Бейсенбі, 27 Ақпан 2025
Аласапыран 321 4 пікір 27 Ақпан, 2025 сағат 14:16

АҚШ-Украина келісімі: Мәскеу неге жанталасуда?

Сурет: aa.com.tr сайтынан алынды.

Үш жылға жалғасқан Украина-Ресей соғысы тоқтаудан, екі тарап бейбіт келісімге келуден бұрын Украинаның қазба байлықтарының тағдыры шешілуде.

Украинаның сирек металлдар қорының бірінші болып Ақ үйге қайта оралған Трамптың көз құртына айналған белгілі. Ол Байден билігі Украинаға берген неше миллиард долларлық қайтарымсыз көмегін Еуропаның қайтарымды көмегімен салыстырып, «әділетсіз» деп сипаттап, «500 миллиард доллар» деп еселеп көрсетіп, Зеленскийге оның бодауына қазба байлықтарын беруді ұсынған.

Екі тарап бұл мәселеде бет жыртысуға дейін барды. Кешелі-бері екі тарап та бір мәмілеге келгенін, жұма күні Зеленскийдің Трамппен кездесіп келісімге қол қоятынын хабарлады.

Жаңа келісім-шартта Зеленскийді шошытқан 500 миллиард ауызға алынбады. Екі тараптың қазба байлықтан түскен ақшаны ортақ қорда сақтайтыны, ол өз кезегінде Украинаны қалпына келтіруге жұмсалатыны айтылды. АҚШ қордың пайдасынан ғана үлес алмақ. Зеленский мен Трамп рақайласып, жер ашарының арғы бетінде емен-жарқын кездесіп жатса, Кремльде Путин тыныш отырсын ба?

24 ақпанда Владимир Путин АҚШ-қа пайдалы қазба бойынша әріптестік ұсынуға дайын екенін жеткізіп, Ресей сирек жер металл қоры жағынан әлемде көшбасшы екенін алға тартты. Путиннің мәлімдемесінен кейін Трамп та Ресеймен бұл мәселе бойынша келісімді қолдайтынын айтты.

Бүгін Зеленскийдің Ақ үйге сапары қарсаңында Американың екі шенеунігі мен жағдайдан хабары бар тағы бір дереккөзге сүйенген NBC News арнасы: «Мәскеу Вашингтонға Украинаның Ресей басып алған аумақтарында орналасқан сирек жер минералдары мен басқа да бағалы металдарға меншік құқығын беру туралы келісімді ұсынды», – деп хабарлады.

Дереккөздердің айтуынша, мұндай ұсынысты өткен аптада Сауд Арабиясындағы кездесу кезінде Владимир Путиннің жоғары лауазымды көмекшілері мен Дональд Трамп әкімшіліктерінің өкілдері талқылаған.

Кездесуде Украинаның Донецк және Запорожье облыстарының оккупацияланған бөліктеріндегі минерал ресурстарды игеру бойынша сценарийлер қарастырылған. «Трамп әкімшілігі пайдалы қазба бойынша Ресеймен келісім жасау міндеттемесін алмаған, бірақ оны толық жоққа шығарған жоқ», – дейді АҚШ телеарнасы.

АҚШ пен Украина пайдалы қазбаны игеру бойынша келісімге 28 ақпанда қол қоюды жоспарлап отыр. Жұма күні Украина басшысы Владимир Зеленский Вашингтонға бармақ. Құжат қайта қалпына келтіру инвестициялық қорын құруды қарастырады. Зеленский талап еткен Украинаның қауіпсіздік кепілдігі туралы ашық айтылмады.

Abai.kz

4 пікір