Бейсенбі, 6 Наурыз 2025
Маңызды 171 0 пікір 6 Наурыз, 2025 сағат 21:09

Аналар кеңесінің жұмысы мен бастамалары

Сурет: Спикердің жеке мұрағатынан алынды.

Аналар қауымы әлімсақтан отбасының ұйытқысы, ұрпақ тәрбиесінің бастауы, ізгілікті, мейірімділікті жалғастырушы. Мұндай маңызды мәртебеге ие болған қыз-келіншектердің қазіргі қоғамдағы рөлі, әлеуметтік жағдайы, жас ұрпаққа берер тәлім-тәрбиесі қандай күйде екені әрдайым өзекті. Осыған орай Қазақстан Халқы Ассамблеясы Алматы қаласы бойынша Аналар кеңесінің төрағасы Хусеинова Зульфия Шахмұратқызы әйелдерді қолдауға қатысты қандай іс-шаралар атқарылып жатқандығын, қыз-келіншектердің бүгінгі ахуалы жайлы өз пікірін білдірді.  

«ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің құрылғанына 10 жылдан асты. Консультативтік орган отбасылық құндылықтарды нығайтуда және жастар тәрбиесінде маңызды роль атқарады. Біз жас отбасылармен кездесулер өткізіп, бала тәрбиесі бойынша дәрістер мен тренингтер ұйымдастырамыз, түрлі әлеуметтік жобаларды жасаймыз. Сонымен қатар, қайырымдылық шараларын өткізіп, аз қамтылған және көпбалалы аналарды қолдау бойынша акциялар ұйымдастырамыз. Балалар үйлері мен бейімдеу орталықтарын қолдап, қамқорлық көрсетеміз. Бұдан бөлек, қоғамда ұлтаралық келісім мен толеранттық идеаларын насихаттауға белсенді түрде атсалысамыз, өйткені отбасы берік болса, қоғам да тұрақты болады», - дейді Зульфия Хусеинова.  

Зульфия Шахмұратқызы елімізде әйелдердің әл-ауқатын арттыру және тұрмыс сапасын жақсартуға қатысты қолдаулар туралы айтты.   

«Қазақстанда азаматтардың түрлі санаттарына бағытталған кең ауқымды әлеуметтік қолдау шаралары қарастырылған. Соның ішінде әйелдер мен балаларға мемлекет тарапынан жәрдемақылар беріледі. Біздің қыз-келіншектер 1,5 жасқа дейін  бала күтімі бойынша жәрдемақы, босануға  байланысты бір реттік төлемдер және аз қамтылған отбасылар атаулы әлеуметтік көмек алады. Дүниеге сәби әкелген, бала асырап алған немесе нәрестеге қорғаншылық жасап жүрген аналар мемлекеттік және әлеуметтік 4 түрлі төлем алады. Ал, жұмыс істемейтін аналарға бала 1,5 жасқа толғанға дейін ай сайын 5,76-8,9 АЕК аралығында жәрдемақы беріледі. «Күміс алқа»,  «Алтын алқа» иегерлеріне жәрдемақылар, жеңілдіктер қарастырылған. Мүгедектігі бар қыз-келіншектер әлеуметтік төлемдер, медициналық қолдаулар алады», - дейді ол.  

Алматы сынды алып мегаполистегі Аналар кеңесін басқарып отырған төраға, әйелдердің өмір сүру сапасын жақсартуға қатысты өз ойларымен бөлісті.   

«Әйелдердің өмір сүру сапасын төмендететін басты қиындық - тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі шығар. Қазақстанда жыл сайын отбасындағы зорлық-зомбылықтан 300-ге жуық әйел зардап шегеді екен. Жылына шамамен 80 әйел қаза табады деген статистикалық мәліметтер бар. Тұрмыстық зорлық зомбылыққа қатысты заң 2024 жылдың 16 маусымынан бастап күшіне енді. Енді әйелге, балаға қол көтеріп, үйдің берекесін кетіргендер қатаң жазаланады, бұл әкімшілік емес, қылмыстық жауапкершілік болып өзгертілді. Осы заңнаманың арқасында ұрып-соғу, жанжалдасу сынды келеңсіз жағдайлар азаяды деп сенеміз. Дегенмен менің ойымша, әйелдер мен балаларды қорғауды одан ары күшейте беру керек. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге нақты қауіпсіздікті қамтамасыз еткен дұрыс. Сонымен қатар, әйелдерге жұмыс пен отбасын қатар алып жүруге мүмкіндік беру үшін қолжетімді балабақша жүйесін дамыту маңызды. Елімізде әйелдер кәсіпкерлігіне бөлінетін гранттар мен жеңілдетілген несиелер жүйесін одан ары дамытқан абзал. Еңбекке жарамды қыз-келіншектердің ешқандай дискриминациясыз мансаптық өсуіне мүмкіндіктер берілсе екен дейміз. Бұған қоса, психологиялық қолдау көрсету бағдарламаларын енгізу – маңызды қадамдардың бірі болар еді», - дейді ол.   

Зульфия Шахмұратқызы отбасы институты жайлы өз  пайымдауларымен бөлісті.  

«Негізгі мәселелердің бірі – ажырасусанының көбеюі. Көптеген жастар отбасын құру кезінде оның барлық жауапкершілігін толық сезінбейді және алғашқы қиындықтар туындағанда-ақ ажырасуды жөн көреді. Жас отбасылар көбіне қаржылық және психологиялық қиындықтарға тап болып жатады. Біздің Аналар кеңесі осындайда көмекке келеді. Жұмыс барысында байқағанымыз, бізде дәстүрлі отбасылық құндылықтарға деген құрмет төмендеген және ұрпақтар арасындағы байланыстың әлсіреуі алаңдатады. Қазіргі проблема, отбасында ер азамат жауапкершілікті біле бермейді, ал қыз балалар отанасы болғанын терең түсіне бермейді. Әрбір шаңырақта ерлі-зайыптылар арасында сыйластық, түсіністік пен мейірім болса, отбасы берік әрі бақытты болады. Біз жұмыс барысында осыны негізге аламыз», - деп ой түйіндеді Зульфия ханым.

Abai.kz

0 пікір