Салық кодексі: «Ақ жол» фракциясы қарсы дауыс берді...

«Ақ жол» фракциясының Салық кодексі бойынша ұстанымы
Өндірісшілер мен кәсіпкерлердің мүддесін қорғай отырып «Ақ жол» демпартиясы Салық кодексін талқылаудың барлық кезеңінде Үкіметтің конструктивті оппоненті болып келеді.
Дегенмен, ауыр болса да, мемлекет мүддесі үшін маңызды шешімдер қабылдауымыз керек.
Мәселен, «Ақ жол» нарықтың жекелеген субъектілеріне бәсекеден тыс артықшылықтар қалыптастыратын негізсіз жеңілдіктердің қысқартылуын қолдайды.
Одан бөлек: банктер, ірі өндіруші компаниялар, ойын бизнесі секілді жоғары табысты салалар үшін салықты арттыру бойынша аталмыш заң жобасына ұсыныстар жолдадық. Оған қоса бұл жерде бірден екі бағыт бойынша өзгеріс енгізген тиімді болмақ: шикізат экспорты үшін ҚҚС қайтаруды қысқарту, сондай-ақ, тұтынушы бағасына еш әсер етпейтін корпоративті табыс салығын арттыру арқылы.
Одан бөлек, «Ақ жол» фракциясы импорт пен контрабандаға қарсы күрестен түсетін ҚҚС-ті арттыру мәселесін ұдайы көтеріп келеді (мысалы, 26 ақпан, 26 наурыз бен 2 сәуірдегі депутаттық сауалдар).
Біз, сондай-ақ, бұған дейінгі жылдарда Үкімет табандылықпен бас тартып келген сараланған салық мөлшерлемелерін енгізу туралы шешімі үшін Мемлекет басшысына ризашылығымызды білдіреміз.
Мәселен, салықтың фискалды ғана емес, мөлшерлемені төмендету арқылы серпін беретін функциясы да бар. Сонда ғана бизнес “тонауға” түспейтін, мемлекет бағыттаған жаққа бет алады.
Осы тұрғыдан алғанда, біз кеше басқа фракциядағы әріптестер қарсы болған өңдеу өнеркәсібі үшін КТС-ті 10%-ға төмендету туралы Үкіметтің ұстанымын қолдаймыз. Мұндай тәсілсіз мұнай-газ, тау-металлургиялық, энергетикалық машина жасау, жеңіл және тамақ өнеркәсібі, құрылыс және жол техникасының өндірісі, ирригациялық жүйелер және т.б. салаларға инвестиция тарту мүмкін емес. Үкімет қабылдағанның өзінде біз бұл норманы қорғауға дайынбыз.
Алайда, одан әрі Үкіметпен кереғар пікірлеріміз жалғасын табады.
Қоғамның әлеуметтік әл-ауқатына тікелей әсер ететін тауарлар мен қызметтерге нөлдік жүктеме қолдануы керек. Бұл азық-түлік, киім-кешек пен аяқ киім, балалар тауарлары, дәрі-дәрмек пен медициналық қызметтер, коммуналдық төлемдер мен әлеуметтік тұрғын үй құрылысы.
Мысалы, медициналық қызметтер жалақы қорынан қалыптасатын МӘМС-тен және табыс салығы ұсталып қойған азаматтардың жалақысынан төленеді.
Ал бұл қаражатқа салықты қайта енгізу дегеніміз – қосарланған салық.
Жалпы, ҚҚС-ты тұтынушы төлейді, ал, бүгінгі таңда қазақстандықтар табысының 50 пайыздан астамын тек азық-түлікке жұмсайды.
Оған инфляция,тарифтер өсімі мен үкімет енгізгісі келетін 10% ҚҚС-ты қоссаңыз, халықтың басқа ештеңеге ақшасы жетпейді.
Елдің көбі жалақыдан жалақыға дейін әзер күнелтіп, қарыздың қамытынан құтыла алмай жүр.
Демек, әлеуметтік маңызды тауарлар мен қызметтер үшін ҚҚС-тың нөлдік мөлшерлемесі қажет.
Салық салынатын өзге топ – экономикамыздың технологиялық деңгейін айқындап, ары қарайғы даму бағытын белгілейтін басым секторлар үшін де ҚҚС мөлшерлемесі дәл сондай сараланған болуы керек. Бұл машина жасау, жабдықтар жасау, IT-технологиялар, финтех, өнеркәсіптік құрылыс. Еуропалық Одақтың тәжірибесіне сүйенсек, мұндай салалар үшін ҚҚС әдетте жалпы белгіленген мөлшерлеменің үштен бірін құрайды.
Біз жалпы мөлшерлеменің кем дегенде жартысын ұсынып отырмыз, яғни, 8%.
Келесі. Үкіметтің ҚҚС шегін жылына 15 миллион теңгеге дейін төмендету туралы мәлімдемесінен кейін-ақ «Ақ жол» фракциясы мұндай қадамға жол беруге болмайтынын мәлімдеді. Біз ҚҚС шегін жылына 78 млн теңге (20 мың АЕК) деңгейінде сақтау туралы ұсыныс жасадық, оны жұмыс тобы 6 наурызда Үкімет қорытындысына жіберді.
Айналым 15 млн.теңге/жыл, ал, пайдасы 10-15% болғанда, бизнестің таза табысы бүкіл еңбек ұжымына шаққанда айына 150-200 мың теңгені құрайды. Ал, онда кем дегенде 3-5 адам жұмыс істесе, олардың жалақысы 50-70 мың теңгеге дейін қысқарады, яғни, ең кедейлік шегінен де төмен (308 мыңның 38%-ы). Бұл бизнестің жабылу немесе көлеңкеге кету қаупін тудырады.
Ал, бизнестің табысы кемінде 3 қызметкердің өмір сүруіне мүмкіндік беруі үшін жылдық айналым айына кемінде 6-7 миллион, немесе жылына шамамен 80 миллион теңге шамасында болуы керек.
«Ақ жол» фракциясы бұл тәсілді табанды түрде жақтайтын болады.
Көріп отырғандарыңыздай, Үкімет ұсынып отырған 40 млн шегі де мәселені шешпейді.
Одан бөлек, құрметті Жұманғарин мырза жаңа ғана шекті меже 40 млн болғанда бюджеттің 400 млрд тг жоғалтатынын айтты, бірақ, бұл да шындыққа жанаспайды. Бұл жердегі шығын 100 млрд-тан аспайды, оған қоса бұл жүктеме олигархтарға емес, онсыз да күнін әрең көріп жүрген шағын бизнеске түседі.
Тағы бір мәселе – заңды тұлғалармен жұмыс (B&B) үшін жеңілдетілген режимге ҚҚС енгізу бөлек есептеулер жүргізіп, бухгалтерия жалдау қажеттілігін туғызады, бұл шағын бизнестің көпшілігі үшін қолжетімсіз, сондықтан, қателіктер мен салық органдарының жүйелі түрдегі бопсалауына әкеледі.
Бұл басы артық талап деп санаймыз, ол жеңілдетілген салық салу идеясының өзін жоққа шығарады.
Біз, сондай-ақ, жаңа ҚҚС мөлшерлемесін енгізуге асықпауды ұсынамыз.
Иә, «Парламент және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заңның 15-бабының 4-тармағына сәйкес мемлекеттік кірістер мен шығыстарға қатысты ұсыныстар Үкіметтің оң қорытындысы болған жағдайда ғана қаралуы мүмкін.
Сондықтан, ҚҚС-тың басқа мөлшерлемесі туралы ұсыныстарымыздың қабылданбайтыны айдан анық.
Дегенмен, экономикалық ғылымда салықтардың шамадан тыс салынуы кері әсер беріп, бюджет кірісінің қысқаруын тудыруы мүмкін екенін көрсететін «Лаффер қисығы» теориясының бары белгілі.
Сондықтан, «Ақ жол» фракциясы әлеуметтік салдарды жеңілдету және бизнесті осындай жағдайларға бейімдеу үшін ҚҚС-тың жаңа форматын кезең-кезеңімен жылына 1%-ға ұлғайту туралы ұсыныс енгізді.
«Ақ жол» фракциясы барлығы 100-ге жуық ұсыныс енгізді, оның ішінде салықтық әкімшілендіру, жалған мәмілелер мен бизнесті бөлшектеу, «пилоттық жобалар» желеуімен саясатты талқылауды қасақана ауыстыруға жол бермеу және т.б. бар.
«Ақ жол» фракциясы жоба бойынша алдағы жұмыс барысында осы және басқа да ұстанымдарын қорғайтын болады.
Салықтық өзгерістерді бюджеттік үдерістерді қатар қатаңдатумен, сыбайлас жемқорлықпен күресумен, мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордың тиімсіз шығындарын азайтумен, олигархтарға толыққанды салық салумен біріктіру керек деп санаймыз.
Бүкіл әлем бюджет шығыстарын, ең алдымен, мемлекеттік аппарат шығындарын қысқартып жатыр. Тіпті АҚШ ондаған жылдар бойы америкалық саясатты жүзеге асырып келген USAID агенттігін жауып тастады.
Ұлыбританияда жақында үкімет жанындағы 300 агенттіктің жабылып, олардың мыңдаған қызметкерлері қысқартылғаны туралы хабарланды.
Ал, біздің үкімет министрліктер, әкімдік пен ұлттық компаниялар жанындағы қанша ведомство мен еншілес мекемелерді жапты? Біреуін де жаппаған. Президент талап еткен 25%-дан қанша шенеунік қысқартылды? Біреуі де қысқартылмады.
Ал, әлем қазірдің өзінде жаңа жаһандық дағдарысқа дайындалуда, бұл біздің шенеуніктер үшін, әр көктемдегідей, күтпеген сый болатын сияқты.
Сондықтан, «Ақ жол» фракциясы жоғарыда аталған мәселелерді шешпей, ұсынылған салық реформасы жүйелі экономикалық жаңғыртуға ұласпайды әрі тиімсіз болады деп есептейді.
Азат Перуашев,
Мәжіліс депутаты, «Ақ жол» партиясының төрағасы
Abai.kz