Трансұлттық аудармашылар одағын құру керек!

Қазақ аудармасының жаңа көкжиегінің бағы қырғыз, өзбек аудармасымен тізе қосқанда ғана ашылады!
АІ заманында бір адамның ғана аударма жасауы мүмкін болмай қалды. Мысалы БҰҰ ұйымының ресми 6 тілі бар десек, осының ішінде испан, орыс, қытай, араб және француз тілдері ағылшын тіліндегі толассыз енген терміндер мен түсініктердің шаңына көміліп қалса, біздің орыс тілінің құшағында тұншыққан тіліміз не күйде!?
Иә, қазақ аударма десе, көркем әдебиет деп ұғады. Бұл гуманитарлық бағыттағы аударма түрінің бір бөлшегі ғана екенін ұғынбайды.
Бұрын әлемді орысша оқып, орысша ұғынған Орталық Азия елдерінің ғылыми тілі шыққан жоқ. Ғылыми, кәсіби һәм саяси-қоғамдық аударма саласы бетімен кетті. Бетімен кетті дегеніміз нарыққа бейімделмей, биліктің берген ақшасын ат төбеліндей топтың аударма саласы бойынша игеруі былайғы жұрттың төбе шашын тік тұрғызатын аудармаларды өзбекке, қырғызға һәм қазаққа сыйлап үлгерді.
Бұның себебі Орталық Азия елдерінде Жазушылар Одағы сияқты дербес Аудармашылар одағының жоқтығынан деп білгеніміз жөн. Кез келген ғылыми һәм кәсіби аударма жасалмас бұрын аударылатын кітапта ұшырасатын терміндердің тізбесі жасалып, оларды ұлт тіліне бейімдеу дайындағы белгілі бір ортада талқыға салынып, мамандардың пікірлері назарға алынады. Міне, содан кейін барып қана алғашқы «қара аударма» жасалынып, ол тиісті маман редакторлардың «ақ аудармасы» үшін белгілі бір кәсіби не ғылыми ортаның үстінен жөнге келтіріп қарап шығуына беріледі.
Ал, қазақ, қырғыз және өзбекте бәрі керісінше, аударған адам атын батпитып қойып, үлкен бір дүние бітіргендей не қазақ, не өзбек, не қырғыз ұқпайтын қойыртпақты ЖОО мен орта білім саласы үшін табыстай салады да, ішің білісн әлуәйлатып қарап қана отырады.
Тіпті Google аудармамен көсілте салатын қасқалар да билік бөлген ақшаның қызғын тер төкпей қалтаға басуға кірісті.
Бұл келеңсіздіктен шығудың бір ғана жолы бар – аудармашылар мен редакторлар алқасынан тұратын трансұлттық (қазақ, өзбек және қырғызға ортақ) аудармашылар одағын құру. Тілі жақын үш ұлттың термінге қатысты бірін-бірі оқи алмауы болашақта үлкен тілдік алшақтауға ұрындырады.
Әбіл-Серік Әліакбар
Abai.kz