Сәрсенбі, 19 Наурыз 2025
Билік 449 3 пікір 19 Наурыз, 2025 сағат 16:15

2019-2025: Елде не өзгерді - сарапшылар пікірі...

Суреттер: Ақорда сайтынан және спикерлердің жеке мұрағатынан алынды.

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың алты жылдық президенттік кезеңі барысында қол жеткізілген маңызды экономикалық және әлеуметтік нәтижелерді баяндап, елдің дамуындағы елеулі өзгерістерді атап өтті.

Оның сөзінше, бұл кезеңде еліміз түрлі жаһандық дағдарыстар мен күрделі сынақтарға тап болғанына қарамастан, экономикалық өсім мен тұрақтылықты сақтап қалды. Сонымен қатар, елдің халықаралық беделі нығайып, дипломатиялық ықпалы артты. Президенттің стратегиялық басқару стилі ең алдымен бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауға, халықтың әл-ауқатын жақсартуға және билік пен қоғам арасындағы диалогты нығайтуға бағытталды. Оның бастамалары әлеуметтік маңызы бар мәселелерді шешуге ықпал етіп, түрлі қолдау бағдарламалары арқылы халықтың өмір сапасын жақсартуға мүмкіндік берді. Әсіресе білім беру және отандық ғылым салаларын дамытуға ерекше көңіл бөлінді. Мемлекет тарапынан жүргізілген реформалар нәтижесінде бұл салалар айтарлықтай ілгеріледі. Ғылым мен білім саласындағы зерттеулерді коммерцияландыруға басымдық беріліп, жаңа ғылыми жобалар мен инновациялар экономикаға енгізілді.

Сурет: Ақорда баспасөз қызметінен алынды.

«Ғылыми жетістіктерді нақты экономика секторына енгізу және оларды коммерцияландыру – маңызды бағыттардың бірі. Биыл 2 297 ғылыми жоба мен 299 ғылыми-техникалық бағдарлама жүзеге асырылуда. Жас ғалымдар ғылыми қызметке белсенді түрде тартылып, олардың қатысуымен 1 055 жоба іске асырылып жатыр. Ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыруға келетін болсақ, бүгінде 208 жоба қолданысқа сәтті енгізілді, 180-нен астам өндіріс сатылым кезеңіне шықты. Коммерцияландыру жобаларының еліміздің экономикасындағы жалпы үлесі 118,7 миллиард теңгені құрады. 2 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. 25 жоба экспортқа шықты, 6 жобаның сатылым көлемі 1 миллиард теңгеден астам сомаға жетті», - деді Олжас Бектенов.

Премьер – министрдің «Ілгерілеуге бастаған алты жыл: Қазақстан орнықты даму жолында» атты мақаласымен танысқан отандық сарапшы-ғалымдар, саясаттанушылар  бұл кезеңді Қазақстан үшін сындарлы әрі табысты жылдар деп бағалап отыр.

Сурет: Спикердің альбомынан алынды.

Мұрат Шамилов, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің аға оқытушысы, саясаттанушы:

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов алты жылдық жұмыс қорытындылары бойынша жариялаған мақаласын оқып шықтым.  Онда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басқару кезеңіндегі маңызды өзгерістер мен жетістіктер туралы баяндалған. Расында бұл кезең әлемдік сынақтар мен қауіптерге қарамастан, ел тарихында айтарлықтай өзгерістердің уақыты болды.

Премьер-министр өз мақаласында қандай мәселелерге назар аударады?

Бектеновтың айтуынша, еліміздің жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) осы алты жылда 288 миллиард долларға жетіп, жан басына шаққандағы ЖІӨ 14 мың доллардан асты. Бұл көрсеткіштер Қазақстанды жоғары табысты елдер тобына жақындатып, жүргізілген экономикалық саясат пен шетелдік инвестицияларды тарту нәтижесінде қол жеткізілген табыстарды көрсетеді. Жалпы, елімізге 130 миллиард доллар тікелей инвестиция тартылды.

Мақалада инфрақұрылымды дамыту мен өнеркәсіп өсіміне ерекше назар аударылған. Қазақстан құрылыс, машина жасау және мұнай химиясы салаларында айтарлықтай жетістіктерге жетті. Машина жасау саласы үш есе өскен, ал жеңіл автомобильдер өндірісі 4,5 есеге артты.

Тұрғын үй саласында да үлкен өзгерістер орын алды: соңғы алты жылда 100 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл көптеген қазақстандық отбасылардың өмір сүру жағдайын едәуір жақсартты.

Энергетика саласының дамуы, оның ішінде атом энергетикасы сияқты маңызды қадамдар жасалды, бұл елдің және аймақтың тұрақты энергетикалық болашағын қамтамасыз етуге маңызды үлес қосады.

Цифрлық технологиялар саласында Қазақстан Орталық Азияда IT-қызметтері бойынша көшбасшыға айналды. «Отбасының цифрлық картасы», «Әлеуметтік әмиян» және QazaqLaw сияқты сервистердің енгізілуі мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттырды.

Бұл кезеңде әлеуметтік салада да айтарлықтай жетістіктер байқалды. Білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қызметкерлердің жалақылары екі есе өсіп, көрсетілетін қызметтердің сапасы едәуір жақсарды. Сонымен қатар, денсаулық сақтау реформалары нәтижесінде халықтың орташа өмір сүру ұзақтығы 73 жастан 75 жасқа дейін өсті.

Көлік инфрақұрылымында да маңызды өзгерістер болды. Соңғы алты жылда Қазақстанда 4400 шақырым автожол қайта жөнделді, ал 2024 жылы 12 000 шақырым магистраль қайта салынды немесе жөнделді. Бұл қадамдар азаматтардың өмір сапасын жақсартып, кәсіптің өркендеуіне, логистика мен инвестициялар ағынына оң әсерін тигізді.

Газ инфрақұрылымының дамуы да маңызды фактор болып табылады. 2025 жылға қарай газдандыру деңгейі 62%-ға жетеді, бұл экологиялық жағдайды жақсартуға және қазақстандықтардың ыңғайлы әрі экологиялық таза отынға көшуіне мүмкіндік береді.

Жалпы, бұл жетістіктер Қазақстанның экономиканы тұрақты дамыту жолында екендігін көрсетеді. Дегенмен, әлі де көптеген жұмыстар атқарылуы тиіс. Әлемдік геоэкономикалық жағдайлар жаңа қауіп-қатерлерді туындататындықтан, алдағы шешімдер елдің болашағы үшін аса маңызды болады.

Сурет: Спикердің альбомынан алынды.

Симтиков Жомарт Құдайбергенұлы, саяси ғылымдарының докторы, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің кафедра меңгерушісі:

Қасым-Жомарт Кемелұлы  Тоқаевтың Қазақстан Президенті болып сайланғанына жақында  6 жыл болады.  Содан бері елімізде  маңызды реформаларды сәтті жалғастырып келеді. Нәтижесінде қоғамда ауызға толтырып айтарлықтай өзгерістер іске асырылуда. Оның ішінде білім, ғылым, экономика, әлеуметтік салада бірнеше маңызды қадамдар бар. Атап айтар болсақ, алғашқысы, ол  Білім саласы бойынша реформа жүргізілді.  Бұл жылдары Президент білім беру жүйесіне үлкен назар аударды. 2020 жылы Қазақстанда мектептер мен жоғары оқу орындарында білім берудің сапасын арттыру үшін серпінді реформалар басталды.

Цифрландыруға баса назар аударылды. Білім беру жүйесінде цифрлық технологиялар кеңінен енгізілді. Мысалы, қашықтан оқыту форматы пандемия кезінде маңызды рөл атқарды, ал білім беру платформалары мен онлайн құралдар кеңінен қолданылды.

Мұғалімдердің мәртебесі сөз жүзінде емес, іс жүзінде көтерілді. Олардың  жалақысы біршама көтерілді. Президенттің бастамасымен 2020 жылы мұғалімдердің жалақысы екі жыл ішінде 25%-ке артты.

Ал жоғары білімге келер болсақ, арнайы министрлік тарапынан ерекше көңіл бөлініп, Жоғары оқу орындарының мемлекеттік гранттары саны көбейді, сондай-ақ, білім беру бағдарламалары халықаралық стандарттарға сәйкестендіру мақсатында қайта қаралды.

Екіншіден, ғылым саласында ғылымды қолдау жүзеге асқанын нақты көре аламыз. Қ.К.Тоқаевтың билігі кезінде ғылымды қаржыландыру артты және ғылыми зерттеулерді коммерцияландыру бағытында нақты қадамдар жасалды. Ғылымды дамытудың жаңа стратегиялары қабылданды. Жастарды қолдау жүзеге асуда. Жастар мен ғылыми-зерттеу институттарының жобаларына мемлекеттік гранттар бөлінді, стартаптар мен инновациялық жобаларға қолдау көрсетілді. Сонымен қатар, еліміздегі ғылыми инфрақұрылымның дамуына көңіл бөлініп, бірқатар университеттер мен зерттеу орталықтары жаңартылды. Елімізде әлемге әйгілі университеттердің филиалдары ашылып, бүгінгі және болашақтың сұранысына сай мамандықтармен толықтырылды.

Үшіншіден, еліміздегі экономикалық реформалар өз жемісін беруде. Осы реформалардың нәтижесінде Жалпы ұлттық өнімнің өсуі байқалады. Қазақстан экономикасы тұрақты өсу қарқынын сақтап қалды. Президенттің тікелей араласуымен және басшылығымен экономикалық реформа бағдарламалары іске асырылды. Онда елімізге Жаңа инвестициялар тарту жолға қойылды. Әлемнің түрлі елдерінен инвестициялар тарту үшін бірнеше жаңа экономикалық аймақтар мен арнайы экономикалық аймақтар құрылды.

Бұл кезеңде салық реформасы бойынша тұшымды жұмыстар жасалды. Салық жүйесі жеңілдетілді, кәсіпкерлер мен шағын бизнес үшін салықтық жүктеме төмендетілді. Әлемдік бәсекеге қабілетті болу үшін Инфрақұрылым жобаларына ерекше көңіл бөлінді. Қазақстанда көлік, энергетика және инфрақұрылым салаларында бірнеше ірі жобалар іске асырылды. Атап айтқанда, жаңа теміржолдар, автожолдар, әуежайлар салынып, жаңартылды.

Төртіншіден, Қ.К.Тоқаевтың алты жылдық билігі  кезеңі әлеуметтік саладағы реформаларымен көпшіліктің қолдауына ие болды деп ойлаймын. Жалпыұлттық әл-ауқатты көтеру оның басты назарында болды. Ол әлеуметтік салаға көп көңіл бөлді, халықтың әл-ауқатын арттыру үшін бірқатар шаралар қабылданды. Мысалы, әлеуметтік төлемдер мен зейнетақылар көбейтілді. Келесі қоғам үшін бір өзекті Тұрғын үй мәселесін шешуде біршама жетістіктерге жетті. Тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізілді. Әсіресе, «7-20-25» тұрғын үй бағдарламасы бойынша жастар мен көпбалалы отбасыларға қолдау көрсетілді. Сондай-ақ, Денсаулық сақтау саласына да айтарлықтай өзгерістер енгізілді. Коронавирус пандемиясы кезінде дәрігерлердің жалақысы арттырылды, медициналық инфрақұрылым жақсартылды. Тағы бір атап айтар сала ол әлеуметтік қолдау шаралары болды. Бұл кезеңде халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау үшін арнайы бағдарламалар қабылданды. Әсіресе, көпбалалы отбасылар мен аз қамтылған азаматтарға көмек көрсету шаралары күшейтілді.

Бесіншіден, саяси және құқықтық реформаларға келер болсақ, Қ.К.Тоқаев билігінің басты ерекшелігін айқындай алады деуге болады. Олар кезең-кезеңімен жүзеге асып келеді. 2021 жылы Қазақстанда саяси реформаларды іске асыру туралы мәлімдеме жасалды. Парламенттің рөлін күшейту, саяси партияларды тіркеу тәртібін жеңілдету, сайлау жүйесін реформалау сынды шаралар қолға алынды. 2022 жылы өткізілген Конституциялық реформа аясында биліктің тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу және әділдік, құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында бірқатар өзгерістер енгізілді.

Жалпы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың алты жылдық президенттік кезеңі Қазақстанда үлкен өзгерістер мен реформалар кезеңі болды деп ауыз толтырып айтуға болады. Әлеуметтік, экономикалық, білім және ғылым салаларындағы жаңартулардың нәтижесінде халықтың әл-ауқаты жақсарып, қоғамда жаңа мүмкіндіктер пайда болды. Сонымен қатар, саяси жүйе де жаңа реформалармен жаңарды, бұл әлемдік геосаяси тұрақсыздық тұсындағы Қазақстанның өзінше дамуына серпін берді.

Abai.kz

3 пікір