Қазақ аудармасы: Өлген тілді аударма тірілтеді!

Өзгені тоты құстай қайталамай, тек 28 дыбыстық бабалар тіліне бейімдеп, өзгелерден тіке сөз қабылдауымызға не кедергі? Қазақ аудармасының көз жасы немесе қазақ өз тіліне бейімдеп сөз қабылдау қалыптасқан қасаң кедергіні жеңе ала ма?
Кейінгі отыз шақты жылдың ішінде аударма қарқынының біршама бәсеңдеуіне аударманың миссиясы жөнінде қате түсініктердің де әсері болды.
Аударманың құдіреті өлі тілдерді тірілтуінен-ақ танылып тұр. Көне еврей, көне грек, латын, ескі түркі тілдерінен жасалған аудармалар арқылы қаншама мәдени мұра адамзат игілігіне айналғаны жақсы мәлім. Тәржімешілер болмаса олардың бәріне де санаулы полиглоттардың, тіл мамандарының ғана қолы жетер еді.
Өнердің қай түріне де сынның әсер-ықпалы үлкен. Аударма да солай. Соңғы сексен-тоқсан жылдың ішінде бой көрсеткен қазақ аударма сыны осы уақыт аралығында тәржіме өнерінің қалыптасуына хал-қадірінше көмек көрсете білді. Сұхбатта ретті жерінде аударма сынына байланысты ойлар да ортаға салынып отырылды. Бұл тұрғыда қазірше жетістіктен гөрі кемістік көбірек.
Ақылмандығымыз – тиын, ақымақтығымыз – теңге болып, ұятқа арсыздықтың шекпенін кигізіп, арыстаны жоқ орманға еніп, аюды көке санап жүрген тілдік тірліктен арылуымыз керек-ақ.... Осы бағытта жеке азаматтық бастамасымен Құнанбай қажы атындағы «Алаш аудармашылар Одағы» Қоғамдық Қорын құрған, аударма саласы мен ісі бойынша магистрлік атағы бар Ерік Қайратбекұлы інімізбен сұхбаттасудың сәті түсті.

Сурет: Abai.kz сайтынан алынды.
– Қазір аудармашылардың басын қосатын ұйымдар жоққа тән. Бірақ сіздің құрған қор неге «Құнанбай Өскенбайұлы» атымен аталды?
– Иә, бұл сұрақ маған жиі қойылады. Құнекең өлең де жазған жоқ, аударма да жасаған жоқ, неге атын қойдыңдар дейтіндер жетіп артылады. Қазақ аудармасының бастау көзінде Шыңғыс төре мен Құнанбай Өскенбайұлдары тұр. Олар ескі шағатай тілінде білім беруді қазақтың әр ауылына міндеттеп, мұсылман дін арқылы, орыстандыру һәм шоқындырудан қазақты сақтап қала алды. Қала білді десек те болады. Осы әуелі діни, кейін орысша оқығандар «Дала уәлаяты» газетін шығарып, онда аударма саласы тұңғыш рет кәсіби дамыды.
Ал, бұндай қадамға бармаған өзге ұсақ ұлттардың бетке ұстарлары орыстануға төте жол ашты. Өйткені, әуелі мұсылманша сауатын ашқан оқу жасындағы шәкірт ешқашан өзге дінге, өзге мәдениетке құлдық ұра табынбайды. Өзге тілден жасалған тәржімада тіл мәйегін ұлттық дүниетаным сарасынан өткізіп, ұлтына ұғындыратын болады. Орыс тілінен жасалған алғашқы ұлттық аудармалардан біз осыны аңғарамыз.
– Қор туралы айта кетсеңіз?
– Құнанбай қажы атындағы «Алаш аудармашылар одағы» Қоғамдық қоры - Абай облысын аударма саласында «Рухани астанаға» айналдыруды мақсат тұтқан белсенді азаматтардың бастамасымен 2023 жылдың 27 желтоқсанында құрылды.
Қордың миссиясы:
«Web - аударма» саласына Қазақстандағы мүмкіндігі шектеулі немесе жұмыссыз жүрген педагогтар, арнайы тұрақты табысы жоқ және жалғыз басты ата-аналар және аз қамтылған отбасында тәрбиеленіп жатқан, асыраушысынан айырылған жанұядағы шәкірттерді қатыстыру әрі оларды арнайы оқыту, аударма саласында жасаған еңбектерінің жемісін көруін мемлекеттік қолдау шараларынан тыс шешу. Осы мәселе бойынша жаңа тағайындалған облыс әкімі Берік Уәли мырзаға кіргелі отырмын.
Аудармашылар ғана қазақ қоғамын ұлттық жазуда оята алады!
– Ұлттық Ылатын әліпбиі турасында не дер едің?
– Ылатынға түптің түбінде көшеміз. Бірақ орысша айтылып, жазылып келген 150 мыңдай термін мен сөз қолданыстары ю я щ й ё ъ ь ч э х ц ф в әріптерінсіз қалай айтылып қалай жазылады? Кірілде жазу мен айтуда ұлттық сөйлеу мәнерінен ажырап қалдық. Ылатында да осындай күй кешпеуміз не істеуіміз керек деген сауал көңілімізді күпті ететіні рас.
Жаңа қазақ аударасында жазылымы ағылшынша сөздерді айтылымы қазақша қабылдайтын жаңа тірлік керек...
– Сонда қандай тірлік?
– Аудармашылар ғана қазақ қоғамын ұлттық жазуда оята алады...
– Неге?
– Енді айтқан ойымызды нақтылайық. Бізді тілдік тұрғыдан екіге бөлу ылатын жазуын тек қазақ тілділерге қатысты бөлектеуден басталды да. Нәтижесінде қазақ тілділер qwerty-шілер мен дәйекшілерге бөлініп шыға келді.
Бұл бір проблема және нәтижесінде бітіп болмайтын 3 ұлттық әліпби қабылданып үлгерді. Әлі қаншасы қабылданатыны белгісіз. Бұдан шығудың жолы орыс тілділерді де ылатынға көшіріп, «Бір ұлт бір жазу» концепциясын қазақ қоғамындағылардың санасына сіңіру қажет.
Бұның бәрі КСРО кезінде барлық ұлттарды гүржі мен әрменнен басқасын ылатынға көшіретін ылатын әріпі орыс тіліне де Яковлев әліпбиінің болғандығын орыс тілді отандастарымызға түсіндірмеу қоғамды екіге жарды. Орыс тілділерге арнап 42 әріпке әріпке негізделген ылатын жазуы керек. Ол қоғамда талқылануға тиіс.
«Бір ұлт бір жазу концепциясы» аясында РФ, өзбек, ханзу, түркімен және маңғұл елдерінде тұрып жатқан қазақ тілділерді қолдайтын «Бір алаш түрлі мемлекет» атты мәдени-ағартушылық қозғалыс құрылуға тиіс.
Тіліміздің орфоэпиялық ерекшілігінің ұлттық аудармада бір ізге түсуін өзбек, ханзу, түркімен және маңғұл тілдерінен аударма жасап жүрген өзге елдегі алаш аудармашыларымен бірлесіп, 28 дыбысқа негізделген Тіл Ірепормасын жасап, болашақ ылатынға қиналмай көшу үшін қазіргі кірілді 28 әріпке негізделген ұлттық жазуға айналдыруды осы бастан қолға алуға жағдай жасау.
Аударма тілі жолға қою үшін орфографияға бағынбайтын заңдылықтар барлығын қазақ қоғамына ұқтырып, түп негізгі грек пен ылатындық сөз алды, сөз соңы жұрнақтарын тілімізге бейімдеудің жолын аудармада жүрген тәржімашылар болып қарастыру бағытында жұмыстар жүргізілсе, көп нәрсе оңалады.
Қазақ тілінің басты ерекшілігінің бірі қазақ сөзінде екі дауысты дыбыс қатар келмейді, бірақ, какао, коала... сияқты сөздер тілімізге еніп кетті. Бұлар тілімізге қалай бейімделеді?
ң, е, и, у, л және р дыбыстарынан сөз басталмайтынын және жуан мен жіңішке дауыстылардың бір сөздің бойында ұшыраспайтынын ескеріп, е, и, у, л және р дыбыстарынан басталып сөздіктерге кіріп кеткен орыс тілі арқылы енген терміндерді жаппай қазақша әуезеуге көшуді тәржіма ісінде қолға алу.
Ең бастысы қазір қазақ аудармасындағы пуристер (қылтимашылар//самалдықтар) мен жәдитшілер (28 дыбысқа негізделген орфоэпиялық ерекшілік бойынша сөз қабылдаушылар: пәдіиез/бәлкөншілер) арасында ұлттық түсіністік ахуалын қалыптастыруға қол жеткізу.
ҚХР аудармашы ағайындармен бірлесіп «Шәкірт» баспасын құруға талпыныс жасауға кіріссек, әсте тәш болар еді. Осы орайда, бізден өзге Серік Ерғали ағамыз барын салып жүрген аудармашылар қауымдастығы құрыла ма? Бұл сауал енді уақыттың еншісінде.
«Бір ұлт - бір жазу» концепциясы қалай жасалуы керек?
– «Бір ұлт - бір жазу» концепциясын қазақ қоғамындағылардың санасына сіңіру үшін қандай қадам жасалуы керек?
– Әліпби қалыптасуы үшін не істеуіміз керек? деген сауал өз жаубын тапқан. Тек «бір әріп бір дыбыс» деген концепциядан арылсақ болды. Бәріне орныа келеді.
Келеді дейтінімі Тілешев әліпбиіне Ұлықбек түзетуінен кейін жұртқа тараған ұлттық және жалпықазақтың әліпби (орыс және қазақ тілді алаш қоғамының әліпбилік бірегейлігі) өмірге келді. Амал не қазақ зиялы ортасы осы даусыз шындықты мойындамай отыр.
І жұртқа тараған қазақ ұлттық әліпбиі:
(қазақ тілді алаш қоғамының әліпбилік бірегейлігі)
А а (A a), Ә ә (Ae/ae), Б б (B b), Гг (G g), Ғ ғ (Gh/gh), Д д (D d), Е е (E e), Ж ж (Zh/zh), З з (Z z), И и (I i), К к (K k), Қ қ (Q q), Л л (L l), М м (Mm), Н н (N n), Ң ң (Ng/ng), О о (O o), Ө ө (Oe/oe), П п (Pp), Р р (R r), С с ( S s), Т т (Tt), У у (W w), Ұ ұ (Uu), Ү ү (Ue/ue), Ш ш (Sh/sh), Ы ы (Yy), І і (Ii).
ІІ жұртқа тараған жалпықазақтық әліпбиі:
(орыс және қазақ тілді алаш қоғамының әліпбилік бірегейлігі)
А а (A a), Ә ә (Ae/ae), Б б (B b), В в (V v), Г г (G g), Ғ ғ (Gh/gh), Д д (D d), Е е (E e), Ё ё (Io/io), Ж ж (Zh/zh), З з (Z z), И и+Й й (I i), К к (K k), Қ қ (Q q), Л л (L l), М м (Mm), Н н (N n), Ң ң (Ng/ng), О о (O o), Ө ө (Oe/oe), П п (Pp), Р р (R r), С с (S s), Т т (Tt), У у (W w), Ұ ұ (Uu), Ү ү (Ue/ue), Ф ф (F f), Х х (X x), Һ һ (H h), Ц ц (Ts/ts), Ч ч (Tsh/tsh), Ш ш (Sh/sh), Щ щ (C), Ь ь+Ъ ъ (`), Ы ы (Yy), І і (Ii), Э э (Ea/ea), Ю ю (Iw/iw), Я я (Ia/ia).
Ешкім нағыз кәсіби аудармашыларымен санаспайтын болды...
– Кітәби аударма саласында ілгері баса аламыз ба, бастыру үшін не істеуіміз керек?
– Осы сауал күн тәртібінде тұр. Қазақ бірақ бұған елең етіп жүрген жоқ. Қазір әдеби және ғылыми туындыларды қазақ оқырманына ұсынатын сайттар жоқ болмаса да бар. Бірақ олар нарыққа бейімделмеген. Әрі осы сайттың әкімгерлері ұлт оқырманына не керектігіне әлеуметтік сауалнама жүргізген емес. «Қазақ кітап оқымайды» деген жалған концепция туындатып, оны ұлт жадына орнықтырып үлгерді.
Ешкім нағыз кәсіби аудармашыларымен санаспайтын болды. Мықты қаламгер бар, бірақ нашар аудармашы, нашар қаламгер бар, бірақ керемет аудармашы. Осы мықты қаламгерлер жұрт шошитын аудармалар жасап, қазақты кітап оқудан қашырып жатыр. Өз кезінде не мықты, не нашар қаламгер атана алмаған кәсіби білікті шебер аудармашылар мүлдем тасада қалуда. Бұл енді көркем аудармаға қатысты, оның туындап отырған проблемаларын зиялы оқырман қауым жұмыла шешетін дүние.
Көркем аударма:
- Элиталық
- Бұқаралық деп екіге бөлінеді. Бізде тек көркем аударманың элиталық түрі ғана мемлекеттің қолдауымен бағасы шарықтаған күйі қалтасы жұқа оқырман қауымға ұсынылуда. Таралымы ұзаса 5 мың дана ғана. Оқырман оны кезекте тұрып, кітапханалардан ғана оқи алады. Ауылдық жердегі оқырмандар элиталық аударманы оқудан шеттетіліп отырған жайы бар.
Ал, бұқаралық аударманы ғана оқитын оқырмандар ана тілінде артмәдениет өнімдерін оқу құқығынан 30 жыл бойы айырылып келеді. Әрі олардың азын-аулақ шығатын осы тақырыптағы кітаптарды сатып алуға қалтасы жұқа. Бұқаралық кітап әлеуметтік жақтан аз қамтылған топ үшін арзан әрі қолжетімді болуы керек.
Бізде қазір 200—500 беттік бұқаралық аударманы жалғыз адам жасайды. Бұл өте ауыр. Әрі күніне 2-5 беттен аударғанда 100 күнге созылады. Осы уақытта аталған кітаптты қазақ оқырманы не ағылшын, не орыс тіліндегісін оқып, аударылып жатқан кітап ешкімге керексіз болып қалады.
Бұлай болмауы үшін не істеу керек? Осы 200-500 беттік аударманы шахмат тәсілімен азат жолдық бөлінім бойынша 100 не 250 аудармашыға бөліп беретін болса, кез келген кітап 1 ғана күнде аударылып, үстінен жауапты редактордың бір қарап шығуымен 10 күннің ішінде оқырман қолына тиеді. Аудармаға ебі бар шығармашыл жеке тұлғаларды сөз етпегенде тек қазіргі Жазушылар одағындағы 700 аса қаламгеріміз жылына 2000 кітапты оқырманға ұсына алады. Бұл қазақ кітабын нарыққа шығарудағы жемқорлықтың жолын кеседі. РФ экономикалық ауыр жағдайда, сондықтан жағдайы мәз емес олардың баспа өнімдерін арзанға алып, қазақтың рухани қазынасын айналдырудың жолын іздестіруге тиіспіз.
Аймақтарда аудармашылар редакциялары мен жергілікті аудандар мен қалаларда аудармашылар мектебін қалыптастырсақ, қазақ кітап нарығына өлмес өмір сыйлаймыз. Бұл аударманың қазақ көзі үйренген мәтіндік түрі ғана...
– Сонда қалай?
– Ағасы, Сіз саусағыңызды бүгіп санай беріңіз!? Мәтіндік аударма оқырманға ұсынылуы бойынша екіге бөлінеді:
А) Баспалық
Ә) Інтернет немесе Ғаламторлық
Баспалық аудармамыз нарыққа біршама қабілетсіз
Інтернет аударма баршаға қол жетімді иесіне табыс әкеледі.
Бұл Web аударма өз кезегінде:
А) кітаби
Ә) ғылыми
2 терміндік
А) кәсіби
Ә) салалық
3 субтитрлік
А) деректі
Ә) танымдық
Б) көркем артмәдениеттік
4 ноталық
А) өлеңдік (танымал әлемдік әннің жергілікті ұлттың өзінше орындауына бейімделуі)
Ә) бейнелік
Б) әуендік-дыбыстық
Қазақ аудармасы әлі есін жия алмай жатыр. Оған жан кіргізу біздің перзенттік борышмыз. Ұлт аудармасы баршаға ортақ. Оны жеке адамының меншігіне айналдырып, тендердің тәлкегіне салып, назарбайлық «100 оқулық» даңғазасына айналдыруға қақымыз жоқ!
Жалғасы бар...
Сұхбаттасқан Әбіл-Серік Әліакбар
Abai.kz