Сейсенбі, 1 Сәуір 2025
Саясат 1440 0 пікір 29 Наурыз, 2025 сағат 16:53

Жаһандық саясаттағы Қазақстанның жолы...

Сурет: eurasian-research.org сайтынан алынды.

Ел болған соң ел ішінде қандайда бір мәселеге қатысты түрлі көзқарастар болып тұрады емес пе? Оның үстіне Конституция бойынша өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет деп әйгілеген Қазақстанда демократиялық құндылықтар қалыптасқан өркенитетті елдердегі сияқты пікір алуандығының көрініс табуы заңды. Ал, әдетте көзқарастар мен пікірлер қайшылығы ресми билік жүргізіп отырған саясатқа келіп тіреледі де, тараптар өз ойларын айта бастайды. Біреу өкіметтің ісін қолдайды, біреу қолдамайды. Соның ішінде бәріне мүлде қол сілтейтін, бәрін жоққа шағаратын скептиктер болады. Бізде де скептиткер аз емес. Бірақ сол скептитктердің өзі Қазақстанның сыртқы һәм жаһандық саясаттағы қадамдарына қол соғатынын біз анық білеміз.

Ілгеріде саяси партия өкілдері бас қосқан бір жиын болды. Өңкей сайыпқыран саяси партия өкілдері кездескен ортадағы әңгімес белгілі ғой: «бізде анау жоқ, мынау жоқ», «бізде анау жаман, мынау жаман». Осыларды айтып жақ жаппаған шешендер ертеден кешке дейін жарыса сөйледі. Сонда көпті көрген, ұстамды, қоғамдық саяси өмірде тәжірибесі мол бір үлкен кісі: «Ал, Қазақстанның сыртқы саясаты туралы не айтасыңдар?» – деп сұрағанда белсенділер аз-кем үнсіз қалып: «Қазақстанның сыртқы саясатын қолдаймыз, оған сөз жоқ» десті. Көрдіңіздер ме, еліміздің сыртқы саясаттағы ұстанымдары бәріміздің көңілімізден шығады екен және оны қолдайды екенбіз.

Қазақстанның жаһандық деңгейдегі бастамалары мен ұсыныстарын, геосаяси-геоэконмикалық жайттарды терең ескере отырып жасайтын қадамдарын ел іші ғана емес, беделді халықаралық ұйымдар да ашық қолдап келеді. Осы арада еске түседі, 2010 жылғы сәуірде Вашингтонда өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық саммит барысында АҚШ-тың экс-президенті Б.Обама: «Қазақстан халықаралық ядролық қаруды таратпау үдерісінде көшбасшысы мемлекет» деп атаған болатын.

Екіншідүниежүзілік соғыстан кейін алпауыт мемлекеттер ядролық қару жасаудың жарысына түсіп, күллі дүниені күлге айналдырып жіберудің қауіпін туғызды. Қырғи қабақ соғыс жылдарындағы жанталаса қаруланудың ақыры бейбіт бітімге келіп, ядролық қарудан бас тартуға шақырған үндеулерге жалғасты. Сондай үндеуге бірінші болып үн қатып, үлгі көрсеткен Қазақстанның бейбітсүйгіш ел екендігін әлем таныды.

Міне, қазір көріп отырмыз, XXI ғасырдың алғашқы он жылдығының соңы мен екінші он жылдықтағы саяси мәселелер шиленісіп кетті. Аса ірі мемлекеттердің көрші елдермен қарым-қатынасында агрессиялық пиғыл мен  әлсіз елдердің жерін басып алудың қырық сылтауы байқалып қалады. Тіпті, ашықтан ашық солай болып та жатыр. Бірақ заманның бұл қалаймақанға толы сәттері де көптеген сабылыстардан кейін түбі бір сабасына түседі. Өйткені, қарапайым адамдар, экономикалық-әлеуметтік тілмен айтқанда, қарапайым салық төлеушілер соғысты еріксіз түрде қолдап отыра бермейді. Қарсылық күшейеді. Қарсылықтар мен толқулар алдымен алпауыт елдердің өзі үшін қатерлі. Мұндай кезде күшейіп келе жатқан екінші не үшінші мемлекеттің әлемдік саяси-экономикалық аренада үстемдігі артуы әдбен мүмкін. Қазіргі жағдайда, мысалы, АҚШ пен Қытай. Сондықтан әлем айналып келгенде Қазқастан халықаралық саясатта барынша қолдап отырған бейбіт өмір мен тату-тәтті көршіліктің салтына оралатын болады.

Қазақстан – аз ғана уақыттың ширегінде іргелес бес елмен 14 мың шақырымнан астам әлемдегі ең ұзақ құрлық шекараларын алғаш рет әлемдік тәжірибеге сай халықаралық шарттармен бекітіп, көршілес елдермен және әлемнің жетекші елдерімен ынтымақтастық қатынас орнатып үлгеген мемлекет. Бүгін еліміз 140-тан астам мемлекетпен дипломатиялық қарым-қатынастың шеңберінде байланыс жасап отыр.  Қазақстанның шетелдерде 70-тен астам дипломатиялық миссиялары, кәсіби дипломаттары бар. Шетелдермен белсенді ынтымақтастықтың нәтижесінде мемлекетаралық, үкіметаралық және ведомствоаралық деңгейде  көптеген халықаралық шарттар жасалды. Соның нәтижесінде Қазақстан – Орталық Азияға келген барлық сыртқы инвестициялардың 80 %-дан астамын өзіне тартқан мегаорталыққа айналды.

Әрине, үлкен саясатты замануи өмір салтына ерте бейімделген, халықаралық қоғамдастықта беделі зор үлкен елдер жасайды. Алайда олардың ырқын бағып, ықтап отыра беруге және болмайды. Себебі, әлемдік саясатта баланс болмаса, дүние бір жағына ауып кетуі ықтимал. Қазір үлкен саясатқа Қазақстан тарапынан жасалған бастамалар мен ұсыныстар тепе-теңдік тудырып келе жатқанын байқауға болады. Соның бірі – Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы. ШЫҰ-ға мүше елдер арасындағы қаржы айналымы мен экономикалық қарым-қатынас осы күні БРИК немесе Еуро Одақ сияқты ұйымдардың назарына ілікті. Сондай-ақ, түркі елдерінің барлық салада өзара тиімді интеграцияға көшуі, Қазақстанның ислам елдерімен де достық рәуіштегі байланысы – халықаралық саясатта үнемі алдыңғы орынға шығып тұрады.

Иә, әуел баста бұлыңғырлау көрінген Қазақстанның көпвекторлы саясаты бұл күнде барынша айқындалып, еліміздегі әрбір азамат үшін түсінікті болып келеді. Бұл түсініктегі ортақ келісім: әлемнің тынышы кетпесін, ал еліміз аман болып, өсіп-өркендей берейік дегенді білдірсе керек. Бұл және жаһандық саясаттағы Қазақстан салған соқпақ болып табылады.

Қазақстанның көпвекторлы саясаты мен бастамаларына аса мән беретін дара ұйым – БҰҰ. Ал, Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаев болса, БҰҰ-ның әлемдегі шиеленістерді реттей алатын, әлімжеттік пен соғысқа төзбейтін ұйым – БҰҰ екенінін халықаралық саяси мінберлерде ескертіп, ұйымның миссиясын жандандыруға пәрмен беріп тұрады. Айтпақшы, кеше ҚР Президенті мен БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш екеуі телефон арқылы сөйлесті. Әңгімеле барысында Қазақстан мен Біріккен Ұлттар Ұйымы арасындағы ықпалдастықтың өзекті мәселелері талқыланып, Президент Тоқаев Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Орнықты даму мақсаттары жөніндегі аймақтық орталық құру туралы БҰҰ Бас Ассамблеясы бірауыздан қабылдаған қарардың маңызын атап өтті. Ал, БҰҰ Қазақстанның тағы бір ұсынысын қолдап, еліміздің жаһандық саясаттағы орнын анықтай түсті.

Бөрібек Сүлеймен

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар