Сенбі, 29 Наурыз 2025
46 - сөз 1013 0 пікір 26 Наурыз, 2025 сағат 12:12

Адам тағдырына жауаптылар кекшіл болмауы тиіс!

Сурет: Автордың жеке альбомынан алынды.

ҚР Парламенті Мәжілісінің
Төрағасы Е.Ж. Қошановқа!

Құрметті Ерлан Жақанұлы!

Рамазан айында ұстаған оразаңыз бен жасаған құлшылықтарыңызды, дұға-тілектеріңізді Алла қабыл етсін!

Менің «AMANAT» партиясынан жұмыстан кеткеніме екі жылдан асты. Әрине, бұл жұмыстан мені ешкім қуған жоқ, өз еркіммен кеттім.

Бірақ, соңғы кезде сол «AMANAT» партиясынан жұмыстан кеткеніме, шынымды айтайын, қатты өкініп жүрмін!

Әрине, өзімнің жеке басымның мүддесі үшін емес, Көші-қон және елдің іші-сыртындағы қандастарымыздың тағдыры және өзім дәмін татқан партия мен сол Ұлы Көшке мүдделі қауымның арасына дәнекер болу үшін!

Соңғы он-он бес жылдың көлемінде Көші-қон үрдісін реттеуге арналған заңдар мен нормативтік құжаттарға енген тиімді өзгерістер мен толықтырудардың дені менің ұсыныстарыммен және табанды түрде күресуіммен жүзеге асқанын ешкім жоққа шығара алмаса керек.

Сол өзгерістер  мен толықтырудардың жетпіс-сексен пайызы   бұрынғы «Нұр Отан» партиясында қызмет атқарған алты жыл ішінде заңдасқанын, оны шешуге аталған партияның зор мүмкіндік бергенін мен үнемі ризалықпен айтып келемін.

«Нұр Отанның» беделі белшесінен төмен түсіп, Сіздер оның атын «АМАНАТ» деп өзгертуге мәжбүр болып жатқанда, аталған партияға алғыс айтып келетін қандастарымыздың аяғы үзілмейтін...

Менің сол еңбегімді сол кездегі Партия Төрағасының Бірінші орынбасары, қазіргі ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев: «Nur Otan» партиясының Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінде жұмыс істей жүріп, Көші-қон мәселелері бойынша азаматтарды тақырыптық қабылдаудың арнайы тұжырымдамасын дайындаған еңбегіңізді айырықша атап өткім келеді. Бүгінгі таңда бұл тұжырымдама партияның республикалық желілік кестесіне енгізілді...», - деп жоғары бағалаған еді.

Ол аз десеңіз, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев: «Сондай-ақ, жұртшылық Сізді шет елдерде тұратын қандастарымыздың қазақ топырағына оралуына жанашырлық білдіріп, осы орайда ұшырасатын қиындықтардың оңтайлы шешілуіне белсене атсалысып жүрген азамат ретінде де қадірлейді», - деп елуге толғанымда арнайы құттықтау жіберген болатын.

Мәулен Сағатханұлы айтып отырған сол «Көші-қон мәселелері бойынша азаматтарды тақырыптық қабылдаудың арнайы тұжырымдамасы» секілді жоба қазір партияда жоқ!

Өкінішке орай, 2022 жылы бекітілген «Қазақстан Республикасының Көші-қон саясатының 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы» сол алысып жүріп, зорға түзеткен Көші-қонды қайтадан тас-талқан етті. Қазақ көші Кәрім Мәсімов заманындағы бұрынғы таз кепешін қайта киді.

Бір-екеуін ғана айтайын:

2023 жылғы 19 сәуірде Сенаттың қарауымен бекітілген «Халықтың көші-қоны туралы» заңның 20-бабының 5) тармағы Атажұртқа көшіп келіп, Үкімет айқындаған сегіз облыстан өзге тоғыз өңір мен үш үлкен қалаға қоныстанғысы келетін этникалық қазақтардың азаматтық алуын және тұрғылықты жерін еркін таңдау құқығын шектеп тастады;

- «Ата жолы» картасын алған этникалық қазақтардың құқықтары мен міндеттерінің ешбір заңмен бекітілмей қалғанын өткен жылы 14 қазанда Сенат мойындады (аталған «Ата жолы» картасына қатысты норма 2023 жылғы 20 сәуірде Мәжіліс пен Сенаттың қарауынан өтіп, Президент қол қойған)...

Маған ала қаптың аузын аштырған – осындай келеңсіздіктер!

Құрметті Ереке!

Осы жағдайларды ескере отырып, менің «Аманат» партиясындағы жұмыс орныма қайта барғым, мына мәселелердің өздеріңізбен сәйкесе отырып шешуге әрекет еткім келген.

Соған байланысты, жақында әріптесіңіз Ермұрат Бапи ағамен ақылдасып, Ерекең арқылы осы өтінішпен өзіңізге қолқа салып едім.

Өкінішке орай, Сіз менің ол өтінішімді қабылдамапсыз.

Шамасы, маған ӨКПЕЛЕГЕН көрінесіз.

Саясатты қайырып қойып, қазақы жолмен жөн сұрассақ, Сіз – Арғынның, мен – Найманның ұрпағымыз. Сіз аға баласысыз. Сіздер отырған жерде біз сөз бастамаймыз, бата да жасамаймыз. Аталарым солай үйреткен...

Әрине, Сіздің өкпеңіз де, ренішіңіз де орынды.

Артық кеткен жерім үшін мен де өзіңізден ашық кешірім сұрадым.

Бірақ, мәселе Сіз бен біздің жеке басымызға қатысты қайшылықтан туындап отырған жоқ қой!

Жалпы, мен мәміленің, келісімнің адамымын. Ағаны сыйлау мен құрметтеуді, әрине, мен де жақсы білемін.

Бірақ, сөйте тұра, мені Сіздің атыңызға қатты-қатты сөздер айтқызуға дейін апарған – тағы қайталап айтам, менің жеке басымның мүддесі емес, шекара сыртында қалып, тағдыры қыл үстінде тұрған алты-жеті миллион қазақтың тағдыры!

Оны, Ераға, Сіз ақылды адамсыз ғой, өте жақсы білесіз және терең түсінесіз деп ойлаймын!

Иә, мен қай мәселе туралы болмасын, алдымен Сіздер жаққа сыпайылап хат жазамын.

Мәселе бірден шешіліп жатса, оған өмір бойы алғысымды жаудырып жүремін.

Ал, шешілмесе, кемінде үш мәрте қайталап хат жолдаймын!

Ол хаттарым діттеген жеріне жетпей, өзге мекемеге лақтырыла берген соң, жайлап «Ашық хат» жазуға көшемін.

Ал, құзырлы орган басшылары оған да құлақ аспаған жағдайда, айқайға басуға, аты-жөнін атап тұрып сынауға тура келеді.

Туындаған мәселені уағында көтеріп, шешуге ықпал етпесең, елдің тыныштығы бұзылады, ертең Президенттің абыройына дақ түседі, арты трагедияға апарып соғуы мүмкін...

Содан барып, Сіздер маған өкпелейсіздер!

Жалпы, мен Сізге ақыл айтудан аулақпын.

Дегенмен, адам тағдырын шешетін қызметте отырған басшылар өкпешіл, кекшіл болмауы тиіс!

Бұл жағынан келгенде, КЕҢДІК пен КЕШІРІМШІЛДІКТІ Қасым-Жомарт Кемелұлынан үйрену керек деп есептеймін.

Егер, Қасым-Жомарт Кемелұлы өкпешіл, кекшіл болса, онда бүгін Ермұрат Бапиды Мәжілістің төріне отырғызбас еді;

Егер, Қасым-Жомарт Кемелұлы өкпешіл, кекшіл болса, онда бүгін Сіз ат-түйедей қалап әкеліп депутат жасаған Ринат Заитовты Мәжіліс тұрмақ, Парламент үйінің маңына жолатпас еді;

Егер, Қасым-Жомарт Кемелұлы өкпешіл, кекшіл болса, онда бүгін Абзал Құспан мен Елнұр Бейсембаевты да Мәжілістен көрмес едік...

Депутат боларда осы жігіттердің қай-қайсы да Қасекеңнен дізерлеп барып кешірім сұрамағаны белгілі.

Ары кеткенде Ерлан Қарин ара ағайындық жасаған болуы мүмкін...

Құрметті Ераға!

Жалпы, Ераға, есіңізде болсын, Ұлы көшке мүдделі қауым – аз халық емес! Олар артта қалған елдің тағдырына қатты алаңдаулы. Сондай-ақ, көшіп келген ағайынның құжаттану процессі кімдер жағынан қиындатылып отырғанын және оған қайсы жауапты тұлғалардың немкетті пиғылмен әрекетсіздік танытып келе жатқанын да өте жақсы біледі...

Алла қаласа, ертең VIII шақырылымның да мерзімі бітеді. Партияңызды бастап, сайлауда сол халықтың алдына барасыз. Сіз бармасаңыз, Сіздің орныңызға Елнұр Бейсембаев бастаған, Аманжол Әлтаев пен Асхат Аймағамбетов қостаған інілеріңіз баруы мүмкін.

О, сонда «Аманат» партиясының Ұлы көшке мүдделі қауымға айтар бетжүздік бірдемесі бар ма өзі?!

Мені қынжылтатын да, алаңдататын да – осы сұрақ!

Кілең ҚИЯНАТ жасаумен келеді.

Ендігі жерде Заитовтың сөзі оларға өте қоймайды...

Иә, «Аманат» партиясы алыстан оралған ағайынның дауысына зәру де емес шығар. Бірақ, ашынған жұрт аяулы інілеріңізді ит қосып қуса, бетіне түкірсе қайтесіз?!

Мен Қасым-Жомарт Кемелұлының жанашыр інісі, тынымсыз қолдаушысы ретінде мәселенің бұл жағын да ауық-ауық ойлап жүрмін. Алдағы сол күндерді ойласам, екі бетім дуылдап, арқамнан суық тер шығып кетеді...

Құрметті Ерлан Жақанұлы!

Атқарушы билік пен Заң шығарушы орган «Ата жолы» картасымен Қасекеңді ұятқа қалдырды.

Төбемде Құдай тұр ғой, ертең тағы осындай ұят болып жүре ме деп қатты алаңдаймын.

Осы хатты Сізге әдейі Рамазан айында, өлі түнде жазып отырмын. Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Бірінші басшылар азаматтарды жеке қабылдауға тиіс. Бұл – өте маңызды», - деді соңғы ашылған Үкіметтің кеңейтілген жиналысында.

Қазақ айтады ғой, «Көйлектің кірі жуса кетеді, Көңілдің кірі айтса кетеді...» деп. Көңілімде жүрген біраз сөзді хат арқылы болса да Сізге ақтарып, кәдімгідей жеңілдеп қалдым.

Осыған дейін Көші-қон мәселесі бойынша қабылдауыңызды сұраумен келдім, қабылдамадыңыз...

Енді өкшеңізді басып келе жатқан іңіңіз ретінде менің Сізге сәлем беріп барғым, Сізбен жеке отырып әңгімелескім, пікірлескім келеді...

Мені жеке қабылдауыңызды сұраймын!

Құрметпен, Ауыт Мұқибек

Abai.kz

0 пікір