Кемшілікті зиялы қауымнан іздеу әдетке айналды ма?
Осыдан бірнеше күн бұрын белгілі қоғам белсендісі Абзал Достияр өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында ҚР Жазушылар одағы мен ондағы қаламгерлерге сын айтып, жазба жариялады.
«Сүмелектер мен сатқындардың мекені» деп аталатын жазбада Абзал Достияр: «Елімізде саяси тұтқындардың саны 29 еді, өткен аптада 30 -ға толды. Алматылық журналист Мирболат Мырзатайұлын өзіне қазақ тілінде, яғни мемлекеттік тілде қызмет көрсетуін талап еткені үшін «ұлт араздық туғыздың» деп 4 жылға түрме жазасына кесті. Ия дұрыс, ұлтаралық мәселеге өте мұқият қарау керек, жіті бақылау керек, үлкен кикілжіңге, қақтығыстарға себеп болатын, тәуелсіздікке қауіп төндіретін жағдай, бірақ дәл Мирболаттың іс-әрекетінен ешқандай да ұлт араздық туындамаған, ешкім зардап шекпеген, ешкімге күш көрсетілмеген, ешкім арызданбаған.
***
Ал енді сүмелектер деп отырғаным кімдер?
Менің бұлай сөйлеуім біреулерге тұрпайы естілуі мүмкін, ел алдында әдепсіздік танытқандай, арзан сөз айтқандай болып көрінуім мүмкін, расында олай емес, қазір түсіндіремін.
***
Сүмелектер дегенім-Қазақстан Жазушылар Одағы мүшелері, айтқыштар мен жазғыштар. Атағы дардай Жазушылар Одағының мыңға тарта мүшелері Думан мен Әйгерім, Марат және басқа да саяси тұтқындар қамалғанда үнсіз қалды, көрмегендей болды», - деп жазылған.
Осыған байланысты біз портал оқырмандарының талқысына белгілі қаламгер, журналист, публицист Марат Байділдәұлының жауап жазбасын ұсынып отырмыз...
«Қалам ұстағандар, ақыны бар, жазушысы бар барлығы сүмелектер!» дейді Абзал Достияров. Тұтас бір қоғамдық ұйымды «сүмелек» қылғанда осы қоғамдағы жалғыз естияр, жалғыз қаһарман Абзал бола ма?
Бұл не қылған пайым деймін? Өз басым Абзалды отаншылдығы, ұлтшылдығы, батылдығы үшін құрметтеймін. Бірақ тап осы жерде Абзалдың көпке топырақ шашқандай кезінде Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Илияс Жансүгіров, Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Жұбан Молдағалиев мүшесі болған қасиетті қара шаңырақты күстаналауын азамат басына ұят іс санаймын. Жазушылар одағы саяси ұйым емес, ол шығармашылық бірлестік.
Қазақстандағы қалыптасқан жағдайға тек Жазушылар одағы кінәлі дегенді кім айтты? Журналистер одағы, Суретшілер одағы, Композиторлар одағы сияқты басқа да шығармашылық одақтар жеткілікті. Тіпті Судьялар одағы да жұмыс істейді. Парламентің де тұр.
Қазақстандағы қазіргідей саяси ахуалдың қалыптасуына Жазушылар одағы емес, ең алдымен билік кінәлі екендігін, ұлттық мемлекеттілігімізді аяққа таптаған, Қазақстанда орыс тілді азаматтық қоғам қалыптастыруға тырысқан экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев екенін, Абзал жақсы білесің. Сол Назарбаевтың көлеңкесінен ұзай қоймаған бүгінгі Тоқаев билігі алдында қазір ең маңыздысы «жаңбыр-жаңбырдың арасынан» елді соғысқа ұрындырмау, «жаралы аюдың» тырнағынан аман алып шығу міндеті тұр.
Абзал бауырым, көзіңдегі қаламгерлерге деген өшпенділік «очкиін» шешіңіз. Құдай қаласа, қаламгерлер алда да айтады, жауқазындай жас қаламгерлер қатары тағы өсіп келеді.
Одақта «оппозициялық» пікірден де өзге ұлтқа қызмет ететін шаруа шаш етектен. Гиппократ айтады екен: «Бір рет оп-оңай өле салғаннан гөрі он рет қатты ауырып тұрған артық» деп.
Қоғамды сауықтыру үшін одақ мүшелерінің қай қайсысы да қал-қадерінше үлесін қосып келеді. Оларға жаппай күйе жаға салуға болмайды. «Адам асыққанмен Алла асықпайды» дейді.
Маған салса билік транформациясын тездетіп, отарсыздандыру, советсіздендіру, нұрсыздандыру үдерістерінің тап бүгін басталып кеткенін қалар едім. Бірақ білемін, оның бәріне уақыт керек. Жастық максимализм байыпты саясаткерлікке ұласқаны жөн.
Мирболат Мырзатайұлының тағдыры, оның мемлекеттік тілде сөйлеуді талап еткені үшін жазықсыз сотталуы біздің де жанымызға батады. Бірақ жазушылардың талабымен сотталғанды босатып жіберетін заң жоқ. Ал Жазушылар одағы неге жанашыр болмайды десеңіз ол бір басқа.
Сондықтан бүкіл Қазақстандағы күллі теріс құбылыстарға Жазушылар одағын айыптаудың жөні қисыны жоқ.
Марат Байділдәұлы, қаламгер
Abai.kz