Бейсенбі, 27 Ақпан 2025
Анық 132 0 пікір 27 Ақпан, 2025 сағат 16:49

Іздеуде болған Ақтау әкімінің экс-орынбасары Қазақстанға жеткізілді

Сурет: 716.kz сайтынан алынды.

Қаржылық мониторинг агенттігі Бас прокуратураның үйлестіруімен және Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесе отырып, іздеуде болған Сәдуақасов Т.Х.-ны Қазақстан Республикасының аумағына жеткізді.

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, Сәдуақасов аса ірі көлемде алаяқтық жасады және лауазымды тұлғаларға пара беруге итермеледі деген күдікке ілінген.

"2023 жылғы шілде айында Сәдуақасов Т.Х. мен адвокат Құрманбаев С.Н. өздерінің қызметтік байланыстарын пайдаланып, Долгалев В.И.-дің іскерлік серіктестеріне қатысты сотқа дейінгі тергеу бастау мәселесін шешуді ұсынған.

Аталған мәселені шешу үшін Сәдуақасов Т.Х. мен Құрманбаев С.Н.-ға заңсыз сыйақы ретінде 225 млн теңге беру жөнінде келісім жасалған. Алайда күдіктілер параның алғашқы бөлігі – 90 млн теңгені алғаннан кейін бұл қаражатты өз пайдасына жаратқан және өз міндеттемелерін орындамаған.

Кейін Сәдуақасов Т.Х. қылмыстық жауапкершілікке тартылудан қауіптеніп, соттан жасырынған", - делінген хабарламада.

Хабарламада Сәдуақасовтың мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өткені, оны Өзбекстан Республикасының Шекара қызметі өкілдері ұстағаны айтылған. Сондай-ақ оған қатысты шекараны заңсыз кесіп өткені үшін қылмыстық іс қозғалған.

Abai.kz

0 пікір