Ұлытауға шықтың ба, ұлар етін жедің бе?..
Әлмисақтан Жаңа Қазақстанға дейін
Әр елдің жадында әлмисақтан бері сақталып келе жатқан , алмағайып заманда ұлтты ұйыстырып ұстап тұратын , сыртқы жаудан, ішкі алауыздықтан қорғап тұратын қасиетті мекендер болады. Ол жөнінде ел аузында ғажайып аңыз-апсаналар тарап жердің киесі, елдің иесі жөнінде ұғымдар мер тәмсілдер ұрпақ санасына сіңіріліп дәстүр мен салт-сананы құндылық еткен мемлекет идеологиясын қалыптастырады. Мұндай табиғат силап, ел-жұрты көзінің қарашығындай аялап, әспеттеген асқар тау, арқыраған өзен, тұңғиық көл, сыңсыған орман, құпиясы мол шөл дала қазақ сақарасының әр бұрышынан кездеседі. Дегенмен, исі қазақ санасында Ұлытаудың орны ерекше.
Ұлытау өңірі Қазақстанның орталық бөлігінде орналасқан. Қазіргі Ұлытау облысы 2022 жылғы 8 маусымда құрылып, әкімшілік орталығы Жезқазған қаласы болып белгіленді. Оның құрамына бұрынғы Қарағанды облысынан Жаңаарқа және Ұлытау аудандары, сондай-ақ Жезқазған, Сәтбаев және Қаражал қалалары кірді.
Алайда Ұлытаудың тарихы 2022 жылдан басталмайды. 1973–1997 жылдары бұл аумақта Жезқазған облысы болған. 1997 жылғы әкімшілік реформа кезінде Жезқазған облысы Қарағанды облысының құрамына қосылған еді. Сондықтан 2022 жылғы Ұлытау облысының қайта құрылуын жергілікті қоғам үшін тарихи-әкімшілік сабақтастықтың қалпына келуі ретінде қарастыруға болады.
Ұлытау – Жошы хан, Алаша хан, Тоқтамыс хан, Едіге, Ақсақ Темір сияқты тарихи тұлғалардың есімімен байланысты қасиетті мекен. Арысы Алтын орданың хандары, берісі Қазақ хандары осы қасиетті тауда Құрылтай өткізіп Хан сайлаған. Ұлытау арқылы Сарыарқадағы маңызды сауда жолдары өткен. Бұл тарихи оқиғалар өңірдің қазақ мемлекеттілігі тарихындағы символдық салмағын айрықша күшейтеді.
Қазақ көші үшін Ұлытаудың ерекшелігі
Қазірге дейін Қазақ көшінің негізгі бағыты көбіне Солтүстік, Шығыс және орталық-солтүстік өңірлердегі демографиялық қажеттілікпен байланысты қарастырылыып келген. 2026 жылғы қандастарды қабылдаудың ресми өңірлік квотасында Павлодар, Ақмола, Абай, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай және басқа өңірлер көрсетілген, ал Ұлытау облысында да биыл күзден бастап қандастар үшін жеке квота белгіленді.
Бұл жерде маңызды бір айырмашылық бар: Ұлытау 2026 жылғы ішкі қоныс аударушылар квотасына 125 адаммен енгізілген. Яғни қазіргі саясатта облыс ішкі еңбек көші-қоны үшін белгілі бір деңгейде қабылдаушы өңір ретінде қарастырып келсе, енді қандастарды қабылдайтын негізгі квоталық өңірлерінің біріне кірді.
Сондықтан Ұлытаудың Қазақ көшіндегі әлеуетін толық пайдалану мүмкіндігіміз басталды деуге болады.
Неге Ұлытау Қазақ көшіне қызықты болуы мүмкін?
Біріншіден – тарихи фактор.
Қандастар үшін Ұлытау – жай ғана жаңа қоныс емес, қазақ тарихының ең маңызды кеңістіктерінің бірі. Ұлытау, Жошы хан, Алаша хан, Алтын Орда тарихы сияқты ұғымдар тарихи Отанына оралған қазақтардың ұлттық-мәдени бейімделуіне ерекше мағына бере алады.
Екіншіден – аумақтың кеңдігі мен халықтың сиректігі.
2026 жылғы 1 қыркүйектегі дерек бойынша облыс халқы 217,3 мың адам, оның 79,7%-ы қалалық жерде тұрады. Қаңтар–тамыз айларында облыстың жалпы көші-қон сальдосы –2690 адам болды, оның ішінде ішкі көші-қон бойынша –2674 адам.
Бұл – облыс үшін демографиялық тұрақтылық мәселесінің маңызды екенін көрсететін көрсеткіш.
Үшіншіден – экономикалық мүмкіндік.
Ұлытау – Жезқазған–Сәтбаев өнеркәсіптік торабы қалыптасқан, тау-кен өндірісі дәстүрі бар аймақ. Сондықтан еңбекке қабілетті қандастарды тек әлеуметтік қабылдау емес, өндіріс, кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы, қызмет көрсету, туризм және шағын бизнеске тарту тұрғысынан қарастыруға болады.
Қазақ көшін Ұлытауға бағыттаудың өзіндік қиындықтары бар
Ұлытаудың басты ерекшелігі – оның аумағы өте үлкен, климаты қатаң әрі құрғақ. Сонымен бірге халықтың тығыздығы төмен. Сондықтан «қанша адам қабылдаймыз?» деген сандық тәсілден гөрі, қандай мамандықтағы адамдарды, қай елді мекенге және қандай жұмыс орындарына орналастырамыз? Деген сұрақ маңыздырақ.
Мысалы, ауыл шаруашылығына бейімі бар қандастарды ауылдық жерлерге, инженерлер мен техникалық мамандарды Жезқазған–Сәтбаев өнеркәсіптік аймағына, кәсіпкерлерді қаладағы шағын және орта бизнеске бағыттау тиімдірек болуы мүмкін.
Ұлытаудың Қазақ көшіндегі мүмкіндігін қалай арттыруға болады?
Ұлытау үшін мынадай «тарихи өңір – жаңа қоныс – экономикалық мүмкіндік» моделін ұсынуға болады:
- Қандастарды қабылдаудың арнайы өңірлік бағдарламасын әзірлеу.
- Ұлытаудың тарихи-мәдени факторын пайдаланып, шетелдегі қазақ жастары үшін білім, мәдениет және тарихи тағылым бағдарламаларын дамыту.
- Жезқазған мен Сәтбаевта қандастарға арналған кәсіптік бейімдеу және жұмысқа орналастыру орталығын қалыптастыру.
- Ауылдық жерлерге қоныстанатын отбасыларға жер, тұрғын үй, жұмыс және инфрақұрылымды бір пакет ретінде ұсыну.
- Қытай, Моңғолия, Өзбекстан және басқа елдерден келетін қандастар арасынан кәсіпкерлер мен білікті мамандарды жеке бағдарлама арқылы тарту және оларға салықтық жеңілдіктер ұсыну.
- Ұлытауды «Қазақ көшінің тарихи орталығы» ретінде мәдени-туристік бағытта таныту. Шетелдегі қандастардың осы тарихи өңірге зират етіп келу үшін транспорт, қонақүй жағынан жеңілдіктер қарастыру.
- Ұлытаудың тарихи және қазіргі маңызын насихаттайтын құжаттық және көркем филмдер мен сериялдар түсіріу.
Ұлытау облысының Қазақ көшіндегі қазіргі рөлі әлі Солтүстік Қазақстан, Павлодар немесе Абай облыстары сияқты ірі қабылдаушы өңір деңгейінде қалыптасқан жоқ. Бірақ оның стратегиялық артықшылығы басқа жерде.
Ұлытау – қазақ көшін сандық көрсеткішпен ғана емес, тарихи мазмұнмен толықтыра алатын өңір.
Егер Солтүстік өңірлерге қандастарды қабылдау көбіне демографиялық және еңбек ресурстары қажеттілігімен түсіндірілсе, Ұлытауда оған тарихи-ұлттық және мәдени факторды қосуға болады. Сондықтан болашақта Ұлытауды Қазақ көшінің арнайы тарихи-мәдени және экономикалық бейімдеу өңірі ретінде қарастыруға негіз бар.
Ең маңыздысы – бұл жерде Қазақ көші «адам орналастыру» жобасы емес, тарихи мекенді жаңа демографиялық және экономикалық мазмұнмен жандандыру саясатына айналуы мүмкін. Ұлытау облысын Қазақ көшінің тұрғысынан қарастырғанда, оны тек қандастарды қабылдайтын әкімшілік аумақ ретінде емес, қазақ мемлекеттілігінің тарихи өзегі мен қазіргі демографиялық саясатты байланыстыратын ерекше өңір ретінде бағалаған жөн. Қазір қызуы қайтып, қарқыны бәсеңдеген ұлттық біртұтастану үдерісін осы қасиетті өңір арқылы қайтадан мемлекеттік идеологияға айналдыруға негіз және мүмкіндігіміз бар.
2024 жылы Қазақстан Президенттінің бастамасымен Жошы ұлысының іргесі қаланғандығының 800 жылдық мерейтойы тұтас Қазақстан бойынша аталып өтті. Халықаралық конференциялар бүкіл ел аумағында ұйымдастырылып, Қазақ мемлекетінің түптамыры қайдан басталатыны анықталды. Қазақ тарихының 7 томдық тарихы жазылып, Жошы зерттеу иниституты құрылды. Ұлттың өзін-өзі тануы, бағалауы, айналасын иландыра білуі міне осылай теориялық, практикалақ жақтан сапалық биікке көтерілді. Қазақ көшін де сандық, сапалық өрлеу күтіп тұр.
Омарәлі Әділбекұлы
Abai.kz