Жұма, 14 Наурыз 2025
Аласапыран 202 0 пікір 14 Наурыз, 2025 сағат 14:39

Қарабақ дауы: Баку мен Ереван келісімге келеді

Сурет: en.apa.az сайтынан алынды.

Армения мен Әзербайжан арасындағы Таулы Қарабаққа байланысты келіссөздер аяқталып, қос тарап бейбітшілік пен мемлекетаралық қатынастар туралы келісімшарттың мәтініне келісім берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.  

Бейсенбі күні Армения мен Әзербайжан шенеуніктері 40 жылға жуық жалғасқан қақтығысқа нүкте қоятын бейбіт келісім мәтінімен жұмыстың аяқталғанын мәлімдеді.

Ереван мен Баку арасындағы Таулы Қарабаққа қатысты аумақтық дау 1980 жылдардың аяғынан бері жалғасып келе жатыр.

Таулы Қарабақ автономиялық аймағы Әзербайжан КСР құрамына енген болатын. 1991 жылдың қыркүйек айында Таулы-Қарабақ республикасы құрылды.

Екі ел арасындағы аумақтық дау бірнеше қарулы қақтығыстарға ұласқан еді.

Осыған дейін Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Бакуде өткен форумда сөйлеген сөзінде "Арменияның конституциясында Әзербайжанға қатысты ешқандай аумақтық талаптар қалмауы тиіс" деген болатын.

"Армения Әзербайжанмен арадағы келісімнің мерзімдері мен орнын талқылауға дайын", - делінген Армения сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесінде.

Армения премьер-министрі Никол Пашинян Әзербайжанмен арадағы бейбіт келісім жобасын келісу маңызды оқиға екенін баса айтты.

Abai.kz

0 пікір