Қазақстан: Азаматтық қоғам құру перспективасы қандай?

Қазіргі өркениет заманында әлем архаикалық соғыс өртіне куә болып отыр. БҰҰ шеңберінде Халықаралық нормалар мен заңдарды сақтай отырып, барлық мемлекеттер өзара тиімді қарым‑қатынастар жасау арқылы әрқайсысы одан зор пайда табуға мүмкіндігі бола отырып, бүгінде 19‑шы ғасырға тән «империялық үстемдікке жету» белең алуда. Бұл «астамшыл саясат» тәуелсіз елдердің болашағына қауіп төндіруде. Ол «демократия мен диктатура арасындағы бітіспес шайқас» түрінде көрініс табуда. Осыны ескере келе, біз Қазақстандағы азаматтық қоғам туралы экспресс‑сұхбат жүргіздік.
Бүгінгі сұхбатқа Әл‑Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Философия кафедрасының аға оқытушысы Ерболат Еркінұлы Қошқарбаевты шақырып отырмыз.
– Қазақстандағы азаматтық қоғам құру перспективасы қандай?
– Қазақ елінде азаматтық қоғам құру перспективасы бар ‑ жоққа шығарылмайды, Бірақ біздің мемлекетімізде азаматтық қоғамға тән белгілер айқын емес, барынша байқалмайды. Ол белгілер бізде қалай көрініс таба бастайды ‑ сонда ғана азаматтық қоғам құру мүмкін болмақ.
Азаматтық қоғамға тән басты белгілер мыналар:
1. Оның «ерікті» түрде ұйымдасатыны;
2. Қоғамның әлеуметтік белсенділігі;
3. Азаматтық қоғам ұстанымының міндетті түрде мемлекет мүддесімен сәйкес келе бермейтіні;
4. Мемлекеттік жігердің азаматтардың мүдделерін қамтамасыз етуге бағдарланатыны;
5. Қоғамның қай жағынан болмасын сау болуы.
Қазір осы аталған негізгі белгілер де, факультативтік белгілер де өзін барынша көрсете алмай тұр. Егер азаматтық қоғам толық сау қоғам негізінде ғана мүмкін болады дейтін болсақ, онда «біздің қоғам сау емес, сауығу, оңалу үстіндегі қоғам» деп мойындауға болады. Жарақаты өте терең, ол – мәдени жарақат. Ғасырлар бойғы отарлықтан қалған мәдени жарақаттан (бұл терминді поляк әлеуметтанушысы Петр Штомпка енгізген) арылу жолында, еңсесін енді тіктеп келе жатқан елдің азаматтық қоғам құру ұмтылысы қоғам сауыққан жағдайда жақын болашақтың еншісінде, нақтысы ‑ 2050 жылдары деп сенгіміз келеді.
– Қазақстанда азаматтық қоғам құруға басты кедергілер не?
– Бұны «міне мынау» деп бір ғана кедергімен сипаттасақ қане? Өкініштісі бұлай бола қоймайды. Негізгі кедергі ілгеріде айтқанымдай – «мәдени жарақат». Ал одан кейінгі кедергілер мәдени жарақаттан туындағандары. Алаңдатарлығы сол, бұлар әу баста қылаң бергенде, түп тамырымен жұлып тастай алмағанымыз салдарынан ‑ бүгінде қаулап кетті. Бұларды отамай азаматтық қоғамға жол ашылмайды. Енді сол кедергілерге келейік:
Қоғам дерті мен деградациясын мойындағымыз, қабылдағымыз келмейтіні. Мойындар кеселді жоюға әрекет жасау ләзім. Қазіргі қоғам дертке шалдыққан, деградацияға түскен. Ең алдымен осыларды емдеуіміз керек. Қоғам оң мен солын ажыратудан қалған, құндылықтарын жоғалтқан, ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін бағамдаудан қалған, моральдық азғындаған, өз келбетін жоғалтқан, охлотелесуггестия («қоғамға еркінен тыс таңылған» деген мағына – Ә.Б.) мен фасцинацияға («қоғамның көңіл‑күйіне әсер ету» деген мағына – Ә.Б.) бой алдырған. Бұларды таратып айту бір сұхбат ауқымына сыймайды. Ең алдымен осыны емдеп, сауықтыру керек. Жалпы, кедергілер өте көп.
1. Әлеуметтік бұзылыстар: Қоғам невроз кезінде – тәуелсіздіктен миллениумға дейін бейқамдық таныттық, салдарынан бүгін миллениумнан бері қоғам психоз күйін бастан кешуде, ал бұл күйден арылмаса онда алда әлеуметтік шизофрения күтіп тұр; ал бұның емі жоқ – паталогия;
2. Стратификацияның (әлеуметтік жіктелу) антогонизмге ұласуы: Қоғамдағы антогонистік топтардың көрініс беруі. Антогонизм діни сенім негізінде (тәңіршілдер, діни фанаттар), жершілдік негізінде (қалалықтар, ауылдықтар; оңтүстік, солтүстік, батыс, шығыс), қызмет жағдайы негізінде (әкімдікте, полицияда т.б. мемлекеттік құрылымда істесе болды олардан үрке қарау синдромы т.б.;
3. Титулды ұлттың мойындалмауы: Мысалы, қазақтан өзге, орыс емес ұлттардың (түрік, шешен, әзірбайжан, ұйғыр т.б.) балаларын әлі күнге орыс мектептерінде, орыс сыныптарында оқытуы;
4. Бестиализм (құндылықтардың шайылуы: мысалы отбасы құндылығының толық дерлік жойылуы – ажырасу көбеюі, жетімдер саны артуы, қараусыз балалар көбеюі, өзге ұлтпен некелесудің артуы; моральдық азғындау: зорлық-зомбылықтың өршуі (кісі өлтіру, зорлау, педофилия, адам саудасы, жезөкшелік, маскүнемдік, нашақорлық, ЛГБТны, гомосексуализмді насихаттау, геттолар мен люмпен-пролетариат көбеюі – екінің бірі таксиде, курьерлікте, екінің бірі Яндекс агрегаторында т.б.) және оны ақтау, тіпті қалыпты құбылыс ретінде қабылдау; қатыгездіктің дәріптелуі, қылмыстық элементтерді батыр санау, анайылықты дәріптеу секілді дегуманизацияланған көріністерге тоқтам салынбаса азаматтық қоғам ауылы алыстап бұлар әлеуметтік тағылыққа алып келеді. Бұлар тек мәдени жарақат ауқымында айтылғандар. Ал бұдан тыс терроризм (қаңтар оқиғасы т.б.), фашизм қаупі (Гитлердің еркін насихатталуы), радикалды топтар қаупі, ұлттың саулығының төмендеуі (медицина дәрменсіздігі, оның бизнеске айналуы, медициналық қылмыстар көбеюі), жемқорлық, алаяқтық, блоггинг, моббинг, буллинг т.б. кеселдер өз алдына жеке әңгіме.
– Құрылтай азаматтық қоғам туралы қандай идея көтерді?
– Жалпы 2022 жылдан бастау алған құрылтай жұмысын шолып өтсек, негізінен онда құқықтық, әлеуметтік, мәдени, экономикалық, қауіпсіздік мәселелері көтеріліп келеді. Бурабайдағы құрылтайда «Мәдениет. Өнер. Руханият», «Білім және ғылым», «Әлеуметтік-экономикалық даму» секциясымен қатар «Азаматтық қоғам» секциясы отырысын өткізді.
Негізі бұл секцияда азаматтық қоғам турасындағы қандай идея көтерілсе де жаңалық емес, таңсық емес. Ал құрылтайда арнайы азаматтық қоғам туралы «айрықша» идея көтерілген жоқ. Секцияда заң үстемдігі, құқықтық сауаттылық, әскердегі әлімжеттік, экологиялық мәдениет, тіл, дін мәселесі, азаматтық қоғам институттары жайы сөз болды.
Азаматтық қоғам уақыт пен кеңістікте тік-көлбеу торланған жіп секілді ешқашан тігісі жатпайтын мәселе, идеал. Ол сан ғасырлардан бастап ойшылдардың, ғалымдардың, ғылыми мекемелер мен институттардың, философия, саясаттану, әлеуметтану, құқықтанудың назарында келе жатқан мәселе. Сондықтан да осыншама күрделі де күрмеулі мәселенің бір ғана отырыста шешімін табуы неғайбыл. Оның үстіне азаматтық қоғам жайы тәуелсіздікпен бірге талқыда келеді. Президентіміз де құрылтайдан тыс жерлердің өзінде азаматтық қоғам жайын назардан тыс қалдырған емес. Ол: «Азаматтық қоғамға қолдау көрсетіп, оның әлеуетін нығайта түсу керек» (2019), «Жалпымемлекеттік міндеттерді шешу үшін талқылау жұмыстарына азаматтық қоғамның мүмкіндіктерін кеңінен қолдану қажет» (2020), ‑ деп, құқықтық мемлекет құру жолындағы басты негіз – азаматтық қоғамды үнемі айтумен келеді.
Құрылтайдың идеясы өз алдына бөлек әңгіме, ал құрылтай институтының болғанының өзі әлемде қабылданған ешбір стандартқа бағынбайды. Әлем елдерінің басым бөлігінде Ұлттық құрылтай, ҚХА секілді құрылымдар мүдем жоқ. Бұл қазақстандық демократияның сара жолы болса керек. Құрылтай мемлекеттік те, сонымен бірге қоғамдық та бірлестік. Бірақ таза мемлекеттік емес, сондай-ақ таза қоғамдық та емес – мемлекет пен қоғам арасындағы, билік пен халық арасындағы диалогтық, дәнекер буын.
Abai.kz