«Хомай» әні башқұрттардың соңғы тұяқ серпуі...»

Башқұрттың "Айла" тобы орындаған "Хомай" әні әп-сәтте трендке айналып, қазақтар бауырлас ұлтқа қызу қолдау көрсеткен еді.
Әскери сарапшы, Дәулет Жұмабековтың айтуынша, башқұрт пен татардан бауырластық күту қиын, олар әлдеқашан "орыс әлемінің" бір бөлшегіне айналып кеткен.
"Айрандағы" әріптестерге сұхбат берген сарапшының пікірі Ertenmedia-ның назарын аударды.
"Башқұрттар Украинада жаппай қырылып жатыр.
Тіпті, Ресей құрамындағы аймақтар арасында соғыста қаза тапқандар саны бойынша Башқұртстан бірінші орында тұр. Олар Ресей үшін жеке батальондар құрып, өз еркімен соғысқа аттануда.
Мысалы, Башқұртстаннан шыққан "Ватан" батальоны, Шаймұратов пен Доставалов атындағы батальондар мен "Башқұртстан" 31-мотоатқыштар полкі дәл қазір Украинада Ресей әскерінің құрамында шайқасып жүр", – дейді ол.
Татарлар да бұл соғыста өте белсенді. Сарапшының айтуынша, Татарстанда "Алға", "Батыр" және "Темір" дейтін арнайы батальондар құрылған. Бұдан бөлек, танк полкі мен артиллериялық дивизиондар да татарлардан жасақталған.
"Кезінде әскери училищеде бірге оқыған башқұрт танысым бар. Путин туралы пікірімді ашық айтқанымда, сол кісі маған қатты ренжіп, "біз орыс әлемі үшін, Отанымыз үшін соғысып жатырмыз" деп зілденіп жауап қатқан еді. Яғни, олардың (башқұрттардың) көбі бұл соғысты идеологиялық тұрғыда дұрыс деп санайды, өздерін шынайы түрде Ресейдің бір бөлігі ретінде көреді", – дейді сарапшы.
Пікірінше, башқұрттар мен татарлар Путин үшін жанын қиюға әзір. Ресейдегі қазақтардан да үміт үзе берсе болады...
"Орынбор, Омбы, Астрахан қазақтары үшін Қазақстан ата-бабасы туған тарихи мекен ғана. Олардың санасында "орыс әлемі" концепциясы өте мықты орныққан. Ресейдегі қазақтар "біз осы елдің азаматымыз, бұл елдің мүддесі - біздің мүдде" деп тәрбиеленді. Этникалық тамырластық бұл жерде тек екінші немесе үшінші орынға кетеді. Сол себепті де өткенде тұтқынға түскен Орынбор қазағы "Қазақстанмен соғыс болса, Ресей үшін соғысамын" деген сөзді еш қымсынбастан айтты", - дейді Жұмабеков.
Кейде біз "башқұрт – бауырымыз, татар – туысымыз" деп ұрандатамыз. Сарапшының пікірінше, мәдени, тарихи ортақтыққа сүйеніп, саяси тұрғыда тым романтикалық қиялдарға берілмеуіміз керек.
"Егер Ресей мен Қазақстан арасында, құдай сақтасын, бір қақтығыс болса, біз "бауырымыз" деп жүрген башқұрттар, татарлар, тіпті этникалық қазақтар да Ресей үшін соғысуға дайын тұрады", – дейді ол.
Жұмабековтың пікірінше, түркі бірлігі әдемі идея, бірақ нақты әскери-саяси одаққа айналуы үшін аймақ елдері саяси тұрғыдан тәуелсіз, экономикалық тұрғыдан күшті болуы тиіс.
"Мысалы, Әзербайжан тәжірибесі. Олар тіпті Түркияның пікірімен санаспай, Израильмен қарым-қатынас орнатуда. Осындай тәуелсіз позицияға жеткенде ғана түркі әлемінің бірлігі шынайы одаққа айналуы мүмкін. Әскери-саяси тәуелсіздігімізді толық нығайтқанда ғана тең дәрежедегі одақ құра аламыз", – дейді ол.
Дереккөзі: Әшкере телеграм арнасы
Abai.kz