Сейсенбі, 4 Наурыз 2025
Заң және Тәртіп: 134 0 пікір 4 Наурыз, 2025 сағат 13:14

Қазақстан азаматтарының құқықтық мәдениеті туралы

Сурет: Алмаз Ещанов / kazgazeta.kz.

Қоғамда құқықтық мәдениеттің жоғары деңгейде болуы заңдылықты қамтамасыз ету мен заңдылықты нығайтудың маңызды шарттарының бірі болып табылады. Себебі, қоғамның құқықтық мәдениеті азаматтардың құқықтық санасы мен заңдарды сақтау деңгейін анықтайды, сондай-ақ қолданылып жүрген заңнаманың сапасын және мемлекеттегі құқық қолдану тәжірибесінің нәтижелерін көрсетеді.

Қазақстан Республикасы Президентінің 2021 жылғы 15 қазандағы № 674 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі Құқықтық саясат тұжырымдамасында (7-тарау) «Азаматтық белсенділік құқықтық мемлекет болуының қажетті шарты болып табылады, бұл өз кезегінде жеке тұлға мен қоғамның құқықтық мәдениетінің деңгейіне тығыз байланысты» делінген.

Осыған байланысты, қоғамның құқықтық мәдениеті «адамзат өркениетінің құқықтық жүйе саласындағы жетістігі ретінде қабылданады және тұтастай алғанда осы жүйенің қоғамның құқықтық өміріндегі даму деңгейін сипаттайды» деген пікірмен толықтай келісуге болады дер едік.(Семитко А.П. Развитие правовой культуры как правовой прогресс (проблемы теории). Автореф.дис. … докт. юрид. наук. Екатеринбург, 1996. - 29–30 бб).

Жеке тұлғаның құқықтық мәдениетіне келетін болсақ, ол жеке тұлғаның  әлеуметтік өмірдегі заңға бағыну іс- әрекеттерінен көрінеді.

Жеке тұлғаның белгілі бір әлеуметтік тәжірибені меңгеруі алуан түрлі және ең алдымен оның құқықтық құндылықтарды меңгеруі кезінде жүзеге асады, соның нәтижесінде тұлғаның қалыптасуы және оның өзін қоршаған әлеуметтік ортаның мәдени құндылықтарына  енуі арқылы атқарылады.

Басқаша айтқанда, құқықтық мәдениет адамның мемлекет белгілеген және қорғайтын белгілі бір құқықтық құндылықтардың жүйесіне қатынасын білдіреді. «Құқықтық мәдениет» ұғымының анықтамасына көшейік.

Сонымен, қазақстандық зерттеушілер В.А.Турлаев пен Б.И.Кәріпбаевтың пікірі бойынша, «құқықтық мәдениет құқықтық шындықты құқықтық материяның нақты бар болуы, әлеуметтік шындықтың бір түрі ретінде анықтайды» (Правовая культура как фактор правовой реальности (социально-философский анализ) // «Вестник Карагандинского университета» ғылыми журналы. История. Философия сериясы) – 2022. - № 1 history-philosophy-vestnik.ksu.kz).  

Тағы бір қазақстандық зерттеуші, философия ғылымдарының докторы  (PhD), қауымдастырылған профессор А.С.Ахметов «құқықтық мәдениеттің қалыптасуы  - ұзақ әрі күрделі процесс, ол азаматтардың  құқықтық санасының, құқықтық сауаттылығының деңгейі мен құқықтық шығармашылық қызметінің  сапасымен айқындалады» деп пайымдайды. (Вестник Евразийского национального университета Л.Н.Гумлева. Серия Право. -  №3. -2023 -8-17 б.).

Саяси ғылымдардың кандидаты Г.Р.Әбсаттаровтың пікірінше, «Қазақстан халқының құқықтық мәдениеті – Қазақстан қоғамы кемелденуінің моральдық-әлеуметтік негізін құрайтын бастапқы айқындаушы идеялар, талаптар, көзқарастар; екіншіден, Қазақстан Республикасы құқықтық мәдениетінің басты талабы – қоғам мен тұлға әлеуметтік-құқықтық деңгейінің сапасы мен деңгейін көтеру. Бұл азаматтар мәртебесiнiң кепiлдiктерiн қамтамасыз етудегі Қазақстан саяси билiгi iс-әрекеттерiнiң дәйектiлiгi мен болжамдылығынан көрінуі мүмкiн. Бүгінгі таңда жалпы қазақстандықтардың құқықтық мәдениеті өзекті мәселелерінің шешілуі қоғамның біріге түсуі мен әлеуметтік  ілгерілеушілікке, демократиялық және әділетті қоғамның тұрақтылығына ықпал етуімен маңызды» (Правовая культура: характеристика и специфика (на примере современного Казахстана. cyberleninka.ru 11 ақпан 2025 ж.)

Ғылыми әдебиетте құқықтық мәдениет сондай-ақ «түрлі құқықтық құндылықтарды қамтитын, құқықтық жүйенің сапалық жай-күйі мен жеке тұлғаның құқықтық дамуының деңгейін көрсететін, заңдылықты, құқықтық тәртіпті, әділет коммуникативтілігін, қоғамдық қатынастардың реттілігі мен  басқарылуын қамтамасыз ететін, құқықтың түрлі субьектілерінің барлық салалары тіршілігінің эволюциясына  прогрессивті әсер ететін  рухани және материалдық мәдениеттің бір түрі» деп те түсініледі (Карташов В.Н., Баумова М.Г. Правовая культура: Монография - Ярославль: Ярославль мемлекеттік университеті, 2008. - 32-б.).

Бұл анықтамадан құқықтық мәдениеттің жалпы мәдениеттің бір түрі ретінде қарастырылатынын және оған құқықтық нормаларды білу, құқықтық принциптерді (құқықтық сананы) іштей білу, құқықтық нормаларды сақтауға мақсатты түрде ұмтылу, заңдарды сақтау, құқықтық ұстанымдарды қорғау, азаматтардың заңмен бекітілген құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыру кіретінін көруге болады.

Құқықтық мәдениетті сипаттайтын тағы бір анықтама оны құқықтық жүйенің тиімділігін, сондай-ақ құқық саласындағы нәтижелер мен жетістіктерді бағалау үшін қолданылатын көрсеткіштердің бірі ретінде қарастырады. Мәселен, тәжікстандық зерттеуші К.Х.Сангиновтың пікірінше, «құқықтық мәдениет – бұл жай ғана қоғамдық құбылыстардың жиынтығы емес, ол құқықтық жүйенің даму деңгейі мен тиімділігін сипаттайтын сапалық күй. Құқықтық мәдениет қоғамның құқықтық құндылықтарын, құқықтық саладағы нәтижелер мен жетістіктерді, құқықтық теория мен практиканың даму дәрежесін көрсетеді» (Сангинов К.Х. Формирование правовой культуры молодежи: Ученые записки Худжандского государсвтенного университета им.Б.Гафурова. Гуманитарные науки, 2013 ж.№3 (36). cyberleninka.ru (қаралған күні: 27.01.2025).

Басқа зерттеушілер де құқықтық мәдениетті құқықтық құндылықтардың болуының көрсеткіші ретінде түсінеді (мысалы, Петручак Л.А. Правовая культура современной России: теоретико-правовое исследование: заң ғылымдары докторлық дис. автореф.  - М., 2012. -  23 б.),мұның өзі осы көзқарастың соның ішінде әлемдік тәжірибеде де таралғанын көрсетеді.

Құқықтық мәдениет пен құқықтық сананың байланысын ресейлік зерттеушілер де атап өтеді. Мысалы, В.П.Федорин «құқықтық мәдениет – құқықтық сананың қол жеткізілген деңгейіне сүйене отырып, соның көмегімен өндіріс, құқықтық  құндылықтар, ақпараттар мен дәстүрледі сақтап, беруге қолдау көрсетілетін белгілі бір әлеуметтік  тетік, олар жеке тұлғаның құқыққа сай және қоғамдық-белсенді іс-әрекеттерге ықпал етеді» деп есептейді. ((Кожевников С.Н. Социально-правовая активность личности и условия ее действенности: дис. … д-ра юрид. наук / С.Н. Кожевников. – М., 1991. – 125 б.).

Профессор А.Б.Венгеровтың пікірінше, құқықтық мәдениет – бұл «құқықтық сананың неғұрлым  жоғары әрі  қабілетті түрі» (Кудрявцев В.Н. Правомерное поведение: норма и патология / В.Н. Кудрявцев. – М.: Наука, 1982. – 112 б.).

Жоғарыда келтірілген анықтамалардан құқықтық мәдениеттің құқықтық санамен тығыз байланысты екені байқалады, оны құқық қорғау мемлекеттік органдарының, ұйымдар мен мекемелердің, сондай-ақ қоғамдық институттар мен ұйымдардың практикалық қызметінде көрінетін құқықтық идеялардың, құқықтық көзқарастар мен құбылыстардың жүйесі ретінде қарастыруға болады.

Осыған сәйкес, құқықтық сана құқықтық мәдениетті айқындайды және құқықтық сананың деңгейі неғұрлым жоғары болса, құқықтық мәдениеттің көрсеткіш де соғұрлым жоғары болады. Демек, құқықтық мәдениетті де құқықтық сананың даму деңгейі ретінде қабылдауға болады.

Құқықтық сананың жоғары деңгейі қоғам мен мемлекет өміріндегі құқықтың маңызын білу мен түсінуді қамтиды. Құқықтық мәдениеттің төмендігі, халық арасында құқықтық дәстүрлердің дамымауы, көбінесе тікелей құқықтық нигилизмге айналуы, құқықтың қажеттілігі мен құндылығын жоққа шығару біздің қоғамда революцияға дейінгі уақыттан бері терең тамыр жайған. Құқықтық сананың төмен деңгейі азаматтарда құқықтық мәдениеттің болуы туралы айтуға мүмкіндік бермейді, мұның өзі  Қазақстандағы қоғам өмірінің барлық аспектілерінің болашақ жағдайына алаңдаушылық туғызады және қоғамда жағымсыз салдарға әкелуі мүмкін. Осылайша, құқықтық нормаларды бұзған азаматтар басқа азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді және қоғам мен мемлекеттің оң дамуына кедергі жасайды.

Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, ең алдымен заң әдебиеттерінде әртүрлі түсіндірмелер мен анықтамалар бар «құқықтық мәдениет» ұғымы туралы бірыңғай түсінікті қалыптастырған жөн.

Біздің ойымызша, «құқықтық мәдениет» ұғымы туралы бірыңғай түсініктің жоқтығы оның деңгейін көтерудің негізгі тәсілдерін әзірлеуге мүмкіндік бермейді және бұл бағыттағы күш-жігер жалаң әрі нәтиже бермейтін болып шығады.

Бұл, ең алдымен, «құқықтық мәдениетті оның мазмұнын, функционалдық мақсатын және қоғамда бар (немесе қол жеткізілген) көрсеткішті (немесе деңгейді) білмей-ақ арттыруға бола ма?» деген сауалға байланысты. Оның үстіне, «құқықтық мәдениет» деген түсініктің заңнамалық анықтамасының жоқтығы да бұл салада құқық қолдану мен іске асырудың бірыңғай тәжірибесін дамытуға мүмкіндік бермейді.

Сонымен бірге, жоғарыда аталған авторлардың көпшілігі құқықтық мәдениет – бұл қоғамның құқықтық өмірінің  сапалы жағдайы,  ол  құқықтық қызметтің, құқықтық актілердің, құқықтық сананың қол жеткізілген даму деңгейінен, құқықтық санадан және  тұтастай алғанда, субьектінің құқықтық дамуының деңгейінен, сондай-ақ мемлекет пен азаматтық қоғамның адам құқығы мен бостандығын қамтамасыз етуге кепілдік беру дәрежесінен  көрінеді деген пікірмен келіседі.

Жеке тұлғаның құқықтық мәдениетінен мына элементтерді анықтауға болады: жеке тұлғаның құқықтық санасы; заңға бағынатын іс-әрекеттерге дағдысы; адамның құқықтық белсенділігі немесе, басқаша айтқанда, адамның қойған мақсаттарына қол жеткізудегі оның заңдық және адамгершілік нормаларды тмімді пайдалануға бейімділігі мен біліктілігі.

Осы аталған компоненттерге қысқаша тоқталайық.

Құқықтық сананы заң атаулыда   білімнің бар екендігін көздейтін ақпараттық-бағалаушы элемент ретінде қабылдауға болады. Құқықтық өмірдің  принциптері туралы түсініктер қоғам мүшелерінің күнделікті қарым-қатынасы мен өзара іс-әрекеттерінің  нәтижесінде қалыптасады.

Құқықтық әдет ерік-жігер элементіне қатысты, яғни адамның қандай бір жағдайда да  өзін қалай   ұстауды таңдау  туралы  шешімінің ең дұрыстығы – құқыққа сай, заңға бағынатын жүріс-тұрыс.  Заңға сай жүріп-тұруды  үйрену туралы білімді меңгеріп  қою ғана емес, мұның өзі кейбір индивидтерге әрдайым жетісе бермейді,  сонымен қатар,  үйреншікті әрі табиғи сияқты құқықтық жүріс-тұрысты қалыптастырудың да қажет екендігі күмәнсіз.

Жеке тұлғаның құқықтық қызметі жоспарланған немесе қойылған мақсаттарға жету үшін құқықтық құралдарды тиімді пайдалану дағдыларын дамытуды көздейді. Құқықтық мәдениетті қалыптастыру процесі құқықтық принциптерді белсенді түрде меңгеруді және жүзеге асыруды болжайды, өйткені ондай қызметсіз құқықтық нормаларды күнделікті қызметте қолдану мүмкін емес.

Қарастырылып отырған «құқықтық мәдениет», «адам және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау» және «құқықтық білім», сондай-ақ «құқықтық тәрбие» және «құқықтық сана» сияқты категориялар бір-бірімен тығыз байланысты әрі қарастырылып отырған салада жүргізіліп жатқан құқықтық саясатқа кешенді көзқарасты айқындап, бірін-бірі толықтырып тұрады, өйткені, олардың біреуінің тиімділігі қалғандарыныңың да жағдайына тәуелді.

Сонымен, қоғамның құқықтық мәдениеті халықтың құқықтық санасының даму деңгейіне, сондай-ақ олардың адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау мәселелерін қаншалықты терең меңгергендігіне; азаматтардың заң талаптарын сақтауға тәрбиеленуіне; дауларды шешуде, ымыраға келуде заңдық процедуралардың құндылығына және т.б.байланысты

Сонымен қатар, қазіргі кезде адам құқықтары мен бостандықтарына құрметпен қарауды қалыптастыруға, азаматтардың құқықтық сауаттылық деңгейін және құқықтық сананы арттыруға кедергі келтіретін және тиісінше мүмкіндік бермейтін бірқатар проблемалардың бар екені байқалады. Мәселен, кәмелетке толмағандар мен жастардың құқықтық тәрбиесіне теріс әсер ететін факторларға қарсы құқықтық иммунитетті қалыптастырудың мақсатты және егжей-тегжейлі тәсілі жеткілікті түрде қолданылмайды.

Жекелеген азаматтар арасында құқықтық білімнің жетіспеушлігі байқалады,  мұның өзі құқық қолдану тәжірибесін жүзеге асырудың түрлі аспектілеріне елеулі кедергі келтіреді, қабылданған заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілердің тиімділігіне, оларды ел тұрғындарының ұстануына, сондай-ақ адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асырудың  және олардың құқықтық қорғалуының табыстылығына әсер етеді.

Сондай-ақ қазіргі әлемдік қауымдастықта байқалып отырған құқықтық мәдениеттегі дағдарысты атап өткен жөн, бұл  мемлекетаралық қатынастарда, халықаралық құқықта орын алған қайшылықтар мен олқылықтардан, құқықтық реттеу механизмі мен құқықты жүзеге асыру механизмінің жетілмегендігінен көрінеді. Дағдарыс себептері халықаралық қатынастарды дамытудың саяси, экономикалық және гуманитарлық салаларындағы проблемалармен тікелей байланысты.

Бұл орайда құқықтық мәдениетті қалыптастыру, әдетте, құқықтық тәрбие мен құқықтық оқыту процесінде жүзеге асады.

Адамның өз құқықтары мен бостандықтары туралы білімі бала кезінен қалыптасады, сондықтан құқықтық білім беру жүйесі құқықтық тәрбие жүргізуге және құқықтық сананы қалыптастыруға бағытталуы керек, соның арқасында оқушының бойында қоғамда өзін өзі ұстаудың белгілі бір ережелері қалыптасады.

Құқықтық мәдениетті қалыптастыру процесінің өзі жан-жақты болуы керек, яғни балаларды мектепке дейінгі жасынан бастап құрбыларымен және ересектермен қарым-қатынастың жалпы қабылданған нормалары мен ережелерімен таныстыруға тарту, білім беру мекемелерінде құқық негіздерін оқыту тәжірибесін дамыту, ақпарат тарату, БАҚ,теле және радиоарналар, мәдени мекемелер арқылы позитивті құқықтық сананы  қалыптастыруға ықпал ету, базалық құқықтық білім беру жөнінде шығармашылық жобалар әзірлеп,  қылмыстық мәдениетті жария  етуден бас тартып, өзін өзі құқыққа сай және әлеуметтік  ұстаудың оң мысалдарын көрсетуге көшу қажет.

Құқықтық мәдениетті қалыптастыру процесінде құқықтық нормалар мен тұжырымдарды меңгеру ғана емес, сонымен қатар мәдениет иесін құқықтық қызмет процесіне қосу, тек құқықтық білім алу ғана емес, сонымен қатар құқықтық әдістерді қолдану арқылы белгілі бір өмірлік мәселелерді шешу дағдыларын меңгеру маңызды, мұны  білім беру ұйымдарының саналы ұйымдастырылған және бақыланатын көмегі арқылы табысты жүзеге асыруға болады.

Болашақ мамандардың құқықтық мәдениеті тап осы оқыту үдерісі барысында қалыптасады, сондықтан оқу орнының мақсаты – студенттердің кәсіби мамандығын игеруге көмектесу ғана емес, сонымен қатар олардың бойында жоғары деңгейдегі құқықтық мәдениетті қалыптастыру болып табылады. Құқықтық мәдениет индивидтің өзін өзі ұстауын өзгертіп қана қоймайды, сонымен қатар құқықтық қызмет процесінде оған өзінің шығармашылық әлеуетін жүзеге асыруға да  көмектеседі.

Біздің ойымызша, қазіргі жағдайда, «құқықтық мәдениет» ұғымын заңнамалық тұрғыдан бекіту, оның сипатты белгілері мен құрамдас бөліктерін, сондай-ақ қоғамда құқықтық мәдениетті қалыптастыру жөніндегі жұмыстың негізгі бағыттарын нақтылау мақсатқа сай болып отыр. Көріп отырғанымыздай, ұсынылып отырған заңнамалық түзетулер, Қазақстанда соңғы жылдары ұлттық құқықтық жүйені түбегейлі реформалау, адам құқықтарын қамтамасыз ету тетіктерін жаңғырту, адамдар мен азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, сондай-ақ заңды мүдделерін іске асыру үшін барлық қажетті жағдайларды жасау бойынша жүргізіліп жатқан ауқымды жұмыстарды күшейтуге және кеңейтуге мүмкіндік береді. Ал адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын тиімді жүзеге асырудың арқасында Қазақстан қоғамында ілгерілеушілік, мінсіз сапа  мен экономикалық, саяси, құқықтық, әлеуметтік-мәдени және  басқа да проблемаларды шешудің жылдамдығы айтарлықтай артады.

Құқықтық мәдениетті дамытуға бағытталған басқа да іс-шаралардың қатарына мыналар да жатады:

- өскелең ұрпаққа Қазақстан Республикасы Конституциясының аса маңызды ережелерін үйрету және олардың санасында құқықтар мен міндеттер, адалдық пен саналылық ұғымдарын, сондай-ақ этикалық нормаларды бекіту;

- елде жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік-экономикалық және құқықтық реформалардың, қабылданған заңнамалық актілер мен мемлекеттік бағдарламалардың мәні мен мақсатын халыққа дәйекті түрде жеткізу және түсіндіру жүйесін қалыптастыру, азаматтардың санасында құқық пен заң үстемдігі   идеяларын орнықтыру;

- мектепке дейінгі білім беру жүйесінен бастап халықтың барлық топтарында құқықтық сана мен құқықтық көзқарасты тереңдету мақсатында өскелең ұрпақпен жүйелі және өзара байланысты оқу-тәрбие жұмысын жүзеге асыру;

- еліміздің қолданыстағы заңнамасының нормаларына сәйкес құқықтық білімді дамыту мәселелері бойынша орта және жоғары оқу орындарына арналған жаңа білім беру бағдарламаларын әзірлеу және енгізу;

- Қазақстан халқының тарихын, дінін, ұлттық құндылықтарын зерделеумен ұштастыра отырып, құқықтық білім мен мәдениетті дамыту, сондай-ақ әрбір азаматтың бойында мемлекеттік рәміздерге деген мақтаныш сезімін орнықтыру арқылы ел тағдырына қатыстылықты, патриоттық сезімді нығайту бойынша халықтың әртүрлі санаттары арасында құқықтық тәрбиелік іс-шаралар өткізу;

- мақсатты құқықтық насихатты жүзеге асыруда мемлекеттік және әкімшілік органдардың, соның ішінде құқық қорғау органдарының азаматтық қоғам институттарымен өзара іс-қимылдың бірлескен бағдарламаларын әзірлеу және іске асыру;

- құқықтық насихаттың инновациялық әдістерін, соның ішінде заманауи ақпараттық технологияларды қолдануды кеңінен пайдалануды қамтамасыз ету мақсатында жоғары оқу орындары мен құқық қорғау органдары бұқаралық ақпарат құралдарын құқықтық ақпаратпен және анықтамалық материалдармен қамтамасыз ету.

Қорытындылай келе, Қазақстан азаматтарының құқықтық мәдениетін дамытудың әрі қарайғы бағыттарын анықтау өте маңызды екенін атап өткіміз келеді, олар заңдарды мінсіз білуден ғана емес, ең алдымен қоғамға қажетті және өзін өзі ұстаудың қолайлы нормаларын табудан да тұрады. Сондай-ақ  индивидтің бойында заңға бағыну өзін өзі үстау әдеттерін қалыптастыру және құқықтық белсенділік жағдайын дамыту да күн тәртібінде тұр. Бұл ретте құқықтық белсенділік дегеніміз – заңға сәйкес әрекет ету және өзінің жеке құқықтарын ғана емес, сонымен бірге қоршаған азаматтардың да құқықтарын белсенді түрде қорғауға дайын болу екенін баса айтқымыз келеді.

Ещанов Алмаз Шүкірұлы

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының профессоры, заң ғылымдарының докторы, аға әділет кеңесшісі, Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің құрметті қызметкері

Abai.kz

0 пікір