Дүйсенбі, 24 Ақпан 2025
Шолу 246 6 пікір 23 Ақпан, 2025 сағат 20:03

Халықаралық БАҚ: Трамптың Америкасы Ресейдің одақтасы ма?

Сурет: bbc.com сайтынан алынды.

Қазір әлемдегі ең  өзекті тақырыптың бірі – Ресей мен Украина соғысының қалай аяқталатыны. Әр саясаткер бұған өзінше тұспал жасап, жорамалдар айтуда. АҚШ-тың бұрынғы президенті Джо Байденнің тұсында Украинаға үш жыл бойы қолдау көрсетілген еді. Ал Ақ үйдің жаңа басшысы енді жағдайды басқа бағытқа бұруға әрекет жасап жатыр. 19-ақпан күні Трамп Украина президенті Владимир Зеленскийді сайлау өткізбегені үшін «диктатор» деп атап, соғыстың салдарына аса мән бермейтінін білдірді. Оның үстіне АҚШ, Ресей басшылары арасында аталған соғыс туралы Сауд-Арабиясында келіссөздер де өтті. Осы туралы әлемдік БАҚ маңызды ақпараттар жариялады.  

Мысалы, «Reuters» сайты да бұл жағдайды назарда ұстайтынын айтты: «Трамп пен Путин жақын арада кездесуге дайын екендіктерін мәлімдеді. Бұл 2021 жылдан бері Ресей мен АҚШ көшбасшыларының алғашқы бетпе-бет кездесуі болмақ. «Мен Дональдпен кездесуге қуаныштымын, – деді Путин 19-ақпанда. – Бірақ біз жай ғана кездесіп, шай не кофе ішіп, болашақ туралы әңгімелесумен шектеле алмаймыз. Біздің командалар екі ел үшін де аса маңызды мәселелерді, соның ішінде Украина бойынша да шешімдер әзірлеуі керек. Бұл екі тарапқа да қолайлы шешімдерге келуге мүмкіндік береді». Бұл Путиннің пікірі.  

Естеріңізде болса, АҚШ президенті Трамп мұнай бағасын төмендетуді қалайтынын бірнеше рет айтқан болатын. Ал, Путин экономикалық мәселелер мен жаһандық энергетикалық нарықтардағы бірлескен жобаларды  талқылауды қажет ететінін атап өтті. Қазіргі уақытта олардың нақты қандай жоспарлары бары белгісіз.  

«Ресей өзінің мұнай-газ қорларын игеру үшін батыстық технологияларға мұқтаж, ал «Газпром» (GAZP.MM) Еуропадағы газ нарығының басым бөлігінен айырылды» – , деп жазды «Reuters» сайты. 

Ал, санкциялар және инвестиция туралы да аталған ақпараттық сайт былай деп  жазды: «Ресейдің егеменді қор қорының басшысы Кирилл Дмитриев Сауд Арабиясының астанасы Эр-Риядтағы келіссөздерден кейін АҚШ-тың бірқатар компаниялары 2025 жылдың екінші тоқсанынан бастап Ресейге оралуы мүмкін екенін мәлімдеді. McDonald’s (MCD.N) және Caterpillar (CAT.N) сынды көптеген батыстық компаниялар Ресейден шығып, өз активтерін үлкен жеңілдікпен сатуға мәжбүр болды. Алайда олардың қайтып оралуы үшін Батыстың Ресейге салған ең қатаң санкциялары жойылуы қажет. Егер АҚШ санкцияларды алып тастаса, Батыс инвестициясы қайтадан Ресейге құйылып, ресейлік нарық жандана түсуі мүмкін». 

Жаһандық ақпарат сайттарының алпауыты атанған BBC өз кезегінде қазіргі белең алған мәселелер туралы дер кезінде ақпарат таратып жатыр. «Зеленский қауіпсіздікті талап етуде, ал Трамп басқаша ойлауда. Әлемдік көшбасшылар арасындағы шиеленіс әлі де жоғары деңгейде тұр. АҚШ президенті Дональд Трамп Еуропалық көшбасшыларды қатыстырмай, Ресеймен бейбіт келіссөздерді бастауға шешім қабылдады. Украина президенті Владимир Зеленский болса, халыққа үндеу жасап: «Бәрімізге бейбітшілік қажет», – деді. Ол Киевте АҚШ өкілі Кит Келлоггпен кездескеннен кейін бұл келіссөздер «үмітті» қалпына келтіргенін мәлімдеді. Сонымен қатар, ол Америкамен «берік келісімдер» жасауды ұсынды. Бұл кездесу Зеленский мен Трамп арасындағы үлкен келіспеушіліктен кейін өтті. Осы аптаның басында Трамп украиналық көшбасшыны «диктатор» деп атаған болатын». 

Осыдан кейін жарық көрген ақпараттарға назар салсақ, Ақ үйдің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Майк Уолцтың айтуынша, Трамп Зеленскийдің өзіне айтқан сынына әлі де «ашулы» екен.  

Соғыс жағдайына бас қатырған мемлекет басшылары тараптарды келіссөз үстеліне шақырғанымен, Украина әскері кеше түнде Ресейдің 160 дрон мен екі зымыран арқылы жасаған шабуылына қарсы тойтарыс бергенін хабарлады.Еуропадағы Украинаның жақтастары бейсенбі күні Трамптың алдыңғы күні жасаған кейбір мәлімдемелерін сынға алды. Көптеген еуропалық саясаткерлер бұл соғысты Ресейдің бастағанын, оның үстіне Зеленскийді «диктатор» деп атаудың ағаттық екенін айтты.  

Ұлыбритания Киевті қолдайтынын айқын түрде мәлімдесе, Франция Ресейдің Еуропаға «экзистенциалдық қауіп» төндіретінін ескертті. Ал Кремль АҚШ президентінің ұстанымын қолдады. Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Трамптың Зеленскийге «соғысты тез аяқтау» туралы айтқанын құптайтынын мәлімдеді.  

«Politico» ақпараттық порталының жазуынша, Трамптың Америкасы енді Путиннің одақтасы болып шықпақ. «Еуропа мен Украина тарапына АҚШ-тың қаншалықты немқұрайлы екенін түсіне бастады, өйткені жаңа президент олардың ең үлкен жауына жақындап келеді. Соғыс адамдарды ынтымақтастықты  таңдауға мәжбүрлейді. Ал, Дональд Трамп Владимир Путиннің одақтасы болғандай көрінеді. Ресей мен Украина арасындағы қақтығысқа қатысты Трамптың жеті күндік мәлімдемелері украиналықтар мен олардың одақтастары үшін ең қорқынышты түстерді шынайылыққа айналдырды. Бұл 1945 жылдан бері Еуропаның қауіпсіздігін қамтамасыз етіп келген трансатлантикалық қатынастарды түбегейлі өзгертті». 

«APNEWS»-тің де өз айтары бар екен. «Ресей мен АҚШ сейсенбі күні Украинадағы соғысты тоқтатуға және дипломатиялық әрі экономикалық байланыстарды жақсартуға бағытталған жұмысты бастауға келісті. Бұл туралы екі елдің жоғары лауазымды дипломаттары хабарлады. Келіссөздер Президент Дональд Трамп басқаруындағы АҚШ-тың сыртқы саясатындағы таңғаларлық өзгерісті көрсетті. Кездесуден кейін Associated Press агенттігіне берген сұхбатында АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио екі тарап үш негізгі мақсатқа жету үшін келісімге келгенін айтты: Бірінші, Вашингтон мен Мәскеудегі елшіліктердегі қызметкерлер санын қалпына келтіру. Екінші, Украинадағы бейбіт келіссөздерге қолдау көрсету үшін жоғары деңгейдегі арнайы топ құру. Үшінші, екі ел арасындағы тығыз қарым-қатынастар мен экономикалық ынтымақтастықты зерттеу. Алайда Рубио бұл келіссөздер тек бастапқы қадам екенін және әлі көп жұмыс атқару керектігін баса айтты». 

Осы мәлімдемеден кейін Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров та Рубионың сөзін қайталап «Біз тек тыңдап қана қоймай, бір-бірімізді түсінуге тырыстық. Кездесу өте пайдалы болды», – деді. Келіссөздерге Трамптың ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Майкл Уолц пен Таяу Шығыс бойынша арнайы өкілі Стивен Уиткофф, сондай-ақ Лавров пен Ресей президенті Владимир Путиннің сыртқы істер жөніндегі кеңесшісі Юрий Ушаков қатысқан болатын.  

Қалай десек те, қазіргі ең өзекті мәселе аталған соғысты тоқтатып, бейбіт өмірді қалпына келтіру. Алайда бұл мәселенің алда қалай белең алатынын да болжау тым қиын сияқты сезіледі. 

Халықаралық БАҚ-қа қысқаша шолу жасаған – Дүйсенәлі Әлімақын 

Abai.kz 

6 пікір