ҰҚШҰ – бұрынғы КСРО елдерін әскери блокқа біріктіретін Ресей жобасы!

ҰҚШҰ-ның Украинадағы соғысқа қатысты айтқан мәлімдемесі бүкіл посткеңестік кеңістікте және әлемдік әскери-саяси аренада қызу талқылануда.
Еуропалық бітімгер әскердің Украина жеріне кіруінің мүмкіндігі жайлы мәлімдемеде: «ҰҚШҰ қақтығыс аумағындағы жағдайды мұқият бақылап отыр», – деп айтылған.
«ҰҚШҰ өз бақылауына жататын аумақ маңындағы НАТО әскери күштерінің белсенділігін мұқият бақылап отыр. Олардың әскери белсенділігі дәл қазір біздің ұйымға қатер төндіріп тұрған жоқ. Десе де, Швеция мен Финляндияның НАТО-ға қосылуынан кейінгі альянстың белсенді әрекеттері бізді алаңдатпай қоймайды. Өйткені екі әскери-саяси альянстың жауапкершілік аймақтары арасындағы фронтальды байланыс сызығы 1,5 мың км-ге ұлғайып отыр. Сондықтан біздің алаңдауымыз заңды әрі түсінікті», – дейді ҰҚШҰ.
Сонымен қатар, «ҰҚШҰ әскери күштерін Ресейге көмекке жіберу мүмкіндігі» туралы:
«Қандай да бір қауып-қатер төнген, қажеттілік болған жағдайда ғана ҰҚШҰ Жарғысында жазылған шарттар бойынша, мүше-мемлекеттердің барлығының мақұлдауынан соң ҰҚШҰ күштерін жіберу мүмкіндігін қарастырамыз», – делінген.
Қазір ҰҚШҰ-ның Бас хатшысы – Иманғали Тасмағамбетов. ҰҚШҰ-ның осы жасаған мәлімдемесі қазір қазақ қоғамының алаңдаушылығын тудырып отырғаны жасырын емес. Осыған байланысты біз саясаткер, қоғам қайраткері Дос Көшім мырзадан жедел сұхбат алдық.
ОККУПАЦИЯЛАП АЛҒАН АУМАҚТАР РЕСЕЙДІҢ ТЕРРИТОРИЯСЫ ЕМЕС!
– Кешелі-бері посткеңестік ақпараттық кеңістік ҰҚШҰ Бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетовтің аузымен айтылған мәлімдеме төңірегінде талқы жасауда. Қазақстанның факторын, ҰҚШҰ-ның өз ішіндегі саяси қайшылықтар мәселесін есепке алғанда ҰҚШҰ әскери күштерін Ресейге көмекке жіберу қаншылықты мүмкін нәрсе?
Дос Көшім: Менің ойымша, егер Еуропа бейбіт келісімнен кейін өзінің әскерін бейбітшілікті сақтау үшін Украинаға орналастыратын болса, ол уақытта ҰҚШҰ-ның бұл мәселеге ешқандай қатысы жоқ. Себебі, ҰҚШҰ-ның негізгі заңында жазылған мәселе – ҰҚШҰ-ға мүше елдерге сыртқы елден агрессия жасалса ғана, ҰҚШҰ қарсы тұрады. Ал Украина ҰҚШҰ территориясына кірмейді. Оның үстіне оккупациялап алған аумақтар Ресейдің территориясы емес! Бұл жайттың басын ашық айту керек. Сондықтан, Еуропаның әскері Украина аумағына орналасса, оған ҰҚШҰ-ның қатыса алмайтыны айдан анық! Егер қатысса – бұл барып тұрған ақымақтық әрі заңсыздық болып табылады.
Бұл мүмкін, Путиннің ойы, Путиннің арманы шығар. ҰҚШҰ-ны осылайша бір жарға жығып, Путин ҰҚШҰ-ны осы соғысқа араластыруға тырысуы әбден мүмкін. Ресейдің территориясына Украина әскері басып кірген жоқ. Сондықтан, ҰҚШҰ бұл мәселеге араласпайтыны айдан-анық.
– Ресей Украинадан оккупациялап алған аумақтарды, соның ішінде Қырымды айтпағанда, Донецкі, Луганскі, Запорож бен Херсон облыстарын өз Конституциясына псевдореферендум арқылы қосып алғаны белгілі. Қазақстан осы оккупацияланған аумақтарды Ресей жері деп мойындай ма? Мойындауы керек пе?
Дос Көшім: Жоқ. Қазақстан ол территорияларды мойындаған жоқ. Сондықтан, ол Ресейдің территориясы болып саналмайды. Ол жерлерге Еуропа әскері кірсе, ол Ресейге шабуыл болып есептейлмейді.
ҚАЗАҚСТАН КЕЗ КЕЛГЕН УАҚЫТТА ҰҚШҰ-ДАН ШЫҒА АЛАДЫ!
– ҰҚШҰ – осы уақытқа дейін өзінің дәрменсіздігін дәлелдеп қойған ұйым. Өз мүшелері арасындағы территориялық қақтығыстар кезінде қауқарсыз қарап отырған ұйым. Қырғызстан Тәжікстанмен соғысқанда, Армения Әзербайжанмен соғысқанда ҰҚШҰ әрекетсіз болды. Осындай ұйымнан Қазақстанның шығып кете алатын мүмкіндігі бар ма?
Дос Көшім: Әрине, Қазақстан кез келген уақытта ҰҚШҰ-дан шыға алады. Бірақ, біздің елдің басшылары соған құлықты ма? Ниеттері бар ма деген сұрақ туады. Шындығында, ҰҚШҰ – Ресейдің саяси бағытына арналған әскери блок. Оның ішіндегі тәртіптің жоқтығы, оған мүше елдердің бастарының қосылмауының себебі де – осы. ҰҚШҰ – табиғи түрде жасалмаған әскери блок.
– Осыған дейін ҰҚШҰ-ға Ресей мен Беларусь өкілдері Бас хатшы болды. Қазір Қазақстанның өкілі – Иманғали Тасмағамбетов Бас хатшы. Ресей өз мүддесіне жұмыс жасайтын ҰҚШҰ-ға Қазқастан мен Беларусь өкілдерін Бас хатшы қылып қою арқылы нені меңзейді? Бұл «одақтастардың» өкілдері арқылы даулы мәлімдемелерді жасату, сол арқылы «одақтастарды» халықаралық дауларға жанама түрде араластыру ма? Әлде, шартта солай жазылғандықтан ба?
Дос Көшім: Осындай әскери құрылымда, кезектесіп, ротация арқылы басшылық жасайды. Сол одаққа кірген елдердің өкілдері кезектесіп басшылық жасайды. Әрине, Ресей өзіне ең жақын Беларусь пен Қазақстанды бірінші тықпалады. Иә, осыдан соң Қырғыздар да басшылық жасауы мүмкін. Басқалар да басшылық жасауы мүмкін. Оны жоққа шығара алмаймыз. Бірақ, бұлардың барлығы да Ресейге берілген адамдар болады.
ҰҚШҰ – біздің бұрынғы коммунистердің басының біріккен жері. Ресейдің автократиялық басшылығы мен басқалардың көзқарастарының бір жерден шығуының дәлелі осы – ҰҚШҰ.
ҚАЗАҚСТАНҒА ТҮРКІ ЕЛДЕРІМЕН ӘСКЕРИ БЛОК ҚҰРУ ҚАЖЕТ!
– Қазақстанның дәл қазір ҰҚШҰ-дан шығу мүмкіндігі қандай? Жаһанджық қақтығыстар дәуірінде өмір сүріп жатырмыз ғой. Осындай жағдайда Қазақстан ҰҚШҰ-дан шығуы керек пе? ҰҚШҰ – өз алдына НАТО-ға балама ретінде құрылған ұйым. Бірақ, НАТО-ның көлеңкесіне де жоламайтыны және факт. Дейтұра, Қазақстан ҰҚШҰ-дан шыққан жағдайда, Қазақстанға балама қандай әскери альянс бар? ОА елдерінің әскери альянс құру мүмкіндігі қаншалық?
Дос Көшім: Өз басым, ҰҚШҰ-ның Қазақстанға ешқандай пайдасы жоқ деп есептеймін. Бұл бұрынғы Кеңес одағының елдерінің басын әскери блок есебінде қосып, өзіне пайдалану үшін жасалған Ресейдің бағдарламасы, Ресейдің жоспары.
Иә, бізде Тұран ұйымын құру туралы сөздер айтылып жүр. Бұл әсіресе, Қарабақ соғысынан кейін сәл де болса, құрылуы мүмкін одаққа ұқсайды. Бірақ, жақын арада құрыла қояды деп те ойламаймын. Ал, шындығында Түркі елдері өз алдына әскери блок жасаудың қажеттілігі туып отыр...
Сұхбаттасқан – Нұргелді Әбдіғаниұлы
Abai.kz