Сәрсенбі, 26 Ақпан 2025
Алаң 410 5 пікір 26 Ақпан, 2025 сағат 13:44

Заман өзгерді. Заң шығарушы орган қашан өзгереді?

Сурет: parlam.kz сайтынан алынды.

Қазақ еліндегі шетелдік компаниялардың аудармашы қабылдауда өз ана тілдері мен орыс тілін білуді талап етіп келе жатқанына ет үйренгелі қашан. Марқұм Бердібек Сапарбаев Ақтөбе облысын басқарып тұрғанда қазақтың мұнайының қызығын көріп отырған қытай компаниясына қазақ тілді аудармашы алуды міндеттеп, тәубесіне түсіріп еді. Марқұм Шерхан Мұртаза да депутат кезінде қазақтың небір қасқа-жайсаңының ана тілін білмейтін министр балаларын ел көзінше қатаң сынға алғаны көпке аян.

Өмір өзгерсе де, ұрпақ ауысса да орыс тілімен іс жүргізетін қазақ билігі өзгермейтін сияқты. Кешелі бері Қазыбек Иса, Аманжол Әлтай, Жанарбек Әшімжан, Ринат Зайытов қатарлы әйдік ақындар бастатқан халық қалаулылары бар Қазақ Парламентінің смс маманын жұмысқа алу туралы жарнамасы жұрт талқысына түсті.

«Prdrive.kz» атты PR саласының дамуына бағытталған Instagram парақшада «Мәжіліс Парламентінің медиа-тобына SMM-маманы (негізінен орыс тілінде сөйлейтін) қажет» деген ашық вакансия жарияланған. Онда «орыс тілінде сауатты жаза білуі» басты шарт етіліп,  қазақ тілі туралы  жай ғана «білуі де құпталады» делінген.

Журналист Жалғас Ертайдың парламент басшысын, президент баспасөз хатшысын тектеп бұл жарнаманың көшірмесін өз фейсбук парақшасына салғаны сол екен, арты қызу талқыға ұласқан. Журналист Камшат Тасболат:

«Бұл Қазақ Парламенті емес, ресей федерациясы думасының бұратана халық басқармасының заң шығарушы органы шығар-ау, масқара! Өткенде Италияда болдық, орысша сөйлегендерге қызмет көрсетпейді, «соғыс бастадыңдар» деп сынайды, сонымен тәрбиелейді, ұятын оятады… Бізге отарсыздану үшін әлі жүз жыл керек шығар… Көрші ресейдің мемлекеттік тілін емес, Қазақстанның Мемлекеттік тілін дамыту керегін қашан түсінеді екен бұлар?» деп жазды. Жұрт талқысынан кейін жарнаманың өшірілгені мәлім болды.

Қазақ парламентіне орыс тілді пиар менеджер ұстау не үшін керек болды? Сондағы түпкі мақсаттары не, кімге жаққысы келді? Парламент ең алдымен мемлеке құрушы қара орман қазақ халқының өкілдік органы емес пе еді? Өздері сайлаған, сенім артқан депутаттардың бұл мәселеге ат үсті қарағаны қалай? Әлде "Халықаралық орыс тілін дамыту қорына" ақша бөлуді бір ауыздан қолдағандай, Парламенттің жарнамасын орысша жасауға қарсылықсыз келіскен бе? Көптің көкейіндегі сұрақ осы.

Abai.kz

5 пікір