін студенттің аса жақын досы сияқты ұстайды. «Мен мұның ұстазымын» немесе «Менен жасы әлдеқайда кіші бала ғой» деген сықылды жоғарыдан қарап, қарым-қатынас жасау жоқ. Өте кішіпейіл, қарапайым әрі сыпайы. Намысқа тиетін сөз айту, кемсіте сөйлеу, мұқату деген нәрселерді көрмейсің. Сөйлегенде, бірдеңені түсіндіргенде сөйлеу мәнерінен асқан жанашырлық есіп тұрады. Маған, кейде тіпті олар өздерін студенттің қызметшісі тәрізді көретіндей әсер қалдырады. Мысалы, мейрамханаға барсаңыз, даяшылар не айтсаңыз да орындауға құлшынып, елпілдеп тұрады емес пе? Мұнда оқытушылардан да сондай қарым-қатынасты сезесің. Әлдене сұрай қалсаң, ынты-шынтысымен кеңес беруге, бағыт-бағдар сілтеуге, жалпы көмектесуге асығып тұрады.

Сонымен бірге, профессорлар шәкірттерге өзіндік терең танымы бар тұлға ретінде қарайды. Мысалы, біз әдебиет сабағында әр апта сайын бір шығарманы талдаймыз. Мұғалім сол туындыға қатысты сұрақтар қояды. Магистранттар кезек-кезек жауап беріп, талқылаймыз. Сонда профессор бір семестр бойы бірде-бір рет ешкімге «Сенің ойың дұрыс емес, ол негізінде былай» деп айтқан емес. Көзқарасымызды теріске шығарған кезі жоқ. Керісінше, пікірімізді әрдайым қолдап, қуаттап отырады. Қосары болса, әуелі біздің айтқанымызды дәлелдеп, бізді мақтап-мақтап келіп, соңында өзінің де ойын жалғап, кеңесін айтады. Яғни, британиялық ұстаздар үшін әр шәкірттің пікірі құнды, әркімнің жеке көзқарасын сыйлайды.

Бағалау жүйесі хақында

Студенттердің баға қойылатын жұмыстарын әуелі сабақ беретін мұғалім тексереді. Сосын сол университеттің басқа бір оқытушысы оның үстінен екінші рет қарайды. Содан кейін сол ЖОО-да істемейтін, басқа университеттің профессоры үшінші рет тексереді. Яғни, шәкірттің еңбегі үш сатылы тексерістен өтеді. Бұл мұғалімнің бағаны тым көтермелеп немесе керісінше түсіріп, лайықсыз бағалаудың алдын алу үшін ойластырылған дүние болса керек. Мәселен, ұстаз өз шәкіртіне 22-ден 20 балл қойды делік. Бірақ екінші сатыда басқа оқытушы 15, ал содан кейінгі тексерісте үшінші профессор 14 балл қойды деп есептейік. Демек, бірінші тексерген мұғалім тым көтермелеп жіберген болып шығады. Ондай жағдайда әділетсіздікке барған қызметкерге шара қолданылуы мүмкін. Сондықтан ешкім тамыр-таныстыққа немесе парақорлыққа бара қоймайды. Өйткені, онсыз да жалақысы жоғары, оларға жасалған жағдай да керемет. Айдаладағы бір студентті лайықсыз қорғаштаймын деп өзінің басын бәйгіге тігіп қайтсін?!

Плагиат жайында

Біреудің жұмысын көшіріп алатын студенттер қатаң жазаланады. Яғни, сессиядан құлап, жазғы семестрге қалады. Шәкірттер семестрдің бағалау жұмысын тапсырған соң, ұстаздар асықпай, үш апта тексереді. Нәтиже содан кейін ғана белгілі болады. Ал оқудың соңында диссертацияны жазып өткізген соң, оқытушылар шамамен екі айдай оқып, қарастырады. Асықпай, зерделейді. Яғни, айтайын дегенім – Британияда диссертацияңды комиссия мүшелерінің алдында 10-20 минут қорғап, бағаңды сол жерде бірден алмайсың. Зерттеу жұмысыңды профессорлар бірнеше айлап оқып, сапасын сүзгіден өткізеді. Сол себепті, салтанатты диплом табыстау рәсімі де кеш ұйымдастырылады. Дипломыңды оқуды бітіріп кеткен соң, үш айдан кейін аласың.

Өзге де мәселелер жөнінде

Сабақтан маңызды себепсіз, беталды қалуға болмайды. Мысалы, студент ауырып қалса, мұғалімнен сұранып кете алмайды. Оқытушының оны сабақтан босататын құзіреті жоқ. Әр университетте Infohub деген секілді арнайы бөлім болады. Сырқаттанып қалған шәкірт сонда анықтамасын өткізуі тиіс. Содан кейін ғана оның науқастанып қалғаны расталып, базаға енгізіліп, сабақтан босатылады. Бұл да мұғалім мен студенттер арасында тамыр-таныстық болмасын деген сақтық шығар. Әйтпесе, ұстаз жаны ашып, шәкіртін беталды жібере беруі де мүмкін ғой.

Сонымен қатар, өткен пәнге, оқылған курсқа байланысты әр семестр соңында студенттер аты-жөнін көрсетпей, пікір (feedback) жазуға құқылы. Бұл кемшіліктерді түзету мақсатында жүргізіледі. Шәкірттердің пікірлерін жинастырып, зерттеп, ескертулерден нәтиже шығару үшін жұмыс істейтін арнайы департамент бар. Студенттердің сын-ұсыныстарын қаперге алып, ескеру де демократияның бір көрінісі болар.

Алпамыс Файзолла

Abai.kz

0 пікір